Құм жиылып тас болар…

ХХІ ғасырдың ғылым мен техника өркендеген заманында шынайы мәдениет пен өркениеттің парқын ажырататын кез келгендей. Бүтін жаратылысты «тірі табиғат» пен «өлі табиғат» деп жіктеп-жіліктеп бөліп тастаған қазіргі заман ғылымы ежелгі заманнан бері бүтін бірлік ретінде қарастырылып келген болмыс бірлігін жоғалтып алғаны ақиқат. «Табиғат өлі және тірі болып, екіге бөлінеді. Өлілерге – тау, тас, су, тірілерге – жан-жануар, өсімдіктер» деген қағида санамызда бекіп қалғаны да рас. Әсем табиғатпен біте қайнасып, шерін тарқатқан қазақ үшін табиғатты «өлі» деп атау ешқашан ақылға сыйған емес.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер, –
деп ақын Қасымды тебіренткен қара тастың тілсіз болса да, жанды екенін атам қазақ бұрыннан байқапты.Тілсіз болғаны үшін әлі күнге дейін «өлілердің» қатарында келе жатқан тастың мән-жайын ашықтап, тарқатып көрсек.
Қазіргі кезде 500-ге жуық сала-салаға жіктеліп кеткен жаратылыстану ғылымдарының жартысынан астамы тастармен жұмыс істейді. Алдымен тастың өзі не екенін анықтап алсақ. Ғылымның тілімен айтсақ тас – минералды кен. Тас – Менделеев кестесіндегі әртүрлі химиялық элементтерден тұратын күрделі, қатты зат. Химиялық элементтер минералда белгілі ретпен орналасып, өсіп, керек десеңіз, тіпті жаңасын «туып» отырады. Минералдың құрамында ең көп кездесетін – оттегі, сутегі. Олар тасқа су арқылы немесе жеке-дара ене алады. Сутегі жаңбыр, жер-асты сулары арқылы енсе, оттегінің көп мөлшері ауадан алынып отырады. Қарапайым түрде тастар да «демалып», «су ішеді» деген сөз. Тастың ішіндегі байланыс­тар берік әрі элементтердің арасы жақын болғандықтан тас қатты болады.
Тастың түзілуін қарастырсақ, алғашқы элемент өзінің жарты бөлігін іздестіреді, оған сырттан сыйыса алатын элемент келіп қосылады да, сонда бекіп, қалғандарын «шақыра» бастайды. Осылайша, өзінің орнын іздеген элементтер көңілі қалағанымен емес, көңілі сыйысқанмен қосылады. Тастың құрамы болса түрленіп, түзілуін тоқтатпай, «таудай болсам, көкке жетсем» деп тырысады. Ескере кететін жайт, кез келген элемент бос орынды иелене алмайды, тек алғашқы элементтермен «мінезі» (активтігі), «құрылысы» (валенттілігі) сай келетіндері қосылып, берік қорған соққандай, моншақтай тізіліп, рет-ретімен орналаса алады.
Тас түзілгенде ішіне кем дегенде екі элементтен бастап бірнеше ондаған элементке дейін кіре алады. Әлі күнге дейін тастың түзілуі туралы нақты теория ашылмаған! Тек жеке қасиеттеріне ғана сүйенетін негізгі бес теория бар. Олар да өздерінің мардымсыз дәлелінің нәтижесінде қолданылмай келеді.
Тасты өлтірмей, электрон, протон­ға, нейтронға ыдыратпай ұстап тұрған не күш? Тастың құрылысын, кристалдық торын қарасақ, бейнебір тоқылған кілемдей, бірақ ондағы атомдар жіпсіз байланысып, ұсақ-ұсақ бірдей құрылымдар түзген. Бұларды бір ғып тұрған көзге көрінбейтін қандай жіп? Ғылым мұны тастың ыдырамай тұрғаны тек атомдардың қозғалыста болуынан деп түсіндіреді, яғни оның қозғаушы қуаты – жан деп есептейді. Ал Құнанбай атамыз: «Құм жиылып тас болар, іліктірер лай болса, құл жиылып бас болар, біріктерер Құдай болса», – дейді. Сол тасты біріктіріп тұрған «лай» қайдан келді? «Лай» өздігінен құмдағы сәйкес элементтерді қандай ақылымен таңдап біріктіреді десеңізші!
М.В.Ломоносовтың 1748 жылы аш­қан «зат массасының сақталу заңы» бо­йын­ша химиялық реакцияға қанша масса зат түссе, сонша зат бөлініп шығады делінеді. Кеннің (тастың) өлімі мәңгілікке жойылып кетуі болса, өзіміз көріп отырғандай, кендер жоғалмай, қорланып, жиналып, сосын минералдарға, металдарға айналып отырғанын еркін оймен айқын аңғаруға болады.
«Өлі» анорганикалық дүниеден «тірі» органиканың қалай пайда болатынын әзірге ғылым теория жүзінде бұлдыр болжаммен айтса да, нақты тәжірбие жүзінде көрсете алған жоқ. Шәкәрім қажы «Үш анық» атты ғылыми еңбегінде осы күнгі ғылым сан-саққа жүгіртіп шеше алмай отырған қынаның тасқа бітуі туралы былай дейді: «Тас пен құм сүйектерге біткен қынаны алып қарасаңыз, қынаның астында тас пен сүйектің бетінде топырақ сияқты бір нәрсемен жапсырылған болады. Сол топырақ сияқты нәрсені табиғат қайдан әкеліп отыр? Мен ойлаймын, су мен топырақ жылылықтан өсімдік шығарғандай, тасқа ауа, су жылылығы сияқты себептер қосылып, қына шығарып отыр».
Ашып айтсақ, қынаның тасқа бітуі ерекше жолмен жүреді. Қынаның кез келген тасқа шыға бермейтіні де белгілі, ол тасты таңдайды. Қалайша десеңіз, түсіндіруді тастан бастайық. Басында айтылғандай, тас «су ішеді». Тастың құрамындағы элементтер куб тәрізді байланыс құрды делік. Кубтың іші бос, оны толтыру керек. Сол кезде оған жаңбыр мен жерасты суларынан көзге көрінбейтін бірнеше су молекуласы бос ұяшықтарға орналасады. Осылай тастың бос орындары сумен толады. Ендеше, қынаға қажетті судың бір бөлігі тастың өзінен алынатыны белгілі болды.
«Өлі» тастың соңында сабылған­дардың бірі – археологтар екен. Олар да тасты аударып, асты-үстіне түсіп, өткеннен мәлімет алғысы келеді. Тастың «көргенін», «естігенін құрылымдық жадында сақтап қалатынын» пайдаланып, археологтар тарихқа тіл бітіреді. Ақылсыз тастың магнитофон таспасы сияқты сондай жандының әрекетін істегеніне таңғаласың! Археологтар үшін тас мәліметтердің қоймасы сияқты. Мысалы, «табылып жатқан бұйымдар тас дәуірінікі екен», «осыдан мыншама мың жылдар бұрын жасапты», «мұнымен аң аулапты» деп археологтарды сайратып жүрген де – осы тастар. Тіпті, радиоизотоптық әдіспен сол тас өмір сүрген кезеңнің температурасы, қысымы, климаттық жағдайын анықтай алады. Мұндай зерттеулер ұзақ уақытты қамтиды, себебі қара тас ішіндегі сырын айтқысы келмей, ақыры бір әмірмен ғана ашып, гендік инженерлерге құпиясын ақтарып береді. Археологтар мен гендік инженерлер табылған тастардың бәрін сайратуға мүмкіндіктері жоқ, бұған өздері де мардымды жауап қайтара алар емес. Осылайша, тылсым күштен рұқсаты бар тастар ішіндегі жиналған мәліметтерін ашып, «ағынан жарылатыны» анық болды.
Қорыта айтсақ, соңғы жылдардағы кристаллограф (тастанушы) ғалымдар барлық тастар, минералдар бір-бірін қайталамайтынын анықтады. Мұны қарапайым түрде былайша түсіндіреді: екі бірдей элементтерден құралған, кұрылымдары да бірдей – кубтық, екеуінің де жасы қарайлас болсын. Енді ерекшелігі олардың сол кубтардағы рет-ретімен құралғанда екі тастың әртүрлі кубтарындағы бірдей элементтері түсіп, орнына екеуі екі түрлі элементті қосып алады.

Әйгерім Кенжебаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.