Білімді ұрпақ – бәсекеге қабілетті

Республикада білім беру ісі біртіндеп жолға қойылып келеді. Қазақстанның бірнеше жыл қатарынан ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексінде алғашқы төрттіктен орын алуы осының дәлелі. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда сауатты тұрғын халықтың саны 99 пайыз­ды құрайды. Зерттеушілер Қазақстан халқына білім алуға құлшынысы жоғары екенін, олардың рухани кемелденуге, тынбай ізденуге құмар екенін айтады.

Ата Заңнан бастап, «Білім беру туралы», «Ғылым туралы» заңдар, 2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, 2007-2012 жылдарға арналған Ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы сияқты құжаттар жеке тұлғаның оның ұлты, жынысы немесе діни наным-сенім ерекшелігіне қарамастан қабілетін дамытуға, оның шығармашылық қуа­тын жүзеге асыруға, құқығы мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Бұған қоса Қазақстан Парламенті білім беру, адам мен бала құқығына байланысты барлық халықаралық құжаттарды ратификациялады. Оның ішінде Адам құқығы жөніндегі жалпыға ортақ декларация, Бала құқығы жөніндегі конвенция, Адамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқығына байланысты халықаралық дек­ларация, Жоғарғы білімге байланысты Болон және Лиссабон конвенциялары т.б. құжаттар бар.
Конституцияның 1-бабы «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деген сөйлеммен басталады. Елдің игілігін орнымен жұмсап, халықтың байлығын ұқсатар ұрпақ бүгінде мектеп қабырғасында жазу-сызуды үйренуде. Ата Заң әрбір азаматқа мемлекеттік стандарттарға сай тегін орта білім алуға кепілдік береді. Жас кезде алынған сапалы білім – өмір бойғы ізденістердің мызғымас іргетасы іспеттес.
Конституцияның 30-бабында азаматтардың ақылы оқу құқығы бар екені жазылған. Мемлекеттік және жекеменшік нысандағы білім ордаларының заң алдында дәрежесі бірдей. Тәуелсіз елдің азаматтары тек жоғары білімді емес, орта немесе бастауыш сыныптан-ақ жекеменшік мектеп-лицейлерде, колледждерде білім алу құқығына ие. Әрбір қазақстандықтың талап-тілегі, материалдық жағдайына және қажыр-қайратына орай оқу түрін де таңдау құқығы бар.
Тамыз айында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ғаламтор кеңістігінде тікелей желіде қарапайым азаматтардың сұрақтарына жауап берген болатын. Жаңа оқу жылының алдында министр білім беру саласындағы жаңалықтармен бөлісіп, көп мәселенің басын ашты. Министр педагогтық қызметтің елде ең құрметті де сыйлы мамандыққа айналуына бағытталған іс-шаралар жөнінде әңгімелеп берді. Бұдан былай республикада мұғалімнің имиджін жақсартуға күш салынады. Ол үшін осы сала мамандарының жалақысын көтеру көзделген. Министрдің айтуынша, ендігі үш-төрт жылда педагогтардың айлығы жеке нысандағы мамандардың табысына пара-пар болмақ.
Жаңадан қабылданған «Ғылым туралы» заң басым бағыттар ретінде ең әуелі энергетика, өмір туралы ғылым, минералды ресурстар мен ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды дамытуды көздейді. Б.Жұмағұловтың айтуынша, ұлттың интеллектуалдық қабілеті – бұл біздің барлық ғылымымыз, біздің ізденіс-зерттеулеріміз, бұл іргелі қолданбалы зерттеулер, бұл барлық гуманитарлы ғылымдар.
Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сәйкес, биыл Қазақстанда 164 мыңдай түлек мектеп бітірді. 126 мыңнан астам түлек бірыңғай ұлттық тестілеуден өтіп, орташа алғанда 86,7 балл жинаған. Жалпы, қазіргі таңда Қазақстанда орта білім беретін 7516 мектепте 2,5 миллионға жуық бала білім алуда. Ал жаңа оқу жылында 260 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Оқушылар білім алатын оқу ордаларының тапшылығы бір бүгін айтылып жүрген мәселе емес. Сондықтан да бұл мәселе Үкімет басшысы қатысқан жиналыста қаралып, болашақ жоспарлар жайында сөз қозғалды. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, биыл 82 жаңа мектеп салынбақ.
Жалпы, 2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, республикада 522 мектеп салу жоспарланған. Оның 427-і орта білім беру, 46-ы мамандандырылған оқу ордасы болса, 49 мектеп үш ауысыммен оқитын және апатты жағдайдағы мектептердің орнына салынбақ. Алдағы үш жылда бұл мақсатта республикалық бюджеттен 167,4 млрд. теңге бөлінеді. Білім беруді қаржыландыру көлемі 2010 жылы 797 млрд. теңгені құраған екен, бұл жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 4,1 пайызы. «Биылғы жылы білім беру саласына 900 млрд. теңге жұмсалады» деді министр. Бұл ЖІӨ-нің 4,2 пайызы. Ал 2016 жылға қарай Қазақтанда білім саласына құйылатын қаржы ЖІӨ-нің 5 пайызын құрайтын болады.
Бүгінде электронды оқыту әдісі – әлемдік білім беру жүйесінің басты бағытына айналған. ЮНЕСКО электронды оқытуды ақпараттық қоғамдағы білім берудің басты бағытына жатқызады. АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Жаңа Зеландия, Канада елдерінде электронды оқыту күнделікті тұрмысқа дендеп енгені белгілі. Ал Финляндия, Ирландия мен Оңтүстік Кореяда бұл жүйе білім беру ісін алға жылжытып, түптің түбінде экономикалық өрлеуге сеп болған.
Мамандар бұл жағынан 10-15 жыл артта қалғанын айтады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап Қарағанды облысы, Астана мен Алматы қалаларында 44 мектепке электронды оқыту жүйесін сынақ түрінде енгізуді қолға алды. Ол дәстүрлі оқыту жүйесімен қабыстырылады. Министрдің айтуынша, бұл тәжірибе сәтті болған жағдайда, алдағы уақытта барлық мектеп осы оқыту жүйесіне көшіріледі. Жалпы, мемлекеттік бюджеттен орта мектептердегі электронды білім беру жүйесін енгізуге 134,9 млрд теңге бөлінеді.
Қазіргі таңда барлық мектептердің 37 пайызы ғана интернетке қосылған, ал 47 пайызында интерактивті жабдықтар орнатылған. Ендігі он жылда олардың 90 пайыздан астамы электронды оқыту жүйесімен толықтай қамтылуы мүмкін.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақпан айында өткен «Нұр Отан» ХДП 13-ші съезінде «Жоғары табыс, мықты денсаулық, жайлы баспана, белсенді еңбек машығы – осының бәрі бәсекеге қабілетті адамды қалыптастырады. Мен әрбір қазақстандықтың осындай болғанын қалаймын» деді. Бұл игіліктердің бәрі сапалы білімнен бастау алатындығына дау жоқ.

Көлбай ЖЕҢІС

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.