Тарихымыздың тамыры тереңде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен шетел мемлекетіне барғанда, сол елдің құрметті қонағы болатыны белгілі. Президенттік сый-құрметке сай таныстырылу кезінде көк байрағымызды көтеріп, Әнұранымызды орындағанда, бүкіл дүниежүзінде жасаушы қазақ бауырларымыздың көкірегінде қадірлі де, қымбат қазақ жеріне деген сағыныш рухы қалықтаса керек деп ойлаймын.Ал шетелдіктер қазақ халқының өзіндік бастау қайнары, түп төркіні қайдан шыққаны туралы білгісі келетіні анық. Осы орайда, біз өзіміздің ататегіміздің, рухани болмысымыздың мән-мағынасын толықтай аша алдық деп айта аламыз ба? Сол себепті ататегіміздің ежелгі заманына назар салып көрелік.

Елбасы өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Біздің кіндігіміз жеті атамыздан ғана жалғасып жатқан жоқ, одан да арғы Үнді мен Ніл, Еділ мен Дон жағалауларына қазақ даласының рухын жеткізген бабаларымызбен де жалғасып жатыр. Осынау қанатын кеңге жайып, жанарын алысқа салатын қазақ рухы әзірше өз деңгейінде парақталмай келеді» дейді. Бұдан Елбасының қазақ халқын, қазақ тарихын бүкіләлемдік деңгейде таныту мақсатын көреміз. Бұл жайт, маған терең ой-пікірлердің арқауы болып, тарихи де­ректі әңгімелерді ізденуіме үлкен әсерін берді.
Тарихтың тұңғиық тереңіне көз салғанымызда, арғы тегіміздің көшпенді халық тайпаларынан шыққандығын білеміз. Осы орайда, көшпенді халық­тардың рухани тұрмыс әлемі туралы ежелгі заманнан бері кітап болып жазылып, біздің заманымызға дейін жеткен ең арғысы Тәураттағы жазуды (Библия), ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазған тарихи деректі әңгімелеріндегі, ежелгі қытай қолжазбаларындағы және шығыстанушы ғалымдардың жазған еңбектеріндегі, ерекше жазылған деректі әңгімелерді назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.
Мәселен, Тәуратта (Библия) былай жазылған: «Иеремия пайғамбар көшпенділерді (скифтерді) Құдайдың жіберген жазасы деп есептейді». (Так говорит Господь: вот идет народ от страны северной, и народ великий поднимается от краев земли; держат в руках лук и копье; они жестоки и немилосердны, голос их шумит , как море, и несутся на конях, выстроены, как один человек, чтобы сразиться с тобою (Книга священного писания к пророку Иеремии, глава 6).
Ал біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда өмір сүрген «тарихтың атасы» деп ұлы атаққа ие болған ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазғандарында: «Бізге белгілі халықтардың ішінде тек қана скифтерге тән бір қасиет бар, ол біреуде болса адамзат баласының өмірі үшін ең мәнді қасиет сол. Еліне шабуыл жасаған дұшпанының бірде-бірін скифтер құтқарып көрген емес, егер өздері тізгінін тежемесе, оларды қуып та жете алмайсың» деген дерек бар. Геродоттың біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырдағы жазған қолжазбаларындағы скифтер мен көшпелі қазақтар арасындағы сәйкестікке назар аударып көрейікші. Мәселен, қолжазбада айтылғандай скифтердің киіз үйде тұратынын; қымызды мол ашытатынын; етті қарынға салып көмбе жасап жейтінін; бастарына киізсай шошақ тымақ киетінін; жауға аттанған батырды, келін болып түскен қызды, бесікке бөлейтін баланы, мәйітті салатын мүрдені, жаңа қонысты отпен аластайтынын; күлді киелі санап баспайтынын, әйел-ананы қатты қадірлейтінін, өлген адамның үйінен қаралы ту көтеретінін, жақыны өлген әйелдің бетін жыртып, шашын жайып жылайтынын, өлген адамның атын тұлдап жіберетінін, өлген адамға жыл толғанда ас беріп, еске түсіретінін және басқа да осы сияқты деректерін оқығанда, бүгінгі қазақтар сияқты көшпелі болған елдер туралы жазып отырғандай әсер береді.
Көшпелілерден мұра болып біздің заманымызға дейін жеткен тарихи қолөнердің киелі туындылары жөнінде, тарихымыз бен дәстүрімізді терең зерттеген марқұм Ақселеу Сейдімбектің «Сонар» атты кітабында: «Адам баласының тарихындағы ең көне өнер туындыларының бірі, қолөнер­дің жоға­ры сапалы оқшау түрін тарихшы, ғалым­дар, скифтердің жануарлар стилі деп атайды. Жасалған материалдары алтын, күміс, қола, қалайы, ағаш, жез, былғары, киіз, мүйіз болып кездеседі. Жануарлар стиліндегі өнер туындыларының алғаш қолға түсіріп, ғылыми пікірлердің айтыла басталғанына екі ғасырдай ғана уақыт болды.
Көпшілікке белгілі, 1714 жылы I Петр өте сирек ұшырасатын заттардың, бұйымдардың, өнер туындыларының және тіршілік құбылыстарының мұражайы Кунсткамераны ашып берді. 1718 жылы арнайы жарлық шығарып, онда: «…кімде-кім жер бетінен, су түбінен көне зат тапса, ерекше жасалған ескілікті мылтық, ыдыс-аяқ сияқты таңғалдыратын бұйым­дар тапса, әкелгені жөн, ол үшін зат­тың құндылығына орай сыйлықтар беріледі» деп жазды. Кешікпей-ақ, Сібірдің, Қазақстан мен Орта Азияның байтақ даласындағы қорған-төбелерден алынған бұйымдар Кунсткамераға ағылып түсе бастады. Тіптен аз уақыт ішінде Сібірдің, Қазақстан мен Орта Азияның аяқ жетер жеріндегі қорған-төбелер, көне бейіттер оңай олжа іздегендердің талауына түсті. Көне мүрделердегі екі-үш мың жыл бойы тұяқ серітпей жатқан алтын киімді мәйіттер бір-бір аунап түсті» деп жазған деректі әңгімелерінен ата-бабаларымыздан несібемізге біткен құнды тарихи жәдігерлеріміздің аяқас­ты болып, кім кө­рін­геннің қолында кеткендігі көрініп тұр.
Қазақстан мен Орта Азия жерлерін­дегі көне заманның ескеркіштері деп тау-тастардың беттеріндегі жазылып қалған суреттерді де айтуымызға болады. Аспан астында тарихи құнды жәдігер болып, тау беттеріндегі сурет­­тердің мекенжайларының бірі, Әмуда­рия өзенінің солтүстігінде, Сырдария өзенінің төменгі жағалауында «Тауелібай жері» деп аталған Қызылқұм өңіріндегі, Бохан таулары мен Ерлер ата тауларында сақталынып қалған суреттер көп нәрседен хабар береді. Археолог-ғалымдардың ғылыми жағынан тексерулері мен есептеулері бойынша, тау беттеріндегі суреттер біздің заманымыздан 3 мың жыл бұрын көшпенді халықтардан қалған жәдігерлер деп дәлелденген. Осы аталған аймаққа Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ә.Марғұлан атындағы Археология институтынан археологиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізсе дұрыс болар еді. Тарихи құнды жәдігерлерді, несібемізге бұйырған киелі, қасиетті жәдігерлер деп санап, қорғау – біздің борышымыз.
Міне, осындай тарихи айғақтар мен деректерден-ақ Еуразияның кең даласына қоныстанған бабаларымыз біздің заманымызға дейін біртұтас көшпелілер империясын құра білгендігі анық. Темір Бекмамбетов, Егор Кончаловский, Сатыпалды Нарымбетов және Қытай Халық Республикасының режиссері Жанар Сағатқызы сияқты атақты режиссерлер бірге бас қосып, арнайы тарихи құжаттарға негіздей отырып «Ежелгі көшпенділер» атты көркем фильмге киносценарий жазып,қазақ киносын бүкіләлемдік экранға шығаруымыз керек. Бұл Алаш үшін мақтан тұтар дүние болар еді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі көшпенділер тарихындағы ең көне қолөнер «скифтердің жануарлар стиліндегі» туындыларын, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекет­тік мұражайынан арнайы көрме ашып, тарихи құнды жәдігерлерді халыққа, келген қонақ туристерге көрсетіп, насихаттау керек.

Ақылбек Жолай
Науаи облысы,
Өзбекстан Республикасы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.