Дәстүрлі мәдениеттен ажырап қалмайық

Ғаламдық саясатта ұлттық мемлекет құру идеясын ашық жүргізіп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарына Түркия, Ресей, Қытай, Жапония, Корея сынды елдерді жатқызуға болады. Бұл елдердің өзге ұлттардан қарағанда аштан өліп, көштен қалып жатқан жайы жоқ. Барлық жағынан қал-қадірі жеткенше әлемдік өркениет көшінің бұйдасын жетектеп келеді.

Кезінде көп сұранысқа ие болған кітап, газет-журналдардың орнын бұл күнде интернет пен теледидар басты. Олар өз міндеттерін тез әрі нақты атқарумен бүгінгі адамзат қоғамының қозғаушы күшіне айналды.
Ұлттың классикалық құндылығы саналатын ертегілер, аңыз-әңгімелер бүгінгі жас ұрпақты еш қызықтырмайды. Ендеше, ұлттық идеологияны қалыптастырудағы ауыр міндет негізгі ақпарат көзі көгілдір экранмен алмастырылуы заңды. Бірақ сол отандық арналардың жағдайы мәз емес екендігін қазіргі жас бала да біледі. Бүкіл жұрт жергілікті телеарналардан гөрі кабельді телеарналарды тамашалайды, оның дені – ресейлік. Сонда біздің ұлттық психологиямыздың қалай қалыптасып жатқандығын, қандай идеологияның жетегіндегі мемлекет екендігімізге көзің жетіп, әрі-сәрі күй кешесің.
Батысты айтпағанда, Күншығыс елдері (корей, жапон, қытай) ұлт болып қалып­тасудың бүгінгі күнге дейінгі кезеңін, ұлттық құндылықтарын электрондық жүйеге (лазерлік дискіге, киносериалдарға) айналдырып, ұрпақ сабақтастығын жаңа қырынан жалғастырып, әлемдік мәдениеттер қақтығысында «жұтпаса жұтылмайтын» белеске көтеріліп отыр. Ал бізде ше? Ақпараттық жетістігіміз деп ауыз толтырып айтар жаңалығымыз тұрмақ, халықтың күнделікті тұтыну құралы – теледидар төңірегіндегі қордаланған мәселелердің өзін бір қалыпқа түсіре алмай отырмыз.
Телеарна – мемлекеттің негізгі идео­логиялық басты құралы. Бірақ оны оп-оңай қолшоқпарға айналдырып жіберуге болады. Алайда тоқпақтың да пайдасы асатын тұсы бар. Егер ол тоқпақпен жадыдан өше бастаған, тіпті өзінің тегі қаперіне кіріп те шықпайтын, уланған, құрбан болғандарды қазақы дүниетаныммен «соққыласаң» көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Бұлай дейтінім бекер емес. Санаға сіңісті болған тұрпайы бейнебаяндарымен, Түркия мен Корея фильмдерімен дәстүрлі мәдениетті шетке тықсырған ғаламдық ақпарат легі де сол тоқпақтың соққысы. Сол үшін қазақ халқы рухани-мәдени, әлеуметтік жағынан дағдарысқа ұшырап отыр. Оның дүмпуі әлі алда, уақыт өткен сайын, санасы уланған ұрпақ түпсіз шыңыраудың маңайынан табылмақ, оның емі – тек дәстүрлі мәдениет. Оны сіңіретін ең алғашқы құрал – тағы сол телеарналар. Суды ысыту үшін, от жағады, отты сөндіру үшін, су құятын секілді.
Түрікменстанның немесе Өзбекстанның телеарналары қазақтың дәстүрін насихаттамайды ғой… Сондықтан барлық түйін тек өзімізге ғана қарап тұрғанын түйсінесің. Ал телеарна таза идеологиялық жоба болғандықтан, оған мемлекеттің қолұшы қажет екені сөзсіз.
Өз басым телеарналарда қаптап кеткен мағынасыз бейнебаяндардан қазақтың жас ұрпағы рухани қорек ала алады дегенге сенбес едім. Батыстық стильді негіз етіп алған отандық эстрадалық өнімдерге сапа жағынан тұрмақ, мән-мағына, мазмұны жағынан үлкен сахналарды бағындыра алмайды.
Жуырда Мәскеуде 76 жасқа қараған шағында белгілі әнші, актриса Людмила Гурченко өзінің жұлдыз екенін мойындамай о дүниеге аттанып кетті. Ал бізде ше? Сахнаға бір рет шыққан жастар өзін «жұлдызбын» деп әлемге жар салып жүр. Онымен қоймай қазір телеарнадағы бағдарламаларда тілдік қолданыс аясы да, эфир эстетикасы да ақсап жатады. Ал КТК телеарнасынан көрсетілетін «Наша Казаша» бағдарламасындағы жігіттердің қазақ болғанына қарамастан, қазақты сонша масқаралау, сайқымазақ етіп көрсетуі барып тұрған сорақылық емес пе? Оларға тоқтау айтатын Қазақ жерінде бір қазақтың табылмауы көңілге кірбің ұялатады. Ал біз қайдағы ұлттық танымды айтып, қаралай безек қағамыз.
Осы таяуда ғана «Қазақстан» телеарнасы үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан таза қазақ тілінде хабар таратуға көшетінін білдік. Осы хабарды естіп қатты қуандық. Жоғарыдағы біз айтқан пікірлер осы телеарнада ескерілер деген сенімдеміз.

Жұмамұрат ШӘМШІ,
тарих ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Серік

    Айналайын Жұмамұрат інім қай газеті оқысам, сенің мақалаң, бәрекелді тамаша жазасың, өркенің өссін. Тек жаза бер бір жерді тесесің. Мен соған тілектеспін.

  2. Өркен

    Жұмамұрат аға нақты сауатты жазылыпты. Сіздің мақалаңыз бізге де шығып жатыр. Осылай қазақ халқының намысын оятатын туындыларыңызды бізге де жіберіңіз алдын ала рахмет.

  3. Өркен

    Жұмамұрат кейінгі уақытта сен керемет танымалы болып барасың. Жұрттың бәрі іздеп жүріп оқитын мақалалар жазып жатырсың. Бәрекелді,таяуда Астанадағы Алты Алаш дүнгешегінде газет журнал сатып алайын деп тұрғам, Бір емес, үш адам келіп Жұмамұрат Шәмшінің мақаласы бар ма? деп менің көзімше сұрап кетті бұл деген менің деңгейіңнің өскені бауырым. Мың тауық тау басында шақырғанмен,Сірә да таң атпайды кеш болмаса, Еліңді ақыл ессіз деп ойлама, жарыңның айтқанын қыл еш болмаса деп Төле би толғаған еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.