ХХІ ғасырдың жиһангері

d0b0d0b1d0bed180d0b8d0b3d0b5d0bdd18b Сапар Ысқақұлы Ысқақов бұрынғы Торғай облысы Амангелді ауылында 1941 жылдың 5 тамызында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Инженер-құрылысшы болып басталған оның еңбек жолы еліміздегі түрлі деңгейдегі құрылыс саласында жалғасып, басшылық қызметтер атқарған. 1991 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып, бизнеске араласқан. 1998 жылы елордаға қоныс аударып, Астана құрылысына өз қолтаңбасын қалдыруды мұрат етті. Бұл орайда жетістіктері жетерлік. 2005-2006 жылдары «Жыл таңдауы» байқауында екі рет «Жыл адамы» — «Алтын Адам» атағын, «Астананың іскер адамы» (2006), 2007 жылы «Ғасыр меценаты» (Мәскеу) атақтарын иеленген. Ресейдің – «Держава», Ұлыбританияның «Королева Виктория» атындағы, Швейцарияның халықаралық «Алтын медаль» ордендерін иеленіп, Елбасының Құрмет дипломын алды. Халықаралық меценаттар, Халықаралық туризм және спорт академияларының академигі. Әлемнің алты құрлығының 100-ден астам елін аралаған жиһанкез 2008 жылы жер шарының оңтүстік полюсі саналатын Антарктидаға барып, Қазақстанның көк байрағын желбіретіп қайтты. Мұнымен қоса Сапар мырза – Мәскеудің 850 жылдығы атындағы саябақтың «Ұлт мақтанышы» атты меценаттар аллеясына есімі жазылған жалғыз қазақ. Жұбайы Күміс Бейсенқызымен бір қыз, екі ұл тәрбиелеп, олардан сегіз немере сүйіп отыр. Оның өмірден түйген көзқарасы да, ұстанымы да өзгеше. Шағын әңгімеде Сапар Ысқақұлының адамдық тұлғасын толық айқара аштық деп айтудан аулақпыз. Десе де, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың ұлағатты өмірі – үйлесім мен сыйластыққа құрылған отбасы кім-кімге болсын үлгі-өнеге! Біздің сыр-сұхбатымыз, Сәкең салдырып жатқан Астанадағы ең көрікті жер – сол жағалаудағы Қобыз сарайының ғимаратында өтті. – Сәке, 70 жасқа келіп жатырсыз! Той Арқалықта басталыпты, құтты болсын! Қалай өтті? – Тойды елде, Торғайда, туған-туыстардың, жора-жолдастардың арасында өткізген әлбетте жақсы. Жерлестерім ыстық ықыласпен қабылдады. Сағынып қалыппыз!.. Әуелі Тілеп бабамыздың басына бардық. – Қайда жерленген? – Біздің елде Ұлыжыланшық деген өзен бер. Ұлытаудан бастау алады. Ақкөлге барып құяды. – Ахмет Байтұрсынұлы жырлаған Ақкөл ме? – Дәл айтасыз! Сол Ақкөлден 35 шақырым жерде Тілеп бабамыздың бейіті бар. Сонда барып, Құран оқыттық. 4 тамыз күні бабамызға Торғайда ас бердік. 5 тамызда Арқалыққа келдік. Тірі болғанда 100-ге келетін әкем Әбдібекті де ұмыт қалдырмадық. Ол кісіге де ас беріп, Құран-хатым түсірдік. Сол күні кешке еске алу кеші аясында шағын концерттік бағдарлама жасадық. Бұл жолы мен туған күніме жарнама жасаған жоқпын. Аруақтармен қатарласып, жармаспай-ақ қояйын дедім. Астанаға келген соң ұжымым құттықтады. Оларға көп рақмет! Бәрі дұрыс болса, Алла қаласа, 29 қазанда, жолдастарымның, таныстарымның арасында туған күнімді Астанада өткізем. Дәл бүгін-ертең тойлауға дәтім бармайды. Өйткені Қобыз сарайы салынып жатыр. Әлі біткен жоқ. Көріп отырсыз, қарбалас тірлік… 130 құрылысшы азаннан кеш қарайғанға дейін жұмыс істеп жатыр… Жұмыстар ыңғайланса, 29 қазанға дейін – жұмыс комиссиясымен, 14 желтоқсанға дейін Мемлекеттік комиссиямен ғимаратты өткізсек деймін. – Қобыз сарайын салу идеясы қашан, қалай келді? – 2005 жылы біз Астана қаласы әкімінің сол кездегі орынбасары, талантты композитор Төлеген Мұхамед­жановтың идеясымен қазақ әндерінің халықаралық байқауын өткізгенбіз. – «Азия дауысының» жалғасы… – Иә… Бастапқы 2003-2004 жылдары Астана қалалық әкімдігі қолдап өткізді. 2005 жылы Төлеген Парламент Мәжілісіне депутат болып кетті де, байқауды ұйымдастырушылар «өнерге, мәдениетке қолдау жасап жүргеніңізді білеміз, көмек берсеңіз» деп маған өтініш айтты. Себебі конкурс тоқтап қалайын деп тұр. Мен келісім бердім. Сонымен, «Астана – 2005» деген атпен қазақ әндерінің конкурсы өтті. Шетелдерден әншілер келді. 2006 жылы тағы өткіздік. 2007 жылы экономикалық дағдарыс бас­талды. Өзіміздің құрылысымыз жүрмей жатты. Продюсер Мұрат Ерғалиев: «Елге хабарлап қойып едік, ұят болды», – деп жатып жабысты. Ойланып-ойланып, тағы келістім. Бұл жолғы конкурстың аты «Астана – Тілеп» болып өзгертілді. Айтайын дегенім, ұйымдастыру ко­миссиясында ғұлама ғалым Ақселеу Сейдімбек бар еді. Ахаң маған: «Сәке, өнерді қолдап жүрсіз, неге Қобыз сарайын салмайсыз? Нью-Йоркте Корнеги-Холл, Лондонда Альберт-Холл бар. Дәл солардікіндей болмаса да, соған жетеғабыл сарай болсын», – деді. Бұл идея маған ұнады. 2005 жылы Қобыз сарайын салуға тапсырыс бердім. 2006 жылы құрылысты бастадық. Астана қаласының сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеев те, елорданың бас архитекторы Шоқан Матайбеков те қолдады. Әсіресе Шоқан қуанды! Қобыз сарайының жобасын өзі сызды. 23 мың АҚШ долларына бағаланған ақшасын алған жоқ. «Қосқан үлесім», – деді. «Цеснабанктен» көлемді несие алдық та, жұмысты бастап жібердік. Арада бірер жыл тоқтап та қалдық. Шүкір, Аллаға! Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға берсек дейміз. – Сәке, байқап отырмын, сіздің жа­ныңыз музыканы сүйеді екен… Өнерге, қазақ руханиятына, одан қала берді көмек сұрай келген адамдарға қол ұшын беріп, демеушілік жасау – бай-дәулетті болғанымен, екінің бірінің қолынан келе бермейтін мәрттік! Үлкен адамгершілік! Мұндай қадамға баруыңызға не себеп? – Мен өзі музыкант болмағанымен, музыкаға жақынмын. Менің арғы атам Тілеп бабам – бақсы, қобызшы. Батыста орган болса, бізде қобыз киелі аспап саналады. Музыка дегенде жүрегім елжірейді. Классикалық, симфониялық, опералық, эстрадалық музыканы сүйемін. Анам ма­ған «өмірде «жоқ» деп айтпа» деп жаста­йымнан құлағыма құйған. «Әсіресе жетім-жесірге, жоқ-жітікке қол ұшыңды бер. Ол ісің Алладан екі-үш есе болып қайтады», – дейтін. Осы сөздер есімде ерекше сақталды. Шынында, солай. Біреуге көмектесем бе, көп ұзамай, сол жақсылығым бірнеше есе боп қайтады. – «Жасаған жақсылықты айтпаған, құпия сақтаған жақсы» дейді… Сонда да, бірер мысал келтірсеңіз… – Айтайын… Музыка академиясына 86 костюм алып бердім. Одан квартет, оркестр аштық. Барлық музыкалық аспаптарын алуға қол ұшын бердім… – Қаржылық мүмкіндігіңіз болды ғой, әрине? – Болды. Содан ары қарай кете берді, кете берді. Ел бір-бірінен естіді. Тағы бір мысал… Осы жақында ғана өзі құрылысқа қаражатымыз жетпей жатқанда биылғы сәуір айында торғайлықтардың концертін өткіздік. Оған демеушілік жасадым. Оның алдында Торғайдың драма театрын Астанаға шақырдым. Одан соң Алматыдан «Тілеп пен Сарықыз» балеті келді. Астанадағы опера және балет театрында баритон дауысты Сүндет Байғожин деген жігіт бар. «Италияға барып оқуға түсейін деп едім, ақша алатын жерім жоқ, тіпті қарызға беріңізші», – деді. Көмектесе алмайтынымды айттым. Сүндет үндемей кетіп қалды. Соңынан ойландым. «Бұл жігіт – қазақтың болашағы Алла берген баритон дауысы бар…». Жүрегім елжіреп, аядым да, ертеңіне хабарластым. Қысқасы, сұраған ақшасын бердім. Осындай дарынды қалай қолдамасқа?! – Сөзіңіздің жаны бар… Әсілі, қысылған жанға қол ұшын беру – шариғат тұрғысынан да үлкен сауап… – Көмек бермесе, болмайтын сәттер кездеседі… Өмір ғой… – Саяхатшылықты қай жасыңызда бастадыңыз? Ол да жан қалауыңыз ба? – Саяхатты студенттік жылдарымнан бастадым. Ленинградқа 1962 жылы бардым. Ленинград – дүниежүзіндегі ең сұлу қалалардың бірі. Қазір неше түрлі құрылыс жүргізіліп, шағынаудандардың көлемі де ұлғайыпты. Ал ескі Ленинград архитектураның озығы! Қала маңындағы Ломоносов, Пушкин – бәрі-бәрі ІІ Екатерина патшайымның кезінде салынған, адам таңғалатын ғимараттар! Содан бас­талды, міне, 50 жыл болды әлем елдерін аралағаныма. Көптеген шетелдерде болдым, яғни саяхатшылық та – жан қалауым. Орыс тілінде үш кітап жаздым. Әлі қаншама деректер бар. Оны қағазға түсіруге уақыт жетпей жатыр… – Сіз Политехникалық институттың архитектура бөлімін бітірдіңіз! Архитектор болуға да шығармашылық керек, өнер ғой… – Кез келген адам архитектор бола алмайды. Ол үшін суретшілік фантазия, талғам болуы керек. Музыканы, кескіндемені, мүсін өнерін түсінгеніңіз ләзім. Құрылыс факультетіне түсуге болады, ал архитектура бөліміне түсу қиын. Александр Иванович Мель деген ұлты неміс ұстазымыз болды. Оның лекциясы өте қызықты өтетін. Біздің топтағы 28 баланың төртеуі архитектор болып кетті. Александр Иванович дүниежүзіндегі тарихи-мәдени архитектуралар жайлы айтатын. Кеңес Одағын тегіс араладым, ал шет елге 1971 жылдан бастап шыға бас­тадым. – Отбасыңызбен бе? – Кейде немерелерімізді ертеміз. Ал жұбайым Күміс қасымнан қалған емес. Дүниежүзінде таңғаларлық жерлер көп қой. Әр елге шығар алдында оның тарихымен, мәдениетімен танысамыз, оқимыз. – Суретке де өзіңіз түсіресіз ғой? – Суретке де, бейнекамераға да өзім түсірем. Материал мол. – Солтүстік полюс жайлы айтыңыз­шы? – Солтүстік полюске дүниежүзіндегі 14 елден 85 саяхатшы аттандық. Бұл экспедиция – ешқандай ұйымдар мен өкіметтің тапсыруымен емес, қарапайым адамдардың бастамасы бойынша әрі өз қаржыларымен жасаған патриоттық қадамдары. Мұзды мұхитқа кейінгі 10 шақты жылда Қазақстан атынан ең алғашқы болып барған экспедиция құрамында мен және зайыбым Күміс Ысқақова, «Қазақстан -1» телеарнасының журналисі Ерлан Ақшалов, осы топқа кейіндеу қосылған алматылық кәсіпкер Вячеслав Ким бар еді. «Ямал» атты мұзжарғыш кемемен 14 күндік саяхат таңғажайып табиғат қызықтарына бөледі. Әуелі Баренц теңізін жүзіп өттік. Франц Иосиф архипелагы ерекше әсер қалдырды. Біріне-бірі жақын, жалғас 200 арал тобы 16000 шаршы шақырымды құраса, соның 85 пайызын мұз алып жатыр. Ығы-жығы құс базары, морждар мен Арктиканың иелері – ақ аюларды көрдік. Біз Флора мүйісінде аз аялдадық. Солтүстік полюске жақындаған са­йын қалың мұз қабатын жару қиынға түсті. Кемеміз сағатына 15-20 шақырымдық жылдамдықпен ақырын жылжып отырды. Сонымен Солтүстік полюске де жеттік. Сол жерде «Нұр Отан» ХДП партиясының, елордамыз Астана қаласының және жерлестерім өтініш айтқан Қостанай облысының туын желбірете тіктік. – Сапар Ысқақұлы, сіздің өмірбая­ныңызбен, жүріп өткен қиын да қызықты, мәнді-мағыналы, ғибратты жолыңызбен танысқанда түйгенім мынау: қарапайым, кішіпейіл, жандүниеңіз бай жан екенсіз! Әлемнің 100 елін аралаған саяхатшылығыңыз, адамдарға қол ұшын беруге, көмектесуге жақын тұруыңыз, бір сөзбен айтқанда – меценаттығыңыз, одан өзге де толып жатқан игілікті істеріңіз – бәрі-бәрі Абай хәкім айтқан «толық адам» ретіндегі кісілік келбетіңізден, жүрегіңіздің кеңдігінен һәм шынайы көңіліңізден туындап жатқандығын бағамдадым. Бұл игі істеріңіз, қасиетті Құран Кәрімнің, Фатыр сүресінің, 10-аятындағы «Кімге даңқ қажет болса, даңқтың бәрі Құдіреттің қолында. Жақсы лебіз, ізгі іс бірін-бірі көтеріп, Алланың құзырына жетеді» деген сөздерімен қабысып жатыр… Мұндай қасиеттер, сіздің сезімтал­дығыңыздан, мынау аппақ әлемге деген құштарлығыңыздан деп есептеймін! Өзіңізге мәлім, көркем әдебиеттің, кітаптың орнын ешқандай компьютер, кино ауыстыра алмайды. Өйткені жақсы кітап адам жанын тазартады, санасына сәуле түсіреді. Әдебиет дегеніміз – адамгершілікке сүйіспеншілік. Сол үшін де, хәкім Абай сөз өнері – әдебиетте «жүректен қозғайтын, әдептен озбайтын» деп теңдессіз үлкен баға берді. Сіздің де көркем әдебиетті сүйетініңіз аңғарылады. Заңғар суреткерлер Мұхтар Әуезовтің, Шыңғыс Айтматовтың, Джек Лондонның, т.б қаламгерлердің шығармаларын жақсы көреді екенсіз. Сол ақын-жазушылардың, сіз оқыған шығармалары туралы айтыңызшы. Несімен ұнады? Қандай ойларға жетеледі? – Дұрыс айтасыз, көркем әдебиет, егер ол күшті шығарма болса, адам жанын тазартады. Қазір оқырманды баурамайтын, тартпайтын кітаптар көп қой. Сол үшін таңдап-талғап оқу керек. Сүйіп оқитын жазушыларыңыз деген сауалыңызға Шыңғыс Айтматовтан бастайын, «Шынарым менің, шырайлым менің» повесі, «Боранды бекет», «Ғасырдан да ұзақ күн» және «Жан пида» романдары ғажап әсер қалдырды. Оқырманның жан дүниесін қопару, әсер ету жағынан керемет дүниелер! Джек Лондонның «Мартин Иден» романы да айрықша шығарма! Меніңше, кез-келген кісі өзін қолға алып тәрбиелесе, қайсар болса, діттеген арманына жетеді. «Мартин Иден» романында осы мәселе көтеріледі. – «Абай жолын» неше рет оқыдыңыз? – Қазақ және орыс тілдерінде оқыдым. Анатолий Кимнің аудармасы да әдемі екен. Өкінішке қарай, қолым тимей, аяғына дейін оқи алмадым. Анатолий Кимді жақсы танушы едім. Маған телефон шалып, пікірімді сұрады. Анатолий қазақша білмейді. Соның өзінде тамаша тәржімалаған. Одан соң Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын», Теодор Драйзердің «Америка трагедиясын», Проспер Мерименің, Бальзактың шығармаларын ұнатып оқыдым. Көп енді, қайсыбірін айтайын… – Бақытты шақ – балалық шағыңыз туралы білгім келеді… Өсіп-өнген ортаңыз, әулетіңіз хақында да әңгімелесеңіз… – Тәрбиені бала әуелі отбасынан алады. Менің әкем мұғалім болды. Өте шыншыл, адал адам еді. Жұрт таңғалатын. Өтірік айту, ұрлық істеу, біреуді ғайбаттау сынды жаман ғадеттерден аулақ болатын. – Өз әкеңіздің есімі кім? Ысқақ үлкен атаңыз ғой? – Туған әкемнің аты Әбдібек. Дәмелі деген апасының екі баласы қайтыс болған соң мені берген ғой. 1941 жылы күздігүні әулетіміздегі еркеккіндіктілердің бәрін соғысқа алып кеткен. Мені тәрбиелеген – Дәмелі апам. Әбдібек мені «балам» деп ешқашан айтқан емес. «Дәмелінің баласы» деп отыратын, жарықтық. Дәмелі апамды қазақтың кәдімгі ақсүйегі деуге болады. Біздің бабаларымыз орта шаруа болған. Өздері төрт ағайынды. Солардың ең үлкені – менің атам Омар деген кісі. Құранды өте жақсы білген. Ол кісіні «Омар қалпе» дейтін. Мен Дәмелі апамның тәрбиесінде өстім. Өз анам жылдамдау, ал әкем жуас адам болатын. – Ұшқыш болу бала кездегі арманыңыз ғой. Сол қызығушылығыңыздың нәтиже­сі – ұшақ сатып алғандығыңыз. Осы әуес­қойлығыңыз жайлы айтыңызшы. – Иә, ұшқыш болу бала кезден арманым еді. Соғыстан кейінгі жылдарда елімізге алғашқы ұшақтар келіп, соларды көрген біздің арманымыз осындай темір тұлпарды бағындыру болатын. Газет-журналдарда ұшақтар туралы көп жазылатын. 8-сыныптан бастап спортпен айналыстым, «Советская авиация» деген газетті жаздырып алатынмын. Бүгінгідей көз алдымда. Онда мен 7-сыныпта оқимын. 1953-54 жылдары Арқалықта тұрамыз, Қостанайдан пошта таситын ұшақ келеді. Жаз күндері қонатын, қона алмаса, қыста жерге жақындап келіп, поштаны тастап кететін. Ұшақ қонатын жерге біздің үй жақын болатын. Ұшақ келіп қона бастағаннан жүгіріп барамын. Айналдыра қарап, қызықтай бастаймын. Ұшқыштың есімі менімен аттас, Сапарғали Теңізбаев деген жігіт. Орскінің қазағы. Двигателі кішкентай ұшақтың оталуы қиын. Мен соған көмектесем. Сапарғалиға «от винта» деп бұйрық беремін. Сол көмегім үшін өзімді керемет бақытты сезінетінмін. Мотор от алған соң Сапарғали мені ұшаққа отырғызып, ауыл төбесінен екі-үш рет айналдырып, қайыра түсіріп кететін. Кейін оныншы сыныпты бітіргенде әкеме әскери авиация училищесіне баратынымды айтып едім, қатты наразы болды. Ол кісі үшін аспанда ұшу қауіпті болса керек әрі көз алдарынан алысқа кетіп қаламын ғой. Әкем соғыстан мүгедек болып оралған, көп жыл мұғалім болып қызмет істеген кісі. Үйдің үлкені – мен, менен кейін төрт қыз. Әйтсе де, әкемді азаматтық ұшқыштар училищесіне баруға көндіріп, Татарстанның Бугуруслан қаласындағы ұшқыштар училищесіне түстім. Әскери ұшақтармен ұшуды армандап жүрген менің көңілім бірден құлазып сала берді. Училищенің ауласы тозған, ғимараты ескі, іріп-шіріп тұрған бірдеңе. Қолды сілтеп, ауылға қайттым. Одан кейін сырттай оқуға да мүмкіндік болмады. Ақыры құрылыс саласына кеттім. Бірақ бала кездегі әуесқойлық, қызығушылық ойымнан шықпады. 2009 жылы бір ұшақ сатып алғанмын, қазір оны ұшқыштар училищесіндегі балалар жаттығу үшін пайдаланып жүр. Астанаға жақын жерден жеке шағын аэродром салсам деген де жоспарым бар. Жас болса келді, оның маған керегі жоқ, қазақтың балалары осындай техниканың тілін білсе деймін. – «Тілеп пен Сарықыз» балетінің желісі қайдан бастау алды? – Аталмыш балет ақын Несіпбек Айтұлының поэмасының негізінде дүниеге келді. Оқиға желісі Тілеп атты жас жігіттің айрықша тағдыры туралы аңыз-әңгімеге құрылған. Иен далада тұңғыш рет бақсыны кездестірген Тілеп сиқырлы қобыз үнінің адам жанын емдеп жазған құдіреттілігінің куәсі болады. Сөйтіп, бақсымен және оның қызы Сарықызбен бірге қалып, қобыз тартуды үйренуге бел байлайды. Сол арқылы өзі де адамдар жүрегіне жақсылық сыйлауға ұмтылады. Әкесі Аспантай әскерімен туған жерін тастап кетпек болғанда, ше­шімін өзгертпей, қарт бақсының өнерін меңгеруге тырысады. Арада жылдар өтіп, Тілеп пен Сарықыздың арасындағы бала күнгі достық нағыз махаббатқа айналады. Жігіт те өз бетінше ем-дом жасайтындай дәрежеге жетіп, ұстазынан жеке бөлініп шығады. Бірін-бірі қимай қоштасқан қос ғашық ұзақ уақыт бірін-бірі көре алмайды. Тілеп әкесімен бірге алыс жолға аттанады. Аңыз әрі қарай жарық пен қараңғылықтың, қайырымдылық пен зұлымдықтың, ақ пен қараның арасындағы айқаспен жалғасады. Үлкен шайқастардың бірінде Қараңғылық күштері жеңіп, Жарық әскері жеңіледі. Бақсы қаза табады. Жігіт әскерилерді қобыздың үнімен жандандырып, оларға қайта күш-қуат береді. Содан кейін жетім қалған Сарықызды іздестіруге шығады. Сүйіктісімен мәңгі бірге болғысы келеді. Өкінішке қарай, зұлым күштер бозбала мен бойжеткенді екі айырады. Жалғыз қалған Тілеп тек қана қобыздың әуенімен жұбанады. Қасиетті қобыздың үнімен ғашығын қайта тірілтеді. – «Тілеп пен Сарықыз» балетіне демеуші болуыңызға не себепші болды? – 2006 жылғы күзде «Отандағы концерт» деген атпен Астанаға, әлемдік классикалық өнердің жұлдыздары Ұлыбританиядан – Марат Бисенғалиев, АҚШ-тан – Теміржан Ержанов, Сәуле Рахмедова, Алмас Серкебаев, Ресейден – Эрик Құрманғалиев, Франциядан – Майра Мұхамедқызы жиналды. Конгресс-Холлда өткен концерттен соң «Есіл» қонақүйіндегі Марат Бисенғалиевтің бөлмесінде бас қосып, «Батыс еліне Қазақстанның өнерін қалай насихаттасақ» деген әңгіме өрбіттік. Сол жерде Марат Бисенғалиев «бүгінгі заман талабына сай опера немес балет жазу керек» деген ұсыныс айтты. Алмас Серкебаев музыкасын жазып, Сәуле Рахмедова бас рөлді иеленіп, Майра Мұхамедқызы ән айтатын, Айдар Торыбаев дирижерлік жасайтын болды. Ал мен «Тілеп пен Сарықыздың» сахналануына демеуші болдым. Сөйтіп, 2009 жылдың 23-24 қаңтар күндері Алматыда қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық Опера және балет театрында, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алмас Серкебаевтың «Тілеп пен Сарықыз» атты балетінің тұсаукесері болды. Бұл балеттің болашағы үлкен. Әлем сахнасында талай мәрте жұлдызы жанады деп ойлаймын. – Адам бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз? – Адамгершілік. – Атақты тұлғалардан жүрегіңізге жақыны кім? – Мұстафа Шоқай. Мен Мұстафа атамыздың Берлиндегі бейітіне екі рет бардым. Мұстафа Шоқай – өз ұлтын соншалықты сүйген, нағыз патриот тұлға. – Бизнестегі құпияңыз жайлы айтуға бола ма? – Қазақта «Нағыз ер-азамат ағаш отырғызып, үй тұрғызып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуі керек» деген нақыл бар. Меніңше, құрылысшы – еңбегі қиын болғанымен, құрметті мамандық. Мен құрылыспен 1966 жылдан айналысып келемін. Қатардағы шеберден ірі құрылыс мекемесінің жетекшісіне дейінгі жолдардан өттім. 1998 жылы Астанаға қоныс аударған соң, «Тілеп» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрдым. Елордада менің құрылыс саласындағы жарқын кезеңім басталды. Өзімнің іскерлігімді көрсете алдым. Әсілі, бизнес әлемінде адал болу керек. Сонда ғана ісіңіз ілгері жылжиды. Астанада тұрып, еңбек ету – мен үшін үлкен бақыт! – Шартты теңеу болғанымен, бақыт хақындағы көзқарасыңызды білгім келеді… – Дұрыс айтасыз, бақыт – шартты ұғым! Бақытты әркім әртүрлі түсінеді. Дөп басып айту қиын. Өрістегі бақташының алдындағы малы аман болса – бақытты! Миллиард ақшасы бар адамның, керісінше бақытсыз болуы мүмкін.Билл Гейсті алайық, 68 миллиард доллар ақшасы бар, әлемдегі ең бай кісі. Қазір ол жұмысын қойып, қайырымдылық жасауға көшті. Қор құрды. Әулеті қолдады. Сол ақшасының тең жартысын мұқтаж адамдарға таратып жатыр. Сол үшін өзін бақытты санайды. Ақын-жазушылар, жалпы өнер адамдары өз шығармаларымен, салған әндерімен адамдарды қуанышқа, бақытқа бөлейді. Демек, олар бақытты! Ал мен ақын-жазушы, болмаса өнер адамы емеспін. Сол үшін де алдыма келген мұқтаж кісінің мұқтаждығын шешсем, өзімді бақытты санаймын. Яғни сіз біреуді бақытты етсеңіз, ең бақытты адамсыз! Өйткені әр адам – өзінше тұлға. Өзінше бөлек әлем. Меніңше, бақыт дегеніміз – адамның рухани қанағаттануы. Еліміз аман, жұрт іргесі тыныш. Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдық тойы келе жатыр… Тойымыз тойға ұлассын! – Әсерлі әңгімеңізге рақмет! Лебіз Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры: – Бірде «Еуроньюс» хабарынан көргенім бар еді: Данияның бір атақты бай адамы, 90 жасқа келген ақсақал Копенгагенде 365 миллион еуроға опера және балет театрын салдырыпты. Сонда концерт қойып, ән шырқаған, би билеген дүниежүзінің атақты өнер шеберлері: «Ла-Скала», «Гранд-опера» сияқты үлкен өнер ордаларында болып едік, бірақ мынадай ғаламат театрда алғаш рет шырқау бақытына кенеліп тұрмыз», – деп таңдай қағыпты. Мүмкін, қаражат болса, Сапар да осындай үлкен істерді қолға алар. Дегенмен қазірдің өзінде қолға алған шаруасы «бәрекелді» дегізерлік. Мәселен, бүгінде оның өз қаражатына Астанамыздағы сол жағалауда арнайы жобамен Қобыз сарайы салынып жатыр. Сонау Ұлыбританияда қазақ өнерін аспандатқаны жайлы бүкіл жер жүзінің ақпарат көздері жабыла жазғанын жұрттың бәрі біледі. Міне, өнерге үлкен жанашырлықпен, ізгі жүрекпен мол қаржы, үлкен күш-қайрат жұмсап жүрген Сапар Ысқақовты, шынында да, осы заманғы бітімі бөлек «Атымтай жомарт» десе болады. Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: – Сапар Ысқақұлының өнерге жанашырлығы мен қамқорлығы қандай да болсын жоғары құрметке лайық. Ол кісі өзінің кәсіпкерлігімен тапқан табысы мен жиған қаржысынан өнерді қолдауға мейлінше үзбей құлшыныс жасайтынын естігенде әбден қуандым. Сәкеңе деген ілтипатым, құрметім арта түсті. Мәдениетке қызмет ететін ғимараттарды көріктендіруге де көп еңбек еткен екен. Бұлақтың көзін ашқандай талай дарынды жастардың таланты мен бақытын жарқыратуға қол ұшын беріп жүретін мырзалығы – дәл осы біздің заманымызда керек-ақ қасиет. Сәкең көптеген концерттік бағдарламалар мен өнерлі жастарды сахна төріне шығаруға нақты қаржылай қолдау көрсетіп, көпшіліктің алғысына ие болды. Уәлихан ҚАЛИЖАН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Адамның аты оның тағдырына да әсер етеді. Сапар Ысқақов – атына заты сай азамат. Ол – жиһанкез, ол – меценат, ол – қаламгер, ол – құрылысшы, ол – атақты қобызшы Тілептің шөбересі. Сондай-ақ үш рет «Жыл адамы» атағын алған, Халықаралық меценаттар академиясының академигі, әлемнің алты континентін шарлаған, жүзден астам елге барып, Қазақстан дейтін мемлекеттің, қазақ елінің бар екенін паш еткен саяхатшы. Сәбит ДОСАНОВ, жазушы: – Тектіден – текті, кектіден кекті туады. Жарық дүние дейтін жалғанда уақытша жүрген адамдардың туған анасына, әйтеуір, бір ісі мен бір мінезі ұқсап тұратыны анық. Ал туған жерің – сенің анаңның анасы. Одан әрі адамның бойында ата-баба қаны тулап тұрары тағы хақ. «Тектіден – текті, кектіден кекті туады» дейтініміз де содан. Сол сөзіміздің бір дәлелі – Сапар Ысқақов. Әрі мен беріні қатар қойсақ, ол – аты кішкентай болғанымен заты үлкен Торғай атты құнарлы өлке, құт мекеннің түлегі, арғы атасы – атақты күйші Тілеп Аспантайұлы. Әңгімелескен Толымбек Әбдірайым

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.