Өлеңмен өрілген Тәуелсіздік

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда «мал бағуды ғана білетін халық мемлекетін қалай басқарар екен» деп, біздің тәуелсіздікке жорта жандары аши қарағандар болды. Десе де, санаулы жылдар аясында біз өзіміздің ел тізгінін ұстай алатынымызды көрсетіп үлгердік. Бұл біздің білімді, талантты екендігімізді білдіріп қана қоймайды. Текті әулеттің тегі болғанымызды, кешегі дүниені дүрілдеткен ұлы империяның мұрагері екендігімізді, ел болу үрдісіне ие болғанымызға сан ғасыр өткендігін білдіреді. Соның ең басында қазақ халқының тәуелсіздікке деген ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан ұмтылысы жатыр. Қазіргі басты нәрсе – осы тектілікті әр жүрекке дендете жеткізуде тұр. Тарих пен қазіргі заман қашанда бірін-бірі демеп, қол ұстасып ілгерілейді. Тек тарихтан саяси және адамгершілік сабақтарын ала білгенде ғана қазіргі мәселелердің түйінін тарқатуға болады.
Тарихшы ғалымдардың пікірі бойынша, жер бетінде адам баласы пайда болған төрт мекен болса, соның бірі бүгінгі қазақ даласы екен. Сол даладағы адам ақылымен жасалған барлық ақыл-ой туындысы – түптеп келгенде, адамзат игілігі. Оның жасаушысы да, сақтаушысы да еңбекші ел, қалың қауым, оның асқан дана ойшылдары. Осы тұрғыдан келгенде, әр ұлттың өз мақтанышы, тарихы, еркіндік үшін күрес жолдары бар. Олардың сипаты, уақыты, себеп-салдары әр алуан болғанымен бәрі бір арнаға тоғысады. Билік үшін күрес немесе тәуелсіздік үшін тартыс. Былайша айтқанда, өзге ұлттардың өткенін екшеп көрсек, билік үшін күрес өзекті болады. Бірін-бірі шапқан ағайынды адамдардың ізгілігі мен жауыздығын байқайсыз. Ал қазақ баласы араздық пен алабөтен пиғылда болған шығар, бірақ ешқашан біріне-бірі жауыздық танытып, жақынын жарға итеретін жат пиғылда болмаған. Қайта жерінің, елінің амандығы үшін күрескен.

Ұлтымыздың тәуелсіздікке деген ұмтылысы Ғұн мемлекетін құрған ұлан­дарымыздың Тілеу (қазіргі Қытайдағы Чилиан шан тауы. – автор), Алшы (қазіргі Қытайдағы Янжу шан тауы. – автор) тауларынан ауа көшкен кезінен бастау алады. Солтүстікте Ғулар (қазіргі қырғыздардың арғы тегі) мен оңтүстікте ұлы юзылерден (кейінгі түрік империясының құрамына енген тайпалардың арғы тегі), шығысында қытайлардың қысымына төзе алмаған бабаларымыз қасиетті мекені Тілеу мен Алшы тауын тастап шығуға мәжбүр болды. Оған ескі заманнан бізге жеткен:
Айырылып қалғанда Тілеу тауынан,
Өркендеп, өспеді шаруа малымыз.
Айырылып қалғанда Алшы тауынан,
Мұңданып сарғайды қатын-баламыз, – деп келетін өлең жолдары дәлел бола алады.
Міне, содан бері 3 мың жыл өтсе де, сол бабалардың елге, жерге деген сүйіспеншілігі, бүгіннің тілімен айтқанда, тәуелсіздікпен тамыр тартқан ержүректік, батырлық, батылдық қасиеттері жылдар ізімен шыңдалып, қан арқылы ұрпақтан-ұрпаққа алмасып отырды. Тілеу мен Алшы тауынан ауа көшкен бабаларымыз ендігі іргесін Күн тауының етегіне бекітіп, онда іргелі елге айналады. Бұл тарихта Үйсін мемлекеті деп аталады.
Қазір біз «ғұн деген жаужүрек халық, үйсін дейтін ел болыпты» деп айта салғанымызбен, олардың қайсар күрестері мен келешек үшін жанталасы бүгінгі күннің, былайша айтқанда, тәуелсіздіктің түп-тамыры саналады. Олар бірден-бірге алмасатын, жібін үзбей жалғасатын билік тізгінін бекем ұстай алмаса да, қазақ ұландарының рухын шыңдап, ерлік жігерін демдеген ұлағатты орнатып кетті. Ғасырлар бойы қазақ баласы қаншама қиындықты, қудалауды, қырғынды көріп, сарбазынан айырылып, санын кемітсе де, басшысын жоғалтып, қатарынан айырылғанмен жаужүрек рухын жоғалтқан жоқ. Бұл бүгінгі тәуелсіздіктің бас­тауы болып саналады.
Барлап қарасақ, даламыздағы күмбезін күн шалған ғажайып ғимараттар, сән-салтанатқа бөленген сырлы сарайлар, биік тұғырларда орнатылған алып ескерткіштер, таңғажайып жазбалар, сырлы суреттер қаншама?! Оның бәрі – сайын даланың санатты сәні мен ерлік рухтың куәгерлері. Табиғаттың жойқын сынынан мүжілмей өтіп, біздің заманымызға жетіп, бабалар парасаты мен ерлігін паш етіп тұр.
Осы тұста тағы бір ескеретін жай бар. Ол – біздің халықтың көшпенділік ерекшелігі. Ең алдымен, көшпенділік өнерсіздік емес. Өнер, мәдениет көшпенділерге жат болмаған. Қайта қазіргі әлемдік өркениеттің түпқазығы сол көшпенділердің атының тұяғымен, қолының қарымымен, санасының зеректігімен жаратылған. Тіпті бір жұрттың жетістігі көшпенділер арқылы енді бір өңірге қадам басып, таралып отырған. Анығырақ айтар болсақ, бұған дәлелді көптеп табуға болады. Ал біздің ата-бабалар үшін көшпенділік – сыртқы жаудың қысымынан қорғану стратегиясы болып табылған. Мұның бір ұшы тәуелсіздік ұғымымен астарласып жататынын айқын аңғаруға болады. Бабаларымыз күшті жаудан ел-жұртын қорғау мүмкіндігі болмаған жағдайда олар бала-шаға, қарияларды мал-мүлкімен алыс жерге көшіріп, көз тасалау қамын жасаған. Ал атпал азаматтар жауынгерлер қатарын толықтырып, елін жаудан қорғай білген. Бұл жолда талай боздақтар басын құрбан етсе де, Отанын қорғап, даңқын асырған. Сақ сарбаздарының, түркі ұлыстарының, оғыз-қыпшақ жігіттерінің қайыспас қайсарлықтары талайларға үлгі болып, атақ-абыройға кенелгені тарихтан мәлім. Олардың соғыс тәсілдерін игерулері, батылдықтары мен тәуекелшілдігі жауын таңдандырған тұстары көп болған. Халқы үшін жанын пида еткен ерліктерін туған халқы қастерлеп, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге еткен. Олардың ерлігін поэзия тілімен сомдап, мәңгілік эпос жырлар тудырған. Осылайша, халық поэзиясында ерлік жырлары қалыптасқан. Қызығына қараңыз, тарихымызда елі үшін еңіреп туған ерлер көп болса да, сатқын атанған қазақ болмапты. Мұның өзі тәуелсіздікке деген сенімнің шынайылығы болып табылады.
Ендеше, әрбір ұлттың бойтұмары саналатын рухани байлығы халық даналығынан бастау алып өседі, өркендейді, қанаттанады. Оның ең құнды дүниелері мәңгілік мұра ретінде ғасырлар бойы жасай береді. Ал халқымыздың ерлік шежіресі де тасқа басылған жазбалар мен батырлық жырлары арқылы өріліп, бүгінгі күнге жетіп отыр. Жалпы, қазақ тарихын бірнеше кезеңге бөлетін болсақ, ондағы тәуелсіз жолындағы күрестердің сипатында ұқсамаған топқа жіктеуге болады. Сақ пен үйсін дәуірінде жер үшін, жігіттің намысын, қыздың арын қорғауды мақсат еткен қандыбалақ жорықтар жүргізілсе, көне түркі жазбаларында ел басына күн туған қиын кездерде басқа елдерге бағынышты болып, құрып кетуге таяған түркі елін тығырықтан шығару жолындағы ерлік істер бейнеленеді. Бір қызығы, Сақ пен Үйсін дәуірінде батыр әйелдер бейнесі айшықты суреттеледі. Ал Көне түркі жазбаларында төскейдегі малы таланып, басынан билік тайған елді Күлтегіннің біріктіріп, дегеніне жеткізгені, жұрты үшін қызмет қылып, күні-түні ұйқысын бөліп, ерлік істер көрсеткені былай көрсетіледі:
Тәңірі жарылқады…
Өлімші халықты тірілттім.
Жалаңаш халықты,
Кедей халықты бай еттім.
Аз халықты көп еттім.
Тату елге жақсылық қылдым,
Төрт бұрыштағы халықты,
Бәрін бірдей еттім…
Жінтіктеп зерделесек, Көне түркі жазбаларында ата жолына берік болу, бабалардың жасаған ерлік жорықтарын мақтаныш ету, әрбір келесі жорыққа сәт сапар тілеу өзекті тақырып болса, қолбасы батырлар мен ел билеген қағандар тұлғасына барынша мән береді. Мұның өзі – сол дәуірдегі елдік ұстанымның көрінісі. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген қағиданың көрінісі. Өйткені Түрік қағандығы – тайпалық одақтан құралған мемлекет. Сонымен бірге, Түрік қағандығының ең басты ұстанымы тәңіршілдік сенімімен қатысты болғандықтан, жеке тұлғаға табынушылық басым орында тұрды.
Жылдар жылыстап, Қараханилар дәуіріне келгенде қазақ даласындағы ерлік күрестердің сипаты танымдық қайшы­лықпен ұласты. Бұл тұста қазақ даласына түрлі діни танымдар дендеп ене бас­тады. Әрине, дін қазақ даласына са­яси ұстаным­дардың ықпалымен жетті. Оны уағыздаушылар өз мақсаттарына жету үшін алдымен тұрғылықты елдің мәдениетін жоюуға ұмтылды. Сонда ғана ділі берік, діңі мықты жүректі халыққа өз ұстанымдарын сіңіруге болатынын байқады. Осыдан кейін тас бетіне жазылған мәдениетін сақтап қалу­ға ұмтылған қазақ даласындағы тұр­ғы­лық­ты халық пен дін уағызшылар ара­сын­да­ғы өліспес күрес басталды. Бұл қай­шылықтың нүктесін Шыңғыс хан жорығы қойды. Шыңғыс хан жорығы қазақ даласын келімсектердің бөлшектеуінен және қарақытайлар басқыншылығы мен Хорезм­нің отарлауынан азат етіп, бас-басына би болған жүйенің тас-талқанын шығарды. Көшпелі тайпалардың басын біріктіріп, қазақ ұлтының тайпалық одақтан ұлт­тық бірлікке қарай нығаюының іргета­сын, қазақ мемлекетіне аумақтық негіз қа­лап берді. Бұл – Қазақ хандығы құрылуының тарихи көрінісі, саяси алғышарты еді. Егер сол тарих болмаса, бүгінгі тәуелсіз қазақ елі де болмас еді.
Әрине, Түрік қағанаты ыдырағаннан кейін қазақ даласына бөрідей тиген келімсектер мен дін уағызшылары, ең алдымен, осы тарихты жанталаса өшіруге тырыс­ты. Тіпті мүлдем жоғалтуға тырысты. Сонда ғана қараша халықты айтқанына нандырып, айдауына көндіреміз деп қарады. Еуропа ұйқыда жатқан кезде арғымақ атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, қаздай қалқып, көшіп-қонып, судың тұнығын ішіп, тас бетіне сурет салған халықтың өнері, міне, осылай ойрандалып жатқан еді. Бірақ тұрғылықты қайсар халық та өздерінің құндылықтары­нан айырылып қалғысы келмеді. Қайта жанталаса өз жәдігерлерін сақтап қалудың жолында күресті. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» деген тәмсіл – сол кездегі шындықтың куәсі. Дінді са­яси мақсатпен таратқан уағызшылар тұрғылықты халықтың мәдениетін өз көзқарастары бойынша ойрандады. Ал олардың аттарының аяғы жетпеген жоғарыда айтылған жердегі мұралар ғана аман-есен осы дәуірге жетіп отыр. Егер тарихта осы бір ұлы жорық болмағанда бұл мұралардан да жұрнақ қалмас еді. Біз осы күні жол айырығында кезіккен көлденең көк аттының ойынан туындаған дүниелерді қымбат көріп жүрер едік. Шыңғыс хан да, оның Орта Азияға ұзақ уақыт билік еткен мұрагерлері де бағынышты елдің діни сеніміне, мәдени мұрасына, салт-санасына ешқандай тосқауыл қойған жоқ, қайта сол елдерге сіңіп кетті. Бір сөзбен айтқанда, сол елдердің тарихына айналып кетті. Мұның ішінде «Төресіз – ел, төбесіз жер болмайды» дейтін қазақ тарихы да бар. Шыңғыс хан рухы осыдан кейінгі қазақ тұлғаларының басты ұстанымы болғанын жасыра алмаймыз. Бұл рух – Қазақ хандығының құрылуына саяси алғышарт әзірлеп берді.
Жасыратыны жоқ, Ақ орда, Көк орда кезіне келгенде қазақ даласындағы тайпалар мен ұлыстардың ұлы рухы бір мезгіл әлсіреді. Оған ақсүйектік биліктің кері әсері болғаны анық. Мұны Сыпыра жыраудың:
Ей, жігіттер, шоралар,
Он сан ноғай бүлгенде.
Саназар батыр жауынан,
Жаралы болып келгенде.
Алаш ата алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Аязды күнде қалшылдап,
Арасан оты жанғанда,
Бура мұздан тайғанда,
Шықырлаған буыршын,
Бас көтеріп тұрғанда,
Ханнан қайрат кеткенде,
Биге медет жеткенде,
Хан қашып, би қуғанда,
Хан Тоқтамыс қорланып,
«Байтағым» деп зарланып,
Айтып жылай жөнелді… – деген жырында ханның бейқамдығы сыналып, өткен күнге өкініш толғанады. Бұл – бес ғасырдың алдында айтылған ой болса да, содан бергі қазақ ұландарының санасына еркіндіктің қадірін сыналаған туынды. «Қолда барыңнан айырылсаң, хан болсаң да, қайғыда қаласың» дегенді ұқтырған тұжырым. Ал халық мүддесін жақтап өткен Асанқайғы жырларының түйіні басқа. Бағамдап қарасақ, Асанқайғы өмір сүрген ХVI ғасырда қазақ баласына жойылып кету қаупінің төніп тұрғаны анық. Сондықтан бір топ қайсарлықты қанат еткен адамдар ұлысқа болашақ іздейді. Бұл арман Асанқайғының «Жерұйықты» іздеп, жер шалуымен көрініс табады.
Асанқайғыдан кейін жарты ғасыр өткенде оның мұраты іске асып, Керей хан мен Жәнібек Сұлтанның басқаруымен Шу мен Талас өзендерінің аңғарында жаңа хандық, яғни Қазақ хандығы құрылды. Олар өзін қазақпыз деп атады. Қазір қазақ атауы туралы әркім әртүрлі айтып жүрсе де, оның түптеп келгенде, «еркіндік сүйгіш, тәуелсіздікке құмар халық» деген мағынаға жуық келетіні айдан-анық. Оны Қазтуған Сүйінішұлының жырларынан анық аңғарасыз:
Көрінген мынау көк нарын,
Ойран салып өткен жер.
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Жорғадан басқа мінбеген,
Сұлудан басқа сүймеген,
Қамқадан басқа кимеген…
Жырау бұл жырында ойын-тойы мол думанды жастық шақты еске салып, салтанаты мен сәні жарасқан тәуелсіз елдің мінсіз келбетін жасайды. Осы арқылы ұрпақтарға туған елін шын сүю керектігін ұғындырады.
Ол кездегі саяси құрылымда тың жол, соны идеялармен астасып, тәуелсіздік жолындағы күрестер «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» болып көрі­ніс тапты. Алайда Қазақ хандығының соңғы жылдары Алаш жұртына тағы да бір зобалаң тап келді. Бір жағынан, орыс қысса, екінші жағынан, қазақ ұландарының алдын­да жоңғарға қарсы жорыққа аттанып, елін қорғау міндеті жүктелді. Осы кезде Абылайдың айналасына топтасқан қазақ батырлары мен сөз ұстаған шешендер, ақын-жыраулар ішкі-сыртқы саясатты бекем ұстап, елдіктің туын биік көтеру керектігін ұғынды. Бұл ретте, Татықара, Үмбетай, Бұқар жыраулардың жырлары ханды халыққа жақындатып, ел ішіндегі араздықты тыйып, ортақ жауға қарсы күрес ашуға шақырса, Ақтамберді жырау жырлары халық тәуелсіздігін аңсап, ерлікті дәріптеп, патриотизмнің алғашқы үлгісін жаратты. Оның қайсы бір жырын оқысаң осындай ойға кенелесің. «Күмбір-күмбір кісінетіп» деп басталатын шығармасы – ақынның алдына қойған арманын танытатын патриоттық туынды.
Автордың ойынша, ел үшін аянбай еңбек етіп көзге түссең, дегеніңе жетесің дейтін ұғымды аңғарасың. Міне, осындай ерлік жырлар, ел мен жер үшін күреске аттанған қазақ сарбаздарына жігер берді. Атақоныс жоңғардан тазартылды. Бірақ сыналап кірген зымиян саясат қазақ жерін отарлауын тоқтатқан жоқ. Осыдан былайғы тарихи оқиғалар мен ондағы еркіндік жолындағы күрестер бүгінгі ұрпаққа жат емес. Нақтылы мәліметке сүйенсек, Кенесары көтерілісінен кешегі Желтоқсан көтерілісіне дейін қазақ жерінде 3 мыңнан аса ұлт-азаттық көтерілісі болған екен. Өз кезінде жеңіліс тауып, тарихтан өшірілген ұлт-азаттық күрестерінің мәні өшкен жоқ, төгілген қан құнын жоймады. Былайша айтқанда, тәуелсіз ел атандық. 1986 жылы Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген басшы Дінмұхамед Қонаевты 16 минутқа созылған жиналыста орнынан алып тастап, оның орнына қазақ деген халықтың кім екенін, тіпті оның ділін, тарихын білмейтін Колбиннің билікке келуі қазақ жастарының намысын оятты. Демократия, қайта кұру жайында сөз болып жатқанда бұл халықты қорлау еді. Қазақ халқында «Елу жылда ел жаңа» дейтін қанатты сөз бар. Қандай керемет ой. Бәрімізге аян, 1937 жылы қазақ зиялылары дерлік қырғынға ұшырады. Ал содан елу жыл өткеннен кейін бас көтерген Желтоқсан жастарының әрекеті қазақ халқының санасы ұлттық деңгейге көтерілгендігінің айқын дәлелі. Бұл осы халықтың ежелден зиялы, батыр, ержүрек екенін тағы бір рет дәлелдеп берді. Содан кейін, Әзірбайжан, Грузия, Ресей, Балтық жағалауындағы елдерде осындай толқулар болды. Аяғы қазақ жастарының ержүрек рухы азуын айға білеген империяны ыдыратып, тәуелсіздікке жол ашты. Ақыры өткен ғасырдың 90-жылдары қазақ тәуелсіздігінің ең соңғы нүктесі қойылды.
Бұл кезең ақындар қаламынан да қағыс қалмады.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты – құрбандық,
Атам десең, атыңдар! – деген Қайрат Рысқұлбековтың өлеңі жастардың жігерін ұштаса, өлеңін – Е.Раушанов, әнін І.Аманов жазған:
Қара бауыр қасқалдақ,
қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидің
еңбегіндей былқылдап.
Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп қалған тоғайға «қамықпа»
деп көңіл айт!

Ұя қалса иесіз, айдын үшін сол – қайғы,
Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды, – деп келетін «Қасқалдақ» әні тәуелсіздік ұранына айналды. Мұхтар Шахановтың сол тұстағы жігерлі өлеңдері де жұрт сүйіспеншілігіне бөленгенін қалай жасырайық?!
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік
болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның
мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты
жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті
емес жалауы!
Иә, жалауымыз жығылған жоқ, бірлі­гіміз ыдырамады. «Бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарған» ауызбіршілігіміздің арқасында талай қиындықтан қынжылмай өттік. Көзіқарақты адамдардың есінде болар, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында елімізге сансыз қиындық тура келді. Кезіндегі Кремльдің айтқанын орындап, саяси ұстанымынан шыға алмай келе жатқан халықтың өз алдына жол салып, жаңа бағдар орнатуы оңайға соқпады. Өйткені жүйе өзгерді, тұтастық бүлінді. Ел экономикасы тоқырауға бет алды. Өндіріс ошақтары тоқтап, жұмыссыздық жайлады. Инфрақұрылым ойрандалып, көптеген байлық ұстағанның – қолында, тістегеннің аузында кетті. Халықтың әл-ауқаты төмендеп, тіпті еңбекақы емес, қарттарға зейнетақы төлеу бас қатыратын тақырыпқа айналды. Бірақ ежелден ынтымақты ту еткен қайсар халықтың рухы жаншылмады. Қиналса да, қайғысын ішіне жұтты. Аш қалса да, арықтығын білдірмеді. Жұмыссыз қалса да жұпыны тұрмысқа мойынсал болды. «Жас өсіп, жарлы байитын» байламынан ауытқыған жоқ. Осындай қиын-қыстау ке­зеңде бүкіл Алаш жұрты өзінің келешегін тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына сеніп тапсырды. Сол сенімнің ақталғанын, міне, жиырма жыл өткенде анық көзіміз жетті. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Қазақтың ХХ ғасырлық арманы орындалды. Иә, ХХ ғасырдың басында өзгелердің отарында жүрген халық жиырма жылдың ішінде өркениетті деңгейге жетті. Мұның түпкі негізінде өзінің даму бағытын айқындап алған отаншылдық идея мен берік ынтымақ жатыр. Дереккөздеріне сүйенсек, ұлттық байлығын қайта жаңғыртуға Америка – (1760-1880) 120 жыл, Жапония – 52 жыл (1854-1916), Қытай – 38 жыл (1918-1931), жаңадан бас көтерген Азия жолбарыстары Сингапур мен Малайзия 28 жыл жұмсаған. Ал біз 20 жылда ұлттық құндылығымызды нығайта алдық. Десе де, ең басты биігіміз – Арқаның төсінен Ақорданың бой көтеруі мен тарихтың теперішінен шетел асып кеткен қандастарымыздың атажұртқа оралуы дер едік. Қазір әлемде екі жүзге жуық мемлекет бар делінсе, солардың арасында тек Германия, Израиль және қазақ елі ғана сыртта жүрген қандастарын өз атажұртына жиып, олардың тұрмысы мен тіршілігіне қарайласатын арнайы заң шығарып, көшіп келіп қоныстануына жеңілдіктер жасап отырғаны, шындық. Осы бір ұлы бастаманың нәтижесін бүгінгі күні өз көзімізбен көріп, куәсі болып келеміз. Халқымызда «Елге ел қосылса, құт қонады» деген аталы сөз бар. Өз Отанына келіп арқасынан ауыр жүгі алынып, жеңілдеп қалған қандастарымыздың қуанышы мен сүйінішін көріп, риза болып қаласың. Бұл жатты да жақын тартып, бауырына сыйдырып әкететін қазақ деген халықтың таза қасиеті деп білсек, енді, бір жағынан, қара орман халқын осы бір күнге бастап жеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі екенін айта кету артық болмас. Бұл қазақ тәуелсіздігінің мәңгілік тұғырға бекігені болып табылады. Енді қазақтың туы әлі талай биіктерде желбірейтініне күмәніміз жоқ. Сол үшін де бүкіл Алаш жұрты қазақтың бағына Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлды берген Алла тағаланың әділеттілігіне дән риза.
Ал осы жылдар аясында Елбасының салиқалы саясатын берік ұстанып, елі үшін еселі еңбек еткен тұлғалар да аз емес. Солардың бірі – Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов.
Жер жаннаты Жетісу өңірінің эконо­микалық-әлеуметтік жағынан гүлденіп, қарыштап алға басуына негіз қалаған, рухани салаға да айрықша көңіл бөліп, үлкен жұмыстар атқарған Серік Үмбетовтің жақсы ісін жүйелі жалғастырып алып кеткен Аңсар Тұрсынханұлы қазірдің өзінде ірілендірілген облысты басқарудағы өзіндік өрнегін танытып үлгерді. Нақтырақ айтатын болсақ, аграрлы аймақ саналатын Алматы облысында өндіріс ауқымы кеңейіп, инновациялық тың жобалар жүзеге асырылуда. Агро­техникалық шаралардың тыңғылықты атқарылуының нәтижесінде өріс – малға, қамба астыққа толды. Елбасының тікелей қолдауымен биылғы жылы да әлеуметтік салаға облыстық бюджеттен қомақты қаржы қарастырылды, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында өндіріс орындары іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Өңдеу саласын жетілдіріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Алматы қаласының маңайынан азық-түлік белдеуін қалыптастыру жұмысы да жалғасын тауып отыр.
Иә, сонау Ғұн дәуірінен басталған тәуел­сіздік Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында өзінің кемел биігіне шықты. Қазақтың 3 мың жылдық арманы орындалды. Енді қазақ жұртының бұл тұғырының мәңгілік тұрарына сеніміміз мығым. Өйткені бүгінгі қазақ – ел басқарар серкесі бар, сол серкесін ұлықтай алатын бұқарасы бар қуатты жұрт. Ең бастысы, әр қазақтың көкі­регінде тәуелсіздікке деген ұмтылыс пен бардың бағасын біле алатын таза жүрек алауының болғандығы қуантады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.