Есіл көктемі

Мір ШайырҒұсни пәтер есiгiн кiлтiмен ашып кiре бергенде Сәбина оқып отырған қағаздарын пап­касына салып үлгерген. Қағаздарда әзiр еш­кiмге айтуға болмайтын құпия барын Ғұсни сезе қойғанымен, ештеңе аңғар­мағандай, жайдары қалпында төрге оза, хабарын жеткiздi:
— Рамиля айтқан жас құрылысшымен кездестiм. Өзi сондай шынайы жан екен. Әңгiмелесiп, кiдiрiп қалдым.
—Жаңа толғаныстармен келдiм де, – деген Сәбина, шындығында, әлгi қағаздарда жазылған өлеңдердің әсерiнен әлi айыға қойған жоқ-ты.
Бозғылт-көк жiбек шалбарын, кофтасын тезiрек шешiп, халатын иығына iле салған Ғұсни асүйге асықты. Сөйлеп барады:
— Асқазаным қыңсылап тұр. Тамақтанып алмасам, шыдатар емес.
Ғұснидың соңын ала жүрген Сәбина:
— Күрiш бөрiттiрiп қойғам. Пiскен тауық бар. Мұздатқышта, — деп келедi.
Ғұсни тағамдардан шақтап табақшасына салды да, жылытып алмаққа микротол­қын­ды пешке қойды. Шәйнектегi су әлi ыс­тық екен, бокалына құйып, сүт қосылған какаоны қасығымен араластыра бере, ойланып қалды. Қасындағы Сәбинамен емес, көкейiндегi басқа бiреумен пiкiрлескендей:
— Сан түрлi тағдырлар. Әрi аянышты, әрi өнеге тұтарлықтай. Не деген әрi жұпыны, әрi бай, әрi жасқау көрген жалтақ, әрi асқақ ел едiк, — дедi. Ол осы жас өмiрiнде өзi куә болып, көңiлiне түйгендерiн әлгiнде жылытуға ас қойған микротолқынды пеш пен көзiнiң арасындағы кеңiстiкке бiртұтас жинақтай, телмiре қарап отырған секiлдi едi.
Пiскен күрiштен, тауық етiнен аузына бiр-бiр салды да:
— Есiмi Қорған. Алайда өзi қорғансыз. Сөйте жүрiп жақындарына пана болғысы келедi, — дедi.
Ғұсни Астана құрылыстарына атсалы­сушы бiрнеше зауыт, кәсiпорынның қызметiмен танысып, оларды кеңейтiлген очеркте бейнелеп көрсетпек-тi. Алдыңғы күнi бетон құрастырмалары зауытында бұл сұратқан мәлiметтердi кабинетке есепшi Рамиля әкелгенi. Оның Астанада екенiн бiлмейтiн. Жылыұшырап, шүйiркелесе кеттi. Қорған жайлы сол айтты. Зауыт басшылығын да хабардар етiптi.
Ғұсниға серiк болып Сәбина да какао iшуге кiрiстi. Бiрақ оның ойлары әлгiнде өзiн баураған кейiпкерлер мен тағдырлар туралы едi. Ол шешушi, сын сағаттарда адамдардың ақылға сыйымсыз ерлiктерге бара беретiнiн талай оқыған. Нағашы атасы Фазыл қарияның, ата-анасының, аға-жеңгесi Әлигер мен Кәмиланың өмiрлерi де оған өне­гелi, даңқты көрiнетiн. Дегенмен жырға қо­сылған қаһармандық оны мүлде соны күй­­ге бөлеген. Ең бастысы… Өлеңдер өзiне ар­налған едi. Тұнған сезiм. Онсыз ержүрек за­­мандастар туралы бұл туындылар дүние­ге ке­лмеуi ықтимал тәрiздi. Өзiн ұнатып қалған адам­­ның тебiренiстерi арқылы қазақ жаста­ры бастан кешкен тарихи оқиғалар ашылып­ты.
Ол кешкiлiк терезе алдында қала сипа­тына биiктен көз сала, өлеңдердi ұзақ-ұзақ қайталай оқыған. Президенттiң уақыт­ша сарайына, әудем жерден оның тым кiшiгiрiмдеу көрiнген тұлғасына, асығыстау қиюластырылған көкшіл күмбезiне, қасындағы қатырмалы пальто иығындай тiк­шиген Парламент ғимаратына, басқа да мемлекеттiк мекемелер үйлерiнiң жата­ғандау тұрқына, олардың қасында тұтас әйнек қабырғалары батар күнмен шағылыса мен­мұндалаған өз компаниясының еңсе­сiне назарын шола аударып тұрғанымен, өлең мазмұнына бойлай берген. Есiлдiң сол жағалауында Ақорданың, Сенат пен Мәжiлiстiң, Үкiметтiң, министрлiктер мен өз компаниясының, банктердiң, тұлғалары таңғажайып тұрғын үйлердiң құрылыстары екпiндi жүрiп жатқанын жадының бiр қиы­рынан желбегей өткiзе, соның бәрi мына өлеңдерде жырланған жастар қаһар­ман­дығының бүгiнгi сипатындай елестеген. Алайда өлеңдер өзiне арналған. Ғашықтық жырлары. Кiм жазғаны белгiсiз. Байқағаны — белгiсiз автор сезiмдерiн бұған бүкпесiз аша салғанмен, соның төркiнiнде елдiң тағ­дыры, мiнезi көрiнеді. Соның бәрi өзiне деген сүйiспеншiлiкпен ұштасып кеткен. Ен­деше, бұл шығармаларды бiрден жария етуге болмайтындай. Құпиялай тұруға тиiс секiлдi…
Сәбина десе, Сәбина өзi. Әлi сәби сияқ­ты. Ғұсни күнде Астана өмiрiнiң қайнаған арналарында болып қайтып, кешке соның бәрiн қызықтыра әңгiмелей бастағанда бұл өзiн сол ұлы өмiрден тыс, кеңседе жан бағып жүрген бiреулердей сезiнiп қалатын. Дүние, уақыт неғұрлым жылдамырақ алға озып кеткендей. Өзi компанияның, оның сансыз бiрлестiктерi мен басқармаларының, серiктестiктерiнiң экономикасын талдап, реттеуге, болашағын айқындауға атсалысып жүрсе де, өмiрдiң тасқынды ағынынан қалып қойғандай, алаңдай беретiн. Сол кө­ңiл күйi бүгiн әсте бiлiнбейдi. Әлгi өлеңдер замананың батыр ұл-қыздарымен бiрге мұның да бейнесiн қоғамның алғы сапына шығара қойғандай, ұнамды, жылы, ыстық сезiнiп қалды.
Баяу ғана какао iшкен Ғұсни Сәбина жүзiндегі өзгерiстi бiрден аңғарды. Оның Ақтауда көптен сырлас, ұнатысқан жiгiтi барын бiледi. «Әлде, содан нақты хабар, ұсыныс бар ма екен? Манағы қағаздарда нендей сыр бар екен?»
Ғұсни Сәбинаның бiр жайтты құпиялап немесе соны айтудың ретiн таппай отырғанын бiлдi. Қаламгерлiк қызметiндегі өз кейiпкерлерiнiң сырларын шым-шымдап сыртқа шығару тәсiлiмен ол Сәбина құ­пиясының кiлтiн iздей бастады. Бiрнеше барлау сұрақтарын қойып үлгердi:
– Өз жұмысыңда не жаңалық? Компания жарты жылдың көтерiңкi межесiн орындай ала ма? Мұнайдың бағасы сәл өскен-ау де­ймiн, бiр баррель жиырма бес доллар дей ме?
Сәбина какаоны iшiп болғасын бокалын үстелге қоя бере:
– Иә, бiркелкi. Жақсы, – дей салды. Жұ­мыс жайлы сөйлеуге құлықсыздау екенi бiлiндi.
Сәбинаның әлем ақшаларының бiр-бiрiне балама қарым-қатынастарына көбi­рек көңiл қоятынын бiлетiн Ғұсни оны тағы да сөзге тартты:
– Теңгемiз әзiр тырмысып күресiп бағуда. Тажалдардың тайталасына осылай төтеп бере берер ме екен? Халықты өз ақшамыздың тағдыры алаңдата бастағандай.
Бұл осы күндерi бүкiл республиканы тәуелсiздiк тағдырымен бiрдей толғандырған мәселе едi. Сондықтан Сәбина жадында жатталып қалған пiкiрлердi қозғады:
– Немiс маркасы, АҚШ доллары мен ағылшын фунт стерлингi түбiнде «қырқысып» тынатын шығар. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарындағыдай. Мемлекеттермен бiрге ақшалар да «соғысады». Мемлекеттер соғысқанда миллиондап адамдар қырылады. Бiрақ ақшалар соғысынан оның зардабы жеңiлдеу. Ақшалар соғысының нәтижесiнде бiр мемлекет екiншiсiне жалшы, құл болады. Мойнына шынжыр бұғау салынады.
Бұл тұжырымдарды жақында жол­сапарға Ақтауға, Маңғыстауға барғанда ағасы Әлигер айтып едi. Сәбина соны қай­талай салғанын байқамады да. Ол Англияда бiлiмiн жетiлдiрiп келгелi әлемдiк экономикаға кеңiнен әрi ақшалардың мiнез-құлқы тұрғысынан қарауға бейiмделгенімен, ағасының ойлары өзектiрек болғасын, көңiлiне ұялай кеткен.
Ғұсни Сәбина сөзiнен әлемдiк ақшалар қатынасында тосын, тұтқиыл оқиғалар, апаттар болу ықтималдығын сезе қойды. Сонымен бiрге Сәбинаның бұл мәселеге дәл қазiр селқостығын да аңғарды.
«Ендеше, Сәбина құпиясы – манағы қа­ғаз­дар жеке адамдарға қатысты болар» деп топ­шы­лаған Ғұсни өз-өзiнен ой кешкендей, бүгiн кез­дескен кейiпкерi жөнiнде толған­ғандай:
– Тағдырлар қызық әрi сан тарау. Әрқайсысы бiр-бiр әлем. Ойлары, сезiмдерi… – дедi. Ол соңғы сөзiмен Сәбинаның көкейiндегiнi дөп басып, пернесiн шертiп жiбергендей едi.
– Мен де бiр тағдырлармен та­ныстым, – деп қалды Сәбина.
– Бұл жаңалық қой. Бiлуге асық­пын.
– Бiреу жазған екен… Содан оқыдым.
Әрi құрдас, әрi туған нағашылы-жиендi Ғұсни мен Сәбина Алматыда бiрнеше жыл бiрге оқыған сырластар еді. Англиядан келген соң Сәбина жарты жылдай Ақтауда қызмет еттi. Үкiмет орындары өзi оқытқан адамын көп ұзатпай Астанаға алдырды. Содан берi Ғұсни екеуi мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiне арналған осы шағын пәтерлер үйiнде тұрады. Бiр-бiрiнен бүкпесi жоқ. Дегенмен өлеңдер өзiне деген сезiмдерге тұнып тұрғандықтан, өзi тым сұлу, көркем теңеулермен бейнелегендiктен Сәбина олар жөнiнде Ғұсниға айтудың ретiн таппаған. Бiрiншi өлең компьютерiнде мамыр айының басында пайда болды. Мән бере қоймаған. Сөйтiп, апта сайын мұның электронды поштасына бiреу өлең жолдаумен жүр. Кiм екенi белгiсiз.
– Не жазыпты? Хат па?
– Өлеңдер.
– Қызық екен. Кiм жазыпты?
– Бiлмедiм.
Мәселе манағы құпия қағаздарда екенiне ендi күмәнi қалмаған Ғұсни нақтылай түскiсi келiп:
– Кiтаптан оқыдың ба? Әлде?.. – деп сұрады.
– Жо-оқ… поштама жiбере салған…
– Жұмыста қалды ма?
– Осында.
Екеуi асүйден үлкен бөлмеге өттi. Манағы папкадан өлеңдердi алған Сәбина ұялыңқырай:
– Маған арналған. Ыңғайсыз бiртүрлi. Кереметтердiң бәрiне балапты. Ал, былайынша, өлеңдерде адамдардың, халқымыздың тағдыры бар.
Ғұсни өлең жазылған парақтарға үңiлдi.

ХV
Автор әр туындыға мазмұнын ашатындай тақырыптар қойыпты. Ғұсни өлеңдердi баяу, зерделей, болмашы ерекшелiктерiне дейiн мән бере оқыды:

СЕНIҢ ҚАРАҒАНЫҢ

Сенiң қарағаның…
Шуағына тағдырдың балағаным…
Күнтеңелдiден соңғы бiр шақтарда
Буырқанған Есiл мен Ертiс сынды,
Көкiрегiмнiң сеңдерiн барады алып,
Сенiң қарағаның…

Сенiң қарағаның…
Дәруiне дәуiрдiң балағаным…
Жүрегiме нұр тамды менiң байғұс,
Айғыз-айғыз қуалап салаларын,
Бiтпейтұғын ешқашан жараларын…
Сенiң қарағаның…
Алыс қалған жылдарға ораламын…
Кендi Алтайда…
Дабылды сол бiр түнде,
Қара бүйi секiлдi қара ниет.
Бұғауына көгендей кеткен едi,
Қуанышын жанымның тонап алып.

Мұздай едi көңiлiм содан берi.
Дертiм бар-ды шор болған тереңдегi.
Сенi көрген сәтiмде
Күлiм қағып,
Күн шыққандай жаңадан әлемге бiр!

Сезiмдерiм болған-ды сөнгендейiн,
Қайғым менi азаптап, жеңгендейiн…
Дидарыңнан жүрегiм бiр бұлқынды,
Қараңғыда шамшырақ көргендейiн…

Алғашқы өлеңдi оқып бола бере, параққа еңкейген күйi Ғұсни пiкiр түйдi:
– Алтай жағының жiгiтi екен-ау. Ауыр соққыға душар болған. «Дабылды сол бiр түнi» дейдi…
Тас-түйiн бағытталған назары қатыңқы қабақтарынан, ойлы кейпiнен бiлiнiп, Ғұсни келесi параққа үңiлдi:

МЕН НЕТЕРМIН?!

Көрем ылғи түсiмде аяулымды –
Ұялаған көзiнде қаяу, мұңды.
Мүсiркейтiн секiлдi ол да менi,
Мен де оны, қайтейiн, аяп жүрмiн…

Желкiлдеген он жетi… Дәурен едi,
«Кiшкентайдан бiрге өскен сәулем едi».
Небiр күндер өткен соң,
Мың-мыңдардан
Сенi аңғарып, жүргенiм әуреленiп…

Өз-өзiмнен шалқыдым, тасып-толдым.
Үнсiз ғана қарауға асық болдым.
Адам – шiркiн, әрi пәк, әрi опасыз,
Көрдiм-дағы сыртыңнан,
Ғашық болдым!

Ермiн деушi ем…
Қайдағы…
Пенде екенмiн.
Бәрiн-бәрiн ұмыттым…
Мен нетермiн?!
Сенен жеткен толқынмен келедi ылғи,
Өмiрiмнiң желкенiн мен көтергiм!

Бiлем, алыс күндердiң қызғанышы,
Кешiрмейдi сертiмдi бұзғаны үшiн.
Жендеттердiң қолына түспеймiн деп,
Махаббатым мерт болған құздан ұшып!..

Екi қыз аңтарылып бiр-бiрiне қарады:
– Жас шағында сүйiктiсiнен айырылып қалған.
– Сондықтан өмiрден күдер үзгендей.
– Мына жерде «жендет» дептi. – Ғұсни әр сөзге зерттеу жүргiзгендей шұқшиды. Есiне әлдене түскендей, қабақтарын шытты. – Бәлкiм, бұл сексен алтыншы жылға қатысты болар?
— Солай секiлдi.
Үшiншi өлеңде шығарма иесiнiң сыры айқындала түстi.

СӘБИНА

Сәбина едi ол-дағы.
Алыс ем,
Қорғай алмадым.
Ала кеттi өзiмен
Таудан да ауыр арманын.

Жалған мынау безерген,
Кешiрiмiн берер ме?
«Елiм» деген шәһиттi
Мен ұмытсам егерде?!

– Қыздың есiмi Сәбина екен.
– Оның сенiмен аттас болуы автор сезiмдерiне қосымша қозғау салғандай. Үстей түскен. Әрi сен әдемiсiң ғой, Сәбина.
Екеуi келесi өлеңдi оқуға кiрiстi:

ҚАЙҒЫМДЫ МҰҢМЕН
СЕЙIЛТТIҢ

Самал ескенде Тарбағатайдан,
Жеткендей болар жаннатқа жаным.
Өзiң келгелi, қалқам, адайдан,
Мазасыз жүрмiн, қалмапты хәлiм.

Қайғыларымнан айыққандаймын,
Мұңдарымменен табысқандаймын.
Теңiздегi асау
Қайықтай дәйiм,
Толқындарыммен алысқандаймын.

Аяулым десем,
Қабылдармысың?
Пенденi мендей ұғар ма едiң?
Жүрегiм жүр ғой жалындар құшып,
Алдынан күлiп шығар ма едiң?

Бұлақтай мөлдiр,
Пәк едiң неткен,
Бiздiң таулардың еңлiгiндейсiң.
Байтақ қазақтың маңдайға бiткен
Мейiрiмiндейсiң, елдiгiндейсiң.

Қари болған-ды қападан көңiлiм,
Сұлулыққа көзiм қайтадан аштың.
Шапағатыңды, қалқатай, сенiң
Қайтара алам ба?..
Қайтара алмаспын…

– Тарбағатайдан болды ғой. Тарбағатай ауданынан ба… – Жадында жүрген жайттарды жедел саралаған Ғұсни пайымдап үлгердi. – Алматыдан соң толқу Өскеменде жалғасқан. Бiр қыз мерт болған. Ұмытпасам, Ақмектеп деген ауылдан. Газеттер жазып едi. Мынау соның жаңғырығы шығар.
Келесi – соңғы өлең шынайы ғашықтық сипатта екен. Сүйiспендi, серпiлiстi көңiл күйiнiң айнасындай. Шығарма иесi бастапқы өлеңнен соңғысына дейiн өзiн шерменде еткен қасiреттер салмағынан кем-кемдеп айыға берiптi.

САРЫАРҚА КӨКТЕМI

Мұңына бөлеп,
Сағынтып жеткен,
Тағы да көктем
Сарыарқа бетте.
Есiлдiң бойы
Әуенге толы,
Қайырымды едi,
Дүние неткен!

Сiлкiнесiң-ай!
Түлегiң келiп,
Суық торғайдай
Жүрегiм менiң!
Қыз-көктемдердiң
Легiндегi,
Қалқатай, сенi
Жүремiн көрiп.

Қиырдың күшi
Осында түсiп,
Басатын аяз
Талайдың мысын.
Табиғат бәйек
Бiр өзiң үшiн! –
Құлпыртты сенi
Арқаның қысы!

Ақ қайың тәнiң –
От пенен жалын!
Ақ түтектерден
Асқақ-ау жаның!
Әулиелер елi –
Маңғыстауыңның
Жылуын мұнда
Әкелдiң, жаным!

Құр кеудем дерттi,
Ақын боп кеттi.
Iңкәрлiк деген
Ауылға кеппiн.
Арманның алыс
Сағымын кездiм,
Сарғайып жүрiп
Әуенiм, шерттiм.

Мұңына бөлеп,
Сағынтып жеткен
Тағы да көктем
Сарыарқа бетте.
Есiмiң сенiң
Қалқиды көкте,
Есiл құстары
Шырқаған сәтте!
(Жалғасы бар)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.