Қазақтың Қасымы

d0bad0b0d181d18bd0bcd0bcd0bc-21

Жасындай жарқылдаған,
Өлеңде алқынбаған.
Түпсіз терең еді,
Теңіздей сарқылмаған.Жанары жалын атқан,
Бәрінен ары – мақтан.
Ақ-адал болғанменен,
Болды ғой соры батпан,
Сөйлесе тіліп айтқан,
Айтса да біліп айтқан.
Ұмытылды биіктерге,
Кезі жоқ кейін қайтқан.
Өткерді соғысты да,
Тау бұзар ағысты да.
Өлгенде күтті бақты,
Тіріде бағы ұшты ма?
Жыр болды байлық – нәрі,
Жырлаудан жалықпады.
Өлеңі – гаухар тасы,
Сақтаған сандықтағы.
Күлді де, жылады да,
Жалаға шыдады да.
Қасқайып қарсы тұрды,
Өмірдің сынағына.
Біреулер көре алмады,
«Тиіспей» жүре алмады.
Шарықтап кеткеннен соң,
Шыдамай шыдамдары.
Бәрібір мұқалмады,
Қуғандар жете алмады.
Өлең деп өтті өмірден,
Біткенше татар дәмі.
Өмірді сүйіп өтті
Толғантып жыр-жүректі.
Жарқырап жүруші еді
Жарық қып түн-түнекті.
Өмірде жасын еді,
Жырлары тосын еді.
Өлеңнің өр дауысы,
Қазақтың Қасымы еді.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.