Бізді біріктіруші күш – мемлекеттік тіл

d0b4d183d0b9d181d0b5d0bdd0bed0b21Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгіміз бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран, үшіншісі – көк байрақ, төртіншісі – қазақ тілі» деген сөзі кім кімді болмасын, ойға қалдырады. Тіл саясаты – мемлекеттің саясаты, ол егеменді еліміздің берік арқауы. Еліміз тәуелсіз болғаннан, егемен мемлекеттің нышандарының бірі ретінде қазақ тілі өзінің тарихи рөлін атқаруда. Ол Елбасы мен Үкімет тарапынан қолдауын тауып, оған бірнеше нормативтік құқықтық актілер айқын көрсеткіш болып отыр, олардың ішінде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңын, Президенттің Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын айрықша атап өтуге болады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жыл­ғы 30 мамырдағы №127 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республи­касы Президентінің Іс басқармасы 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшті. Аталған Жарлықты іске асыру мақсатында Іс басқарушының бұйрығымен жыл сайын Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі іс-шаралар жос­пары бекітіледі, оның негізінде Іс басқармасының ведомстволық қарасты ұйымдары өздерінің жұмыс жоспарларын әзірлеп, бекітеді. Ұйымдастыру – бақылау және кадр жұмысы бөлімінің мемлекеттік секторы қазақ тілін оқытуды «Руханият» ЖШС-мен жүзеге асырады. Қазіргі кезде екі оқу тобы құрылды, біріншісі – Орта­лық аппаратта, екіншісі – Медициналық орталықта. Сабақ Елбасы 2007 жылы салтанатты түрде ашқан тілдерді оқытудың мультимедиялық кабинетінде өтеді. Бұл арнайы оқу бөлмесі қазіргі заманғы жабдықпен жабдықталған, техникалық құралдармен бірге арнайы әдістемелік оқу материалдары да жеткілікті. Жалпы мемлекеттік тілді меңгеру үшін Іс басқармасының қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған.
Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жуырда іс жүргізуге әдістемелік көмек болатын, құжатты әзірлеуге қойылатын талаптарды ескерумен іс жүргізуде жиі кездесетін сөз тіркестерін, жаңа терминдер мен ұғымдарды түсін­діре отыра, күнделікті жұмыста пайда­ланылатын әдістемелік құралы жарық көрді.
Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, құжаттың сапасы үшін орындаушылардың жауапкершілігін күшейту, құжат айналымын жетілдіру мақсатында редакциялық сараптамаға келіп түскен құжат жобаларын қабылдау, тексеру мен қайтару тәртібі және олардың рәсімделуіне қойылатын талаптар өзгерді.
Ұйымдастыру – бақылау және кадр жұмысы бөлімінің құрамына кіретін мемлекеттік тілді дамыту секторы құжат жобасына тек редакциялық сараптама жүргізеді, яғни аударманы құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері өздері жүзеге асырады.
Сонымен бірге мемлекеттік тілді дамыту секторы тексеруге келіп түскен құжат жобаларына талдау жүргізіп, әр айдың соңында тиісті қорытынды жасайды. Тиісінше, тоқсан (жартыжылдық) бойы жүргізілген талдау орындаушының қазақ тілін функционалдық міндеттерді орындау деңгейінде меңгергендігін көрсетіп, қажет болса, оны мемлекеттік тілді оқуға жіберуге негіз болады. Іс басқармасында мемлекеттік органдармен хат алмасу негізінен, мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал жеке тұлғалардың өтініш-шағымдарына жауап тіл заңнамасына сәйкес өтініш жазылған тілде беріледі.
Осы жылдан бастап Іс басқармасы ведомстволық қарасты ұйымдарындағы мемлекеттік тілде іс жүргізудің ахуалын анықтау мақсатында ай сайын мониторинг жүргізуде. Ай сайын оның көрсеткіштеріне жасалатын талдау Іс басқармасының 15 ведомстволық бағынысты ұйымдары мемлекеттік тілді дамытуды, қазақ тілінде іс жүргізуді негізгі міндеттердің бірі етіп қолға алғанын көрсетіп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, қазақ тілінде әзірленген шығыс құжаттар шамамен 70 пайызды құрайды.
Қазақ тілін мемлекеттік басқару тілі ретінде қолдану, әр ұйымда мемлекеттік тілде әзірленетін құжат сапасын көтеру мен олардың санын арттыру мәселесін Аппарат басшысы Е.О.Нұрбеков мамыр айында құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық қарасты ұйымдардың жауапты қызметкерлерімен өткізген арнайы семинарда көтеріп, оған күнделікті жұмыста баса назар аудару қажеттілігін ескертті.
Алдымыздағы қыркүйек айында, Тілдер мерекесі күніне орай бірқатар іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Ведомстволық қарасты ұйымдардың аудармашылары мен іс жүргізушілеріне арналған практикалық-әдістемелік семинар ұйымдастырылатын болады және де тіл мерекесі шеңберінде «Мемлекеттік тілде іс жүргізетін үздік мекеме» атты сайыстың қорытындылары жарияланатын болады. Сайыс жеңімпаздары жоғарыда аталған мониторинг көрсеткіштері мен биылғы көктемде барлық ведомстволық қарасты ұйымдарда мемлекеттік тілдің жай-күйін тексеру нәтижелері арқылы анықталатын болады.
Жалпы алғанда, мемлекеттік тілді дамытуда Іс басқармасы басшылығы тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар өте ауқымды әрі маңызды. Біз тоқталып өткен жұмыстар қолға алынған, тиісті нәтижесін көрсеткен шаралардың бір бөлігі ғана деуге болады.
Негізінен мемлекеттік тілді дамытудың басты шарты – әрбір мемлекеттік қызметшінің тілді білуі, құрметтеуі, өз бетімен дайындалып, терең меңгеруге ұмтылуы. Әр қызметкер өзінің қызмет саласы бойынша мемлекеттік тілде жазып, оқып, құжаттармен жұмыс істей білгенде ғана біз Елбасы алдымызға қойып отырған талап үдесінен шыға аламыз. Біз ең алдымен, осы мақсатта жұмыс жүргізіп келеміз. Алдағы уақытта көптеген іс-шараларды ұйымдастыру арқылы кейбір олқылықтардың орнын толтырамыз деген сенімдеміз.
Өйткені «біз барша қазақстан­дықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың даналық сөзі зор міндеттер жүктейді. Ең алдымен, Іс басқармасы келешекте мемлекеттік тілді тереңдете оқыту жүйесін іске асыруда Елбасы тапсырмасын тиянақты орындауды қамтамасыз ететін болады.

Б. Дүйсенов,
Қазақстан Республикасы
Президентінің Іс басқармасы
ұйымдастыру-бақылау және
кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі,
экономика ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.