Оқу орындарының сайттары орысша сайрап тұр

«…Сiз қайда болса болмадыңыз алыңыз да болыңыз». Қызық жаңылтпаш па?! «Мағынасы жоқ мынау не сөз» деп таңғалып отырған шығарсыз, бәлкім?! Ендеше, әрмен қарай шыдамдылықпен көз жүгірте беріңіз, барлығы да өз-өзінен түсінікті болады.
«Ана тілі» газетінің №20 санында (№20 (1068) 19-25 мамыр, 2011 жыл) жарияланған Динара Ізтілеудің «Министрлік сайттары мемлекеттік тілден мүдіріп тұр!..» атты мақаласын негізге ала отырып, «қазақ тілінің деңгейі қаншалықты, ақпаратты ана тілімізде толыққанды түсіндіре алады ма» деген сауал төңірегінде Алматы қаласындағы бірнеше беделді жоғары оқу орындарының сайттарына көз жүгіртіп, шолып шықтық.

Ең алдымен, Қазақ спорт және туризм академиясының ға­лам­тордағы адресіне www.kazacademsport.kz бас сұқтық. Мә­ліметтер топтастырылған ба­ғанда бірізділік жоқ. Мысалы, Академия, Факультеты, Кафедры, Абитуриент, Диссертационный совет, Жұмысты оқу-әдiстемелiкке, Ғылым…
Міне, айналдырған алты ауыз сөздің өзі шала-шарпы, үстірт жазылған. Тіпті «Жұмысты оқу-әдiстемелiкке» деп мағынасын үй­лесімсіз аударған. Сауалнама да, жаңалықтар да барлығы тек орыс тілінде ғана толтырылған.
Келесі кезекте аты-жөні жа­зылмаған, белгісіз біреу­дің суретімен қоса, мынадай маз­мұнда мәтін берілген: «Бiз­дiң сайт аяулы келушiлер!
Бiз сiздi бiздiң академия спорт өмi­рi және өмiр қызықт­ыр­ға­ныңызды разымыз. Спорт және физикалық мәде­ниет – қоғамның барлық мәде­ниетiн ажырамас бөлiк. Бо­латын ал­дағы Қазақстанда, сiз ғұ­лама және мәдени адаммен ғана емес, спорт шынықтыруы, нысана­лық, сау рух және тiршiлiк төбелер­ге сiздердi шығарған дене сiз қайда болса болмадыңыз алыңыз да болыңыз». «О, тоба, қандай жаңылтпаш айтып кетті» деп түкке де түсіне алмай дал болып, еріксізден сайттың орыс бөлімін қарауға мәжбүр болдым. Сөйтсек, онымыз академия президенті, профессор Закирьянов Кайрат Кайруллиновичтің қазақшаға аударылған кіріспесөзі екен. Ұлттық тілімізді осыншама қорлауға, мазақтауға бола ма екен?! Бұл қазақтілділердің құқығын таптау болып табылмай ма?! Дереу академияның байланыс телефонына хабарласып, оқу-білім жөніндегі президент орынбасарының көмекшісі Айгүл Дүйсетайқызы ханымнан жауап алдық. Ол: «Негізі қазақша бөлімі бар, бірақ сайтқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, содан болу керек», – деп қысқа қайырды.
Ал «Алматы технологиялық университеті» сайтының қазақ бөлімі университет атауын қазақша жазумен ғана шектеледі деп ойласа керек. Университет, жаңалықтар, студенттік өмір, талапкерлер жайлы мағлұматтардың барлығы қазақ бөлімі парағында тек орысша сайрап тұр. «Аныќтылу Саќтау сіздіs логин» деген сөздер қай тілде жазылғанын түсінбедік. «Қазақша бөлімі неге жоқ» деген сұрағымызға университеттің қабылдау комис­сиясының қызметкерлері: «Сайт әлі толықтырылуда, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір аптадан кейін қалпына келтіріледі. Әйтпесе, біздің сайтта қазақша ақпарат бөлімі бар. Жоқ болуы мүмкін емес?!» – деп азарда-безер болды. Тек Алматы технологиялық университеті сайтының кебін М.Тынышбаев атындағы «Қазақ көлік және байланыс академиясы» сайты да киген екен. ҚазККА ректоры Әділбек Қожабекұлы сайттағы кіріспесөзінде «академия жайлы бұдан да нақтылау деректерді сайттың басқа тарауларынан табуға болады» десе де, ректор айтқан «нақтылау деректерді» қазақ тілінде сайттың басқа тарауларынан, өкінішке қарай, таба алмадық.
Т.Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясының сайтында да менмұндалаған ала-құлалық бірден көзге ұрып тұрды. Сол жақ қапталдағы топтастырылған мәліметтер базасы «лица», «сылтеме» деп қазақ тілін келемеждеп тұрса, «мүрагат» астындағы ай аттары түгелімен орысша жазылып, «парольді ұмытсаңыз», «әлі тіркелмеді», «войти» деп екі тілде қатарынан қойыртпақтайды. Негізгі, түлектерге, мемлекеттік сатып алу, ИРБ, ректорат, педогогтар деген бөлім атаулары қазақша тұрғанымен, ондағы деректер түгел дерлік тек орысша сайрап тұр. Айта кететін тағы бір жайт, Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінің (әйгілі НАРХОЗ) сайты тек орыс тілінде қызмет көрсетеді.
«Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті», «Қазақ-Британ техникалық уни­верситеті», «Қазақ бас сәулет құ­рылыс академиясы» сияқты оқу орындары сайттарының аздаған кемшін тұстары болғанымен, қазақ тіліндегі ақпаратты толық­қанды алуға мүмкіндік бар деп айтуға болады. Ал ана тілімізде қызмет көрсету деңгейі жоғары деп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ мем­лекеттік Қыздар педаго­гикалық университеті, С.Ж.Асфендияров атын­дағы қазақ ұлт­тық медицина университеті тәрізді оқу орындары­­ның сайтын атауға әбден тұрарлық.

Түйін:

Біз бүгін еліміздегі белді жоғары оқу орындарының бірқатарының ғана сайттарына көз жүгірттік. Кейпі – жоғарыдағыдай. Құлақпен естігенімізді көзбен көрдік. Ал олардың ішіне дендеп еніп, әрбір үтір, нүктесі мен әріптік қателерін санамадық та… Тек сайтқа кіре сала «менмұндалап» тұрған қателерді жіпке тіздік. Болашақ маман даярлап, ел басқарар азаматтарды қанаттандыратын басты жоғары оқу орындарының мемлекеттік тілге деген көзқарасы жоғарыдағыдай болса, амал нешік? Бұған оқу орындарының басшылары не дер екен?

Ая ӨМІРТАЙ
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.