Саяси манипуляцияның қыры мен сыры

Раушанбек Әбсаттаров,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Магистратура және PhD докторантура институтының саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор:
Саяси манипуляция әлеуметтік-саяси ғылымдардың ғылыми әдебиетте жеткілікті деңгейде қарастырыла қоймаған зерттеу мәселесі болып табылады. Әрине, бір мақала шегінде саяси манипуляцияның барлық негіздерін қамту мүмкін емес, сондықтан мен тек оның түсінігі мен анықтамасына тоқталғым келеді.
Ең алдымен, азаматтар мен демокра­тиялық мемлекет құрылымына бұқаралық ақпарат құралдарын саяси манипуляция, яғни адамдардың саяси санасы мен жүріс-тұрысына, олардың өз мүддесіне сәйкестігіне қарамастан, әрекет немесе әрекетсіздік жасауы мақсатында жасырын басқару жасау үшін пайдалану үлкен қауіп төндіреді. Оның үстіне манипуляция тек өтірікке негізделеді. Ал бұл өтірік құтқаруға бағытталмаған, керісінше, пайдакүнемдікке қызмет етеді.
Адамдардың саяси жүріс-тұрысын өзгертуге бағытталған көптеген әдіс-тәсілдердің ішінен адамдардың жүріс-тұрысын манипуляциялауға бағытталған әдіс-тәсілдерді бөліп қарастыруға бо­лады. Саяси манипуляция – әртүрлі деңгей­лер мен негіздемелер бойынша құрылған, қызме­ті жағынан саясат пен оның субъектілерінде көрініс табатын, динамикалық және қайшылыққа толы күрделі әлеуметтік-рухани құрылым. Осы тұрғыдан алып қарағанда, кей кездері саяси субъектіде адамдардың жүріс-тұрысына тез әрі тиімді әсер етуді талап ететін шешім қабылдау қажет жағдайлар кездесіп отырады. Бірақ оның ашық түрде күш қолдану мен мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқығы шектелген, оның нормативтік актілер мен заңдарды қабылдауға өкілетті тұлғаларға ықпал жасауға мүмкіндігі жоқ, оның адамдардың сенімдері мен ортақ құндылықтарға деген көзқарастарының өзгеруін тосуға уақыты жоқ болады. Осындай жағдайларда адамдардың жүріс-тұрысын манипуляциялау орын алады.
Саясатта манипуляция ретінде манипу­лятордың адамды өзі жасауға ықылас білдір­меген әрекетті жасауына итермелеуі сипатындағы әсер ету түрін түсінеді. Манипуляция – күш қолдану мен биліктік әсер етуден өзгеше, мұнда істелетін әрекетке тікелей тапсырма, бұйрық беру, сол сияқты ашық мәжбүрлеу және жаза қолданумен байланысты қорқыту орын алмайды. Адамға манипуляциялық әсер ету барысында ол сыртқы мәжбүрлеуді сезін­бейді, өзі шешім қабылдап, өзінің жүріс-тұрысының нысанын өзі таңдаған сияқты әсерде болады.
Саяси манипуляцияның жалпы технологиясы бұқараның санасына рационалды сыни түсінуден ада, шындық пен нақты жағдайдан тыс, тек басым түрде сенімге бағытталған нақты құндылықтар мен нормаларды бекітіп, әлеуметтік-саяси мифтер мен иллюзиялық идея­ларды жүйелі түрде ендіруге негізделетіндігін айта кеткен жөн. Мифтер адамдарды бағы­ныштылықта ұстау мақсатында жасалады. Мифтерді бұқараның санасына білдіртпей ендірген уақытта олар үлкен күшке ие болады, ал көпшілік адамдар орын алып отырған манипуляция жайлы күдіктенбейді де.
Мифтер манипуляторлар жасаған әлемнің иллюзиялық мәтінінің толықтай негіздемесі болып табылады. Мысалы, коммунистік манипуляцияның жүйесі құрылымдық жүйесі болып жекеменшіктің әлеуметтік-саяси зұлымдық пен қақтығыстардың негізгі бастауы екендігі жөніндегі, капитализмнің міндетті түрде қирайтындығы және коммунизмнің гүлденетіндігі туралы, жұмысшылар табының жә­не олардың коммунистік партиясының бас­қа­рушылық рөлі туралы, марксизм-ленинизм ілімінің тек жалғыз әлеуметтік-саяси ғылым екендігі жөніндегі мифтер – осыған дәлел.
Америкалық профессор Герберт Шиллердің пікірінше, АҚШ-та басқарушы элитаның басымдығын бекітетін бес әлеуметтік-саяси мифті атап көрсетуге болады: 1). Азаматтардың жеке бостандығы мен дербес таңдауы; 2). Конгресс, сот пен президент билігінің, сонымен қатар БАҚ-тың бейтараптығы; 3). Адамның өзгермейтін эгоистік табиғаты, оның агрессивтігі, жинақтау мен тұтынуға бейімділігі; 4). Қоғамда әлеуметтік жанжалдардың, қанаудың болмауы; 5). БАҚ-тың көптүрлілігі, шындығында, көптігіне қарамастан, оларды ірі жарнама берушілер мен Үкімет бақылап отырады және олар иллюзиялық сананың біртұтас өндірісі болып табылады.
Манипуляцияны «алдау» деушілер жиі кездеседі, бірақ бұл нақты ақиқат­қа жатпайды. Мысалы, мынадай мани­пуляциялық әдіс бар, оның мәні – саяси субъект ұсынатын нәрсенің көпшілік адамдар алдында олардың өздеріне білдіртпей, асқан шеберлікпен құны мен беделін арттырып, олардың қадірлеп-қастерлейтін құндылығына айналдыру. Мұндай әдісті қолданғанда ұсынылып отырған объектінің қор­шаған ортадағы мәні мен маңызы зор адамға немесе затқа байланысты ассоциация пайда болады. Егер жарнамалық тақтайда үміткер мәз-мейрам болып тұрған балалардың ортасында бейнеленсе, осы жарнаманың кейбіреулерге жасырын әсер етіп, оған байланысты жағымды ассоциация тудыруы мүмкін, яғни балаларға деген мейірім сол үміткерге да ауып кетуі мүмкін. Бұл әдіс саяси жарнамалық роликтерде жиі пайдаланылады, мысалы, үміткер қазақстандықтар үшін қымбат кең даланың төсінде немесе бұрын көпке таныс емес үміткер танымал саясаткердің немесе ғалымның жанында бейнеленеді.
Саясаттағы манипуляцияның терең гносеологиялық тамыры бар, өйткені саясат – күрделі, көбінесе адамдардың көзінен жасырын сала. Саясат төтенше қайшылықты және өте сайқал, арсыз, былғаныш та болуы да мүмкін. Сондықтан да қарапайым адам үшін саяси жағдайларды ұғыну, түсіндіру, баға беру өте ауыр. Осыдан да болар, көптеген адамдар манипуляция объектісіне айнала отырып, осынау тұтқыннан босап шыққысы келмейді, тек саясатқа қатысты «ұнайды» немесе «ұнамайды» деген бір сөзді қанағат етеді.
Қазіргі саяси кеңістікте нақты жағдай жайлы білу әрқашан БАҚ-пен байланысты, азаматтар болған жайды содан көріп-біледі, сондықтан да орын алған жағдай мен берілген ақпаратты айыру қиын. Мұның өзі қажетті саяси ұстанымдарды қалыптастырып, нақты бір саяси әрекет типіне дайындау мақсатында адамдардың саяси санасы мен жүріс-тұрысына жасырын басқару жүргізу әдісі ретіндегі саяси манипуляцияның орын алуына негіз болып табылады.
Демократиялық емес режимдердегі са­яси билік органдары барлық кезде де БАҚ-ты билікке тиімді стереотиптерді, ұстанымдарды, мақсаттар мен идеалдарды және т.б. орнықтыру үшін пайдалану арқылы халықты, адамдардың әлеуметтік топтарын объект жағдайында ұстап тұруға тырысады.
Бұқаралық сананың эмпирикалық, күнделікті өмір сүру тәжірибесінде бей-берекет туындайтын және қоғам мүшелерінің басым бөлігіне тән сана екендігі баршамызға аян.
У.Липман мен Э.Бернайс өз теорияларында адам психикасының инстинктивті-эмоциялық жағына әсер ету әдістемесінің көмегімен бұқаралық сананы үстем таптың мүддесіне сай басқаруды ұсынады, мысалы, «оқиғаны жасау» әдісі арқылы ұйымдастырылған сыртқы қоздырғыш түйсік пен эмоцияға әсер етіп адамдардың өздерінде бар стереотипті өзіне бағындырады немесе оны жойып, жаңасын қалыптастырады.
Саяси манипуляцияның екі басты моделін бөліп қарастыруға болады: психологиялық және рационалдық. Алғашқы модельдің басты сипаттамасы – оның жеке тұлғаның кез келген пси­хологиялық ынтаға жылдам реакциясын пайдалануында. Мұндағы манипуляцияның мәні – манипуляторға қажетті реакцияны туындатуға қабілетті психологиялық тетіктерді әрекет етуге итермелейтін сәйкес ынтаны таңдауында. Бұл бағытта адам тек стимул – реакция қағидасы бойынша жұмыс істейтін қарапайым тетік ретінде қарастырылады. Рационалдық модельде манипуляция психологиялық мотивті қолдану арқылы емес, алдау мен арбау арқылы жүзеге асырылады. Бұл модельге тән манипуляция нысандарына келесілерді жатқызуға болады: қатардағы азаматқа қолжетімді ақпарат көлемін азайту; үгіт-насихатты қолдану, яғни азаматтарға ішінара шыншыл, бірақ бағытталған ақпаратты беру; құпиялылықты сақтау, яғни ресми саяси бағытқа зиян келтіруі мүмкін ақпаратты қасақана жасырып қалу; үл­кен ақпараттық жүктеме, яғни қатардағы азамат­тың дұрыс меңгеріп нақты баға беру мүмкіндігін шектеу үшін әдейі мөлшерден тыс ақпарат беру. Мұндай әдіс арқылы жеке тұлғаның нақты ақпарат алуға мүмкіндігі шектеледі, сондықтан олар ресми нұсқаға жүгінуге мәжбүр болады.
Насихаттау жұмыстары барысында әлеуметтік-саяси мифтерді халық санасына сіңіру мақсатында манипуляция технологиясы адамдардың санасына әсер етудің нақты әдістері мен тәсілдерінің бай арсеналын пайдалануды меңзейді. Оларға тек фактілерді бұрмалау, лайықсыз ақпаратты бүгіп қалу, өтірік пен жаланы тарату жатқызылмайды, сонымен қатар, електен өткен тәсілдер де бар: жартылай ақиқат – мұнда қауымның сеніміне кіру үшін нақты мәні аз мәселелері шыншыл түрде толыққанды айтылады да негізгі мәселе жөнінде ештеңе айтылмайды немесе болған оқиғаға жалған сипаттама беріледі; айдар тағу – тұлғаға немесе ол ұсынған идеяларға оның беделін түсіріп кемсітетін, қорлайтын немесе келемеждейтін айдар тағу, теңеу жасау.
Саяси манипуляцияның әдіс-тәсілдерінің ішінен келесілерді бөліп қарастыруға болады:
«Ұсыну» қағидасы – үміткердің немесе оның сайлауалды тобының танымалдығын арттырып, тиімділігін күшейту үшін оған жақтас белгілі артистердің, ғалымдардың, спортшылар мен өзге де әйгілі адамдардың есімдерін пайдалану;
«Ауыстыру» қағидасы – нақты тұлғаның немесе саяси идеяның сапасы мен қадір-қасиетін белгілі адамдардың немесе идея­лардың сапасы мен қадір-қасиетіне ұқсастыру, яғни ассоциация бойынша баға беру;
«Қарапайым адам» қағидасы – үгітші немесе ақпарат берушінің мүддесін қарапайым адамдардың, халықтың мұң-зарымен ұштас­тыру;
«Карта ауыстыру» қағидасы – бұқараға білдіртпейтін тәсілдерді қолдану арқылы нақты фактілерді ашық түрде бұрмалау;
«Тамаша дарынсыздық» қағидасы – баршаға аян, дөрекі, үйреншікті, бірақ қарапайым адам үшін абстрактілі және ол мәні мен мазмұнына мән бермейтін идеяларды («заң мен тәртіп», «адам құқықтары», «адамгершілік, бостандық, әділеттілік» және т.б.) пайдалану;
«Ортақ вагон» қағидасы – нақты бір идеяның жалпымен мойындалғандығы және ойға қонымдылығы жайлы ойды туындату арқылы қажетті реакцияның орын алуына жағдай жасау («бәрі солай ойлайды», «бәрі солай істеуде»).
Белгілі бір жағдайды көрсету үшін пайдаланылатын эвфемизмдер мен өзге бағалаушылық сипаты бар сөздерді қолдануды қамтитын манипуляцияның көптеген лингвистикалық, тілдік әдіс-тәсілдері де бар. Мысалы, дербес ұлттық мемлекет құру үшін қарулы күрес жүргізуші адамды «азаттық үшін күресуші», «сепаратист», «террорист», «партизан», «боевик» деп те атайды.
Әрбір ақпараттық жанр үшін жалпы әдіс-тәсілдермен қатар арнайы манипуляциялық әдіс-тәсілдер де қарастырылған. Мысалы, телеарналарда қажетсіз саясаткерлерге қатысты көрермендердің жиреніш сезімін тудыру үшін оларды тартымсыз етіп көрсетеді немесе түсірілген кадрларды сәйкесінше монтаждап көрсетеді. Бұқараның санасына белгілі бір саяси идеяларды байқатпай ендіру мақсатында онда көбінесе думанды шоулар ұйымдастырылады және тағы басқа.
Адамдар санасын басқару үшін әртүрлі әдістер қолданылады, мысалы, «бөлшектеу» немесе локализация тәсілі (мұнда бір-бірімен байланысы жоқ көптеген хабарламалар беріледі, кей кездері телебағдарламаларды жарнама арқылы бөле береді). Мұның барлығы беріліп жатқан мәселенің немесе жағдайдың нақты мәнін түсініп, баға берумен байланыс­ты адамның қабілетін шектейді, нәтижесінде түсінбеушілік, хабарсыздық, апатия және самарқаулық пайда болады, осындай адамдар арасында дербес көзқарас болмағандықтан, олардың санасына қажет пайымдарды ендіруге болады.
Қазіргі манипуляторлар бұқаралық психологияның заңдылықтарын шебер пайдалануда. Сонымен, кең таралған және сырттай қарағанда зияны аз тәсілдердің бірі – «үндемей қалу спиралі» деп аталады, оның мәні бұрмаланған қоғамдық көзқарас сұраунамасы немесе өзге фактілер арқылы азаматтарды манипулятор қоғамның көпшілігі үшін тиімді саяси позиция ретінде көрсеткен идеяны жақтауға итермелейді. Бұл өзге саяси ұстанымдары бар адамдарды әлеуметтік-психологиялық бөлінуден немесе қандай да бір жазадан қорқып өз көзқарасы жайлы үндемей қалуға немесе өз ойын өзгертуге мәжбүрлейді. Қарсыластар өз ұстанымдары жайлы айтпай қалған кезде көпшіліктің дауысы одан сайын үдей түседі, бұл өз кезегінде келіспеушілер мен дүдәмалдардың «жалпыға ортақ» көзқарасты қабылдауына немесе өз көзқарастарын жасыруына әкеліп соғады. Нәтижесінде, «үндемей қалу спиралі» одан сайын айнала береді, ал манипуляторлар жеңіске жетеді.
Саяси манипуляцияның тек БАҚ қызме­тіндегі басым бағыт болып табылатын тота­литарлық және авторитарлық мемлекеттерде ғана кең пайдаланылмайтындығын, сонымен қатар, партиялық насихаттау шаралары мен сайлауалды науқандарда қазіргі батыстық демократия­лық мемлекеттерде де көп қолданылатындығын айта кету қажет. Бүгінгі күні Батыс және өзге көптеген мемлекеттердегі президенттік немесе парла­мент­тік сайлау науқандары бір-бірімен астасып, нақты саясаткер жайлы шындықтан алыс түсінік қалыптастыратын жарнама мен са­яси манипуляция тәсілдерінсіз өткізілмейді.
Әлеуметтанушылық зерттеулердің көр­сеткеніндей, қатардағы сайлаушы президент пен парламентке үміткерлерді телеарна мен БАҚ жасаған сипат бойынша қабылдайды. Батыс мемлекеттерінде де, соңғы жылдары ТМД мемлекеттерінде де жарнамалық бизнес-имидж-мейкинг бағыты, яғни саясаткерлердің сайлаушылар үшін жағымды сипатын қалыптастыратын бағыт қарыштап даму үстінде. Үлкен ақшаға жалданатын кәсіби имиджмейкерлер және сайлау науқанының ұйым­дастырушылары үміткерлерге тек киім кию мен жүріс-тұрыс мәнерін ғана емес, көптеген уәдеге толы, бірақ кейіннен сайлаудағы жеңістен соң тез ұмытылып кететін сөз сөйлеуге де үйретеді.
БАҚ-пен шебер дайындалған жарна­маға қарап сайлаушыға үміткерлердің іскерлік және рухани қасиеттерін және нақты саяси ұстанымдарын айқындау қиынға соғады. Мұндай жарнамалық-манипуляциялық қызмет азаматтардың сайлауын еркін саналы шешімнен бұқараның санасын қалып­тастырушы мамандармен алдын ала бағдар­ланған формальдық актіге айналдырады.
Бұқара санасын бұрмалау мақсатында «ақпаратты жылдам беру» тәсілі де қолда­нылады, бұл тәсіл арқылы оқиға орнынан репортаж беріледі, осылайша, қысым мен истерияның тууына ықпал ететін мазмұны тексерілмеген мәліметтер мен интерпретациялардан тұратын кезектесе келетін ақпаратты жылдам беру жүзеге асырылады. Бұл тәсілді қолданғанда телекөрермендер мен радиотыңдаушыларда ақпараттардың маңыздылығын ажырату қабілеті әлсірейді, ақпаратты шашыраңқы қалыпқа түсіріп, шынайы мәнін жою орын алатындықтан, адамдарда осы мәселе турасында пікір қалыптаспайды, осының нәтижесінде бұқара көпшілік болып жатқан оқиғаларды дұрыс қабылдап, мәнін түсіне алмайды, бұл адамдардың бәсеңдігіне, инерттік жағдайына алып келеді де, жеке және жалпы әрекеттердің орын алмауын қамтамасыз етеді. Осылайша, қалыптасқан әлеуметтік-саяси тәртіпті сақтап қалу мақсатында тәулігіне сағаттап теледидар алдынан шықпайтын көрермендердің әлеуметтік, саяси және экономикалық шындыққа деген алаңдаушылықтарын болдырмай, олардың санасын ұйқыға енгізу үшін адамдардың физикалық және саналық белсенділігін төмендететін барлық іс-шаралар жүзеге асырылады,
Мифтерді және әртүрлі иллюзияларды жасап, соған сену адамдардың бұқаралық санасының бір қыры болып табылады. Бұқаралық сана мен оның иллюзиялары жайлы шетелдік материал Х.Арент, А.Камю, Х.Ортега-и-Гассет, Э.Фромм, А.Леви-Брюль, Э.Дюркгейм, К.Леви-Стросс сияқты ойшылдардың еңбектерінде қамтылған. Ресей ғалымы В.Рыбин иллюзия нақты адам тарапынан қабылдау мүмкіндігінің шектеулі болуы себепті нақты орын алған жағдайды көрсетудің тарихи қажет нысаны екенін, сондықтан бұқаралық сана көбінесе иллюзиялық санаға жататынын, бұқаралық иллюзиялық сана орын алған жағдайды үстірт және бір жақты қабылдайтынын айтады.
Мысалы, соңғы 25 жылда Еуразия «жақ­сы өмір» жайлы үміт пен иллюзияның бір түрінен екінші түріне ауысты. Алғашқыда олар жақсартылған социализмге («қайта құру») үміт артты, бірақ ол тауар тапшылығы мен одақтың ыдырауына алып келді. Одан соң нарық пен құқықтық мемлекеттілікті армандады, бірақ оның орнына инфляция мен қылмыстық бейберекетсіздіктерге душар болды. Аз ғана уақыт бұрын әкімшіл-әміршіл жүйені жойып, еркін нарыққа жол берсек, еркін нарықтық қатынастар біздің экономикалық дамуға қол жеткізуімізге жол ашатындығына сенетін едік. Ал одан бұрынырақта одан бөлек сағымға ілескен ил­люзия болған, оған сәйкес марксистік заңдар­ға сәйкес экономиканың дамуы нәтижесінде бір ұрпақтың өмір сүру кезеңі ішінде коммунизмге қол жеткізуге болатындығына адамдар сенген еді. Бүгінде келесі бір тарихи кереметтің орын алмайтындығы баршаға аян. Қаншама иллюзия мен үміттің ақталмағандығынан кейін адам­дарда көңілі қалушылық, сенбеушілік, апа­тиялық көңіл күйдің орын алуы заңды. Санаға енгізілетін иллюзиялар уақыт өте келе өздігінен жоғалып кетеді, бірақ уақытында өз орнымен жаңа иллюзияларды ендіру арқылы билік халықтың санасы мен жүріс-тұрысын өте жетімді түрде басқарып отырады. Экономикалық, са­яси және рухани манипуляциялар адамдардың санасын өзгерістерге ұшырата алады, тек әлеуметтік манипуляцияларға халықтың ділі оңайлықпен беріле қоймайды. Адамдардың нақты өміріне сай келмейтін идеологиялық әсер етуші құралдар, жалпы, ділдің априорлық құндылықтарына қайшы келер болса, адамдар олардан ойланбастан бас тартады. Шынайы бетпердесін көрсетпейтіндіктен адамның эмоциялық және санадан тыс әрекеттеріне бағытталғандықтан манипуляциялық әсер етуші факторлар менталитеттің априорлық мәндік бөліктерімен бірге өмір сүре алады, бірақ тарихи даму барысында ұлттың, тұрғылықты адамдардың константтық сипаты жеңіске жетеді.
Осыған байланысты саяси манипуляцияға қарсы шараларды қолдану қажет. Тиісті дәрежеде күрес жүргізілмесе, ол манипу­ляторлардың, БАҚ-тың негізгі құралына айналып, мемлекеттің алдына қойған мақсат-міндеттерін жоққа шығарары анық.
Манипуляцияның жолындағы басты кедергі болып адамдардың жеке тәжірибелері және билікпен қадағалануы мүмкін емес байланыс­тары танылады. Оларға отбасы, туыстар, таныстар мен достар, өндіріс пен өзге де қызмет барысында пайда болатын интеракциялық топтар т.б. жатады. Алайда саяси манипуляция оның бастаушыларының қолында БАҚ, экономикалық және саяси билік болса, жоғарыда аталған кедергілерді де бұзып өте алады, себебі саясатқа қарағанда адамдардың сену мүмкіншіліктері шектеулі. Мысалы, белгілі бір үкіметтің экономикалық саясатының күйреуін әртүрлі жолдармен түсіндіруге болады: оның жауапсыздығы мен жемқорлыққа батуымен, одан бұрынғы режимнен қалған ауыр мұрамен, реформалау барысында кездескен қиыншылықтармен, оппозицияның кері әсері және жау мемлекеттердің әсерімен және тағы басқа.
Саяси манипуляцияға сенімді және тиімді түрде мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, БАҚ және көппікірлілік қарсы тұра алатындығын айта кету қажет.
Көптеген мемлекеттерде БАҚ-тың этикалық және құқықтық нормаларды сақтайтындығына қадағалау жүргізетін арнайы қоғамдық органдар бар. Мысалы, Францияда мұндай орган ретінде байланыстың аудивизуалдық түрі бо­йынша Жоғарғы кеңес жұмыс істеуде. Бұл орган тек мемлекеттік және жеке теле-радиостансаларды бақылап қоймайды, сонымен қатар эфирге шығу үшін мемлекеттік рұқсат қағаздарын береді. Ұлыбританияда радио мен телевидение қызметіндегі жалпы бағыттарды үкімет пен парламент айқындайды. Ал баспасөздегі этикалық талаптардың орындалуын арнайы комиссия қадағалайды. Саяси және экономикалық билік сияқты ақпараттық саясат та қоғам тарапынан бақылау жүргізілуін қажет етеді.
Мемлекеттік немесе қоғамдық бақы­лау­ды жүзеге асыратын арнайы органдардан өзге БАҚ пен қоғамдық трибуналарды азаматтардың мүддесіне сай пайдалану мен олардың кері әсе­рін болдырмауда тұрғындарды коммуникация­лық (байланыстық) тәрбиелеу, әсіресе жастар­ды тәрбиелеу көмек береді. Батыс­тық демок­ратияларда жастарды са­яси коммуникациялыққа тәрбиелеу кең өріс алуда. Бұл әсіресе ел-жұрттың бұқара­лық коммуникация-байланыс саласында сауаттылығы төмен және бұл жағдайды манипулятивтік мақсатта пайдалану мүмкіндігі зор Қазақстан сияқты посткеңістік кеңістіктегі елдерде қажет мәселе болып табылады. Тек әлемдік тәжірибе мен өзіндік қоғамдық-саяси мәселелерді негізге алып, бұқаралық коммуникация-байланыс саласындағы әртүрлі мәселелерді кешенді түрде шешу арқылы ғана бұл мемлекеттер саяси манипуляцияның әсер ету аясын тарылтып тиімді және өміршең демократияны жасай алады.
Осылайша, жоғарыда айтылғандар негі­зінде қорытынды жасауға болады, саяси манипуляция дегеніміз – бұл өз мүдделеріне қайшы әрекет жасауға итермелеу мақсатында аза­маттардың саяси санасы мен жүріс-тұрысына жа­сырын түрде басшылық жасау. Сонымен қатар, ол халықтың санасына саяси өмір жайлы иллюзиялық сенімдерді енгізуге бағытталған билік пен әртүрлі манипуляторлар пайдаланатын бұқараға психологиялық әсер етудің әдіс-тәсілдерінің жүйесі болып табылады. Сондықтан онымен ымырасыз және тиімді күрес жүргізу қажет. Ол үшін саяси манипуляцияға қарсы кү­рес пен оны шектеу жолдарын күшейте түсу қажет.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.