Алтын балық

(Әлеуметтік әпсана)

Қайдасың,  қайран қаязым?

Ауымның жібек торына,
Тап болдың қайдан, ақ шабақ?
Тықты ма, қуып сорыңа,
Тап беріп жайын ашқарақ?
Зейнолла Шүкіров

Алтын балықты жалпақ әлемге Александр Сергеевич Пушкин танытты. Ел аңызының желісімен ертегі-жыр жазды. Оны талай ұрпақ оқып, ер жетті. Әлі күнге дейін оқылып келеді. Келер заманда да оқыла береді. Пушкиннің өлмейтін һәм өшпейтін кейіпкерлері сияқты оның балық екеш балығына дейін мәңгілік екен. Сол алтын балық Пушкиннің шығармасынан сытылып шығып, талай дүниеге өзек болды. Арқалы ақындар оны өз туындыларына арқау етті. Ақтөбелік ақын Ертай Ашықбаевтың «Кемпір-шалды басқаша жырладың деп, Пушкин жолдас, сен мені кінәлама» деген өлең жолы бар еді.
Ілгеріде алтын балық туралы ерте­гі айтылатын. Қазір алтын балық анекдот­тың арқауына айналды. Елдің арасында ең көп айтылатын анекдоттың бірі – осы. Нұсқа­сы өте көп. Желісі – бір, тек мазмұндауы әртүрлі. Ол көбіне-көп бір кәсіпкердің құрған ауына түседі. Теңізден шыға келеді де, кәдімгі адамша тіл қатады. «Мені қоя бер, сенің үш тілегіңді орындаймын». Пушкиннің кейіпкері алтын балықтың алдында именіңкіреп, күмілжіңкіреп сөйлейтін еді ғой. Ал бүгінгі бизнесмендер балықтан өзін биік ұстайды. Шіреніп тұрып, шекесінен қарап сөйлеседі. Ақшаны уыстап шашатын кәсіпкер оған ойына не келсе, соны айтады. Балық байғұс жанталасып, дереу орындауға кіріседі. Халықты алдап үйренген бизнесмен енді балықты да алдағысы келеді. Анекдот осы төңіректе өрбиді.
Еріккен кәсіпкердің алтын ба­лыққа айтпайтын тілегі жоқ. «Банк­тен валюта­лық есепшот ашып бер», – дейді. «Зәулім сарай сал», – дейді. «Бала-шағаммен бірге Гавай аралдарына жеткізіп таста», – дейді. «Қызымды Гарвард университетінің докторантурасына түсір», – дейді. Кәсіпкер кейде алтын балыққа қандай тілек айтарын білмей қиналады. Өйткені оның қолы жетпеген нәрсесі жоқ. Мәселесінің бәрі шешілген. Тіпті ол орындауға алтын балықтың өзі қиналатын тілекті де айтыңқырап жібереді.
Мынадай да бір нұсқасы бар. Кәсіпкер алтын балыққа: «Екі әйелімнің арасы соңғы кезде дұрыс болмай жүр. Күнде бір-бірінің шашын жұлады да жатады. Әбден шаршадым. Соны бірдеңе ғып жөндеп берші», – депті. Сөйтсе, балықтың өзі шошып кетіпті. «Ойбай-ау, мынауың өте қиын шаруа ғой, басеке. Басқа бір тапсырма берсейші…». «Жарайды, онда даулы болып жатқан үлестік құрылыстағы бес-алты пәтерімді алып бере ғой». Сонда балық былай депті: «Бұл енді алдыңғысынан да қиын екен. Одан да ана екі келіншекті татуластыра салайыншы». Көрдіңіз бе, өзі де, өлеңі де бекзат Пушкин заманындағыдай емес, бүгінгі дәуірдің балығына дейін қу болып алған. Кәсіпкердің ығына жығылып, аңысын аңдап сөйлейді. Қазіргі кезеңдегі тіршілік түйткілдерінің әбден шиеленісіп кеткені соншалық, кейбір мәселені шешу қолынан келмейтіні жоқ алтын балықтың өзіне қиын болып қалғанын жұқалап жеткізеді.
Аралдың қолтығындағы балықшылар ауылында туып-өскендіктен балық пен теңізге қатысты шығарманың бәрі бала кезімізден санамызда жатталып қалды. Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбеті» жарық көрген соң Қаратереңнің бүкіл итінің қадірі артып кеткен секілді болды. Образды атау болса да, санамызға тікелей қабылдадық. Біздің ауылда не көп, тарғыл төбет көп. Теңіз жағалап жүгіргенде шетінен алдына жан салмайды. Тек теңізді ғана емес, дария мен көлді, шалшық пен шөлді де жағалап жорта береді. Бірақ бәрібір біздің иттер біртүрлі… Анадай атақты туындыға атау болуға ешқайсысының деңгейі жете қоймайтындай көрінеді. Басы салбырап, көзі алақтап, тілі салақтап жүретін менің туған жерімнің төбеттері Шықаңның шығармасына шартты атау болып тұрған шаршауды білмейтін жаны сірі иттен гөрі: «Енді күнің не болады, тарғыл-ау, Мойныңда жүр бауыр басқан қарғы бау», – деп жырлаған жетісулық ақын Әбен Дәуренбековтің өлеңіндегі мінезділігінен марғаулығы басым төрт аяқты жануарға көбірек ұқсайды.
Оның есесіне, біздің балығымызға балық жетпейді. Балықтың жеті атасы бар бізде. Жағалауда тұрған жанды құйрығымен соғып құлататын жалпақбас жайыннан бастап, алақаныңның ішіне ер­кін сыйып кететін титімдей тортаға де­йін арал­дықтардың қонақжай дастарқаны­нан үзілмейді. Ақбалық пен сазан, дөңмаң­дай мен тістінің дәмін бір татқан адам­ның бұл өлкеге қашан да аңсары ауып тұрады. Ал Аралдың майы сорғалаған қасиетті қаязы теңіздің киесіне баланатын еді. Ес біліп, етегін жапқан балықшы ауылдың баласы қазы мен қаязды қатар қойсаң, алдымен қаязға қол созатын. Бұл балық қиын-қыстау жылдарда елді асырады. Аралдықтарды аштықтан аман алып қалды. Қаяз қоғамдық өмірге де белсене араласты. Қақталған қаяз талай мәселені шешті. Талайдың аяғы жете қоймайтын Мәскеудегі мәртебелі министрліктерге Алматының апорты мен Қызылорданың қаязы еркін кіретін. Бірақ апортты апшып, қаязды қақшып алып, кекірік атқан генсектер мен келімсектер Аралдың бар тамырын қырқып, өзін құрдымға жіберді. «Сібір өзендерін сендерге қарай бұрайық деп жатырмыз», – деп талай жыл алдады. Оған бала біз түгілі мына тұрған Аманөткелде туған жаны жайсаң Жарасқан ағамның өзі кәдімгідей сеніп, «Жағасына шығып қалған шалаңы, Теңіздердің ашылады таланы, Қандасына донор болып қарт Сібір, Арал қайта арнасына толады», – деп оптимистік өлең жазды. Қайдан… Сібірден су келмеді. Асау толқын жағалауды тастай қашты. Соған өкпелеген қаяз да теңізден ерте көзін жоғалтты. Арал жастарының қазіргі буыны бір кезде сондай бір бағалы балықтың болғанын еміс-еміс қана біледі. Атауы «Қызыл кітапта» ғана қалған, қақталған кезінде сары жез секілді сағағы жалт-жұлт етіп тұратын сол қадірлі қаяз Аралға қайтып оралса, баяғы алтын балықтың өзі қолға түскенмен бірдей болар еді.

Айтылмай
қалған үш тілек

Бұлқисың тұрмай, балдырған,
Бұл торға қалай болдың кез?
Құйғандай бейне таң нұрдан,
Көк жақұт мойын, мөлдір көз.
Зейнолла Шүкіров

Бала кезімізде біз алтын балықты көп іздедік. Өйткені ол заманның баласы аңыз атаулының бәріне иланып, ертегі атаулының бәріне сенетін еді. Жақұтқа құмар жиһангездей жалықпай жүріп, жағалаудан қараймыз. Балықшының қара қайығына, балықшының әйелінің балық толы астауына үңілеміз. «Толқын лақтырып тастаған жоқ па екен» деп, жиек­тегі шуда-шуда шалаңның астын да түрт­кілеп көреміз. Жоқ, таптырмайды.
«Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» төңіректің бәріне басқаша қарауды үйретті. Ондағы оқиғаны өз тіршілігімізбен салыстырамыз. Қайық үстінде ығып бара жатқан қамсыз балаға жанымыз ашиды. Айтматовтың Мылгун-толқынын Аралдың ақжал толқындарына ұқсатамыз. Біздің қиялымызды тербеген алтын балық Шықаңның Балық-әйелінен ғана туатын сияқты көрінетін.
Баяғыда пролетариат көсемі Ленин Арал ревкомының төрағасы Төлеген Медетбаевқа хат жазып, Еділ бойында аштықтан бұралып жатқан балалар мен қарттарға азық-түлік жіберуді сұрағанда дарияның арғы бетіндегі Бөген ауылының бейнетқор балықшылары тыным көрмей теңізді сауып, бір тәулікте он төрт вагон балық жөнелткен-ді. Апыр-ай, біздің ұзақ іздеген алтын балығымыз сол күні-түні асығыс ауланған балық нөпірінің ішінде Повольжеге кетіп қалған жоқ па екен?! Ленин көкем де қызық, алас-қапаста өстіп шұғыл тапсырма бергені несі?!
Ертегі десе, елең ете қалатын бала кезімде алтын балықты ұшырастыра қалсам, менің оған айтатын үш тілегім дайын-ды. Қалай бастап, қалай жет­кізетінімді баяғыда жұптап қойғам. Өзінің айналасындағыны ғана көретін бас­тауыш кластың баласының тілегі қандай болушы еді?! Теңіз жағасын мекендеп, балық жеп өскен менің кластастарым шетінен ірі болып келеді. Олардың ішінде менен күштілері жеткілікті. Тіл мен жаққа сүйеніп, класты сөзге ұйытуға жарағаныммен ылғи басбұзардың басын қосып, басқару оңай емес. Сондықтан бірінші тілегім, алтын балыққа өлердегі өтінішімді айтып, желкесі күжірейген Рүстем Құлмұратовтың орнына класқа «атаман» болу еді. Гүлбарам Әжмолдаева секілді староста болуға құлықты емеспін. Әліме қарамай «атаман» атанғым келеді. Өйткені әлгі балық демеп жібермесе, өз бетіммен қаршадайынан қара жұмысқа жегіліп шыныққан баланың бәрін алып та, шалып та жығатындай шамам жоқ. Сосын… Менің әжем өмірі белі бүкірейіп, екі бүктетіліп жүретін кішкене ғана қара кемпір еді. Мұндай күйге қашан және қалай түскенін білмеймін. Әйтеуір мен көргенде ол кісі осындай болатын. Ол үйге таяққа сүйеніп, әрең кіріп-шығып жүргенде қатты жаным ашитын. Сондықтан алда-жалда алтын балық қолыма түсе қалса, осы Імия әжемнің белін жөндеп беру мәселесін арнайы көтермекпін. Үшінші тілек енді туған ауылыма арналады. Мына біздің Қаратерең атам заманнан бері жасыл желек жағынан ұятты. Даламызға да пішеннен басқа ештеңе шықпайды. Оның өзіне ала жаздай орақ салып, тып-типыл етіп кетеміз. Шөбі жоқ, шөңгесі көп, құрғақшылық жайлаған біздің ауылдың жапырағы жайқалған тал-терекке малынып тұрғанын көру арман-ды. Алтын балыққа айтатын үшінші өтінішім осы көгалдандыру мен суландыру мәселесі болмақ.
Ол осы үш тілекті ғана тыңдап алып, теңізге қайтадан шолп етіп кетіп қалмайтын шығар. Одан соң да ептеп тілге келетін болар. Олай болса, тағы да бірдеңе айтып қалар едік… Сол жылдардағы бүкіл баланың сауат аша сала мектеп оқулығынан қызыға оқитын екі көркем дүниесі бар-ды. Бірі – Бейімбет Майлиннің «Күлпашы», екіншісі – Сәбит Дөнентаевтың «Көркемтайы». Бірі – ашаршылық, екіншісі – жетімдік туралы әңгіме. Бұлар – адамды еріксіз жылататын шығармалар. Оқып алып, кейіпкерлерін керемет аяймыз. Тіпті олардың кейіпкер екенін де ұмытып кетеміз. «Алтын балық тағы басқа да тілектерге мүмкіндік беріп жатса, Күлпаш пен Мақсымға қап-қап азық-түлік жеткізіп, Көркемтайға күн са­йын паналайтын жер тауып берсек» деп армандаймыз. Қайран бала көңіл. Қиялдағы алтын балықты аманат айтатын депутат деп ойлап қалғанбыз ғой… Бәрібір миымыздан шықпайды. Түнде оны түсімізде көреміз. Енді теңіз жағасында толқынмен таласып өскен баланың түсіне балықтан басқа не кіруші еді?!
Теңізге қанша телмірсек те, алтын балық ауға түспеді. Сондықтан оған тілек айтудың реті келмеді. Алтын балық түгілі жай балықтың өзі сағағын ұстатпай кетті. Сөйтіп, мен «атаман» бола алмадым. Әжем болса, белі бүгілген күйі өмірден өтті. Ал ауылым жайқалған жасыл ор­манға айналмады.
Алтын балық біз түгілі өмірі несібесін теңізден терген әйгілі балықшылардың ауына да түспей кетті. Оны бір ұстаса, Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне қата­рынан екі рет депутат болып сайланған Дүйсенбі Қалабаев ұстар еді. Ақбалықтың та­лайын топтап топырлатқан Дүйсекең­нің то­рына алтын балық жоламады. Да­рияның арғы бетіндегі Бөген ауылының аты аңызға айналған балықшысы, кеудесіндегі орден-медалі ауының қалтқысынан да көп Бапан Кемаловқа да бұл балық бұйырмады. Біздің осы атақты екі ағайдан да тегеуріндірек тағы бір тарлан, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нарғали Демеуов те оны олжалай алмады. Арал өңіріне аты мәлім әйел балықшылар – Ұштап Өтеулиева мен Күлпаш Бисенованың теңізге салған ауына да алтын балықтан басқаның бәрі ілінді.
Сөйтіп, сағағы жалтыраған алтын ба­лық ұстатпады. Қара қайықты қара нардай бұйдалаған ағаларым мен апаларымның бәрі де баяғыда көк теңізбен қош айтыс­ты. Сонда да іздеуді қоймадық. «Алтын балық емес пе екен» деп ауға түскен басқа балықтың бәріне қараумен күн өткіздік. Ал балық болса, үндемейді. Желбезегі баяу қимылдап, көзін бір ашып, бір жұмып, көтеріліп-басылып жатады да қояды. Балық бірдеңе айтатын болса, бұрынғы министр, қазіргі депутат Гүлжан Қарағұсова биік мінберде тұрып: «Тілі бар халық – халық, Тілі жоқ халық – балық», – деп мақалдап сөйлер ме еді…

Еламан сүйек
кетті деп…

Жаутаңдап маған мөлдір көз,
Қаққан сәт күміс қанатты.
Кетіппін толқып сол бір кез,
Босаттым тордан шабақты.
Зейнолла Шүкіров

«Көлдерде жүзіп жүрген балықтар-ай, Сендерсіз күн көреді халық қалай?» – деп менің Еркеғали Болатұлы деген сықақшы інім айтқандай, Аралдың балығы бүкіл елге азық болды. Қабыршағы сары алтындай жалт-жұлт еткен қаяз жарықтық Алматы жаққа күн сайын аттандырылып жатты. Қақталған қоңды қаяздың біреуін дастарқаныңа қойсаң, кішігірім бір тоқтының етін жегендей боласың. Қазыдай майлы, қартадай дәмді қаяз қаймана қазаққа күш береді. Біздің жақта «Бала емес, балық оқиды» деген қанатты сөз бар. Сары қаяз сырттан оқитын сырттандарды сессияның сынақтарынан сүрінбей өткізді. Бұл қаяз білімінен ілігі мықтылау талай ұл-қызға қатырма қағаз алып берді.
Арал аймағының тыныс-тіршілігінің бәрі балықпен байланысты еді. Сол жылдарда аудандық «Толқын» газетінің мақалаларынан да балықтың иісі шығып тұратын. «Береке – балықтан, бастама – халықтан», «Теңізден маржан сүзгендер», «Қара қайықтың қасиеті», «Балықшының баласы», «Алты құлаш ау болса…», «Ескекті кімге қалдырам?», т.б… Міне, басылымдағы жарияланған дүниелердің тақырыптары осындай болып келетін. Газеттің сатиралық бетінің өзі «Қармақ» деп аталады. Көз ашқалы көргеніміз балық болған соң біз де жетінші класс оқып жүргенде «Қазақстан пионері» газетіне жазған алғашқы мақаламыздың атын «Балық тізуге барғанда» деп атадық. Мектеп оқушыларын ауық-ауық ауыл шаруашылығына жегетін жылдарда бізді балық зауытының цехтарына жіберетін. Сонда отырып, тау-тау болып үйіліп жатқан шабақтарды көзінен жіпке тізетінбіз. Одан әрі ыстауға жөнелтіледі.
Ауыл үйдің негізгі асының бәрі балықтан жасалады. Үлкендер жұмыстан қайтарда асым балық ала келеді. Көзі мөлиіп жатқан момақан мөңкені не асып жейсің, не қарма қыласың. Қарма – қаратереңдіктер ғана аса дәмді етіп да­йындай алатын ерекше тағам. Әлемнің талай елінің топырағына табаным тиді, бірақ бұған ұқсас тағамды көрген емеспін. Ауыл адамдары отының басын асым балықтан тарықтырмау үшін теңіз бен дарияға жылым салады, тереңге қабадан тастайды. Кешке қарай тапқан олжасын қайығының ұлтанына үйіп, ескегін есіп, азынаның үстінде әндетіп келе жатады. Қаратереңдіктер қармақ салуды көп үрдіс қылмайды.
Қас қарая балықшылар ауылының бүкіл баласы дастарқанда бас түйістіреді. Білте шамның жарығымен жағаласып отырып, асқан балықты жабыла жейді. Біздің ауылдың адамдарының балық жегені керемет. Балықтың майлы кеспесін езудің бір жағынан енгізіп жіберіп, екінші жағынан сүйек-саяқ пен тікен-қылтанақты жылан жалағандай тап-таза етіп шығара береді. Ауыз емес, станок дерсің! Мұны тек көзбен көру керек. Үйренбеген адамға, әрине, азаптың азабы. Сырттан келген қонақ аңтарылып, аузын ашып қарайды да отырады. Бүгінгіше айтсақ, нағыз инновациялық технология. Жаңа технологияны екінің бірі игере қоймайтыны белгілі. Кейде балық жеп отырған біреу жайлап қана тамағын кенеп, жеңіл жұтынады. Бұл – оның көмейіне тікен кетіп қалды деген сөз. Алғашқыда оған ешкім онша мән бермейді. Бірі – сорпа ұсынады, екіншісі – нан береді. Сонда да әлгінің жөтеліп-жөткірінуі жиілеп, мазасыздана берсе, отағасы сабыр сақтай оты­рып, жан баласына білдірмей, дастарқан үстіне үйілген сүйек пен қылтанақтарды көзімен түгелдейді. Соның ішінде еламан сүйек жатқан болса, еш нәрсеге алаңдамай, балық жеуін әрі қарай жалғастыра береді. Себебі балықтың басқа сүйегі не әрі кетеді, не бері шығады. Ал еламан сүйек кетіп қалса, жақсы болмайды. Балықтың сағағының тұсында болатын екі жағы үшкір, ортасы жалпақ, ұзындығы үш елідей ғана кішкене сүйек талайдың түбіне жеткен көрінеді. Бетін ары қылсын, көмейге бір ілінсе, екі жаққа қадалып алып, айналып тұра береді екен. Соған байланысты айтылған болуы керек, біздің жақта «еламан сүйек кетті деп, еліңе сәлем айта бар» деген сөз бар. Арал аймағында Еламан деген аты бар жігіттер жеткілікті. Бас Еламан болса, «Қан мен тердің» ішінде жүр…
Теңіз беткейдің тұрғындары жалпақ жайынымен де мақтанатын. Сол мұрты салбыраған маңғаз жайынның баласының қалай аталатынын білесіз бе? Лақа дейді оны. Тіпті біздің өңірде Лақалы деген ауылдың атауы бар. Екі тілде бірдей хабар жүргізетін танымал тележурналист Дана Нұржігіт – сол Лақалының қызы. Арал майлы шабағымен ғана емес, мазасыз шортанымен де танымал. Бірақ төңірегіндегілерді түрткілеп жүретін жыртқыш шортан соншалықты бағалы балық болып саналмайды. Осыған орай «Сазанның басы – сары жалқаяқ, оны әкеме бер. Шортанның басы – шоркемік, оны күйеуге бер» деген сөз қалған. Кейін Аралдың суына жіберілген қылыш ба­лық пен жылан балық айдында ойнақ сала бас­тады. Бұл жыртқыш балықтарды ешкім де дастарқанына жолатпайды.
Балықшылар есепке жүйрік емес ескілеу заманда жағалауда алқа-қотан отырып, аулаған балығын «бір маған, бір саған» деп бөлісіп алады екен. Ешкім де өкпелемейді. Аралдың байырғы арифметикасы әділеттілікке негізделген. Бір-бірін сабырға шақырғаны да қызық. «Бұл не дау, балық бөлісе алмай жатырсыңдар ма?» – дейді. Олар қыстың көзі қырауда мұз астынан балық аулайды. Саусақтары домбығып, әбден тоңған кезде қос қолымен өзін қаусырып, құлаштап тұрып сабалап ұрады. Сөйтіп, жылынады. Қыстай аулаған балығын жаздай ауылдың мұзқаласында сақтайды. Мұзқала дегеніміз – қолдан тұрғызылған алып тоңазытқыш-ғимарат. Оның ішінде тау-тау балықпен бірге кесек-кесек мұз да үйіліп жатады. Осы бір табиғи тоңазытқыш қақпасынан кірген нәрсенің бәрін тастай қатырады.
Міне, осындай береке қонған ауыл­дың балаларына алтын балықтың ұстататын жөні бар еді. Бірақ ол көрінбеді біздің жағалаудан. Балықты айтасың, жағалаудың өзі де бірте-бірте ауылдың шетінен шегініп кетті…

Өмір – теңіз,
біз – кеме

Қайығым толы тыранға,
Осы бір тұстан күнде өтем.
Жем болмай жыртқыш бір аңға,
Ақ шабақ аман жүр ме екен?
Зейнолла Шүкіров

Балықшылар аулының әні былай болып келеді: «Өмір – теңіз, біз – кеме, Жүзіп келе жатырмыз. Қыздар – балық, біз – балықшы, Сүзіп келе жатырмыз». Қыз-қырқынға қаратып осындай өлең айтамыз. Қайтейік, көрген-баққанымыз – сол. Мектепке келсек, мұғалімдеріміз: «Көздерің өлген балықтың көзіндей болып алып, дым сабақ оқымайсыңдар», – деп ұрсатын. Сол сабақта: «Айналайын, білетін мақал-мәтелің бар ма?» – дегенде келтіретін мысалымыз да дайын. «Өлмегенге өлі балық кездеседі», – деп қойып қаламыз. «Тақпақ айт», – десе, «Ақ балық, ақ балық, Қармағымды қап, балық», – деп сайрай жөнелеміз. Анекдотымыз бен бірқақ­пайларымыз да осы тақырыпқа орайлас: «Аралдың суы қанша шелек болады? Егер Арал сияқты дәу шелек табылса, бір-ақ шелек болады». Оның айтасың, біреуді келемеждеп, мазақтауымыз да сол балықтың төңірегінен ұзамайды. «Әбдіхалық, суда балық, Суға барып, қармақ салдық, Сазан балық ұстап алдық, Сорпасына тоймай қалдық. Қармасына тойып қалдық. Одан кейін Әбекеңді, Құлақ шекеден қойып қалдық», – деп сұңқылдап тұрамыз. Өзімізден үш-төрт жас үлкен ағамыз Әбдіхалық Жанжұмаев бізді әлі жеткенше қуалайды. Сөйтіп, таза балықтанушы болып өстік.
Бұл өңірдің кез келген қазағының қалжыңы қылыштай қиып түседі. Бір шопыр жұртты жинап алып, әңгіме айтып тұр. «Екі күннің ішінде сегіз үйге қонаққа барып, бас жедік. Сегізіншісі – Балық батырдың басы». Бір үй бастығына мал соймай, балық асып берген. Соны ептеп қана мысқылдап тұр. Оның өзі – байлыққа байланысты мысал.
Бүкіл болмысымыз, осылайша, теңіз­бен тамырласып, балықпен бауырла­сып кетсе де, алтын балыққа қол жетпеді. Қаратерең­нен шыққан киноактриса қыз Гүлназ Омарова «Қазақфильм» киностудия­сы түсірген «Алтын бекіре» деген фильмде басты рольде ойнады. Алтын балықтан сонда да хабар болмады. Бесіктен белі шықпай жатып балықшы болған менің кластасым Аққасен де ұстай алмады ол балықты. Қазір де ол осы кәсіппен айналысады. Інісі Үрдем екеуі дарияның жағасында тұрып, қазанынан ауысқан балықтарын қалалықтарға сатады. Ол алтын балықты іздеген де емес. Оған оның керегі де жоқ. Ал егер қолына түсе қалса, тілек айтып та әуре болмайды. Тек тәуір тауар ретінде сәл қымбатқа сатып жіберер еді.
Қазір Аралдың көптен бері еңсесін көтерген шағы. Қолдан бөгеп жасаған ғасыр жобасы – Кіші Аралдың ауқымы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Балығы тайдай тулайды, шағаласы шаңқ-шаңқ етеді. Кіші Аралдың үлкен қамқоршысы, белгілі жазушы Сайлаубай Жұбатыров Алматыдағы қызметін тастап, Сыр өңіріне баяғыда көшіп келген. Бір кезде «Алыстағы аралдарды» жазып, бүкіл баланы теңізге қарай өргізген Сайлаубай ағам бүгінде көк теңіздің бір бөлігін көз алдымызда көлбеңдеткен Көкаралдан көз алмайды.
Арал ауданының әкімі Нәжмадин Мұсабаев қаланың ортасына балықшы мен балыққа ескерткіш орнатты. «Теңіз қайтып оралсын» деп ырым еткені шығар. Қаратереңде ел аузына қараған екі жанкешті азамат бар. Бірі – ауыл әкімі Құдабай Жиенбаев, екіншісі – мектеп директоры Кешубай Маханов. Бұл екеуі де билікті ұзақ жыл бойы ұстап отыр. Өтпелі дәуірдің ойлы-қырлы кезеңінен сүрінбей өтіп, тілі – жүйрік, ойы – озық, қимылы – текті, қолы епті қаратереңдіктерді ың-шыңсыз басқарып келе жатқан мұндай жігіттерді тек қана құрметтеу керек.
Осыдан бес-алты жыл бұрын Арал өңірінде ешкім күтпеген ерекше оқиға болды. Қазақстанның бұрынғы Балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов туған жеріне қайтып оралды! Туған жер болғанда, облыс орталығына не аудан орталығына емес, кәдімгі өзінің кіндік қаны тамған Аманөткел ауылына қоныс тепті. Бастапқыда бұған бәрі «О, несі» дегендей таңғалып, таңдай қағысты. Зейнетке шыққан ағамыз ауылда жай тынығып жату үшін келмепті. Шынында да, экс-министр қасына бұрынғы екі-үш министрді ертіп алып, ел жағалап, балық жеп, шұбат ішіп жүрсе де ешкім қой демес еді. Бірақ ол тоған шаруашылығымен айналысып, баяғы нәсілі асыл қаяз балығын өсірмек көрінеді. Оны сәл ғана қоңдандырғаннан кейін теңізге жібермек. О, тоба, о заманда, бұ заман, министр болған адамның аядай ауылда балық өсірумен айналысқанын көргеніңіз бар ма?!
Бұл жаңалық маған қатты әсер етті. Ол кісіні жақсы білетін едім. Бір кезде «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінің бас директоры Құдайберген Саржановтың қарамағында жұмыс істегенмін. Басшымыз өте тынымсыз адам еді. Біресе жұмысшылардың арасында, біресе ғимараттардың төбесінде жүреді. Ілгеріде құрамына біздің Қаратерең де кіретін Қуаңдария балық аулау базасын басқарған-ды. Бір күні бірлестіктің үлкен-кішісі шу ете қалды. Құдайберген ағам министр болып тағайындалыпты! Содан табаны күректей он жыл бойы орынтағында тапжылмай отырды.
Студент кезімізде Құдайберген аға­мыздың талай шарапатын көрдік. Бізді баласынбай қабылдап, баласындай сырласатын. Сондықтан кабинетіне еркін кіріп, еркелеп жүретінбіз. Бұл біздің өзіміз өз болғалы көрген алғашқы министріміз еді. Қонаевтың қолтоқпақтай сенімді серігі балық шаруашылығын биік белес­ке көтерді.

* * *

Содан бері көп жыл өтті. Біз алтын балық туралы ертегіге сенетін жастан әлдеқашан асып кеттік. «Алтын балық, ақпа балық, Қармағымды қаппа, балық.Сен көп болса, үш тілегімді орындайсың, Ал менде үш мың тілек жатқаны анық», – деп кертолғау айтқан Есенғали ақын­ша қолды бір-ақ сілтегенбіз. Тіпті оны ойлауға уақытымыз да жоқ-ты. Бірақ «Құдайберген Саржанов елге оралды» дегенде баяғы бала қиялдың миымызға таңбаланып қалған көріністері қайтадан қылаң бергені… Енді ол маған туған ауылына барып, өз қолымен қаяз өсіріп жатқан Құдайберген Саржановтың салған ауына ілігетіндей болды да тұрды. Шынында да, бетін бері бұрған көк теңізге қасиетті қаяздың келгенінің өзі алтын балықтың қолға түскенімен бірдей емес пе?!
Ал алда-жалда алтын сағақ ақ шабақ тіл қата қалса, бұрынғы Балық шаруашылығы министрі дәстүрлі үш тілектің орнына:
– Аралды толтырып берші! – деген жалғыз-ақ тілек айтар еді…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.