Ынтымақты елде бақ тұрар

Тәуелсіздікке – 20 жыл! Бұл аса көп уақыт емес. Дегенмен де, шындығын айтсақ, осы жиырма жылда еліміз жүз жылға татитындай жолды бастан өткерді.
Осы жиырма жылда жеткен жетістік­теріміз қомақты. Солардың бір­қатарына тоқталып өтелік. Мәселен, соңғы бес жыл ішінде еліміз экономикасының көлемі екі есеге жуық ұлғайды. Эконо­микамыз қарқынды дамып келеді. Үстіміздегі жылды ғана алайық. Осы жылы инновациялық үлгідегі 350 жаңа кәсіпорын салынды. Астық өсіруде биылғы жылы бұрын-соңды бағын­дырыл­маған көрсеткішке қол жеткіздік. Бұл енді – ауылдықтардың ірі жеңісі.
Ауыл – қазақтың қара шаңырағы. Ұлт руханияты­ның бастауы ауылда жатыр. Содан да болар мемлекет ауыл мәселесін на­зардан тыс қалдырған емес. Бұған дә­лел – 2002-2005 жылдарға арналған «Ауыл жылы», 2009-2010 жылдардағы «Ауылдық аумақтарды дамыту» мемлекеттік бағдар­ламалары. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын да сол жанашырлықтың бір көрінісі деуге әбден болады. Мақсат – жас мамандарды шалғайдағы елді мекендерге жіберу арқылы ауылдың өсіп-өркендеуіне ықпал ету. Мемлекет аталған бағдарламалар іске асуы үшін қаржыны да аяп қалмады. Ауыл жылдарында мектеп, аурухана, жол, ауызсу құрылыстарын жүргізуге 2003 жылы – 40 миллиард, 2004 жылы – 50 миллиард, 2005 жылы 55 миллиард теңге бөлінді. Негізі, бұл қаржылардың қайтарымы да болды. 2007-2009 жылдары «Ауызсу» бағдарламасына орай 55 елді мекенде 285 шақырым су құбыры тартылды, 68 мың адам таза ауызсумен қамтамасыз етілді. 2009 жылдың өзінде ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз ету деңгейі 61 пайызды құрады. Ауылдағы әлеуметтік жағдайдың жақсарғанының нәтижесі болар, халық санында да өсу бар. Соңғы он жылда ауыл халқы он екі пайызға өсті. «Дипломмен – ауылға» жобасы қолға алынғаннан бері алты мыңнан астам жас маман ауылдық жерде қызметке орналасқан. Биылғы жылы ауылда жұмыс істеуге ынта білдіріп отырған жастар тіпті көп. Жыл аяғына дейін мұндай жас мамандар қатары төрт мыңға дейін жетуі ықтимал.
Күрделі кезеңнің өзінде 19 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. Жарты миллионнан астам қазақстандық өз­дерінің тұрғын үй жағдайын жақсарт­ты. Дағдарысқа дейінгі кезеңде еліміз жыл сайын 6 миллион шаршы метрді пайдалануға беріп отырды. Мемлекет 2005-2007, 2000-2010 жылдарға арналған «Мемлекеттік тұрғын үй» бағдарламасын қабылдады. Құрылыс ісіне байланысты бағдарламалар бұлармен тоқтап қалмады. Ел­басы 2011-2014 жылдарға арналған жа­ңа бағдарлама ұсынды. Осы бағдарлама­ның үш бағыты бойынша 6 миллион шаршы метр пәтер салынады. Сөйтіп, 350 мың отбасы немесе 1 миллиондай адам баспанамен қамтамасыз етіледі.
Құрылыс дегенде, «Ғасыр жобасы» атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысына тоқталмай кете алмаймыз. Бұл – еліміздегі және әлемдік ауқымдағы ірі жобалардың бірі. Оның құны – 825 миллиард теңге. Осы жолдың біздің еліміз бойынша жалпы ұзындығы – 5126 шақырым. Аталған жолдың пайдасы өте көп. Біріншіден, жолдың сапасы жақ­сарады. Екіншіден, осы үлкен жолдың бойында шағын және орта бизнес одан әрі дамып, машина жөндеу орталықтары, қонақүйлер, мейрамханалар ашылады. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету – маңызды мәселе. Бұл ретте елімізде қолға алынған «Жол картасы» жоба­сының рөлін ерекше атап өткен жөн. Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен іске асып жатқан осы бағдарлама ар­қасында мыңдаған тұрақты жұмыс оры­ны ашылды. Бағдарлама іске асуы үшін бюджет қаржысынан 2009 жылы 191 миллиард теңге бөлінсе, өткен жылы ол 151 миллиард теңгені құрады. Екі жылдың өзінде 392 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. «Жол картасының» арқа­сында көптеген нысан күрделі жөндеуден өтті, жұмыссыз қалғандар жаңа мамандық игерді. Нақты деректерге сүйенейік, бір жылдың өзінде тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық жүйесін жөндеу бойынша 862 жоба жүзеге асырылды. 3657 мектеп пен аурухана, 368 мәдениет, спорт ныса­ны, 4793 шақырым автожол, 284 шақы­рым жылу трассасы, 1029 шақырым су­мен жабдықтау желісі, 737 шақырым электр желісі жөнделді. 2010 жылдың үшінші тоқсанында жұмыс­сыздардың саны 481,7 мың адамды, ал жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құраса, 2011 жылдың осыған сәйкес кезеңін­де жұмыссыздардың саны 9,4 мыңға азайып, 472,3 мың адамды құрады, яғни жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызға төмендеген.
Адамдарды қуантып отырғаны – бұл бағдарламаның жалғасын табатындығы. Бұған дейін көбіне жөндеу жұмыстарына көңіл бөлінсе енді аудан-ауылдарда шағын, кішігірім өндірістер ашылуға назар аударылмақ. Негізгі басымдық шағын өндірістерді ашуға жұмсалады.
Экономикадағы, әлеуметтік саладағы жетістік­терімізбен қатар руханияттағы табыстарымызды да мақтанышпен айтуға болар еді. Сондай игілікті істің бірі – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы. Бұл өзі – үш кезеңді қамтыған бағдарлама. Оның бірінші кезеңі 2004-2006 жылдарға созылса, екінші кезеңі – 2007-2009, ал үшінші кезеңі 2009-2011 жылдар аралығын қамтиды. Алғашқы кезеңде тарихи мұраларды іздестіру, анықтау, жинастыру шаралары қарастырылса, одан кейінгі кезеңдерде жиналған құндылықтарды сұрыптау, зерделеу міндеттері жүктелген. Соңғы уақытта 73 тарихи-мәдени ескерткіш қалпына келтірілді. Олардың ішінде шетелдердегі екі нысан, еліміздегі 19 ескерткіш, Дамаскідегі әз-Захир-Бейбарыс сұлтан кесенесі бар. АҚШ, Жапония, Еуропа, Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей елдері­не ғылыми-іздестіру экспедициялары ұйымдастырылып, бес мыңнан астам этнографияға, тарихқа, өнерге қатысты құнды мұрағаттық құжат қайтарылды. Ақмола облысындағы «Бозақ», Алматы облысындағы «Есік», «Қойлық», «Талғар», Шығыс Қазақстан облысындағы «Берел» мен «Шілікті», Қарағанды облысын­дағы «Тоқтауыл», «Талдысай», Жамбыл облы­сындағы «Ақыртас», Батыс Қазақстан облысындағы «Қырықоба» қоныстары қайта жөндеуден өткізіліп, бағалы жәді­гер­лер жарыққа шықты. Осы маңыз­ды іс­ті қаржысыз іске асыру да қиын. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2009-2011 жылдар аралығында мемлекет бюджетінен 2 миллиард 79 миллион теңге қаржы бөлінген.
Мемлекет тарапынан өз азамат­тарының діни наным-сеніміне жасалып отырған қамқорлық – еліміздегі конфес­сияаралық келісімнің маңызды көрінісі. Біздің еліміздегі дінаралық және этносаралық татулық қандай мемлекетке де үлгі болатындай. Қазақ жерінде дүниежүзі бойынша тұңғыш рет әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездері өтті. Алғашқы съезд 2003 жылы Астанада өтті. Онда осындай жиынды үш жыл сайын ұйымдастырып отыру жөнінде келісім жасалды. Жалпы, съезд өткізіп тұ­ру идеясын көптеген дін өкілдері, ислам, православие, католицизм, протестанизм, буддизм, индуизм, иудаизм дініндегілер және басқалар қолдады. Тәуелсіздік жыл­дары дінге үлкен мән берілді. Елімізде сегіз жоғары (екі ислам, бір католик, бір лютерандық, төрт протестанттық), алты арнайы орта және үш жалпы білім беретін діни оқу орны бар. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Бұл қадамдардың барлығы – елімізде ар-ождан бостандығы, рухани жаң­ғыру, азаматтық бейбітшілік пен конфес­сияаралық келісімді сақтап, нығайтуға бағытталған ниеттен туындап отыр.
Қазақстан тек өз елінде ғана емес, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың салтанат құрғанын қалайды. Осыған нақты бір дәлел – биыл өткен «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумы. Бұл дүниежүзілік маңызы бар мәселе еді. Содан да БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мен АҚШ президенті Барак Обаманың форумға қатысушыларға Жолдау жолдауы жайдан-жай емес. Өйткені ядролық қарудың жантүршігерлік қаупі бар. Қауіп-қатерден сақтану үшін қаруды жоюдың маңызы ерекше.
Айта берсек, тізе берсек, таудай табыстарымыз одан әрі жалғаса береді. Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ саммиті – қазақстандық толайым табыстардың абыройлы айғағы. Бұл күндері еліміз татулық пен тұрақтылықтың кепіліне, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналды. Негізі, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы мен Астана Декларациясының қабылдануы ел мерейін одан бетер асқақтатты.
Өзінің географиялық орналасуына орай азиялық және еуропалық белгілер­мен қатар өрілген жаңа шаһар, елордасы – Астанамыз қандай! Елорда, шын мәнінде, саяси, мәдени және білім орталығына айналды. Келер күндерде де Астананың өсіп-өркендеу қарқыны толастамақ емес. Осылайша, Елбасы арманынан ақиқатқа айналған Астананың айрықша мәртебесі айқындала бермек.
Әрбір қазақ үшін тілдің алар орны ерекше. Тіл – кез келген ұлттық болмыс-бітімін айқындайтын құбылыс. Мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің елдегі ұлт бірлігінің басты кепілі екен­дігіне ешкім де дау айта алмас. Бүгінде қазақ тілінде жер бетінде 15 миллионнан астам адам сөйлейді. Бұл – жақсылық. Әрине, тәуелсіздік жылдарында қазақ тілін дамытуда көптеген шаралар қолға алынды. Алайда қарыштап дамып келе жатқан Қазақстан Республикасы сияқты тәуелсіз мемлекеті бар елдің барша азаматтарының мемлекеттік тілі – қазақ тілін өркендету – баршамыздың бүгінгі ұрпақ алдындағы парызымыз.
Білім, ғылым саласына келсек те, ауызды қу шөппен сүртпес едік. Мемлекет тәуелсіздік алғаннан бері осы саланы өркендетуге күш салып келеді. Елбасымыз Н.Назарбаев таяуда өткен ғалымдар форумында таяу үш жылда ғылымға бөлінген шығыс 118 миллиард теңгені құрайтынын айтты. Мұның өзі – зор қолдау.
Осы тәуелсіздік жылдары қазақ елі­нің айбыны асып, атағы әлемге әйгіленді. Билік белестерді бағын­дырдық. Деген­мен де алар асуымыз әлі алда. Хал­қымыз­да «Ынтымақты елде бақ тұрар» деген да­на сөз бар. Рас, бірлік-береке, ырыс-ынтымақ баба­ла­рымыздың бізге тәбәрік етіп қалдырған өсиеті бұл. Тәуел­сіздіктің басты тірегі де – осы. Ел бірлігі. Ел жара­сымдылығы. Осыны әр кез есте сақтайық, ағайын.

Алмагүл Құрманбаева,
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.