Жасан және оның құрдастары

d0b6d0b0d181d0b0d0bd-d0b5d181d0bad0b0d0b9d18bd180Жыл құсындай зәуде бір ауылға бара қалсам, әуелі көзтаныс замандастарыммен амандасатын әдетім бар. Бұл әуелден белгілі жайт қой. Әйтсе де, біз, соғыс балалары майданнан аман-есен оралған солдаттардың үйді-үйді аралап жүріп, қарттармен, содан соң, ауыл адамдарымен түгел амандасқандарын көрген едік. Қазір де әскер қатарынан оралған жастар солай амандасады. Бұқар жырау айтқандай, «сәлем – сөздің атасы» деген ұғым бар ғой ықылымнан.
Сонау алыс шалғайдағы Атырау об­лысы Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз селолық округінің орталығы – теміржолдың екі жағын ала орналас­қан Сағыз ауылы 10 мыңға жуық тұрғы­ны бар үлкен ауыл. Бұрын кішкентай ауыл теміржол тартылған соң, соғыстан бұрын «Қа­ра­қияқ­ты» аталынған-ды. Кеңес ке­зінде көптеген ұжымшарлар әуелі оңтайландыру, кейін ірілендіру нау­қандырынан өтіп, өткен ғасырдың 60 жылдардың басында алғаш рет кеңшарға бірікті. Содан бері Сағыз, жергілікті тұрғындардың айтатынындай, кентті жерге айналды.
Сол Сағыз селолық округі әкім­дігінің жанынан құрылған ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасан Есқайыров бұл өңірдің өткені мен кеткенін жатып өргізеді. Осыдан үш мың жыл бұрын көне Грекия елінде болған шағын мемлекеттер – он мың адам­нан тұратын полюс-қалалары­ның көнекөз сұңғыла қарияларын­дай, Жәкең де сондай шежіреші, әрбір үйде кім тұратынын, оның жеті атасына дейін шұбыртып, ата кәсібіне дейін айтып бере алады. Оның бір ерекшелігі – осы заманғы зиялы қауым өкілдеріндей, қашан көрсең де тап-таза киініп, галстугін тағынып, сақал-мұртын басып, шашын тарап жүретін әдеті бар. Мұнысы бұрын кеңес-шаруашылық басшылығында көп жыл қызмет атқарғанынан болса керек. Міне, өткен көктемде сол Жасан Есқайырұлымен кездесудің сәті түсті.
– Ассалаумағалайкүм, Жәке! – дедім ауыз толтыра, амандасып.
– Уағалайкүмассалам! – деді ол дауысын соза.
– Сізге де бастаған ісіңіздің Алла берекетін берсін! – дедім мен де амандасқаннан кейін.
Жәкеңмен әңгіме ауаны бірден ауыл қарттарының жағдайына ауыс­ты. Жәкең өңірдегі тыныс-тіршілікті кеңінен көсіле айтты. Әңгімеміздің басы ауылдағы зейнеткердердің жағдайынан сыр шертуден басталды.
– Селолық округте не бары 573 зейнеткер тұрады. Біздің ардагерлер кеңесі – қоғамдық ұйым. Бірінші кезекте елге еңбегі сіңген, қазіргі жарқын өмірімізді орнатқан осынау аяулы қарттарымыздың бәрінің де қабақтарына қаяу түспей, тұрмыс тауқыметін тартпай, бақуатты өмір сүруі – басты назарымызда. Жоқ-жі­тік­ті, жалғызбасты қарияларға қам­қор­лық акцияларын ұйымдастыра­мыз. Қариялардың мүшел тойларын өткізуге хал-қадірімізше атсалысамыз. Біздің селолық округ ізінен Ұлы Отан соғысы жылдары майданға 229 азамат аттанған болатын. Солардың жартысынан астамы от ортасынан оралмады. Қазір үшеуі: Жүсіпов Аралбай, Сәрсенбаев Құрал мен Шоқпаров Кетебай ғана қалды. Бүкіл аудан бо­йынша бес соғыс ардагерінің үшеуі – біздің ауылда тұратын осы қария­лар. Олардың тұрмыс жағдайлары өте жақсы. Оларға жергілікті билік барлық мүмкіндікті жасады.
Әңгіме ауаны одан кейін ауыл­дағы әлеуметтік-экономика­лық жағдайға ауысты. Жасан Есқайырұлы елде болып жатқан жақсылықтардың бәрі ел Тәуелсіздігінің арқасы дейді.
– Таяуда Сағыз ауылына газ келді. Бірінші кезекте газ тұрбасы тоқсан жастағы соғыс және еңбек ардагері Кетебай Шоқпаровтың үйіне тартылды. Село орталығындағы көшеге асфальт төселінді. Ауызсу бұрынғыдан әлдеқайда таза күйінде берілетін болды. Осының бәрі – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының жемісі.
Сағыз бұрынғысынан әлдеқайда өсіп, кең қанат жайып келеді. Мұнда жалпы орта білім беретін екі мектеп пен бір музыкалық мектеп жұмыс істейді. Соңғысында фортепьяно, қобыз, домбыра, би, вокал сыныптары бойынша жоғары кәсіби білімді мамандар сабақ береді. Сондай-ақ үш мәрте халықтық атағын қорға­ған Сағыз халықтық-ұлт аспаптары оркестрінің негізгі құрамы осы Аманбай Өміров атындағы музыка мектебінің түлектерінен құралған және танымал әнші Ғапура Жанбосинова басқаратын «Шұғыла» мәдениет үйі жұмыс істейді. Оның 300 орындық көрермен залы бар. Он екі адамнан тұратын «Әжелер хоры» ауыл мақтанышына айналды. Округ бойынша төрт кітапхана жұмыс істейді, осылайша, ауылымыздың мәдени ахуалы жақсарып келеді. Бас­ты мақтанышымыз – ауыл азаматтары. Белгілі кәсіпкер Құлмағамбет Қо­данов төрағалық ететін «Сағыз» ЖШС – өзін-өзі толық қаржыландырып келе жатқан серіктестік. Алшын Омаров, Рахметолла Әлшенов, Тасболат Ғайниұлы, Оразбек Нұрбаев сияқты жас кәсіпкерлер қажырлы еңбегімен елге белгілі және қайырымдылық шараларға атсалысып жүрген танымал ауыл азаматтары, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жәкеңнің айтуынша, ауылда ұрпақ сабақтастығы, үлкенге құрмет көрсе­ту, бір сөзбен айтқанда, жастарға тәр­бие беру жұмыстары жолға қойылған.
– Округ көлемінде «Жол картасы» бойынша жұмыссыз жастарды сылақшы, аспазшы, құрылысшы және т. б. мамандықтарға оқыту қолға алынды. Жастар арасында салауатты өмір салтын орнықтыруда ардагерлер кеңесі үнемі үгіт-насихат жүргізіп отырады. Жиын-тойларды ішімдіксіз өткізу бізде дәстүрге айналып келеді. Ауылда дойбы, шахматтан ашық турнирлер үнемі өткізіледі. Мұндай жарыстарға қариялар да қатысады. Солардың бірі, құрметті қартымыз, ардагерлер арасынан Қожыров Итеш – шахматтан ауыл чемпионы. Село тұрғындары арасында қоғамдық жұмыста үнемі белсенділік танытатын «Батыр Ана», «Алтын алқа» иегері Сәулеш Жәмилова, қарт дәрігер Жақсыбай Сәрсенов, қарт ұстаздар Аққайыр Молдашев пен Шанықұл Ноғайбаев сияқты ардагерлеріміз зор беделге ие болуда. Ардагерлер кеңесі Сағыз селолық округ әкімі Қанат Қожахметовпен бірлесе отырып, негізгі азық-түлік пен жаз айларында көкөністерге тұрақты баға енгізуді талап етеміз, әсіресе күзде отын-су мен жем-шөп бағаларының аса шырқап көтерілуіне жол бергізбейміз. Жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға өркениетті түрде, осылайша, атсалысып келеміз, – дейді Жасан ақсақал.
– Көптен бері ойымда жүрген бір ұсынысым мынадай: өзіммен бірге бала кезден еңбек еткен Тастеміров Ендешбай, Жүзжасаров Мұқатай, Жаңаев Үкібай, Қойлыбаев Берген, Шаңғаланың Іргебайы, Өскімбаев Бөлекбай, Құлшықов Оралбай сияқты қарттар 40 жыл еңбек өтілі бар аға шопан, тракторшы, жүргізуші болып қызмет істеді. Бұлар соғыс жылдары жеті-сегіз жасынан еңбек етті. Олардың балалық шағы болмады, бірден есейіп, ержетті. Еуропа елдерінде «Соғыс балалары» атты мәртебе бұдан көп бұрын енгізілген. Қазір біз өз алдымызға дербес ел болдық, еліміздің Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай осындай мәртебе белгіленсе, құба-құп болар еді. Себебі елімізде аға буын өкілдері азайып барады. Мұның өзі ұрпақтар сабақтастығы үшін, қазіргі жастар тәрбиесі үшін, әлеуметтік жеңілдіктері емес, қарттардың саяси-моральдық мәртебесін көтеру үшін керек-ақ. Махамбет Өтемісұлы «Арқаның қы­зыл изені басы күрдек, түбі арал, қы­дырып шалар аруана, Еліңде қария болмаса, жастарың болар диуана…» демей ме, – деп ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасан Есқайыров әңгімесін аяқтады.
Үлкенге де, кішіге де қадірлі Жә­кең­ді – Жасан Есқайырұлын бала кезінен білемін. Осы ауылда он жылдықты бітірген соң, еңбек жолын анасы Балапаш қариямен бірге ұжымшардың бір отар қойын бағудан бастады. Кейін Алматы зоотехникалық-малдәрігер­лік институтын бітіріп, 1965 жылы Ле­нин атындағы кеңшарда ферма зоотех­нигінен бастап, зоотехник-се­лекционер, бас зоотехник қыз­метін атқарды. 1977 жылы – Ленин атындағы, 1987 жылы Энгельс атындағы кең­шарлардың, 1992 жылы «Гурьев асыл тұқымды Қаракөл қой зауыты» директорлығына тағайын­далып, абыройлы еңбек етті. 1997 жылы зейнеткерлікке шықты. Ол басшылық еткен жылдары Ленин, Энгельс атындағы кеңшарлар Бүкіл­одақтық, Республикалық халық шаруа­шылығы көрмелерінің «Алтын кітаптарына» енгізілді. Ж.Есқайыров «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен және «Ха­лықтар достығы» орденімен, Бүкіл­одақтық халық шаруашылығы көр­месінің «Алтын кітабына» есімі жазылып, үш мәрте күміс медалімен және үш рет «Тың игергені үшін» медалімен марапатталған. Ол Қызылқоға ауда­нының «Құрметті азаматы». Жаны жайсаң Жасан мен қонақжай зайыбы Сәлима үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бәрі де – жоғары білімді мамандар. Жеті немере тәрбиелеп отырған үлкен әулеттің сүйікті атасы мен әжесі. Жәкеңе – Жасан Есқайырұлына және ауыл ақсақалдарына, Сағи ақын­ның айтқанындай, «Даламның иісі бұр­қырап, Қарттарым, аман-сау жүрші…» деген тілекпен ауылдан аттандым.

Тәжібай Жанаев
Атырау облысы,
Қызылқоға ауданы,
Сағыз селосы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.