Тіл инспекциясын құрмай, тілге құрмет бола ма?

іл төңірегіндегі мәселеге таяу маңда нүкте қойылар түрі жоқ. Бірақ бұл қол қусырып қарап отыруға болады дегенді де білдірмес. Бұған дейін елімізде мемлекеттік тілдің дамуы жолында көптеген істер атқарылғаны рас. Атқарылып та жатыр. Дегенмен әлі күнге жан-жағымыздағы жарымжан жарнамадан бастап, қазақ тіліндегі құжаттарда қате қаптап тұр. Азаматтарымыз мемлекеттік тілден мүдіріп, қазақ тілінде қызмет көрсетуге құлықсыздық танытуда. Осыған дейін олар сан рет сын садағына ілігіп, баспасөзде бірнеше мәрте жарияланды да. Талай алқалы жиындарда айтылды да. Алайда «баяғы жартас – бір жартас». Олардың дені қазір қыңқ деместен қызметтерін жалғастыруда. Арагідік ана тілінің жанашырлары арасында кей елдердегідей бұл келеңсіздіктердің жолын кесетін әрі мемлекеттік тілдің мүддесіне қызмет ететін, елдің «Тіл туралы» заңының орындалуын қадағалайтын Тіл инспекциясын құру идеясы айтылып келеді. Алайда бұл бастаманы басты назарға алып, жаппай қолдай кеткен жандар жоқ. Оқтын-оқтын ой тастайтын бұл мәселеге біз қайта оралдық.

Әлемнің көптеген елдерінде бұл құзырлы құрылым «Тіл инспекциясы», «Тіл полициясы» деген атаулармен таныс. Мәселен, Балтық жағалауы елдерінде бұл бастама бірден жаппай қолдау тауып, 90-жылдардың басында-ақ Тіл заңының орындалуын қадағалайтын құзырлы органдар болып құрылған-ды. Олар «Тіл инспекциясы» аталды. Содан бері арада жиырма жылдай уақыт өтті. Кезінде қазақ елімен бірге Кеңес өкіметінің шекпенінен шыққан елдерге жататын сол Латвия, Эстония сынды Балтық жағалауы елдерінде бүгінде тіл мәселесі біздегідей емес, көші түзелген. Мысалы, кезінде Латвия еліндегі атақты тіл инспекторы Антонс Курстистің есімі елге таныс полицей әйелге айыппұл салғанын біраз бұқаралық ақпарат құралдары көрсетті. Сонда А.Курстистің: «Бұл әйелдің жазығы – мемлекеттік тілді білмеуі. Ол Латвия елінде оқыды. Мектепті де үздік бітірді. Бірақ ол тек орыс тілінде ғана оқыды және әлі күнге сол тілде сөйлеп жүр. Сондықтан мен бұған 150 еуро көлемінде айыппұл салдым. Мұны елдегі барлық азаматтарға қатысты айтып отырмын» дегені есімізде. Ал анау тәртіп сақшысының түк деместен айыппұлын төлеп құтылғанын да көрдік. Иә, заң алдында бәрі бірдей. Осыны көрген неміс журналисінің Германияға да осындай жүйенің енгізілгенін қолдайтын мақаласы шықты. Өйткені соңғы жылдары Германия халқының неміс тіліне немкетті қарауы жергілікті ұлтжанды азаматтардың намысына тие бастаған. Кейінгі кездері қазақ елі секілді Отанына қайта оралған қандастарын қабылдауға көшкен неміс үкіметінің басты талабы елге келген әрбір азаматтың мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі болып отыр. Оған қоса Германиямен көршілес Франция елінде де Тіл полициясы жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмес. Тіпті халқының жүз пайызға жуығы түрік Түркия елінде «Тіл инспекциясы» бар екенін білесіз бе? Мұның бәрі «сақтықта қорлық жоқ» дегенді аңғартқандай. Өйткені Түркия елінің әлемге әйгілі курортты мемлекет екенін білеміз. Ендеше жылына миллиондаған туристке қызмет көрсететін Түркияның тіліне алаңдайтындай жайы бар.
Ал біз жоғарыда келтірген елдерде «мемлекеттік тілді білмейтіндер айыппұл төлеп қана ақталып жүр ме» деген заңды сауал туындайды. Аталған елдерде алғашқы рет тіл білмегені үшін айыппұл төлеп құтылады. Ол рас. Алайда ол тіл сақшыларының «қара» тізіміне ілігеді. Арада белгіленген уақыт өткенде сол азамат мемлекеттік тілден тағы бір мәрте сынақ тапсырады. Егер ол осы жолы тағы сүрінсе, қызметтен қуылады. Мұндай қатаң сыннан Эстонияның қарапайым көлік жүргізушілері де құтылмайды. Мәселен, Эстонияда Тіл инспекциясының жұмыс істеп келе жатқанына жиырма жылдан асты. Бұл Балтық жағалауы елдерінің тілдеріне қауіп төнген кезде жасаған батыл қадамдары болатын. Егер бұл құзырлы мекеменің қажеттілігі болмаса, ол өз жұмысын баяғыда тоқтатар еді. Өйткені бұл құрылым сол елдің ұлттық мүддесіне қызмет етіп келе жатқандықтан тіл мәселесі түбегейлі шешілмейінше, тілге төнген қауіп сейілмейінше, өз жұмысын тоқтатпайды. Сондықтан тіл тағдыры ұқсас осы елдердің, соның ішінде бір са­яси жүйенің құрбаны болған посткеңестік Балтық жағалауы елдерінің бұл бағыты бізге де үлгі болса игі.
Бізге қазіргі уақытта Тіл инспекциясы керек пе? Керек болса одан нендей өзгеріс күтеміз? Әлде қажет емес пе? Осы сауалдарға жауап іздеп, көпшіліктің көкейдегісін білмек болдық. Бұл ретте халықтың пікірі екіге жарылды. Десек те, олардың дені «қазіргі қоғамға Тіл инспекциясы керек» десе, енді бір топ «бұл құ­зырлы мекеменің қажеті жоқ» деген пікір білдірді. Тіл инспекциясы құрылғанын қолдайтындар осы арқылы қоғамдағы тіл төңірегіндегі түрлі келеңсіздіктерді жоюға болатынын айтса, қарсы жақ бұл тек мемлекет қаржысын құртудың жолы деп ойлайды. Тіл инспекциясының құрылуын қолдамайтын топ: «Егер ол құзырлы орган құрылса, оған мемлекет бюджетінен қанша қаржы жұмсалмақ? Онсыз да мемлекет қаржысын жеп отырған жемқор мекемелер аз емес қой. Оның пайдасынан гөрі зияны басымдау емес пе? Үй ішінен үй тіге бергенше, осы Тіл инспекциясының жауапкершілігін неге Тілдерді дамыту басқармаларының құзырына жүктемейміз? Олардың көбі өңірлерде сапаға емес, санға ғана иек артып, жұмыс істеп отыр. Оларға нақты іске көшетін уақыт жетті ғой» деседі. Ал Тіл инспекциясының құрылғанын қолдаушылар болса бұған дейін мемлекетік тілдің дамуы үшін жасалып жатқан іс-шаралардың ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бермей отырғанын алға тартады. Олардың пікірі «жылына қанша рет түрлі оқулықтар, әдістемеліктер, сөздіктер мыңдаған таралыммен жарыққа шығып, тегін таратылып жатыр. Қала берді, оқытушыларға айлық төленіп, мемлекеттік тілді үйрететін курстар жұмыс істеуде. Ол жерде де тегін оқытылуда. Мемлекет жылына мемлекеттік тілге миллиондаған қаржы бөліп отыр. Одан нәтиже қандай? Сондықтан Тіл заңының орындалуын қатаң қадағалайтын осындай құзырлы құрылым сөзсіз керек» дегенге саяды. Ал енді бір топ: «Жақында Дін істері жөніндегі агенттік құрылды. Өйткені елдегі діни ахуалдың қазіргі жайы бәрімізді алаңдатып отырғаны жасырын емес. Ол осындай құзырлы органның құрылуына әкелді. Бұл да қажеттіліктен туындады. Тіл инспекциясы да – солай. Өйткені қоғамдағы тағы бір толғақты мәселе – тіл мәселесі. Тіл инспекциясын тәуелсіздік алғанымызға 5 жыл өткен кезде де құрса болар еді. Өйткені 5 жылда тілді ғана емес, бір елдің мәдениеті мен тарихын толықтай меңгеруге болады. Дегенмен Тіл инспекциясын құрмас бұрын, алдымен Конституцияға өзгеріс еніп, бұдан бөлек мемлекеттік «Тіл туралы» заң қабылдануы қажет. Содан кейін құрылған Тіл инспекциясы сол заңның талаптарына сай жұмыс істеуі керек. Сонда ғана жағдай оңалмақ. Өйткені қазіргі қолданыстағы заңның талаптарына сай жұмыс істеген Тіл инспекциясының жұмысы еш нәтиже бермейтіні анық», – дейді.
Иә, қалай десек те Тіл инспекция­сының қызметі біздің қазіргі қоғамға қажет екені айқын байқалып отыр. Өйткені алып теректің де ғұмырын үзетін өзегін жеген кішкентай құрт десек, ит тұмсығы өтпейтін ну тоғайлардың денінің сау болуы «орман санитары» – тоқылдаққа тәуелді. Сол секілді тіл тазалығы үшін де «тіл санитарлары» саналатын Тіл инспекциясының қызметі керек-ақ. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінде Тіл комитеті бар екенін бәрі біледі. Сол комитет ішінде құрылатын Тіл инспекциясы оперативті әрі заң шеңберінде жұмыс атқарғаны жөн. Тіл инспекциясының қызметіне: биліктің, мемлекеттік органдардың, жергілікті биліктің, өзін өзі басқаратын мекемелердің, халыққа қызмет көрсету, сауда мен денсаулық сақтау, білім салалары ісқағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуін қатаң қадағалау; мектеп жасындағы баладан бастап, елдегі еңбекке жарамды азаматтар мен барлық сала қызметкерлерінің мемлекеттік тілді жетік меңгеруін және жұмыстың мемлекеттік тілде жүруін талап ету мен оны бақылау; түрлі афиша, билборд, жарнамалардың елдің «Жарнама туралы» заңымен қоса, «Тіл туралы» заңының талаптарына да жауап беруін қадағалау… секілді үлкен жауапкершіліктер жүктелуі тиіс. Мәселен, бүгінде мемлекеттік қызметтегілердің білім-білігін тексеріп-байқайтын сынақ тапсырылады. Енді осы сынақта азаматтар өз саласына, яғни мамандығына қатысты сыннан сүрінбей өткенімен мемлекеттік тілден мүдірсе, бұл оның қызметіне айтарлықтай әсер етуі тиіс. Бұрын мемлекеттік тілді меңгермесе де, жақсы айлық алып жүрген жандар енді күнкөрістің қамы үшін тілді үйренуді дереу қолға алады. Оған қоса барлық мектеп бітірушілерінің (орыс, татар, ұйғыр… мектебін бітірсе де) ұлттық бірыңғай тестілеуде немесе кешенді тест тапсырғанда мемлекеттік тілден сынақ тапсыруын бақылауды қолға алғаны дұ­рыс. Мемлекеттік тілде жарыққа шығуға тиіс оқулықтар, түрлі әдістемеліктердің, бұдан бөлек түрлі баспа өнімдерінің сапасын қадағалау да арнайы комиссиядан соң Тіл инспекциясының қаперінде болуы тиіс. Сондай-ақ Тіл инспекциясына барлық мемлекеттік мекемелер және жеке кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары, түрлі сауда нүктелеріне ұдайы рейд жүргізу арқылы заң талаптарын орындамағанға айыппұл төлетіп, тіпті болмаса олардың жұмысын тоқтата алатын құзырет беруіміз керек.
Мемлекеттік тілдегі мәтінде «менмұн­далаған» қателер мен тілімізді менсінбеген жандарды көре тұра дәрменсіздік танытып жүрген біз үшін Тіл инспекциясы жөн сұрап, жүгінетін жеріміз болар еді. «Тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын» ескерсек, Тіл инспекциясын құру күн тәртібіндегі мәселе болып тұр.

Д. ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.