Бұл тастан алған да өкінер, алмаған да өкінер

Астындағы атын алты ай
іздеген Малтүгел

Бай Малтүгелге кырдың астында жайылып жүрген жылқыларын санап-түгендеуді тапсырады. Ол бір жылқыны ұстап мініп, жайылып жүрген жылқыларды қайта-қайта санап бір жылқының жетпейтінін айтып келеді. Бай оны жетпеген жылқыны іздеуге жібереді. Жылқышы ұзақ уақыт іздеп таппай, қайта келеді. Сонда бай ойланып тұрып, Малтүгелен: «Әй, осы сен астыңдағы атыңды санадың ба?» – деп сұрағанда, Малтүгел санын бір соғып, тұра шауыпты. Малтүгел атадан тараған ұрпақтарға қалжыңдағанда айтылатын бұл тәмсілдің ауыспалы мағынасы, белгілі бір істе қырсыздық көрсеткен адамға немесе ұмытшақтықтың салдарынан қолында түрған, күнде пайдаланып жүрген затын іздеп әуре-сарсаңға түскен адамға айтылады.

Ләйліге Мәжнүннің
көзімен қара

Бұл тәмсілдің де өзіндік шығу тарихы бар. Мәжнүн ғашық болған Ләйлісіне косыла алмай, ғашықтықтан құса болып, Ләйлінің атын қайталап зар еңіреп, тау-тасты аралап диуана болып кетіпті. «Соншама ғашық болатындай ол қандай адам екен» деп ойлаған патша келіп, Ләйліні көрсе, жағы сорайған қара сұр, нәзік әйел екен. Патша Мәжнүнді іздеп тауып алып: «Ей, бейшара, сен шын сұлудың қандай болатынын білмейді екенсің, жүр менің сарайыма, мен саған неше түрлі сұлуларды көрсетейін, таңдағаныңды ал» , – дейді. Сонда Мәжнүн «сен Ләйліні менің көзіммен көрген жоқсың ғой» деген екен. Осындай аңыз желісі бойынша туған тәмсіл шынайы махаббаттың, нағыз ғашықтықтың символы ретінде айтылады. Қазақтың «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген мақалымен мазмұндас.

Бұл тастан алған да өкінер,
алмаҒан да өкінер

Қариялар бұл тәмсілдің шығу салдарын мынадай кездейсоқ жағдаймен байланыстырады. Бостандықта еркін өмір сүріп жүрген қазақтар бір кездерде қарақшылық топтарға бірігіп, ұрлық, барымта жасап баю мақсатымен жан-жаққа тарап кетеді. Сондай бір жортуыл кезінде адасып кеткен қарақшылар таулы-тасты жерлермен келе жатып, аттарының аяқтары сыңғырлата, тықылдатып сансыз көп ұсақ тастарды кешіп келе жатқанын байқайды. Мұндай сыңғырлаған дыбысты естіген жас қарақшылар таңданып, табиғаттың жайын түсінетін тәжірибелі ақсақал, жол бастаушыдан мұның не екенін сұрайды. Сонда қария: «Бұл тас қой, оларды жинап алуға болады. Бірақ бұл тастардан алған да өкінеді, алмаған да өкінеді, оған менің сенімім мол», – деп жауап береді. Ақсақалдың айтуы бойынша, біреулері жерден тас теруге кіріседі де, біреулері қарияның екіұшты мысқылын түсінбей, таңданған күйі ат үстінде отыра береді. Ертесіне шаңқай түс болған кезде қараса, тас деп теріп алғандары кесек-кесек алтын болып шығады. Біреулері көбірек жиып алмағандарына қатты опынады. Екіншілері тасты термегендері үшін қан жылап өкінеді. Сөйтіп, ақылды қарияның болжамы аумай-төкпей келеді. Екі жақтың да өкініштерінде шек болмайды. Бірақ өкініштеріне ортақтасу мүмкін емес еді, уақыт та өтіп кетті, алтынның жатқан жері де алыста қалды, тіпті түн қараңғысында жол-жөнекей жүріп өткендіктен, ол орынды іздеп табуға ешқандай мүмкіндік болмайды. Байлыққа тойымсыздық көрсеткенде қолданылатын бұл ескіден қалған сөздің осындай өз тарихы бар.

Өгіз болса, өгіз болсын,
балаларға сүт болсын

Таңертең базарға бірге бара жатқан бір топ адам әркайсысы базарға не үшін бара жатқанын айтып, әңгімелесіп барады. Араларындағы бір кісі балаларына сүтін сауып беретін сиыр сатып алуға бара жатканын айтады. Базардан шығып бара жатқанда бірге келген кісілердің бірі «сиыр аламын» деген адамның өгіз жетектеп бара жатқанын байқап: «Ой, мынау сиыр емес, өгіз ғой», – дейді. Ол болса: «Өгіз болса, өгіз болсын, балаларға сүт болсын», – деп жауап беріпті. «Өгізде сүт болушы ма еді» дегенде, «солай ма» деп кері қайтқан екен. Өгіз бен сиырды ажырата алмайтын, шаруаға сонша қырсыз адам болатынына таңданғандардан осы тәмсіл ел аузында қалыпты.

Райхан АТАХАНОВА
ТАРАЗ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.