Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры

d182d0b8d0bb-d0bcd0b5d0b9d180d0b0d0bcd18b-2Бүгін – Қазақстан Республикасы халықтары тілдерінің күні. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде қазақ еліне қоныс тепкен барша ұлт өз тілі, ділі, мәдениеті мен тарихынан ажырамай, бір шаңырақ астында бейбіт ғұмыр кешіп келеді. Өзге ұлт өкілдері үшін түрлі жексенбілік мектептердің жұмыс істеуі де соның белгісі. Тіл ерекшеліктеріне қарамастан ел өмірінде өтіп жатқан түрлі құбылыстардан олардың қалыс қалмауларының өзі оларға зор мүмкіндік беріп отырғаны жасырын емес. 

Бүгінгі Тілдер мерекесі де өзге тілдерді өгей көрмегенінің, жалпы ел болып Тілдер мерекесін тойлауға бағытталған бейбіт қадамның бірі. Бірақ бұл өздері жерін еміп, суын ішкен елдің тілін білмеу керек дегенді білдірмейтінін білген бауыр­мал ұлттар баяғыда-ақ қазақ тілін қас қаққанша үйреніп алды. Алайда кей өз қандастарымыз бен ат төбеліндей өзге тілді қауымның мемлекеттік тілді мойын­дамай һәм менсінбей келе жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Өзге тілдердің дамуына да ықпал етіп отырған қазақ елін «тіл жауы» етіп көрсету көргенділікке жатпайды. Рас, мемлекет тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру мақсатындағы игі істердің күн санап артып келе жатқаны жасырын емес. Түптеп келгенде бұл қалыпты жағдай болуы тиіс. Өйткені қай елде болмасын, мемлекеттік тіл ерекше басымдыққа ие. Ал басқа ұлт өкілдері сол тілдің төңірегіне жұдырықтай жұмылуы керек. Егер тілдің қатынас құралы екенін ескерсек, біздің елімізде қазақ тілі сол функцияны атқаруы тиіс. Қазақстан халқы бір тілде – мемлекеттік тілде тілдесуі қажет. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімнен айтсақ, «Мемлекеттің тіл – Қазақстан халқын ұйыстырушы фактор болуы керек». Қала берді, «Қазақстан Рес­публикасындағы Тіл туралы» Заңы­ның 4-бабында: «Қазақстан Республикасы­ның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекет­тік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі» деп анық жазылған. Одан әрі: «Қазақстан халқын топтастырудағы аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» екендігін атап көрсеткен. Өйткені мемлекеттік тіл – еліміздегі барша ұлтты бір мақсатқа ұйытудың басты кепілі екені анық. Оған Елбасының биылғы Қазақстан Халқына Жолдауындағы «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» екендігін қадап айтқанын қосыңыз. Бұл – міндеттелген мақсатты меже. Сондықтан қазақ тілін үйрену жерімізге қоныс тепкен кез келген ұлттың өздеріне құшағын жайған қазақ елінің алдындағы азаматтық борышы болуы керек.

А.Ерік

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.