Мемлекеттік тілді білу – парызың

Мемлекеттік тілді білу – парызың. Қазақстан халықтары Ассамблеясының ұйымдастыруымен өзге ұлт өкілдері арасында Астанада өткен республикалық олимпиада осылай аталады. 18 бен 30 жас аралығындағы түрлі этностық топтардың өкілдері қатысқан байқау еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Өзге ұлттар арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайту, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында өткізілген олимпиадаға облыстық және аудандық байқауларда жеңімпаз атанған 16 үміткер қатысты. Олардың барлығы да қазақ тілін өз ана тілдеріндей бойларына сіңірген орыс, өзбек, украин, марий, белорус, молдаван, дүңген, неміс, кәріс ұлтының өкілдері. Олипиада басталмас бұрын Қазақстан халықтар Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов пен Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков олимпиада үміткерлерін тіл мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі.
– Тәуелсіздіктен асқан ұғым жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында туың желбіреп, тілің өмірге келіп, ділің өмірге келіп жатса мемлекеттік тілді дамытудың нақты бір іс-шарасы көп сөз емес – ол тілді білу. Мемлекеттік тілді білмейтін азамат жалпы қоғамда болып жатқан, оның ішінде Қазақстанда болып жатқан дүниелерді біледі деген ойға біз күмәнмен қараймыз. Олай болатын болса тілді білу арқылы ғана біз бір-бірімізбен жақын араласуымыз мүмкін. Сондықтан халықтың тілін білген – оның байлығын біледі, халықтың ділін білген – оның тарихын да біледі. Демек, қазақ тілі іс жүзінде де біріктіруші фактор екені айқын. Бүгінгі жасап жатқан іс-шарамыз шын мәнінде мемлекеттік тілге қосқан үлесіміз болса ол сіздердің қолдағандарыңыздың арқасында, – деді Қазақстан халықтар Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов.
Негізі республика бойынша бұл шараға 21 этнос өкілдерінен 300-ден астам үміткер қатысқан. Солардың арасындағы қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішетін мықты дегендері ғана республикалық олимпиадаға жолдама алған. Сонымен үміткерлер бес айналым бойынша сынға түсіп, бақ сынады. Бірінші «Отантану» айналымында олар қазақ тілінде Қазақстан туралы, өзінің өңірі мен этносы туралы мәнерлеп айтып, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін көрсетсе, екінші айналымда «Қазақ тілін білу маған не береді?» атты эссе жазып, қазақ тілінде сауатты жазу деңгейлерін сарапқа салды. «Мемлекеттік тіл – іс жүргізу тілі» атты үшінші айналымда құжаттарды қазақ тілінде толтыру, іс жүргізу деңгейін анықтаған үміткерлер, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға «Баспасөз конференциясы» айналымында жауап берді. Мұнда әр үміткердің БАҚ өкілдеріне сұхбат беру, шешендік тіл өнері сынға түсті. Ал «Өнерлінің өрісі кең» бөлімінде олимпиада қатысушылары халқымыздың мәдениетін, ән, би өнерін ортаға салды.
Жалпы, қазылар алқасы үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін, қарым-қатынас мәдениеті мен сауаттылығын, сахна мәдениеті мен шешендік өнеріне қатты мән берді. Олимпиаданың қорытындысы бойын­ша Оңтүстік Қазақстан облысынан келген өзбек ұлтының өкілі Рихсыбай Мамедов мемлекеттік тілді терең білетін азаматтардың ішіндегі ең үздігі деп танылып, жеңімпаз атанды. Алматы облысынан қатысқан медицина колледжінің студенті орыс ұлтының өкілі Светлана Бабкина 1-орынды иемденсе, 2-орын «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС дикторы, орыс қызы Елена Рыбинаның еншісіне тиді. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенті молдован қызы Алла Платонова болса 3-орынға лайық деп танылды.

Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.