Кешірімшіл мінезден арылатын кез жетті

d0bdd183d180d182d0b0d0b9d0b91Бүгінде тіл туралы сөйлей қалса, тоқтай алмай толғанатын тұлғалар жетіп-артылады. Егер есімі ел аузында жүргендердің бәрі мемлекеттік тілдің жанашыры, оның мәртебесі үшін қолдан келгенін аямайды десек, тілдегі түйткіл қайсы? «Ана тілім» деп асқақ пафоспен айбаттана сөйлейтіндердің бәрі бірдей тіл жанашыры ма? Өкініштісі сол, жұрт алдында жүрегі езіліп сөйлейтіндердің кейбірі іске көшкенде тайсақтайтыны жасырын емес. Сөйтіп, өзгені «мемлекеттік тілді меңгермеген» деп сынайтындардың өз отбасына келгенде мысы басылады. Өйткені өз баласы өз ана тілін білмейтін болып шығады. Осы мәселені жиі қойып жүрген Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы.
Ал «халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды» деп жүрген азаматтар бұл үдеден қаншалықты шыға алады? Сіздің балаңыз қазақ мектебінде оқи ма, әлде? Немереңіз қандай балабақшаға барады? Отбасында қай тілде шүйіркелесесіз? Перзенттеріңізге патриоттық тәрбие бересіз бе? Ендеше, өзімізден басталық. Бұл айдардың мақсаты да – осы.

Кейінгі жылдары халық қалаулыла­рының арасында ана тілін айтарлықтай меңгеріп, тілге тәп-тәуір төселіп қалған азаматтар бар. Бірақ олар бірді-екілі ғана. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді меңгеріп, бүгінде мүл­тіксіз сөйлей алатын деңгейге жеткен. Ал жиырма жылда ана тілінде жарытып жақ ашпақ түгілі, оған қарсы шығып жүрген­дер жандар жетерлік.
Таяуда тіл төңірегінде талас туғанда, талай азаматтар көптен бері көкейде кептеліп келе жатқан ойларын айтып та салды. Ал әдетте тіл төңірегінде толғанып, тебіреніп сөйлейтіндердің біразы тіс жармай оты­рып қалғанын да байқадық. Ол аздай мем­лекеттік тілдің ол үшін маңызы жоқтай әлі күнге бұл туралы мүлде жақ ашпай келе жатқандары да бар. Дегенмен мемлекеттік тілдің мүддесін көздейтіндердің көбінің ойы бір пікірге тоғысты. Ол – мемлекеттік тілдің мысын басқан өзге тілдің заңнан алынып тасталуы туралы мәселе. Тура осы мәселе таразыға түскенде шенеуніктердің түгелі дерлік орыс тілінің орны ойсырап қа­латындай, сол жаққа ойысты. Тек қос депутат – Жарасбай Сүлейменов пен Нұртай Сабильянов қана қазақ тілін қолдады. «Айдарымыздың алғашқы қонағы болсын» деген ниетпен ана тілінің жанашыр азаматы Нұртай Сабильяновқа телефон соқтық.
– Нұртай аға, мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп, мінберде сөз сөйлеп жүрген азаматсыз. Заңдағы қос тілділікті қолдамаған қос депутаттың бірісіз. Бұл қадамыңызды қалай бағалайсыз?
– Бұл – менің азаматтық көз­қа­расым. Өйткені әлі күнге өзге тілдің өктемдігі айқын байқалып тұрғаны өтірік емес. Түптеп келгенде бұл – мемлекетімнің алдындағы менің парызым. Әр қазақ қазақ тілін білуге міндетті. Бұл – қазақ мемлекеті. Демек, мемлекет те өз жұ­мысын мемлекеттік тілде жүргізуі керек. Ісқағаздарымызды жаппай мемлекеттік тілге көшіріп қана қоймай, істі де сол тілде іс жүргізуіміз керек.
– Балаларыңыз қандай мектепте оқиды?
–Төрт балам бар. Оның үшеуі қазақ мектебінде оқиды. Кенжеміз әлі кішкентай. Құдай қаласа ол да өз ана тіліндегі мектепке барады.
– Ал отбасында қай тілде шүйірке­лесесіздер? Ұлттық тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлесіз?
–Үйде тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Ата-аналық ақыл-кеңесімізді айтып, аянып қалмаймыз. Өз халқымыздың әдет-ғұрыптарын берік ұстанамыз. Өзім кезінде ұлттық аспап – домбыраны үйренсем деп армандаушы едім. Сондықтан екі ұлымның да домбыра үйренгенін қаладым. Қазір, Құдайға шүкір, екеуі де домбыраның құлағында ойнайды.
Сіз мәселені орынды қойып отырсыз, әр ата-ана өз перзентінің алғашқы қадамынан бастап жауапкершілікті сезінуі керек. Әр қазақ қарадомалағын қазақ балабақшасына беріп, кейін қазақ мектебіне қолынан жетелеп апарса, біз осы жиырма жылда жағдайды түзеп-ақ алған болар едік. Сондықтан қазақ балабақша­лары мен мектептерінің санын көбейту керек. Әсіресе солтүстік аймақтарда олар­дың тапшылығы айқын байқалып отыр. Бұл жолда біз ештеңеден аянбауымыз керек.
– Жақында осы мәселе көтерілген кезде Мәжіліс отырысында «кімде-кім мемле­кеттік тілге қарсы болса, сол адам мемлекетке, мемлекеттік болашағына қарсы» деген пікір айттыңыз…
– Иә, бұған қарсы болғандар да болды. Бірақ «ол орысша мектеп бітірді, қазақ тілін білмейді екен» деп мемлекеттік тілді меңгермегендерді кешіре беретін мінезден арылатын кез жетті. Өйткені мемлекеттік тілді әрбір азамат меңгеруге міндетті.
– Рақмет!

Динара ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Zhetisulyq

    Дұрыс. Қазақ үшін шырылдап жүрген ат төбеліндей ғана азаматтардың бірі, әрі бірегейі Нұртай бауырымыз. Шынында мемлекеттік тілді білмегендерді кешіре беретін уақыт өтті. Енді нақты іске кірісетін кез болды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.