Үш өнердің жүгін өрге сүйреген…

d182d183d180d181d18bd0bdd185d0b0d0bd-1Дүниенің сырын түсінгің келсе өнер адамының өмірін зертте.
Парсы даналығы.

Құлақкүй:

Алладан келген аманат

Сырты нұрлы, іші жырлы бір әлем, сымбатты бөлек сырлы әлем – әдебиет екені анық. Әдебиет – дәуірдің көркем шежіресі, қоғамның барометрі. Ол аз десеңіз бағыт берер бағдаршамы. Уақыттың күретамырын ұстап, дертін дәл анықтайтын да, оны емдейтін де – әдебиет. Осы әдебиет атты әулиеге тәңірісін­дей табынып, оған бүкіл саналы өмірін арнаған туысы бөлек тұлғалы таланттың бірі – бүгінде тоқсан жасы елімізде кеңі­нен аталып өтіп жатқан Тұрсынхан Әбдірахманова. Поэзия патшалығында бекзаттылығымен, ән әлемінде сыр­шыл­­дығымен, ғылым мұхитында даралы­ғы­мен, өмірде даналығымен танылып, көңілдерде сыз емес із қалдырған Тұр­сынхан еліміздің құнарлы бір өңірі Шы­ғыстың жартасты жарып өскен шынары еді, жасынан ән мен жырға құмар еді.
Алдымен М.Әуезов пен Ж.Елебековтің көзіне түсіп, К.Байсейітова мен Р.Қой­шыбаеваның көңілінен шығып – әнші; М.Хәкімжанова, С.Мәуленов мо­йын­даған – ақын; сосын М.Әуезов пен Е.Ысмайлов бағалаған ғалым болып, үш бірдей салада өнімді еңбек етіп, бір өзі үш азаматқа жүк болар ауырды қабырғасы қайыспай көтеріп, Алладан келген аманат – талант дейтін кие­лінің қасиетіне кір келтірмей, өмір бойы қасиеттеп өткен Тұрсынхан Әбдірахманова Қазақстанның Халық жазушысы, лауреат, академик атты биікке көтерілгенге дейін талай тар жол, тайғақ кешуден өтті.

Бірінші хикая:

ҚИЫНДЫҚ ДЕЙТІН ҚАМАЛ БАР, ҚАЙСАРЛАР ЖАРЫП ӨТЕТІН

Ер түріктің ежелгі мекені өр Алтай – еліміздің алтын алқасы, Шығыс Қазақстан – шұғылалы облыс.Тұрсынхан сондай құнарлы өлке, құт мекенде өмірге келген ақын еді, халқына өнерімен жақын еді. Өзі жайлы:
Демеймін биік едім, аласа едім,
Туысым, тегім ерек тамаша едім.
Жұмысшы Әбдірахман мен Кәмиланың,
Ең кенже он үшінші баласы едім, – деп жырлаған Тұрсынхан буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып қатыгез тағдырдың талай тауқыметін тартты. Ауыр тұрмыс, дәрігерлік көмектің дәрменсіздігі он үш баланың онын о дүниеге алып кетті. Ата-анасынан алты жасында айырылған Тұрсынхан басқа түскен қайғысын:
Қайран анам!
О, менің асыл анам,
Еш арманы болмаған ғасыл анам,
Ұл-қыз тудың, тек тарттың тауқыметін,
Тағдырыңның талқысын есіме алам.
Бестемшелеп шашымды өре алмадың,
Күміс жидың, сырға ғып бере алмадың,
Тұңғыш аттап мектептің табалдырығын,
Жазғанымды «апа» деп көре алмады, – деп қаралы жырмен өрді.
Болашақ ақын Тұрсынхан ана сүтінің дәмі аузынан кетпей жатып тексіз, теке сақал Голощекиннің «Кіші Октябрі» әкелген нәубетті де сәби көзімен көрді. Ол жайлы кейін «Өзім айтамын» атты естелігінде былай деп жазды: «Әкем, тағы біреулер екінші сиырды құлатып, аяғын буып, бауыздап қазақша сойды. Өзеннің арғы бетінен қара кезең дейтін қасқайып жатқан қара жолды кезеңнен шұбырған бір топ көрінді. Тұрғындар «апыр-ай, мынау аш-арықтар ғой, құдай сақтай гөр» деп күңіреніп кетті. Сөйткенше болған жоқ, әлгілер бір жиырма шақты қара тобыр, үстері кір, көздері шүңірейген жүдеу, байлап алған бір-бір түйін шүберек, бір-бір консервінің сауыты, шағын шелек. Сойылып жатқан малды көріп әлгі аш-арықтар жүгірсін-ай келіп. Жаңағы сойылған сиырдың қаны, тастаған без, тағы бірдеңелерді таласып-тармасып бірінен-бірі жұлып алысып кетті. Тұрғындар көздеріне жас алысып, күңіреніп тұрды». Мұндай сұрықсыз, суық суреттердің талайын көріп өсті ол. Бірде ауылға бір ағаш белсенді келіп отбасы жан сақтап отырған жалғыз сиырды, енді бірде әкесінің жалғыз атын «үкіметке керек» деп алып кетеді. Жастық шағы аштық пен соғыс жылдарына тап келген қаршадай қыз өзінің Табиғат-ана сыйлаған қайсарлығы мен қабілетінің арқасында талай қиындықты жеңе жүріп еңбегімен елге танылды.
Қиындық деген – қайрақ, оған қаңыл­тырды қайрасаң кетіледі, болатты жанысаң жетіледі. Тұрсынхан қиындықта кетілмеді, атан-анасынан алты жаста айырылып, жетімдік көре жүріп жетілді.

Екінші хикая:

АЛДА БАҚЫТ, АРМАН БАР,
ЕҢБЕККЕР ЕРЛЕР ЖЕТЕТІН

Ешкім ақын-жазушы болып қа­лып­таспайды, талант болып туады. Ақын – Алланың елшісі. Ақынның жыры – жанының сыры. Тұрсынхан Әбдірахманованың:
Жаңғыртып жеті жаста жердің үстін,
Ән қостым дауысына ұшқан құстың, – деп жырлауынан да:
Он үште өлең-пырақ келіп жақын,
Жалына жармасам да білмей затын.
Көп жүрдім көкірегімде тұсап, матап,
Ақыры шықты ойнап бір күн атым, – деп жан сырын жайып салуынан да оның ән мен жырдағы өмір жолы айқын аңғарылып тұр.
«Каждый поэт мечтает написать такое стихотворение, которые хотелось бы читать шепотом» депті Михаил Светлов. Осы сөздің үдесінен шығатын жырларды аз жазбапты ақын анамыз. Соның бірі:
Ұлы сезім,
Сені іздедім.
Білмеймін неге іздедім.
Қалай ғана бұл ойды негіздедім!
Алауы өшкен бұл пәни тірлігіммен
Сен мәңгіге япыр-ай егіз бе едің! – деп бас­талатын «Ұлы сезім» атты махаббат жайлы жыр – ақынның жүрек түкпірінде сақталған сыр.
Если захочешь ты душу мою разгадать,
То перечитай со вниманием эту тетрадь, – деген А.А.Феттің сөзін ойға оралтатын ойлы, мұңлы, сымбаты бөлек сырлы жырларының бірі – «Сабаңа түсте» ақын «ғалам толы махаббат – ұлы сезімді» ұлықтай отырып:
О, ағайын, ендеше, кіналама,
Сүймеу – күнә, ұмтылмау тірі адамға.
Көрсе қызарлық қана жараспайды,
Айнымаудың несі мін ұнағанға? – деп жырлайды. Осынау сезім осы ойға оқушының да ортақтасары зайыр.
ХХІ ғасырдың басында Алматыдағы «Мерей» баспасынан Тұрсынхан Әбдірах­манованың «Сөйле, қалам!» атты жаңа жыр жинағы жарыққа шықты. Сырты қып-қызыл бұл кітаптың іші де – қызыл шоқ, қып-қызыл өрт еді. Ақын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы келеңсіздіктерді, ел мен ердің емес, қарақан басының қамын ойлаған тоғышарларды дауылға тиген өрттей өлеңдерімен өртеді.
Сөйле, қалам!
Сөйле!
Үнсіздік енді жараспас.
Кезеңі келді десем,
Ендігі сөзге
Зерделі кеуде таласпас.
Тәуелсіз елдің өмірі
Тәуелсіз болар әрдайым.
Құл емес қазақ,
Құм асап алғандай
жақ ашпас, – деп жырлаған ақын «бойдағы ашу-ызасын ірікпей, ашына сөйлеп, ақ жарылып, қызармас бетке қызған болат болып қарылды». Ақын:
Ағайындар-ау, бір ауық,
Ашып қарасаңдаршы сөзіңді.
Жеріңе кіріп алғандар
Дербестік құрып ерекше,
Ығыстырып барады өзіңді, – деп те ескертті. Енді бір сәт:
Тыңдаған ақын сөзін Абылай да,
Бөлеген сонысымен абыройға, – дей келіп, «Біразырақ Бұқарша» сөйлеп, «Жәкемшелеп жыр толғап», «Момыннан жаман қорқақ жоқ» деп ескертіп, «Тіктің тәуелсіздік Ақ орда» деп толғанады.
«Сөйле, қалам!» уақытпен үндес туған рухы биік шығарма, қазақ әдебиетінің «алтын қорына» қосылған қомақты үлес!
Тұрсынханның талантын дүйім елге танытқан, оны ақындық пен әншіліктің асқар биігіне көтерген құдіреттің аты – еңбек!
Иә, еңбек! Адал, табанды еңбек бәрін де жеңбек.

Үшінші хикая:

ХАТТАРДА ДА ТАРИХ БАР,
ТАҒЫЛЫМ БАР

Герценнің: «Письмо больше чем воспоминания» дейтіні содан болса керек. Иә, хаттарда да тарих бар, тағылым бар.
Ақын мұрағатындағы аса қымбат қа­зынаның бірі – Қазақстан Республи­касының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың хаты:
«Құрметті Тұрсынхан Әбдірах­манқызы! Сіздің мен туралы жазған поэмаңызды «Қазақ әдебиеті» бетінен оқыдым. Менің өмір жолыма үңіліп, зерттеп, өлеңмен өнерлеп айтқаныңызға көп рақметімді айтқым келеді.
Шынымды айтсам, мадақ пен теңеулерге қарсымын. Мен қазақтың бірімін. Тағдыр мен халқым қиын-қыстау кезеңде осындай жауапты істі маған тапсырды. Сол тапсырманы адал орындап, халықтың ойынан шықсам, арманым – сол!
Әрине, бұл қызмет оңай емес. Күндіз күл­дірмейді, түнде ұйықтатпайды. Барлық шешім маған келіп тіреледі. Бар ауырлық та, жалғыздық та, міне – осында.
Сондықтан түсінгендігіңіз үшін риза­мын. Аман-сау болыңыз. Ұзақ ғұмыр, көп та­быс­тар тілеймін. Н.Назарбаев, ІІ/ІІІ 2003ж.».
Өмір күнде мереке емес. Елбасының хаты ақын көңілін бір сәт көкке көтергенмен, өз сөзімен айтсақ, «өмірі­нің артын қалай түйіндерін білмей бас қатырып жүрген» жалғызбасты ананың көңілін алаң еткен жайлар да аз емес еді. Сол жайлы ол көр­некті мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедке арнайы хат жазған екен. Ол хат та, Мұхаңның жауабы да Тұрсынхан анамыз қайтыс болғаннан кейін ақын жайлы менің жылға созылған еңбегім арқылы жарыққа шыққан «Сырлы әлем» атты («Атамұра» баспасы, 2004 жыл) естеліктер жинағында жарияланғандықтан және мақала көлемі көтермейтін болғандықтан Мұхтар Абрарұлының Тұрсынхан Әбдірахмановаға көзі тірісінде өзіне, қайтыс болған соң кітабының жарыққа шығуына қамқор болған азаматтығын, атымтай жомарттығын айтқым келеді.
Тұрсынхан Әбдірахманованың Иман­ғали Тасмағамбетов, Махмұт Қасымбеков, Оралбай Әбдікәрімов, Сергей Сартаков, Сұлтан Оразалинов, Әлібек Асқаров сынды қайраткерлермен жазысқан хаттарында да адамның тағдыры ғана емес, елдің де тарихы, сан ойлар сансыратып көз ілмеген ақынның жан дүниесінің жарқылы бар.

Төртінші хикая:

КҮНДЕЛІК ШЕРТКЕН СЫР

Әлемнен де күрделі адам жанының құ­пиясын ашатын көп кілттің бірі – күнделік. Өн бойы құпия сырмен құлыпталған күнделік жайлы Тұрсынхан Әбдірахманова өткен ғасырдың жетпіс төртінші жылының сегізінші наурызында «Қойын дәптеріме» атты өлең жазыпты:
Қойын дәптер өлең атты пірім ғой,
Ұясындай жанға ашпас сырым ғой.
Өлең шыңын ойып әкел демесең,
Тек өзіңмен кеңесем.
Күнделік шерткен көп сырдың бірер ғана үзігін оқып көрелік.
1984 жыл
11.09. Сағат төртке (16.00) таман бізге, «бөлім бастығына келіп көріңіз» деп С.Оразалин шақырды. Төртте бардым. Маркен мың болғыр азамат екен. «Өзім ең алдымен поздравить етейін деп шақырдым. Сізге ең тұңғыштармен қатар төрт-ақ адамға Қазақ ССР халық жазушысы деген атақ берілетін болды. Жаңа ғана бюрода бекітілді. Бюродан соң өзім қуантайын дедім» деді. Көп-көп рақмет айтып шықтым. Д.А. Қонаев өте жақсы айтты, «қазақта ондай екі-үш салада еңбек жасап жүрген адам жоқ» деп қуантты дейді.

1987 жыл
19.02. Бұл жылдарды да жазып, аяқ­тамай қалдырғаныма ай болып қалыпты. Амал не?! Не еркек емес, не әйел емес, әрі-сәрі күйкі тірлік, шегіне жеткізбеген арман-үмітпен өткен өмір ғой.
Үйде жалғыз бала болып өсіп, талас-тартыс, қулық, айла-амал жасауды үйренбей өскен басым осыдан көп қорлықты көріп келем. Бірақ жасыңнан үйренбегенді үлкейген­де үйрене алмайды екенсің. Ағымнан жары­лып, ақтарылып, өкініш шеккен өзгеге үйрене алмай қойдым.

1995 жыл
4.08. Бүгін кешке сағат сегіздер шамасында Кабинет Министровтен деп Ә.Қажыгелдиннің мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасары Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов телефон соқты. Бұрын қабылдау сұрағанда уақыты болмағанына кешірім сұрады. Абайдың мерейтойына Семей, Шыңғыстауға баратынымды айтып, оның программасымен таныстырды. Зор алғыс айтып, батамды бердім. Уақыты жоғын телеведениеден көріп жүрміз ғой. Әйтсе де «ұлық болсаң, кішік болға» бой ұрған бір бастық тапқаныма да қуандым.
1997 жыл
9.12. 4-5 ай болып кетіпті. Бұл дәптерді қо­­лыма алмағаныма. Көп су ақты. Көп оқи­ға өтті. Ең бастысы, жан жолдасым, арқа сү­йер тірегім Ғаббасымнан айырылып қал­дым. Ойда-жоқта төбемнен ұрғандай күй кештім…
«Менің өмірбаяным – өлеңдерімде», – депті Сергей Есенин. Тұрсын Әбдірах­ма­нованың өмірі оның өлеңдерінде ғана емес, күнделік беттерінде де өріліп тұр. Өлең мен күнделікке сыймаған тұп-тұнық сезім мен тұңғиық ойлар қаншама десеңші! Ол бір Аллаға ғана аян.
Ақын анамыздың сексенге толуына орай М.Әуезов атындағы театрда өткен тойда оқылған өлеңімде «Енді өзіңді қаһарман демей кім дейміз» деп өзімше өрнектедім:
Он жасында бұлбұл болып сайраған,
Жиырма жаста қайраткер
болып қайнаған,
Отызында орда бұзған ақын боп,
Қырық жаста қылыштайын қайралған.

Елуінде ғылымды өрге сүйреген,
Жершілдікті, жүзшілдікті сүймеген.
Қызғаншақтар тас атса да тасадан,
Көргеміз жоқ кезін оның күйреген.

Алпысында бар әлемге танылған,
Жетпісінде кемеңгерлер табылған,
Сексенде де жастан бетер қайратты,
Жігері бар қиындықта жанылған.

Сексенде де тұғырынан таймаған,
Қайраткерлік қасиетін жоймаған,
Абыз ана, аңыз ана ол бүгін,
Бұқардайын елін ойлап сайраған.

Жеті жастан жетім қалып жетілген,
Ұлы Әуезов қолдаған сен «жетім ең».
Халқы үшін көрсе де, сан қиындық,
Кездері жоқ қайрағанда кетілген.

Сөз түйінін айтар болсақ батыл кеп,
Халық сізді құрметтейді батыл деп.
Қатарынан асып түскен қаһарман,
Бауыржаннан баға алған батыр деп.

Таланттарды көре алмаймыз, күндейміз,
Жабылып кеп сабалаймыз, жүндейміз.
Жеңіп шыққан қиындықтың қандайын,
Енді сені қаһарман демей, кім дейміз?!
Енді өзіңді қаһарман демей, кім дейміз?!
Қазақтың талантты, қанатты қызда­ры­ның бірі, ақын Маржан Ерушова Тұрсын­хан анамыз қайтыс болғанда: «Сексенде де жүрдің хордың қызындай!» – деп гауһар жырмен жоқтады.
Ақын күнделігін Т. Молдағлиев, Н.Оразов, С.Иманасов, Т.Оразбаева, М.Рәшев, С.Тұрғынбеков, т.б. таланттар жақұт жырмен жалғастырды

Бесінші хикая:

АЖАЛДЫҢ ЖАҚЫНДЫҒЫН
СЕЗІП ЕДІ

Жер басып жүрген пенденің өмірі өлшеулі. Алланың ала сызығынан әрі аттау жоқ. Адам әрі кеткенде жүз жасайды. Тұрсынхан анамыздың денсаулығы мықты еді. Сексенде де тұғырынан тайған жоқ. Әртүрлі кештерде бірер рюмке коняк та ішетін, асқақтата ән де салатын. Ажалдың жақындығын сезімтал жүрек сезді ме, кім білсін, өмірінің соңғы күндерінде тынымсыз жұмыс істеп, шығармаларының 8 томдығын баспаға әзірледі. «Жалғыз өзім үлгірмей жатырмын» деп жақын құрбысы, белгілі аудармашы, білікті редактор Күләнда Ұзақбаеваны көмекке шақырды. Баспа мен Жазушылар одағының арасында зыр жүгіріп жүргенде машина қағып кетіп, 2003 жылы қазан айының 11 жұлдызында өмірден озды.
Тұрсынханды төрт моторлы ұшаққа теңеп, ақындығын бір моторға, әншілігі – екін­ші, ғалымдығын – үшінші, ал, азаматтығын төртінші моторға балаған Әзілхан Нұр­ша­йықов ақын анамыз қайтыс болғанда: «Тұрсекең самғаудан шаршаған жоқ. Өмірінің соңғы сағатына дейін төрт моторы тоқтаусыз дүрілдеп тұрды. Енді, міне, ұзақ жылдар қазақ өнерінің аспанында самғаған төрт маторлы ұшақ қалықтап ұшып, жерге қонды. Жерге қонғаннан кейін төрт мотордың екеуі өшіп қалды. Біржола өшті. Ал екі моторы өшкен жоқ. Өшпейді де! Ол екі мотор – Тұрсынханның ақындығы мен әншілігі, 40 шақты кітаптарында қалған өлеңдері мен Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған әсем әндері. Сөзі қалды, үні қалды. Енді қазақ­тың кең сахарасында «Тұрсынхан» атты қос мо­торлы ұшақ самғайтын болады. Мәңгі самғайды» деп жазды. БАҚ-та жарияланған Мұзафар Әлім­баевтың, Тұрсынбек Кәкішұлының, Фариза Оңғарсынованың, Талғатбек Абайділдиннің, Гүлсім Сейілжанованың, Сәбит Досановтың, Қонысбай Әбілдің қоштасу сөздері – іштен шыққан жүрек­жарды сөздер еді. Қанипа Бұғы­баева: «Қош бол, ұлы қазақтың Тұрсынханы» деп етегі жасқа толып еңіреді, ал, Маржан Ерушова: «Қадіріңді елің айтар ертең де, қасиетіңді ертегі қып шертер ме?» – деп егілді.
Әуезов театрының алдындағы алаңда өт­кен қаралы жиынға халық әдеттегіден әлде­қайда көп жиналды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин кіріспе сөзін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көңіл айту хатын оқумен бастады. Қаралы жиын­да мен «Жаным анам, жалау болған жаным­ды ұқ» атты жырыммен қоштастым:
Сен де менің анам едің, абыз ең,
Бір кіндіктен жалқы қалған жалғыз ең,
Қиын тағдыр қыңырайған кездерде,
Өлең болды жанды жазған жалғыз ем.

Тағдырыңнан таяқ жедің, кетілдің,
Тас қайраққа қайралдың да жетілдің,
Өлеңіңді орамал ғып, жан анам,
Жасын сүрттің әлсіз бенен жетімнің.

Сексенде тұғырыңнан таймадың,
Сексенде де ән салуды қоймадың,
Сексеніңде айналдың да абызға,
Сексеніңді еліңмен бір тойладың.

Адал едің көлгірсуді сүймеген,
Қайраткер ең сүйкімсізді түйреген,
Ақын, әнші, сонан кейін ғалым боп,
Үш өнердің жүгін өрге сүйреген.
Қатарыңнан асып туған дара едің,
Ақын едің, кейде аңғал бала едің,
Ел мен ердің сөз болғанда тағдыры,
Бәрімізге жол көрсеткен дана едің.

Күрескер ең мойымайтын қиынға,
Талантыңнан көрдің талай сыйын да,
Жоғын жоқтап, қазағымның, халқымның,
Сөз сөйледің алқалы топ жиында.

Асыл анам, биік ұшқан сұңқарым,
Ойда-жоқта мертікті ғой тұлпарың,
«Елім, жерім» көп сөйлейтін саңқылдап,
Енді қайтіп естілмейді сұңқар үн.

Асыл анам, елдің қамын жеуші едің,
Өмір мәнін адалдықпен өлшедің,
Бір-біріміздің жан дүниемізді ұқтық біз,
Содан да сен мені «ұлым» деуші едің.

Бірде – күліп, бірде – жылап сыр айттың,
Өкініштеріңмен мені бірге мұңайттың,
Анам ғой деп жанымды менің ұғатын
Мен де өзіңе талай-талай сыр айттым.

Енді сені жүреміз біз сағынып,
Өлеңің мен өсиетіңе табынып.
Көзімде, жас, өртеніп тұр өзегім,
Жаным анам, жалау болған жанымды ұқ.
Ажалдың жақындығын сезген ақын өмірінің ең соңғы сәтіне дейін жанұшыра жұмыс істеп, қазан айының қара суығында пәниден бақиға аттанып кетті…

Алтыншы хикая:

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕРЕКШЕ СӘТ

Ол мені «ұлым» деуші еді. Жүректің терең түкпірінен шыққан ол сөздің сірәда естен кетпейтін тебіреністі сыры бар. Сол сырдың бір ұшын Әзағаң – Әзілхан Нұршайықов «Жас қазақ үні» газетінде жарияланған (11.08.2010ж.) сөзінде төмендегіше тарқатып еді: «Жиырмасыншы ғасырдың аяқ кезінде кейін Астана аталған бұрынғы Ақмола қаласында екі ана кездесті. Бірі – Астананікі, бірі – Алматынікі. Екеуі құрдас екен. Сырласып, мұңдасты. Алматылық ана құрбысына қолқа салды:
– Сенің бірнеше балаң бар екен. Мен перзентке зармын. Бір балаңды маған бер. Мен бауырыма салып, өз баламдай көрейін, – деді.
– Қайсысын сұрайсың? – деді астаналық ана.
– Сәбитті, – деді алматылық ана.
Астаналық ана ұзақ ойланып отырды да, басын изеді.
Астаналық ананың аты Мағрипа Әбен­қызы еді. Алматылық ана атақты ақын, әнші, ғалым Тұрсынхан Әбдірахманова болатын. Сөйтіп, сен қос аналы болып едің, Сәбит Аймұханұлы.
Алдымен өмірден өкіл анаң өтті. Ол кісіні тірі күнінде аялап, әлпештедің. Туған анаңдай керемет құрмет көрсеттің. Қайтыс болған соң көп машиналар тізбектеп, өлілер қаласы «Кеңсайға» қоныстандырдың.
Ол кісі өмірден өткеннен кейін сен Тұрсынхан анаң туралы естеліктер жинағын шығардың. Одан кейін шығармаларын жинақтап, төрт томын мемлекеттік жоспарға кіргіздің. Екі томын жарыққа шығарттың. Қалған екі томын баспадан шығаруға тынбай күш салып жүрсің қазір. Оның үстіне қазақ халқына тегіс мәлім болған ардақты анаңа – Тұрсынхан Әбдірахмановаға көше, мектеп, кітапхана атын беруді сұрап, Алматы, Семей, Өскемен қалала­рының әкімдеріне, Шығыс Қазақстан облысының әкіміне Жазушылар одағына хат жаздырып, өзің телефон соғып, күні бүгінге дейін тыным таппай жүрсің. Мұны бәріміз көрдік, бәріміз ризамыз».
Жоғарыда Әзағаң еске алған Аста­надағы әңгімеден соң Алматыға оралған Тұрсекең маған: «Айналайын Сәбитжан, менің ұлым жоқ. Сен менің ұлым бол», – деді. «Апа, бұдан асқан құрмет болмайды. Жүректің оты жеткенше, бұл дүниеден өткенше сеніміңізді ақтауға тырысамын», – дедім мен. Осы әңгімеден соң Тұрсынхан анам арнайы дастарқан жайып, әдебиетіміздің ақсақалдары Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев, Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары Талаптан Ахметжан, Жарма ауданы мәслихатының хатшысы Аманкелді Мұсұлманқұлов және Қазбек Смайлов, Мәдениет Маженова т.б. етжақындарының басын қосып, қонақасы кезінде: «Мен бүгін ұлды болдым. Анасы Мағрипаның және өзінің келісімімен Сәбитті ұлым деп жариялаймын», – деді. Содан соң менің жұбайым Құралайға шапан жауып, маған бақилық болған жары Ғаббас ағаның жүзігін сыйлап, былай деді: «Бұл жүзік – тағдырдың тәттісі мен ащысын бірге татқан жан жарым Ғаббас Садуовтың жүзігі. Бетіме жел болып тимеген ерімнің көзіндей осы ең қымбат қазынамды саған сыйлаймын, Сәбитжан! Осы жүзікке қара да, мені ұмыта бастағандар болса, есіне сал. Мені өзгелер ұмытса да, сенің ұмытпайтыныңа, халқыма да ұмыттырмайтыныңа сенемін». Бұл сөзбен айтып жеткізу қиын ерекше тебіреністі сәт еді.
«Ұлым» деп ет жүрегі еміреніп сүйген анасынан қай перзент қашан аянып қалып еді. Менің де Тұрсынхан анамның сенімін ақтау жолында аянып қалмасым анық.
Аяулы, асыл анам Тұрсынхан! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: Менің қолымнан келері жазу ғой. Өзің жайлы айтылған аз хикая, азат сөз өзіңе сөзбен соғар ескерткішімнің іргетасы болсын. Оның қабырғасын қалап, шаңырағын кө­теру – келер күннің еншісінде. Алла тағаланың аманатқа берген өмірі таусылмаса, ол перзенттік парызымды да орындармын. Бәрі бір Аллаға байланысты. Алла тағаланың әмірінсіз ештеңе болған емес, болашақта да болмасы хақ…

Сәбит ДОСАНОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.