НАРТӘУЕКЕЛ

Туған ай туралған ет сияқты әп-сәтте желініп кетеді. Сол айлардың аясында тойымсыз уақыт жылдарды да жұтып қойғанын сезбей қалады екенсің. Күні кеше жайраң қағып ортамызда жүрген жайсаң азамат Смади Әлтайұлы Әбдиевтің де өмірден озғанына жеті жыл болып қалыпты. Сонда да оның бір қолын қозғап қойып, миығына күлкі үйіріп, ауылының, ауданының өскен өркені мен өрелі ертеңі туралы желпіне сөйлеп, жарқылдап отыратын сәттері әлі де көз алдымызда.
Жеті жылдай әкім болып, Еңбекшіқазақ ауданын Алматы облысындағы алдыңғы қатарлы өңірге айналдырған абзал жетекшісін жерлестері ұмытпай, Есік қаласының бір көшесіне есімін беріп, мәдени шаралар ұйымдастырып жатқаны есіл ердің еңбегін елегендік болар. Осы шараға орай аудан орталығында ас та берілгелі жатыр. Баспасөздің жанашыры болып, журналистермен етене жақын жүретін, ауыл шаруашылығының білікті ұйымдастырушысы болған сол азамат туралы кезінде жазылған эссені оқырман назарына қайта ұсынып отырмыз.

Осынау ойлы жанары сәл жымиса-ақ шуақ шашып қоя беретін қара торы, жасы әлі елуге жетпеген жігіт ағасымен сыйлас, сырлас болғаныма он бес жылдың жүзі. Ауыл өндірісін бес саусағындай білетін ол ғылым мен білімнің сан саласынан хабардар. «Інжілден» бастап «Құранға» дейінгі асыл қазынаның бәрін білуге құштар. Таңның атысын, күннің батысын білмейтін шаруашылықтың ұшан-теңіз ұйымдастыру жұмысының ала-шоласында, тіпті әдеби кітаптар оқуға да уақыт табатыны таңдандырады. Бірде оның:
— «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп біздің қазақ бекер айтпаған-ау. Қаншалық қанішер дегенмен Шыңғысхан ақымақ болмаған, — деп Исай Калашниковтың «Сұм заман» романынан астын өз қолымен сызған мына бір сөздерді алдыма жайып салғаны бар.
«Мас адам соқыр сияқты — көзі көрмейді, саңырау сияқты — құлағы естімейді, сақау сияқты — тілі сөйлеуге келмейді. Араққа алдырған адам ойы бұлдырап, қолы қалтырап, білгенінің өзін ұмытып қалады. Ақылды — ақымаққа, ақымақ — қаскөйге айналып кетеді. Шарап – хандығыңа да, қаралығыңа да қарамай, бәрін ақылдан алжастырады. Оған бой ұрған кісі астындағы атынан, қойнындағы қа­тынынан, өрістегі малынан, қолындағы барынан айырылады. Бұл құрғырды ішпей тұра алмаса – ауызға он күнде бір алса, бір айда бір ішсе қандай жақсы. Ең абзалы татып алмаған ғой, алайда ондай пендені бұл фәниде қайдан табарсың!» – дейді Шыңғыс. Бұл қағиданы бая­ғыда Рашидаддиннің тарихынан оқып, қойын дәптерге жазып алғаным бар-ды. Бірақ романды оқығанда оған мән бермеппін. Жасыратыны жоқ, өз басым осы үшін қысылып та қалдым.
— Байқайсыз ба, арақ-шарапты тыюға жердің жүзін, күннің көзін қанға бояған қаһарлы Шыңғысханның да амал-айласы жетпей, қатты опынған. Ал біздің басшылар болса, бүкіл шарап зауыттарының шаңырағын ортасына түсіріп, жүзімдіктерді түгел отап, ішкілікті бір-ақ күнде тоқтатқысы келеді. Батпандап кірген дерттің мысқылдап шығатынына мән де бермейді. Жеміс бағын жайпамай, табанды тәрбие жұмысын жүргізу керек қой, — деп бір ойдың ұштығын шығарып алды да сөзін әрі қарай сабақтады. — Ал мен бар ғой, аға, зауыт­ты сусын шығаруға ыңғайластырдым да, бір түп те жүзім ағашына қол тигіздірген жоқпын. Жоғары жаққа бәрін де айтқандарындай еттік деп ақпарды жөнелте салдым. Бақты жайпау оңай да, жасау қиын. Қаз ашуын тырнадан алуын қашан қояр екен?!
Қай бір әңгіме болсын, Смадидің әсілен осындай оқыс ой қозғап, ұрымтал ұсыныс айтып жүргені. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мәселелерін шемішкедей шағатын оның саланы қайта құрып, өрге сүйреу жөніндегі ой-пікірі бір пара. Кейде оның тың ойлары, тіпті кейбір қарекет-қимылы да кейбіреуге ұрда-жық, ұрыншақтық болып көрінетіні де рас. Нартәуекелге басып, ағындап кететін көздері де аз емес.
Бір күні үйінде күтіп отыр едім, сырттан кеп бірден сәлем берді. Шар­шағаннан ба екен, өңі сынық, бетінің ұшын жалын шарпыған сияқты, қарақошқылданып тұр. Сол қолының сыртын көлегейлей береді. Жейдесінің омырауы шоқ түскендей ойылып, сарғайып кетіпті. «Жай, әншейін…» деп қипақтап тұрды да, жасырудың реті болмаған соң мән-жайды өзі баяндады.
Шаруашылықты аралап жүріп са­уын сиыр кешеніне соқса, жұрт қорадан дүркірей қашып шығып жатыр. «Не болды?» десе: «Өрт, өрт!» дейді. Ай-түйге қарамай, қораға қойып кетеді бұл. Бақса, электр сымы ағытылып, сиырлардың үстіне түсіпті. Тоқ соғып, екі-үшеуі сілейіп жатыр. Оны көрген өзге мал да өкіріп осылай жөңкіп келеді. Сәл кешіксе олар да тоқ ұрып жаусап қалмақ. Одан әрі өрт кету қаупі де жоқ емес. Ойланып тұруға уақыт тар. Смади жалма-жан бешпентін шеше сап сымды орап алды да, сыртқа қарай сүйрей тартып серпіп жіберді. Басқарма бастығының осындай батылдығы арқасында бір қора мал сөзсіз апаттан аман қалады. Осыны естіп: «Бүйткен тәуекелің бар болсын, бір күні тоққа түсіп өлесің ғой, Құдай да сақтанғанды сақтайды» деп шыж-быж болған зайыбы Рахимаға:
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Ол жанбаса лапылдап –
Аспан қалай ашылмақ, – дегенін білесің бе, түбі бір туысқанымыз – түрік ақыны Назым Хикметтің. Оның үстіне өзің де ақынның қарындасы­сың. «Жауап беретін адам бар» деп жайбарақат қалсаң, қазынаның қанша мал-мүлкі құрығалы тұр. Сосын жауапты адамды жауапкершілікке қалай тартсаң да ол шығын қайтып өтелер ме! Ендеше оқиғаның үстінен түсіп, сырт айналып қалай жүре берерсің, ондай әдетке қаным қас екенін білгендей болдың ғой, — деп күлді.
Неге де болса білек сыбанып, белсене кірісіп кету бұның ежелгі дағдысы. Ұзақ жылдар бойы бір шаруашылықта бас зоотехник болып қабілет-білігімен көзге түскен оның осы «Ильич» атын­дағы колхозға төраға болып келген тұсы еді. Кәдімгі жаңа басшыға жұрттың үмітінен гөрі күдігі көбірек кезең. Таң сәріден тұрып шаруашылықтың төрт бөлімшесін тегіс аралап шығып, малдың жайын, малшының қамын бір біліп шықпаса, ішкені ас болмайтын ол базға келсе, бір сиырдың маңында күйбеңдеп үш-төрт адам жүреді. Сиыр дөңбекшіп тынши алмай жатыр. Көзі қарақты маман оның енді бұзаулай алмасын бірден біледі. Өйткені бұзау теріс келіп, туа алмай іште өліп кеткен. Күйлі мал құнын жоймайды, бауыздап алса ет болар еді. Осы арада Смадидің ойына бір ырым сап ете қалды.
Қазақта «малдың құты болады» деген ұғым бар. Шыныңда да, табынды сиыр, үйірлі жылқы, келелі түйе, отарлы қой арасындағы бір малды ес көреді. Сонысы өліп қалса, малда шығын кө­бейіп кететіні де болады. Ірі қара сырын жақсы білетін бұл базға келгенде осы құбақан сиырға басқа малдардың жалтақтай беретінін байқап қалған. Қазір де құнажын қашарлардың кейбірі осы жаққа көз салып, мөңіреп қояды. Сондықтан да Смади білекті сыбанып жіберіп, операциямен бұзауды жатырдан сойып алды. Сөйтіп, сиырды аман алып қалды. Осыдан кейін-ақ күллі малшы қауым, мал мамандары оның білігі мен бітіміне тәнті болып, қоғам мүлкін көздің қарашығындай сақтайтын азамат екеніне ден қойды.
Сол жылы күз жеміс-жидек пен бақша дақылдары жақсы өнім берді. Пияздың өзінен ғана бірталай табыс түсетін түрі бар сыңайлы. Бірақ шаруа­ны әрекет аралап, қай дақылға болсын суық қол сұғылатын сияқты. Жиналған алма түнге қалса, таңертең із-түзін таппайсың. Үзіп алысымен зауытқа аттандырып, тоңазытқышқа тықпасаң, жүзім де ұшынып кетеді. Милицияға хабарласа із шалған болады да, одан әрі індете алмайды. Тіпті «ешкім тие қоймас» деген пияздан өзін құтайтпай қойды. Сондықтан із кесуге Смадидің өзі мықты: қасында милиция қызметкері мен колхоздың бірер маманы бар. Ай туа бес-алты қапты теңкитіп, есек арбаға тиеп алған ұрының қалың бұтаға кіре бергенін көз шалды. Жер апшысын қуырып, машинамен бұлар да сол маңға жетті. Гүр еткен мотор үнімен істің насырға шапқанын сезген ұры ізіне түскендерді сескендіргісі келді ме, кабинадан шыға бергенде үстерінен мылтықты басып қалды.
— Ойбай, мына қарақшының қаруы бар ғой, құрысын кетейік, Сымеке, — деп жанындағылар машинаның сыртына жалт берді.
— Әзер болса мылтығы қосауыз шығар. Енді көп дегенде бір-ақ мәрте атады. Екінші қайта оқтатпаймыз, — деп Смади сыбдыр шыққан тұсқа сүңгіп кетті. Ұры мылтығын көтере бергенде ол жымдағы жолбарыстай атылып, қаруды қағып түсіп, бейтанысты бүктеп астына тықты. Тексере келсе, көрші ауылдың тұрғыны екен. Түн жамылып бірнеше күннен бері осы есек арбамен алма, алмұрт, пияз тасып, мына қалың бұтаның арасындағы сайға үйіп жүрген көрінеді. Алушысын тауып, бүгін-ертең бірнеше машинамен қалаға тоғытпақ. Алайда арам ниетін жүзеге асыра алмады.
— Бірер көлік пияз үшін басыңды қатерге тігіп қажеті не еді… – деп ұрыншақтығына мен де ренжігенмін осы оқиғаны естігенде.
— О не дегеніңіз, ортақ қазына осындай бірер қадақ, бірер қапшық, бірер көліктен құралмай ма? Оның үстіне «құрсын, кеттік» дегенде мен де тұра қашсам, қасымдағылар не ойлайды. Енді бар ғой, әлгіндей жағдайға тап келсе, олардың да нендей тәуекелге баратынына шүбәм жоқ.
Шынында да, бірдің үлгісі – мыңның игілігі. Шопан баласы, сарбаз соқпағынан өткен жүргізуші, білікті мал маманы, колхоз ағасы Смади Әбдиев тірліктің бұл тәлімін санасына да, сүмесіне де жақсы сіңірген. Сондығынан да ол елді соңынан өз өнегесі арқылы ертуді қол көреді. «Тәуекел ет те, тас жұт» деп алдымен ауырдың астына өз иығын тосатыны да осыдан болса керек. «Тәукел түбі — жел қайық». Әзір талай қиындықтардан аман құтқарып, айы оңынан туып келеді. Бұрнағы жылы Мирзоев Хасан деген түрік қойшының төрт-бес жасар екі ұлы адасып кетіп, бүкіл ауыл аяғынан сарсылып, үш күн іздегенде, бағдарын осы Смади ғана дұрыс аңдап, құм арасындағы бұтаның түбінен тауып әкелді емес пе?! Омырауындағы «Дара ерлігі үшін» ордені осындай батылдығы мен батырлығы үшін берілсе керек. Әрине, ондай азаматты халық қашанда қадір тұтып төбесіне көтереді.
Жергілікті Кеңестердің өткен сайлауында жерлестері оған үлкен сенім артып, ауданға да, облысқа да өздерінің өкілетті өкілі етіп сайлады. Тіпті Қазақстан халық депутаттығына да ұсынды. Өкінішке орай, кейбір күштердің араласуымен ол орынға облыстық атқару комитетінің төрағасы өтіп кетті. Бірақ халық қалаулысы болған соң, оның деңгейінің үлкен-кішілігінде не тұр. Ел берген аманатты орындап, көптің көңілін табудан артық борыш бар ма? Смади сол борышын өтеуге соны бір серпінмен кірісті.
Әлбетте, ауыл ағасы ретінде оны қатардағы қарапайым еңбеккерлердің қам-қарекеті алаңдататыны белгілі ғой. Бұрынғыдай шаруашылық табысы мыңдармен емес, миллиондармен есептелген соң, колхозшылардың тұрмысы түзеле бастады. Табыстың тәуірлігі – елдімекендердің әлеуметтік бейнесін түлетіп, әсіресе, орталықтан мойны алыс малшы ауылдардың мәдени-тұр­мыстық жағдайын жақсартуға мүмкін­дік туғызды. Жастарға қолынан келетін жұмыс тауып, қолайлы пәтер берудің бірінші кезекке қойылуы олардың ауыл­да тұрақтап қалуына мұрындық болды. Қыз-келіншектердің жұмыс уақытын қысқартып, нәресте туғанда үш жыл ақылы демалыс беру қолға алынды. Былайынша, бұл ертеңін ойлаған әрбір басшы атқаруға тиіс міндет қой.
Ал назардан қағаберіс қалып жүр­ген бір мәселе – қайырымдылық жағы. Соғыс ардагерлері мен мүгедектердің, жалғызілікті қариялардың жағдайы Смадидің қабырғасына қатты бататын еді. Шынтуайтына келгенде, қиын кезде қайыршылық шегінде қалатын осылар емес пе? Сәл де болса солардың жағдайын оңғаруға септігі тиеді деп ол колхоздан «Қайырымдылық» қорын ашып, жарнаны бірінші болып өзі қосты. Биыл да оған мың сом өткізіп қойды. Мұны көрген басқа мамандар да құралақан қалған жоқ.
— Маңдай терімен жасалған игілік­тің әділ бөлінуін мен ұдайы басты назарда ұстаймын. Әлеуметтік әділеттілік болмай ілгері басу қиын. Бұл мәселе­лер бізде дәйім колхоз басқармасында шешіледі. Күрмеуі қиын даулыларын күллі колхозшылардың талқысына саламыз. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп халық тегін айтпаған ғой, – деді ол басшының кәсібі туралы сөз туған­да. – Басшылықтың өзімбілем­дік, әміршіл-әкімшілдік тәсіліне жаным қас. Тисе терекке, тимесе бұтаққа дей­тін бағдарсыз сынға да, ауыз өзімдікі деп көпіре беретін көпсөзділікке де қарсымын. Басшылықтың басты тәсілі елмен ортақ тіл тауып, ойыңды түсін­діре білу, сөзіңе сендіре білу. Арық сөйлеп, семіз шығудың керегі дәл осы арада. Өз басым қиналып қалсам, қарияларды жинап алып, ақылдасып отырамын. Олардың елге, жерге жаны ашуы бізден әлдеқайда артық. Ал жер жарықтықтың бабын тапсаң, барын қолға иіп беретін аруана ғой. Біздің биылғы табысымыз соның айғағы.
– Айтпақшы, колхоздың биылғы табысы қанша болды?
– Он бір миллион сом.
– Ұмытпасам, колхоз тізгінін қо­лына алған жылы табысы 75 мың сом емес пе еді?
– Иә, бірақ бәрін өткенмен өл­шеп қайтеміз. Одан бері де бес жыл өтті ғой. Айтқандай, әлгі он бір мил­лионның төртеуін шарап жасау цехы берді. Баяғыда қаулы шықты деп нау­қаншылдықтың шашбауын көтеріп, жеміс ағаштарын отап тастағанда, мұндай кірісті кім берер еді!
Халықтың тілін, шаруаның қыбын білу деген осы. Бес жылда ғана колхоз дәулеті жүз алпыс есе өскен. Осыны ой елегінен өткізгенде бұрнағы жылы бір топ колхозшының «Смади Әбдиев келгелі дүниеге көзқарасымыз ғана өзгеріп қойған жоқ, жан әлемімізде жаңғырып кетті» деп газетке жазған хаты еске түсті. Таяуда колхоз өндірісінің осы бір үздік ұйымдастырушысы Ең­бекшіқазақ ауданының әкімі болып тағайындалды.
Халық қалаулысы Смади Әбдиев­тей өзгеге ұқсамайтын ойы, өзіндік ел басқару тәсілі, өмірге деген тың көзқарасы бар ұйымдастырушыны дәл тауып, үлкен үміт артып астаналық облыстың әкімі де дұрыс жасады-ау деп ойлаймыз. Нартәуекел!

Сарбас АҚТАЕВ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.