Бабалар тілін барлаған ғалым

d0b0d0b9d0b4d0b0d180d0bed0b2Бүгінде дүниеден озғандары бар, арамызда жүргендері бар – жастары 80-90-дардан асқан кейбір танымал тұлғалардың өмір жолдары халқымыздың соңғы жүз жыл барысындағы тұтас тарих беттерінің әр жерге үзіліп түскен парақтары сияқты. Сондай үзіктердің бірі – белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғұбайдолла Айдаровтың өмірі мен еңбек жолы.
Өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы кеңестік, коммунистік, империялық саясаттың қазақ сияқты халықтардың тұрмыс-тіршілігі мен рухани-мәдени өміріне жасаған қыспақ қарекеттеріне төзе алмаған, төзгісі келмеген бірсыпыра ауылдарын көрші жат жұрттарға ауа көшуіне мәжбүр етті.

1921 жылдың жазында Маңғыстау өңірінің Кәтемшайыр деген елді ме­кенінде дүниеге келген Ғұбайдолланың әкесі Айдар да 1920 жылдардың соңында Кеңес өкіметінің құрығынан әзірше алыс­тау көрші жұрттарды паналауды көздеп, азғана ауыл болып Түрікменстанның Шағадам деген жеріндегі Красноводск маңына табан тірейді.
Ғұбекең ата-баба топырағында туғанымен, шет жұрттың суын ішіп ер жетеді. Жаңа мекенде жұмысшы болып, отбасын асырап жүрген әкесі көп ұзамай қайтыс болады, аз уақыттан кейін анасы да дүние салады. «Кедейді кезеңде тосып, ойпаңда тонайды» дегендей, тағдыр шіркін Ғұбайдолла баланы ағайын-туыстан жырақ жерде тұлдырсыз тас жетімге айналдырады. Дегенмен татар дәмі таусылмаған жетім бала өзі сияқты сол кезде қаңғырып қалған топ-топ баламен бірге «детдом» деп аталатын балалар үйіне қабылданады. Сонда жүріп мектепте оқиды (бірақ қай тілде оқыды екен – кезінде сұрамаппыз).
1934 жылы 13 жасында Ташауыздағы «педтехникум» деп аталатын педаго­гикалық училищенің дайындық курсына түсіп, төрт жылдан кейін бітіріп, «дыңдай мұғалім» болып, бала оқытып, азамат болып келе жатқанда, 1940 жылдың ақ­панында 20 жасқа келер-келместен әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын аяқтамай, Ұлы Отан соғысы басталып, буыны қатпаған жас жігіт Отан қорғаған жауынгердің бірі болып, қан майданның азабын да шегеді, бірнеше рет жараланады, ақыры сол жарақаттардың бірінде ауыр контузияға тап болып, әскерден босатылып, елге қайтады. Ал оның ел дейтін туған-туыс ортасы жоқ еді, әке-шешесі бұрын өлген, жалғыз інісі соғыста қаза тапқан. Ел деп келген Красноводскіде не ет жақындары, не қолдап-қоштап жүретін көзкөрген жолдастары жоқ болатын. Бірақ өмір сүру керек.
Сірә, адам баласына тағдыры «сыйлаған» ауыр жүк жас адамның бойына күш-қуат жинаттырып, өмірге деген талпыныс қасиетін де сыйлайтын болуы керек. Осындай еті тірі Ғұбекең мұғалімдер даярлайтын екі айлық курстың директоры болып жұмысқа кіріседі (соғыс кезінде ондай да «оқу орындары» болған, оған куәгерлердің бірі – осы жолдардың авторы біз де 17-18 жасымызда екі айлық педкурстардың білдей оқытушысы болып 9-10 сыныптардан келген құрдастарымызды, не бір-екі жас үлкен «апайларымызды» оқытқанбыз.
Ерте есейген Ғұбекең тек екі-үш айлық «институттың» директоры ғана емес, 1944-1948-жылдары Красноводск, Небитдағ қалаларындағы мектеп­тердің (сірә, қазақ мектептері болар, әлде түрікпен аралас мектептер ме) мұғалімі болып, тіпті олардағы оқу ісінің меңгерушісі (директордың орынбасары) деген жауапты жүкті де арқалайды. Өмір жолын тәптіштеп тізіп көрсетіп отырған себебіміз есімін ардақтап, еске алып жатқан Ғұбекеңнің «тегін адам» еместігін, оның өзіне жүктелген міндетті атқара білетін, алдында көздеген мақсат-мұраты бар, ар-намысы күшті жан екенін баса айту еді. Осындай кісілік қасиеттер «тауда туып, таста өскен, ағайыннан басқа өскен» Ғұбайдолланы туған халқының топырағына – Жамбыл облысына алып келеді, тағы да оқу-ағарту ісіне кіріседі, мектеп директоры болады. Жұмыс істей жүріп Шымкенттегі екі жылдық оқытушылар институтында, кейінірек Абай атындағы педагогикалық институтта сырттай оқып, диплом алып шығады.
Есейе түскен Ғұбекең Алматыға келеді, С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университеттің аспирантурасына түседі. Бұл – енді ғылым атты шырқау шыңға шықсам деген мақсаты мен сол жолдағы іс-әрекетін танытады. Институттарда алған білім-танымдары педагогика саласына, оның ішінде филологияға жататындықтан, сол ғылымды қандай тақырыппен зерттеуден бастау керек? Ол да – оңай шаруа емес, Ғұбекеңді ойлантқан тұс.
Айдар баласы Ғұбайдолла ғылым есігін ашар болған 1950 жылдардың басында Қазақ тіл білімі атты ғылым саласының негізгі зерттеу нысандары – қазақ тілінің грамматикасы, фонетикасы, лексикографиясы (сөздіктер жасау), диалектология тарамдары болатын. Бұл кезде қазақ тіл мамандары одақтық, не дүниежүзілік үлкен түркологияға (түркітануға) әлі бармаған-ды. Әрине, бұл саланы елемегендіктен емес, маман ғалымдар күші жоқтығынан еді. Түркологияның қай тақырыбын да өзінің білім-білігімен игере алатын, өзіне сенетін «жүрек жұтқандар» болмаса, екінің бірі бара қоймайтын.
Бала шағынан аты түркі болғанмен, қыпшақ тобындағы қазақ тілінен бөлектеу оғыз тобындағы түрікпен тілді ортада өскендіктен, нағыз қазақ мектептерінен сусындай алмағанын сезді ме, «қазақ тіліне қатысты тақырыптарды зерттеп, жарыта қоймаспын» деп жүрексінді ме, – әйтеуір түркологиялық қиын бағытқа бет бұруды қалады. Оның үстіне бұған объективті факторлар да себеп болды. Ғұбекең аспирант болып, оқи бастаған кезде белгілі моңғол, түркі тілдерін зерттеуші ғалым Церен Доржы Номинханов ұйымдастырған бір үйірме болды. Ол үйірмеде сөз болатын көне түркі жазуы, ол жазудің үлгісін қалдырған өте ертедегі V-VIII ғасырларда жасап өткен бабалар тілі қызықтырған аспирант кандидаттық жұмысының тақырыбы етіп «Тоныкөк ескерткіштерінің тілі және оның қазіргі кейбір түркі тілдеріне қатысы» дегенді таңдады.
Табиғатынан зерек, қолға алған жұмысына мейлінше жауапты қарауға дағдыланған Ғұбекең «инемен құдық қаза бастайды» – алдымен, «көне түркі жазулары деген не, оны көрсететін тасқа қашалған – «сызылған» сөздер қайдан, қашан табылған, кімдер жазған», не жазған, сырын кімдер, қашан ашқан деген сан алуан мағлұматтарды алу үшін екі ғасыр бойы зерттеліп, шет тілдерде, көбінесе орыс, неміс тілдерінде жарияланған еңбектерді оқуға кірісті. Оларды оқып, танысып алудың өзі де Ғұбекеңе оңайға соқпады: шет тіл­дерді былай қойғанда, орыс тілінде жа­зыл­ған­дарға Айдаровтың «түрікпенше орысшасы» жетпей жатты, оны жетілдіре түсу де қосымша жүк болды. Орыс тілін жақсы білу тек оқып, түсіну үшін ғана емес, осы тілде ғылыми еңбектер жазу үшін де керек болды. Оны да игерді.
Сөйтіп, қазақ тіл білімінде түркологиялық зерттеулерге жол салынды. Жол салушылардың бірі ғана емес, ең ілгергісі, ең өнімді еңбек еткені – Ғұбайдолла Айдаров болды. Әрине, бұл жолды Ғ.Айдаров жалғыз өзі салып, жалғыз жалғастырды деуге болмас, дегенмен оның бұл саладағы еңбегі ересен екенін баса айтуға болады. Қазақ тіл мамандарының ішінде түркологиялық білім-танымның негіздерін Мәскеу, Ленинград сияқты орталықтардың университеттерінде оқып, оны жақсы біліп келген, сондай-ақ Алматыдағы университет пен пединституттың филология факультеттерінде оқыған жастар көне түркі сына жазуы жайында, Орхон-Енисей ескерткіштер тілінің жеке тақырыптарын, әсіресе XIII-XVI ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінің тілін зерттеуде айтарлықтай жұмыстар атқарды. Олардың қатарында А.Аманжолов, Е.Ағыманов, М.Мәженова, Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов, Ә.Керімов, Қ.Өмірәлиев, Б.Сағындықов, Р.Сыздықова т.б. сияқты ғалымдардың есімдері аталып жүр. Бұлардың көбі түр­кология тақырыптарына Ғ.Айдаровтан кейін өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап кірісті (ал Ғұбекеңнің көне түркі жазуы мен ескерткіштерінің тілі туралы мақалалары 1950 жылдардың соңынан бастап жарияланған болатын). Демек, Ғ.Айдаровты бұл салаға алғашқы түрен салушы, жол бастаушы деуге болады.
Ашылған жолмен алға қарай жүруді Ғұбекең әрі қарай жалғастырды. 1974 жылы «Орхон-Енисей және Талас ес­керткіштерінің лексикасы» деген тақырыпта докторлық диссертация жазып, Бакуде жақсы қорғады. Монографиялары жарық көрді: «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» – орыс тілінде (1971 және 1986 ж.), «Орхон ескерткіштері­нің тексі» (1991 ж.), «Көне түркі жазуларынан материалдар» (1966 ж.). Язык памятника Кюль-тегина VIII в.» (1993), «Күлтегін ескерткіші (1995 ж.), «Тоныкөк ескерткішінің тілі, VIII ғ. (2000).
«Язык орхонского памятника Бильге-Кагана» (1966); «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» (Павлодар, 2010), «Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VII века» (1971).
Ғ.Айдаровтың зерттеу жұмыстары­ның көбі (200-ден астам) мақала түрінде ғылыми және көпшілікке арналған журналдарда, жинақтарда оқу-ағартуға арналған журналдарда қазақ, орыс, түрікпен тілдерінде жарық көрді. Қысқасы, ғылым әлеміне енген 40 жылдан астам уақыттың барысында Ғ.Айдаровтың қаламынан ірілі-ұсақты 20-ға тарта басылым (кітап), 200-ден астам ғылыми мақала шыққан екен.
Бұл аталған еңбектің нәтижесі мен құндылығын арнайы ғылыми талдаулармен жазып көрсетуге болады, ол – өз алдына мәселе. Ал қысқаша айтқанда, бұл еңбектері арқылы ғалым, алдымен қазақ жұртшылығын, әсіресе студент жастар мен олардың оқытушыларын ертедегі ата-бабаларымыздың мәдени-рухани дүниесімен қазақ тілінде кеңінен таныс­тырды. Атап айтқанда, көне түркі сына жазуы сияқты талай заман сырын ашып, тани алмай келген жұмбақ та сиқырлы таңбаларды 1898 жылы тұңғыш рет дат ғалымы Томсен мен 1894 жылы онымен қатарласа жұмбақ тас жазуларының кілтін ашқан орыс ғалымы В.В.Радлов екенін білеміз. Бұлардан кейін білгеніміз – ертедегі түркі халықтарының дүниежү­зін­де мұндай да кереметке ие екендігіне таңдай қаға отырып, әр қырынан зерттей бастағандар, әрине, еуропалықтар мен орыс ғалымдары болғаны. Осылардың ізін ала XX ғасыр­дың орта тұсында өз бабаларының 10-15 ғасыр бұрынғы мәдени-рухани дүниесін танытуға кіріскен қазақ ғалымы Ғұбайдолла Айдаров екендігін жоғарыда аталып көрсетілген еңбектерінен біліп отырмыз.
Ғұбекең екінің бірі бара алмайтын қиын іске барды, саналы түрде, өз күш-қабілетін жақсы біліп барды. Бұл күшін бір орында – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында табан аудармастан 40 жылдай отырып көрсете білді, ақшасы молдау, атақты көбірек беретін өзге жерлерге бармады. «Теңдесі жоқ еңбекті елемедіңдер деп, сегіз баламды еркін ойнатып өсіретін үй-жайым да болған жоқ деп (жұмыс істейтін жеке кабинетті былай қойғанда дегендей), қаланың ең шетінен жалдап тұрған үйден жұмысқа жететін көлігім, оны алатын ақшам да жоқ болды» деп ешкімге міндет артқан жоқ. «Соған қарамастан том-том кітап жаздым, ғалым атандым, 5 ұл, 3 қызыма жоғары білім бергіздім, оларды абыройлы, іскер азаматтар етіп тәрбиеледім» деп те ешкімге қыр көрсеткен жоқ. Бұл ретте Ғұбекеңді эпосшы жырауларымыз айтқандай, ұлдар өсіріп, Алашқа аттарын жайғызған, қыздар өсіріп, алаштан бекзат келтірген бақытты әке, жарты ғасырдан астам шаңырағының отанасы болған Балжандай қосағын сыйлап өткен отағасысы. Бұл да замандас, сыйлас әріптестерін сүйіндірген, артындағы ұрпақтарға үлгі-өнеге болған кісілік сипатының тағы бір қырын танытса керек.
Ғ.Айдаров бабалары қалдырған ғажап мұраны тек таныстырып баяндап қойған жоқ, өзі де ғылыми ізденістер жүргізді. Бұл жазуларды зерттеудің 200 жылдық тарихында кеткен кемшін тұстарды толықтырды. Мысалы, сына жазбалардың Томсен, Радлов байқамаған не кемшіл кеткен, жаңсақ оқылған кейбір тұстарын басқаша түзетіп оқуды ұсынды. Әрбір көне жазу ескерткішінің грамматикалық, фонетикалық, лек­сикалық құрылымдарын жинақтап, жүйелеп көрсетті. Бұл жағынан кейбір монографиялары оқулық сияқты құрал болды. Біздің естуімізше, Ғұбекеңнің орыс тіліндегі монографиялары Берлин, Прага университеттерінде оқулық ретінде пайдаланылған кездері болған. Ал түркітілдес мемлекеттердегі университеттерде Айдаровтың еңбектерін қай тұрғыдан, қай мақсатпен болса да пайдаланып жүрулері даусыз.
Биыл жазда Ғ.Айдаровтың 90 жыл­дығын өзі жарты ғасырдай тапжылмай отырып ғылыммен айналысқан құтты оша­ғы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында атап өткен болатын. Енді, міне, туған топырағы Маңғыстау өлкесінде атап өткелі жатқанын естідік. Ғұбайдолла Айдаровтың ғалымдық келбетін осылай көрсете отырып, кезінде әріптестері мен замандастарын мейлінше сүйсіндірген кісілік тұлғасын танытқан азаматтық бір іс-әрекетін де айта кетсек, өзгелерге, әсіресе жас буынға үлгі-өнеге болар еді. Ол оқиға 1958 жылы Кеңес өкіметі әбден күшінде тұрған, халықтарды өз мекенінен көп қия бастырмайтын кезде болған еді. Ғұбекең ресми басшы орындардан арнайы рұқсат алып, Түрікменстандағы қазақтардың бір тобын отбасыларымен Қазақстанға көшіріп алдырады, Алматы маңындағы Ақши ауданына орналастырады, керек жерін­де ақыл-кеңесін береді. Бұл үлкен азамат­тық еді, өйткені шарасыздықтан туған жерінен ауып, шет өлкеде, өзге жұрттың арасын­да жүргеннен өз ұлтымен бірге күн кешіп, еңбек етуді талай жыл көксеген жан­дарды арманынан шығарып, қуантқаннан артық не бар! Ешкім міндеттемеген, өз қалауымен жүрек жылуын тағдырлас айналасына беру де екінің бірі істеп жатқан шаруа емес, ол үшін де жақын-айналасына, қандас-бауырларына әр істе көмектесу, бүгінгідей көші-қон саясаты жоқ жағдайда бір қауым елді отандастарымен қауыштыру қазір еске алып айтуға – оңай, ал Ғұбекеш ол үшін қанша тер төкті, қанша есікті қақты, қанша адамның бабын тапты десеңші. Бұл енді Ғұбайдолла Айдаровтың жалпы кісілік портретінің тағы бір қырынан көрінгені дер едім.
Қысқасы, ондай тұлғалардың бол­ғанын, қазірде де бар екенін мақтан тұтып, олардың есімін қайталап отыру – парызымыз. Мұндай парызды тек «туған институты» мен туған облысы не ауданы, туған ауылы ғана емес, өзге жерлерде де реті келгенде жастарға үлгі етіп айтып, жазып жатсақ, артық болмас еді.
Осылайша сөйлетіп отырған рухыңа тәу етеміз, ардақты ғалым, сан жылдар сыйлас, пікірлес, тілеулес болған асыл азамат Ғұбеке-Ғұбайдолла Айдаров.

Рабиға Сыздық,
академик

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.