«Екі есік сындырып ем…»

Сексенінші жылдардың басында журналистика факультетінің жатақханасында ақындар айтысын өткізу үрдіске ене бастады. Алдымен курс пен курс өзара айтысады. Жеңгені әрі қарай факультет намысын қорғау үшін университеттің сайысына барады. Сондай күндердің бірінде журфактың үшінші курс студенті Бейбіт Құсанбек пен екінші курс студенті Мұратбек Оспанов айтыспақ болады. Айтыс алдында ақындардың қарсылас курс туралы келеңсіз материалдар жинайтыны белгілі. Мұратбек Оспановтың курстасы Бекен Нұрахметов Бейбіт Құсанбекке келіп, жағдай айтыпты.

— Өткенде жатақхананың екі бөлмесінің есігін сындырып кетіп едім… Беке, осы мәселені қозғамай-ақ қойсаң, — дейді өзі ОКД-ның командирі бола тұра анда-санда өз жатақханасын өзі ойрандап кетіп тұратын Бекен.

— Мен шынында да мұны білмейді екем, — деп жымың-жымың ете қалады Бейбіт.

Бейбіттің жымыңдағанынан сезік алған Бекен кешке айтысқа барады. Сонда Бейбіт айтыс үстінде Мұратбекке былай депті:

Бағана Бекен досың келіп кетті,

Өзінен біраз факт беріп кетті.

«Екі есік сындырып ем, айтпашы» деп,

«Айтпаймын» дегеніме сеніп кетті…

Сол жігіттер:

Бейбіт Құсанбек кейін күллі халыққа танымал тележурналист, белгілі ақын болды. Бірнеше кітаптардың, әндердің авторы. Осыдан екі жыл бұрын өмірден өтті.

Мұратбек Оспанов — белгілі ақын. «Абай» журналының бас редакторы. Бірнеше жыр жинақтарының авторы

Бекен Нұрахметов қазір «Семей» кедені бастығының орынбасары болып қызмет істейді. Журналист-заңгер. Кеден қызметінің полковнигі. Құқық тақырыбына жазылған бірнеше кітаптың авторы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.