Отаншылдық нақты істерден көрініс береді

d0b0d0bad0b8d0bc-d0bad0b0d180d0b0d0b3-d0bed0b1d0bb

Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовпен сұхбатҚойнауы қазынаға толы Қарағанды облысы еліміздің аса ірі индустриалдық орталығы екені белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүргізіліп жатқан жаңашыл реформалар бұл аймақтың экономикасын, өнеркәсібін, ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуға үлкен ықпал етуде. Атап айтқанда, Индустриаландыру картасына Қарағанды облысынан жалпы сомасы 275 млрд. теңгеден артық қаржыға 49 жоба енгізілді. Олардың негізінде 5 мыңнан аса жұмыс орындары құрылатын болады. 9 жоба 2010 жылы жүзеге асырылды. 2011-2014 жылдары – тағы 33 жоба, оның ішінде өнеркәсіпте – 15 жоба, агроөнеркәсіптік кешенде – 7, энергетикада – 2, шағын және орта бизнесте 9 жоба іске асырылады деп күтілуде.

– Құрметті Серік Нығметұлы! Өзіңіз басқарып отырған республикамыздағы ең ірі өндірісті өңірдің бүгінгі хал-ахуалы қандай?
– Ағымдағы жылы 24 жоба іске қосылып, екі мыңға тарта жұмыс орны құрылады. Дәлірек айтсақ, жарық диодты шамдар өндірісі, жаңа құрылыс материалдарының, бетон теміржол шпалдарының, тауарларды орамдауға арналған резеңке және пластмасса бұйымдардың, фракцияланған куб пішіндес қиыршық тас өндірісі және басқалары. Бұлардан басқа «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының №2 домна пеші­нің құрылысы, «ҚарағандыЭнергоорталығы» ком­паниясының Қарағанды ЖЭО-3 жаңғырту және қуаттылығын арттыру, «Сары Қазына» ЖШС катодты мыс өндіретін зауыты, «Хром-Т» ЖШС ферроқорытпа өндірісінің кешені жә­не басқалары бар. Жүзеге асырылып жат­қан жобалар өнім номенклатурасын кеңейтуге, терең өңделген және қосымша құны жоғары өнім шығаруға, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Салынған қаржының тиімділігі облысымыздың селолық өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық даму дең­гейінен де анық аңғарылады. Атап айтқанда, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің желісі – 17 есеге, ауылдық клубтар саны 1,5 есеге артты, ауылдардың 97 пайызы орталықтандырылған электрмен қамтамасыз ету жүйесіне қосылды, барлық 420 ауылдық елді мекенге телефон тартылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде даму әлеуеті жоғары елді мекендер саны 10-нан 114-ке дейін өсті.
Аймағымызда селолық елді мекен­дердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жөндеу мен дамыту бойынша 2010-2012 жылдарға арналған іс-шаралар кешені әзірленіп, қабылданған болатын. Оны іске асыруға 27 млрд. теңге қаражат қарастырылды.
Тағы бір айта кетерлігі, 2010-2012 жылдарға арналған ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын жөндеу және дамытудың іс-шаралар кешені әзірленді. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ бюджеттен тыс көздерден үш жылға 18,1 млрд. теңге қаражат қарастырылып отыр.
2010 жылдың қорытындысы бойынша ауылдарда білім берудің – 119, денсаулық сақтау саласының – 36, мәдениет саласының 88 нысанына, 2 стадионға, балалар мен жасөспірімдер мектебіне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Хоккей корттары орнатылды, 56 шағын орталық ашылды, 2 мектептің құрылысы жалғасуда. 29 ауылда су құбырлары, 3 ауылда электр тасымалдау желісі жаңартылды. Көшелерді жарықтандыру, ЖАЖ қазандықтарын ауыс­тыру жұмыстары атқарылды. Пошта байланысының 8 бөлімшесі, жергілікті мәндегі автомобиль жолдарының 17 учаскесі, кент ішіндегі жолдар жөнделді. 37 монша мен 27 наубайхана салынды. Сонымен қатар «АгроКонсалтинг-К» АҚ арқылы бірқатар жобалар жүзеге асырылды.
Бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету аясында 556 кәсіпкерге көмек көрсетілді. Сонымен қатар жаңа бизнес құру, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту бойынша кеңес беріліп отырады, Интернет желісінде қашықтықтан консалтингтік қызмет көрсету жұмысы ұйымдастырылған.
Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жақсы көрсеткіштер бар. Дәлірек айтсақ, аналар өлімінің көрсеткіші өткен жылға қарағанда 5 есеге төмендеп, сәбилер өлімі 15 пайызға кеміді.
– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын қалай қарсы алып отырсыздар?
– Өзіңіз білесіз, бұл мерейтойдың ел тарихында, халқымыздың тағдырында алатын орны ерекше. Себебі Тәуелсіздік мерекесі – ұлтымыздың ғасырлар бойғы қаһарман­дық күресінің, өршіл рухының, өшпес жігерінің жеңісі. Бұл күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Ұлан-байтақ жерімізді батыр бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, бүгінгі ұрпақ үшін аманат етіп қалдырды. Кешегі өткен Алаш қайраткерлері де, желтоқсанда алаңға шыққан жалынды жастарымыз да тәуелсіздік жолында өз өмірлерін қиды. Сондықтан біз азаттықты аңсаған ата-бабамыздың аманаты алдында, ел еркіндігі үшін құрбан болған ерлердің рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз.
Елбасымыз айтқандай, шынайы отан­шылдық даңғаза сөздерден емес, нақты істерден және жауапты қадам­дардан көрініс береді. Сондықтан да біз егеменді еліміздің жарқын мерейтойын өмірдің барлық салаларында жаңа жетістіктермен, тың табыстармен қарсы алуға тиістіміз.
Осыған орай облысымызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуді әзірлеу жөніндегі жұмыс белсенді жүргізілді. Тұтастай жоспар 240 іс-шарадан тұрады, соның 46-сы бір мезгілде барлық қалалар мен аудандарда өткізілді. Мазмұн жағынан әралуан іс-шаралар барлық әлеу­меттік топтарға бағытталған. Бар­лық өңір­лерде елді мекендердің инфрақұрылы­мын дайындау, оларды көріктендіру, көгалданды­ру, абаттандыру әрбір қала мен ауылды, әрбір көше мен ауланы санитарлық тазалау бойынша іс-шаралар жиынтығы өткізілді.
Бұл жұмысқа жастар да белсенді қатысты. Айталық, ағымдағы жылдың сәуір-қыркүйек айлары аралығындағы кезеңде «Ауыл­дың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» атты жастардың марафон-эстафетасы шеңберінде 35 мыңнан астам оқушы, студент, «Жасыл ел» және студенттердің құрылыс отрядының жауынгерлері елді мекендердің, селолар мен қалаларды, қала маңындағы аймақтарды көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарына қатысты. Қазіргі уақытта облыс бойынша 18 өңірлік штаб құрылып, еңбек отрядтары үшін атқарылар жұмыс көлемі белгіленіп, біраз шаруа­лар тындырылды.
Әлеуметтік нысандарды уақтылы тапсыру жеке мәселе ретінде ерекше қойылған. Мерекелі жылы облыс бойынша 60-тан астам ірі әлеуметтік маңызды нысандарды, индустриялық-инновациялық жобаларды ашу және іске қосу жоспарланған болатын. Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында әрбір қала мен ауданда кем дегенде екі маңызды нысанды тапсыру міндеттелген. Айталық, биыл Елбасымыздың қатысуымен Теміртау қаласындағы тарихи-мәдени мұражай, облыс орталығында Тәуелсіздік монументі, күмбезі көкке ұмтылған сәулетті мешіт, теннис орталығы, мұзайдыны сарайы, бокс орталықтары ашылды. Ауыл шаруашылығына мамандандырылған шағын ұшақтар шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт іске қосылды. Сонымен қатар Қаз дауыс­ты Қазыбек би, Қаныш Сәтбаев, Қасым Аманжоловтың ескерткіштері бой көтерді.
Мерекелі жылы облыста бірқатар индус­триялық-инновациялық нысандар іске қосылуда: «АрселорМиттал Теміртау» АҚ №2 домна пеші, дайындамаларды үздіксіз құю өндірісі, Қарағанды қаласында астықты терең қайта өңдеу өнімдерінің өндірісі, Саран қаласындағы «Хром-т» ЖШС ферроқұйма өндірісінде кокс ауыстырғышты алу үшін жалыны шалқымалы көмірді байыту және сұрыптау жөніндегі өндіріс және басқа да нысандар ашылды.
– Сіздің жаз айында Германияға ресми сапармен арнайы барып қайтқаныңызды білеміз. Сол сапардан елімізге, өндірісті өлкеге жаңаша бір леп келгендей сезілді. Осы жағын тереңдетіп айтып берсеңіз.
– Иә, дұрыс айтасыз. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңында мүдделі мемлекеттік органдар мен іскерлік топтардың өкілдерінен құралған қарағандылық ресми делегация Германия Федеративтік Республикасына жұмыс сапарымен барып қайтты. Негізгі мақсатымыз – Қарағанды облысының бірқатар индустриалдық-инновациялық жобаларын жүзеге асыруға германдық инвесторларды тарту болатын.
Сапар барысында Дуйсбург қаласындағы зауыт жұмысымен, оның өндірістік қуат­тылықтарымен танысып, ThyssenKrupp концерні басшылығымен кездесіп, сондай-ақ Мёнхенгладбах қаласындағы Металлургия & металөңдеу индустриалдық паркіне барып, SMS M компаниясының басшылығымен кездестік.
Делегация құрамында Қарағанды облысының бірқатар кәсіпорындарының басшылары да болды. Бұл – ең алдымен, металлургиялық шақпақтас өндіретін Silicium Kazakhstan ЖШС. Зауыт құрылысы қазақстандық банктер мен Deutsche Bank қаржылай қолдауының көмегімен 2010 жылы аяқталған болатын. SMS DEMAG компаниясы шығарған құрал-жабдықтарды жеткізуші – ThyssenKrupp Mannex GmbH концерні. Зауыттың жылдық өндірістік қуаттылығы – 30 мың тонна металлургиялық шақпақтас, 10,5 мың тонна кремний тозаңы және 875 тонна кремний шлагы.
Қарағандылық делегацияның тағы бір өкілі – «Металлургия – Металөңдеу» индустриалдық паркі» ЖШС. Оның аумағында бүгінгі күні инфрақұрылым құру жобасы іске асырылуда. Жобаның алғашқы кезектегі мін­деті – инфрақұрылым нысандарын салу, ал екінші кезеңде индустриалдық парк аумағында өнеркәсіптік кәсіпорындарды орналастыру болып табылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде экспортқа бағдарланған өндіріс­тер, жаңа жұмыс орындары құрылып, өн­діріске инвестиция тартылатын болады. Бұл жоба «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
– Жуырда Жезқазған Ұлытау айма­ғының келешегі жайлы Үкімет отырысында арнайы қаралды. Осы тұрғысынан не айтуға болады?
– Жалпы, Жезқазған, Ұлытау өңірі – қазақ тарихының алтын діңгегі, асыл қазынасы. Ол – ерлік пен елдіктің, өткен тарихымыздың айшықты белгісі.
Жоғарыда өзіңіз айтқан биылғы жылдың 23 мамырында ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтің төрағалығымен ел Үкіметінде өткен алқалы кеңестің де осынау өлкенің өзекті мәселелеріне арналуы жайдан-жай емес. Онда қаралған бірден-бір мәселе – Жезқазған өнеркәсіптік өңірін дамыту келешегі.
Талқылауға бірқатар министрліктер мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылары қатысып, баяндама жасады. Кеңес барысында Жезқазған өңірінің минералдық-шикізаттық базасын, тау-кен өнеркәсібін және металлургиялық өндірісті одан әрі дамыту, сондай-ақ ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі жобалар мен көліктік инфрақұрылым, әлеуметтік сала, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық саласын жаңғырту жобаларын жүзеге асыру қажеттігі атап айтылды
Осы мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен 2012-2017 жылдарға арналған Қарағанды олысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары әзірленіп, ел Үкіметінің қаулысымен бекітілді. 8 тараудан тұратын кешенді жоспарды жүзеге асыруға шамамен 130 млрд. теңге қаражат бөлінетін болады. Бұл – өте қомақты қаражат. Кешенді шаралардың жобасын әзірлеуде Жезқазған өңірінің тұрғындары білдірген өтініш-тілектер де ескерілді.
Атап айтқанда, минералдық-шикізат­тық базаны кеңейту, индустриалдық-инно­вациялық дамыту, тұрғын үй коммунал­дық-шаруашылық, тұрғын үй құрылысы, көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік инфрақұрылым, экология және табиғатты пайдалану, туризм.
Бірінші тарау шеңберінде Жезқазған кеніштерінде, сондай-ақ Жезқазған жер қыртысының Батыс және Шығыс аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу көзделеді. Бұл кен орындарының қосымша қорын анықтап, оларды өндіру жұмыстарын 60-80 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар техногенді минералдық түзілімдерді қайта өңдеу жүргізілетін болады. Бұл жыл сайын 400 тоннадан аса қосымша катодты мыс алуға ықпал етпекші. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейту бағытында басқа да жұмыстар атқарылады.
Екінші тарау бойынша 2012 жылы жалпы сомасы 3,4 млрд. теңге көлемінде жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақшы. Оның ішінде Жезқазған кенішінен сыртқары орналасқан жерлерде тау-кен кәсіпорындарын салу, қуаттылығы 9400 тонна ет бағытындағы құс фабрикасын ашу, Жезқазған қаласындағы тігін өндірісін кеңейту жобалары қолға алынатын болады.
Сонымен қатар тамшылай суғару әдісін қолдана отырып, көкөніс өндіретін жылыжай шаруашылығын құру, бос жатқан кварц кеніштерінде ферроқұйма өндірісін салу жұмыстары да жоспарланып отыр.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласындағы қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін Жезқазған ЖЭО жаңғыртылып, Сәтбаевтағы №1 жылу стансасы техникалық жа­ғынан қайта жарақтандырылады. Сондай­-ақ Жезқазғанда «Қазақмыс» корпо­рациясының өндірістік қуатты­лықтарының жылу жүк­темелерін қамта­масыз ету үшін екі шағын қазандықтың құрылысы, Үйтас-Айдос су құбырын жаңғырту және Есқұла су құбырының құры­лысын аяқтау жұмыстарын жүргізу көзделеді. Бұлардан бөлек Жезқаз­ғанды сумен қамтамасыз ету үшін «Қожамсейіт» кенішінің жерасты суларынан су қоймасын салу, қала ішіндегі су құбырлары желісін және шаруашылық ауызсу тазалау құрылғыларын жаңғырту жұмыстары да жүргізілетін болады.
– Ел ішінде «Қарағанды облысының мүмкін­дігі өте мол» деген сөз жиі айтылады. Шындығында да, ауыл шаруашылығы мен өндірісі қатар дамыған, өнері өрістеген, мәде­ниеті мәнді өлкенің келешегіне тоқталсаңыз.
– Өңірді дамытудың басым бағыттары экономиканы жаңғырту және бәсекеге қабілетті өндірістерді құру, аймақтық инновациялық жүйені қалыптастыру және адами капиталды дамыту болып табылады.
Үдемелі индустриалдық-инновация­лық дамудың мемлекеттік бағдарламасын, өнеркәсіптің базалық салаларын дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру жалғасын табатын болады.
Өңірдің 2011-2015 жылдарға ар­нал­ған аг­роөнеркәсіптік кешенін индустриалдық-инновациялық дамыту тұжырымдамасы ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемін 2016 жылға қарай 15 пайызға дейін арттыруды көздейді. АӨК барлық салаларында инновациялық-инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын болады. Бұл еңбек өнімділігінің артуына да әсерін тигізбей қоймасы анық.
Жалпы, өнім көлемін жер өңдеудің алдыңғы қатарлы технологияларын енгізу, мал шаруашылығының өнімділігін арттыру және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру шараларын жүзеге асыру есебінен 90,8 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Білім беру саласында 12 жылдық білім беру моделіне толықтай көшу, кәсіптік және техникалық білім беру мазмұнын жаңарту, университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету міндеттері қойылды.
Қарағанды облысында 12 жылдық білім беруге бағытталған жаңа оқыту бағдарламаларының эксперименттік апробациясы 2003 жылдан бері жүргізіліп келеді. Соңғы 5 жылда 413 орта мектепке дейінгі сыныптар ашылды, педагогтардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2015-2016 оқу жылында аталмыш модель бойынша 45 мыңнан аса оқушы оқытылатын болады.
Біздің облысымызда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл санап артып келеді. Тек соңғы үш жылдың өзінде ол 25%-дан артық көлемге өскен.
Ауруды диагностикалау мен емдеудің жа­ңа медициналық технологияларын дамытуға үлкен көңіл аударылып келеді. Телемедицина облыстық денсаулық сақтау саласының ажырамас бөлігі болып отыр.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік қағидаттарын жүзеге асыру арқасында жоғары технологиялардың орталықтандырылған зертханасы, Теміртау қаласында гемодиализ орталығы ашылды. Келешекте жеке бизнестің әлеуетін медициналық қызмет сапасын жақсартуда кеңінен қолдану жоспарланып отыр.
Қарағанды облысында жүргізіліп жатқан белсенді еңбекпен қамту саясатының арқа­сында аз қамтылған азаматтар саны мен ке­дейшілік деңгейі едәуір төмендеді. Соңғы он жылда аз қамтылғандар саны – 88 пайыз, кедейшілік деңгейі 7,1 пайыздан 0,8 пайызға түскен.
– Сөз ретіне қарай мына бір сауалдың қисыны келіп тұрған сияқты. Облыс көлемінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясына көңіліңіз тола ма? Жалпы, «мемлекеттік тіл – мемлекеттік мекемедегі мемлекеттік қызметкерге» дегенге қалай қарайсыз?
– Облыс аумағында тілдік ортаны қалыптастыруға, тіл саясатын, оның ішінде мемлекеттік тілді ұдайы насихаттау мен мәртебесін арттыруға, азаматтарымыздың оны оқып-үйренуі үшін жағдай жасауға, жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып, тіл мәдениетін, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күні облыста бір облыстық, екі қа­лалық оқыту орталығы және бес аудандық және қалалық әкімдіктер аумағында оқыту курсы мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтардың басқа да санаттарына жататын ересектерге мемлекеттік тілді оқытуда. Орталықтардың барлығы мультимедиалық кабинет жабдықтарымен, электрондық және инновациялық оқыту бағдарламаларымен, озық оқыту технологияларымен, маман оқытушылармен қамтамасыз етілген. Облыс аумағында мемлекеттік тілді оқытуды жүйелендіру мақсатында республикалық оқыту орталығы әзірлеген «Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметкерлерге жеделдете деңгейлік оқыту» стандарты мен тұжырымдамасының негізінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанынан құрылған «Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығының» «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешені әзірленді. Сонымен бірге кешеннің электрондық оқулығы жасалды. Аталмыш оқу кешенінің бағдарламасы, ішкі мазмұны халықаралық тәжірибеге сүйене отырып құрастырылған. Тілдерді оқыту орталықтарында және мекеме жанындағы оқыту курстарында әр салада қызмет ететін 3700 жуық маман мемлекеттік тілді оқыту курсына қамтылған. «Үштұғырлы тіл» мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік қызметкерлерге ағылшын тілін тегін оқыту жұмысы ұйымдастырылған.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауында тіл мәселелеріне баса назар аударылды. Әсіресе Президент мемлекеттік тілді мең­гергендердің үлес салмағының ар­туын тәуелсіздігіміздің орасан зор жетістігі екенін атап өтіп, 2017 жылға дейін олардың санын 80 пайызға арттырып, ал 2020 жылға қарай кемінде 95 пайызды құрау керектігін қадап айтты. Сонымен қатар жақында өткен «Нұр Отан» партиясының ХIII cъезінде де мемлекеттік тілді үйретудің жетекші жүйесін құру айтылды. Бұл осы бағытта жұмыс істей­тін бізге де үлкен міндеттер жүктеп отыр.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында ауқымды іс-шараларды өткізу көзделді. «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру іс-шаралар жоспары бойынша «Тәуелсіздік тірегі – мемлекеттік тіл» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, әр салада қызмет ететін өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – болашағым» байқауы, үш тілді меңгерген мекеме қызметкерлері, жас­тар арасында «Тілдарын – 2011» олимпиадасы сияқты іс-шаралар өткізілді. Сонымен бірге мемлекеттік тілді насихаттау жұмысына үлес қосып жүрген тіл жанашырларын қолдау мақсатында бірнеше бағыттағы номинация бойынша облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын тағайындау жоспарланып отыр.
Алдымызда «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру мақсаты тұр.
Осыған орай 2011-2015 жылдарға арналған облыстық стратегиялық жоспарды жүзеге асыру мақсатында уақыт талабына сай мемлекет­тік тілді меңгерген ересек тұрғындарының үлесін 72 пайызға арттыру, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлттың ересек тұрғындары­ның үлесін 51 пайызға көбейту, қоғамдық өмірдің негізгі салаларындағы мемлекеттік тілдің талаптылық қажеттілігінің дең­гейін 60 пайызға арттыру, облыс мекемелерінің құжат айналымындағы ісқағаздарының мемлекеттік тілде ресімделуін 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Батырбек Мырзабеков,
«Қазақ газеттері» ЖШС-ның
Қарағанды облысындағы өкілі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.