Сөзіңді басынғаны – өзіңді басынғаны

Жарнама. Бұл жерде сөз, негізінен, көшелердегі жарнама туралы болып отыр. Қазір еліміздегі қай қалаға барсаңызда шет тілдерінде жазылған жарнамаларды көбірек кездестіресіз. Былай қарағанда, біздегі негізгі тіл – қазақ тілі. Ол қатардағы жай тілдердің санатынан емес. «Мемлекеттік» деп аталатын мәртебесі бар ерекше, бөлек тіл. Қазақстанда бұл тілдің айдарынан жел есіп, шоқтығы биік тұруы тиіс. Өкінішке қарай, іс жүзінде бұлай болмай тұр. Бұрын орыс тілі алдына кесе-көлденең тұрып, жол бермесе, енді басқа шет тілдері кеудесінен итеріп, өктемдік танытуда. Қазір мейрамханалардың, сауда орындарының және басқа да халыққа қызмет көрсететін орындардың атауларына көз салыңызшы – шет тіліндегі сөздер. Біздің немқұрайдылығымыз, салғырттығымыз сондай сол сөздердің қандай мағына-мән беріп тұрғанын да түсінбейміз. Жандарынан жайбарақат өте шығамыз. Мүмкін ол ар-намысқа тиетін, мүмкін ол көшеде ілініп тұруға тиіс емес былапыт сөз шығар. Оған бас қатырмаймыз. Бәрбір секілді. Сонда біздің кім болғанымыз? Баяғы Қазыбек би бабамыз айтқан «ешбір дұшпанға басындырмаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз…» дейтін намыс-айбар қайда? Бұл не селсоқтық? Сөзіңді басынғаны – өзіңді басынғаны емес пе?!
…Кешкі уақыт. Алматы көшелерімен серуендеп келеміз. Мынау Қабанбай батыр көшесі №78 үй. Көше жақ беттегі дүкеннің аты – «Букмарк». Одан кейінгі мекеме маңдайшасындағы жазу – «airarabia.com». Жанындағы ғимарат атауы – «aigul`kassymova». Аяқ киім сататын сауда орыны «YESSTYLE» деп аталады. Қазақшадан да, орысшадан да жұрдай. Қабанбай батыр мен Д.Қонаев көшелерінің қиылысындағы, терезелері қара пердемен жабылған мына ғимараттың сыртқы көрінісінің өзі қорқынышты. Қапталындағы шет тілдерінің бірінде жазылған жазуды түсіну мүмкін емес.
Тағы бір дүкен. «FOX KIDS&BABY» дейді. Алдымыздағы үйдің бұрышынан «Вело продажа прокат» деген мен­мұндалап тұр. Қазақшасы жоқ. Мына бір есіктің маңдайшасында «Ремонт фотоаппаратов, оргтехники. Заправка картриджей. Расходные материалы» деген жазу ілінген. Қазақшасы жоқ. Мына біреу «Авиатурагентство» екен. Үш қапталы толы жазу. Қазақша бір сөз таба алмайсың. «Алматы» қонақүйінің қарсысында гүл сататын шағын дүкен бар. Соның сыртына баттитып «Гулдер» деп жазылыпты. «Ү» әрпінің орнына «у» әрпін салған. Осыны көріп: «Мұнысы несі?» – деп жатқан адам баласы жоқ. Қабанбай батыр көшесі мен Панфилов көшесінің қиылысында «Афиша» атты кафе бар. Соның сол жағында «Кафесі – бар «Афиша» деп жазылған. Бұл енді «Тіл туралы» заңдағы «көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде – сол жағына… жазылады» деген талапты орындаған түрі. Сөз дұрыс жүйеленбей тұр. Заңдағы осы талапқа да өзгеріс қажет. Әйтпесе, елді сауатсыздыққа ұрындырамыз.
Әрі қарай жүрсеңіз «REALIA» страна недвижимости», «Skittles» … Қабанбай көшесінен шығып, солға – Абылай хан даңғылына бұрылдық. Мұнда да «Flamant», «MIKIMOTO», «DANIEL HECHTER», «ROBERTO BRAVO»… деген атаулар.
Алматының көшелерінен тағы бір байқағанымыз, көше аттарын жазуда біркелкілік, жүйе жоқ. Қаріптері де әртүрлі беріле береді. Бір жерде орысша болса, екінші жерде – қазақша. Мәселен, «ул. Кабанбай батыра, 75», «77 Қабанбай батыр көшесі». Көрдіңіз бе, біресе – орысша, біресе – қазақша. Көше аттарын бір тілге – мемлекеттік тілге көшіруге әбден болады-ақ. Сондай-ақ «даңғылды» «көше» дей салатынымыз да бар екен. Алматыда Абылай хан даңғылы бар, Абылай хан көшесі демейді. Қабанбай батыр көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысындағы мына ғимарат сыртына айқайлатып «Абылай хан көшесі №92» деп жазылған. Мұндай қателікке неге жол беріледі?
Осы сөздерді көз алдыңнан өткізген­де жүрегің сыздайтыны рас. Қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ сөзі емес, шетелдердің шатпақтары өріп жүрге­нін көргенде қалай күңіренбессің. Біздің өзімізді сыйлағымыз, өзімізді құрмет­тегіміз келмейді. Бір сөзбен айтқанда, өзімізді өзіміз менсінбейміз. Өзгелерді қол бұлғап, шаңырағымызға шақырып жатырмыз. Солар ертең төбемізге шығып алып, үстемдігін жүргізетінін сезінбейтін сияқтымыз. Өз үйіңе кіру мұң болып қалар. «Қазір жаһандану уақыты. Сол жаһандануға біз де жұтылып кетпейік. Сақ болайық», – деп айтудайын-ақ айтып жүрміз. Айтуға жақсымыз. Бірақ ісіміз сөзімізге сай емес. Егер көшелерде, алаңдарда, елге қызмет көрсету орындарында, басқа да жерлерде өз тілімізді жолатпай, шетел сөздеріне құшағымызды айқара ашып, соларды қаптата іліп жатсақ, осының өзі жаһандануды шақыр­ғанымыз, соған құлдық ұрғанымыз болып табылмай ма? Сондықтан жарнамаға ұсақ-түйек мәселе ретінде қарау дұрыс емес. Біздің «Жарнама туралы» заңымызда көзге жылы ұшырайтын мынандай жолдар бар: «Жарнама саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттары: 1). Ұлттық мүдделерді қорғау; 2). Жөнсіз жарнаманы… болғызбау және оларға жол бермеу…». Өкініштісі, осы талаптар орындалмай отыр. Әсресе, бұл бағыттағы жергілікті әкімдіктердің жұмысы сын көтермейді. «Жарнама туралы» заңға қарасаңыз жергілікті атқарушы органдарға үлкен құзырет берілген. 17-2 бапта былай делінеді: «Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары: 1). Елді мекендерде сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыруға рұқсат береді; 2). Қазақстан Республикасының жарнама саласындағы заңнамасын бұзушыларға жауаптылық шараларын қолданады». Осы жерде біздің «Тіл туралы» заңымыздың босаң, солқылдақ екенін де айтпасқа болмайды. Заңның 21-бабында былай делінеді: «Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады». Осы бапқа қарап отырсаңыз біздің елде көрнекі ақпаратты барлық тілде жаза беруге болады. Мәселен, бір жеке немесе заңды тұлға жарнаманы неміс тілінде жазды делік. Сен оған: «Шырағым, сіз қазақ жерінде тұрасыз. Мұныңыз не?» – десеңіз, ол былай деп жауап қатуы мүмкін: «Қажет болғасын жаздым. Менің олай етуге құқым бар. Сенбесеңіз заңды қараңыз». Оған не істей аласыз? Онікі дұрыс. Заң соның жағында. Біздің елді мекендердегі шетел сөздерінің қаптап кетуінің сыры да осында жатқан шығар. Себебі алаңсыз ерік беріп қойдық. Сол себепті ойындағыларын істеп жатыр. Сірә, жарнама мәселесінде кеңпейілдікті қойып, тізгінді тарта түскеніміз жөн болар. Сонда не істеу керек? Көшедегі көрнекі үгіт, яғни жарнама бір тілде – мемлекеттік тілде ғана жазылуы тиіс. Бірқатар мекемелер осылай істеп жүр де. Астанадағы Үкімет ғимаратының маңдайшасын қараңыз. Бір тілде – қазақша «Үкімет үйі» деп жазулы тұр. Облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктер орналасқан ғимараттарға да бір ғана тілде – мемлекеттік тілде жазуға болады ғой. Мәселен, «Қарағанды облысының әкімдігі». Елдің бәріне түсінікті емес пе? Онымен жарыстыра «Акимат Қарагандинской области» деу­дің не қажеті бар? Рас, кешегі уақыттары осылай – қос тілде жазу керек болған шығар. Қазір уақыт өзгерді. Адамдардың санасында да өзгеріс бар. Уақыт алға жылжыған сайын мән-мағынасын жоғалтатын, тозатын, ескіретін ұғымдар болады. Бұл жарнама мәтіндеріне де қатысты. Жаңағы айтылғандарымыз іске асуы үшін, әрине, «Тіл туралы» заңға өзгерістер қажет. Жалпы, бүгінгі кезең талаптарына сәйкес аталған заңда қайта елеп-екшейтін тұстар жетерлік. Елдің «Мемлекеттік тіл туралы» заң қажет» деп осы мәселені жиі-жиі көтере беруінде де негіз бар.
Көшедегі, қоғамдық көліктегі, жұртшылыққа қызмет ету орында­рындағы жарнама – бұл жеке бір адам ғана емес, халық пайдаланылатын құрал. Халық алдына шыққан, адамдардың көңіл күйіне әсер ететін дүние болғаннан кейін ол мемлекеттің заң-қағидаттарына сай болғаны жөн. «Бұл – менің жеке дүкенім немесе жеке мейрамханам, не істесем де өз еркімде» деген болмайды. Жеке өзіне емес, халыққа қызмет көрсететін болғаннан кейін халыққа арналған заң талаптарын қатаң сақтау – міндет.
Дүкеніне не шаштаразына, яки асханасына ат қойғысы келген меншік иесіне қазақ сөздерінің ішінен де көпшіліктің назарын аударарлық, тамаша атауларды табуға болады. Бір сөздің өзінің ондаған синонимін кездестіруге болатын қазақ сөзі емес пе бұл! Көңіліңе ұнағанын ал да, пайдалан. Негізі, қалалары бытық-шытық атауларға, жөнсіз жарнамаларға толы елде «тұрақтылық, болашақ бар» деп айту қиын. Мұндай берекесіздік елдің ішкі жағдайынан да сыр беріп жатады. Берік ұстанымы, тұрақты мақсат-мүддесі жоқ ел бөтеннің билеп-төстеуіне тез иілгіш келеді. Ар жағы белгілі. Елдіктің де, мемлекеттіліктің де көбесі бытыр-бытыр сөгіле береді деген сөз. Ондайдан сақтасын делік.
Жарнамадағы келеңсіз жайттар «Тіл сақшысын», «Тіл полициясын» құрайық» деген пікірлерді де тудырып жүр. Мұны да түсінуге болады. Егер жарнамадағы тіл мәселесін жолға қою Тіл басқармаларының, басқа да құзыретті орындардың қолынан келмесе, әлгіндей құрылымдарды қолға алу керек болар. Жұрттың бәріне белгілі, Ішкі істер басқармаларында тіл бөлімдері жұмыс істейді. Қаржыны үнемдегіміз келсе, осы бөлімдердің негізінде тіл полицияларын неге ұйымдастырмасқа? Ал егер «Тіл туралы» заңға өзгерістер енгізіп, жарнамалар бір тілде – тек мемлекеттік тілде берілетін болса, жаңадан құрылымдар ашудың қажеті де болмас еді. Онда бақылау, қадағалау ісінде көп жеңілдік болары анық.
Жарнама жай нәрсе емес. Атының өзі осыны айтып тұр. Қазақ жерінде жар салып тұрған дүние қазақтың көңіліне мұң шалмауы, керісінше жүзін де, жүрегін де нұрландырып тұрғаны абзал.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.