Курортты мекеннің кілті –КӨКШЕТАУ

d0bad0bed0ba

Мағжан мен Сәкен жарыса жырға қосқан, талай сал мен серіні саясында серуендеткен көрікті Көкшені кім білмесін?! Бурабай, Оқжетпес, Жұмбақтас, Ұйқыдағы батыр дейсіз бе, күллі көрік пен тылсым жұмбақты тұла бойына жасырған киелі мекен ғой – бұл. Алыс-жақын шетелге таңдай қақтырып, сұлулығына тәнті еткен тылсым табиғатты – Бурабай баурайын ел «Қазақстанның Швейцариясы» атап кеткен. Алайда біз бүгін Бурабай демалыс орны жайында ғана емес, осы курортты мекеннің кілті саналатын Көкшетау қаласы жайында әңгімелемекпіз. Бұл мекенге былтыр ғана жолымыз түсті. Елорданың іргесінде тұрған қалаға газетіміздің төл жобасы –республикалық «Ана тілі» аруы» мен «Ана тілі» сұлтаны» байқауын өткізуге барғанбыз.
Кербез Көкшенің атына қанықтар затын көрмекке келерде алдымен осы Көкшетау қаласына аялдайтыны анық. Елордадан солтүстік-батысқа қарай 276 шақырым қашықтықта орналасқан Көкшетау қаласы­на Астанадан жеңіл көлікпен 3-4 сағатта жетіп баруға болады. Шетел қонақтарын, қала берді, қазақ қандастарымызды Астанаға қыдыруға келгенінде жергілікті жұрт осы жаққа да жиі сапарлатып қайтады.
Көкшетау қыратының солтүстігінде, Қопа көлін құшағына ала жатқан бұл көне қаланың аумағы – 420,0 км2. Байқағаныңыздай, тым үлкен де емес. Таңертеңгілік орталықтағы «Көкшетау» қонақүйінен қала ішіне серуендеп қайтпақ ниетте шыққанымызда таңғалғанымыз мынау еді. Қарсы бетте Әкімшілік үйі, одан әрірек жүрсек – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ғимараты, әне – қазақтан шыққан тұңғыш ғалым-саяхатшы Шоқан Шыңғысұлының еңселі ескерткіші. Одан әріректе – көгілдірленіп Қопа көлі жатыр. Міне, қаланың шағындығын осыдан-ақ аңғаруға болар. Қопа көлі демекші, серіктесіміз кейінгі жылдары бұл көлдің тартылып әрі ластанып бара жатқанын жеткізді.

Көне қала Көкшетау

Көкшетау – Қазақстанның тарихы бай қалаларының бірі. Қазіргі қала орналасқан аумаққа жергілікті халық ежелгі замандарда-ақ қоныс салып, қорғандар тұрғызған. 1882 жылы жарық көрген «Сібірдегі қалалар мен кенттердің экономикалық жағдайы» деген басылымда жарияланған мынадай мәліметтер бір сәт үңілсек. Онда былай деп жазылыпты: «Көкшетау үлкен станица мен соған жалғасқан кенттен тұрады. Станицадағы тұрғындар саны қаладағыдан төрт есе көп. Сондай-ақ онда шіркеу, көпшілік орындар, училище, жәрмеңкелер мен базар бар. Станицада 300-ге жуық үй, 1800-ден астам адам тұрады. Қалада небәрі 60-70 үй және 450 мещан мекен етеді. Қалада екі көше ғана болса, станицада жетеу…» . Ал 1898 жылы жарық көрген «Ресейдегі болыстар мен елдімекендер» деген басылымда Көкшетау уездік қала делініп, «онда 2 мешіт, 1 шіркеу, пошта-телеграф кеңсесі, бастауыш мектеп, 15 орындық аурухана, дәріхана, 2 дәрігер бар» деп жазылған. Үйлердің барлығы да ағаштан қиылып салынатын болған. Соған байланысты Көкшетауды кезінде «ағаш қала» деп те атаған. Тіпті 1910 жылы шойын құю шеберханасының механигі Захаров тұңғыш рет өз киноаппаратымен дыбыссыз киноны алғаш рет осы Көкшетау қаласының тұрғындарына көрсеткен екен.

Құлагер шауып,
бәйге алған…

Ал бүгін ше? Бүгінде Көкшетау қала ғана емес, Ақмола облысының орталығы. Алайда тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан қалаға ұқсамайды. Әкімшілік ғимаратының жаны да жым-жырт. Тек айналасына айбаттана қарап Абылай хан тағында (ескерткіш) отыр. Қала аралатып жүрген серіктесімізбен «Көкшетау» мәдениет үйіне келдік. Тарс жабық. Есесіне сол маңдағы Біржан сал мен Ақан серіге қойылған мүсінді қызықтап біраз жүрдік. Бұл өңір – сал мен серісі әу әуелетіп, аңға шығып, құс салған, Құлагерлер шауып, бәйге алған қасиетті мекен. Кейінгі уақытта Көкшетау трассасында әйгілі жүйрік Құлагерге ескерткіш қойылғанын естідік. Бұл жерге сән-салтанаттың сан түрі жарасар еді. Одан әрі Көкшетау өлкетану мұражайына бармақшы едік, серіктесіміз оның бүгінде жөнді жұмыс істмейтінін жеткізді. Бір қызығы, мұндағы кейбір рухани-мәдени ошақтар ғимараттарын жалға алып отырған көрінеді. Біреуі аядай бір куыста, енді бірі уақытша жабылған дегендей. Бұл жайды облыстық газеттің редакциясына барғанда да өз көзімізбен көрдік. Осы сапар барысында облыстық телеарнадағы әріптестермізге де соға кеттік. Бұл ұжымнан қазақшаға судай Наталья Деменьтева есімді әріптесімізді кезіктірдік. Наташаның бойынан өзінің мемлекеттік тілді еркін меңгергеніне мақтаныш сезімін байқай алмайсыз. Есесіне патриот ретінде өз өңіріндегі тіл мәселесіне алаңдайтынын аңғарасыз. Тіл мәселесі демекші, орысы көптеу – бұл өңірде сең әлі бұзыла қоймағандай. Оны көшеден де, түрлі мемлекеттік мекемелерден де байқауға болады.

Көкшетауға
көңіл бөлінсе…

Кім не десе де, Көкшетау кө­рік­ті мекен. Бурабайға барар басты жол да сол. Тек Көкшетауды ку­рортты мекеннің кілті ретінде инфрақұрылымын дамытып, гүлденген өлкеге айналдыра алмай отырмыз. Өз қандастарымызды айтпағанда, шетел қонақтары ат шалдырып жиі келетін бұл аймақ Астанадан кейінгі арқаның ажарына айналуы тиіс еді. Сал мен сері, ақын мен жырау ән мен жырға қосып, Шоқандай дана туған, Абылай ордасын тіккен киелі мекен рухани орталыққа айнала алмай отырғандай. Ендеше Көкшетауға көңіл бөлінуі керек. Келешекте Көкшетау көне кент емес, көрікті һәм кемел қалаға айналуы тиіс.

Д.Серікқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.