Үні кетпес құлақтан!..

Қазақ теле-радио комитеті аталатын үлкен шаңыраққа қарайтын ол кездегі жалғыз телеарна «Қазақстан» мен Қазақ радиосына жұмысқа орналасу қиынның қиыны еді.
КазГУ-дің филология факультетінде оқып жүріп, Жастар редакциясындағы Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізетін «Көкпар», марқұм Әтипа Ысқақова апайдың «Әдептен озбайық», марқұм Салтанат Белтеновтің «Кездесу» хабарларына жиі қатысып, студенттік ой қосып жүретінмін.
Жатқан жері жайлы болғыр Камал Смайлов, Сағат Әшімбаев марқұмдар «мына қара қыз тегін емес, жүрегінде оты бар, білімді, рухы мықты» деп, диплом жетекшілерім Тұрсынбек Кәкішұлы мен Зейнолла Қабдоловқа асыра мақтап, аспирантураға түсу ешқайда қашпайтынын айтыпты. Сол диплом алысымен, арнайы шақырумен қабылданған Қазақ телевизиясындағы қызметімнен екі жылдан соң, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаным үшін еріксіз босап қалдым. Ойланбастан бұрыннан қабілетімді танитын Қазақ радиосына барып, екі жыл бойы штаттан тыс тілші ретінде барлық редакцияларға жедел репортаждар дайындау арқылы басшылықтың сеніміне кірдім. Ақыры 1988 жылы балалар мен жастар редакциясына штатқа алындым. Бұрын тележурналист есебінде сол кездегі даңқы жер жаратын, радиодағы «Ұшқын» жастар хабарының біраз жігіттерімен Орталық комсомол комитеті ұйымдастыратын республикалық «Жігер» шығармашылық бригадасының құрамында сапарлас болғанымыз бар-ды. Апталап жүріп, шалғай ауылдарды бірге аралап, бір мақсатта жұмыс істеу, бір дастарқаннан дәм тату, бір шаңырақтың ауыз үй, төр үйінде қатарласып қона жату еріксіз достастырып жіберетін. Оған халықтың жалғыз «көк сандыққа» деген құрметін қосыңыз. Мен сол телевизиялық топтың редакторы болғандықтан сапарластарым ортасында бұқара үшін Ерназардың Ертөстігіндей бір төбе көрінетінмін.
Сол әсер радиодағы әріптестермен бірден қоян-қолтық араласып, жараса жұмыс істеуіме зор ықпалын тигізді.
«Кемедегінің жаны бір» демекші, бір редакция – бір қауым ел едік. Қызықта біріміз үшін бәріміз қуанып, қиындықта бірге мұңаятынбыз. Көбіне әрқайсысымыз күнделікті жасайтын ха­барымыз үшін сүрлігіп жүретінбіз. Кілең сайдың тасындай, жүрегінде жастық оты маздаған жас жігіттер мен қыздар бірінен-бірі өтіп, өткір де өзекті, өршіл де өнегелі, өрісті бағдарламалар дайындайтынбыз. «Қандай тақырып қамтылмай жүр» деп, өзара ақылдасатынбыз. Қай салаға кімнің ыңғайы барын, істің көзін таба білетінді бірауыздан қолдап, жылт еткен жаңашылдыққа мәз болысатынбыз.
Әрқайсысымыздың өзімізге бөлін­­ген жоспарлы жұмыстарымыз басы­мыздан асып жатса да, барған жері­мізден бәріміздің хабарымызға керек тақырыптарды таспаға жазып, базар­лық етіп ала келетінбіз. Кейбір сәттерде көңіл қаламаған тақырыпты басшыға жеткізбей-ақ, өз арамызда «ауыстыра» қоятынбыз. Әйтеуір, редакцияға жаманат сөз келтіргіміз келмейтін. Бір-бірімізді қорғау үшін ғана өтірік айтатынбыз. «Записке кетті» деген сылтауымыз дайын тұратын. Ол ұрланып жеткенге дейін бұрынғы жазып қойған таспалардан бірнешеуін дәлдеп қиып, тақырыпқа бөліп, «бабышкаға» орап, қолға ұстата қоятындай дайындап үлгеретінбіз.
Ап-ауыр репортерді иығымызға асынып алып, 5-10 минуттық таспа үшін бармайтын жеріміз жоқ-ты. Редакцияға ентіге кіріп, таспаға көшіре жөнелу, оны мұқият тыңдау, бір сөзін қалдырмай қағазға түсіру, одан артық-кемін екшеп, монтаж жасау, сценарий етіп толықтырып, машинкаға бастыру, студияда диктор сөзін жаздыру, соңында аппаратта режиссермен жағаласып отырып, әуе толқынына дайындау – өміріңнің қалай өтіп жатқанын да ойлатпайтын.
Әйтеуір апталық қорытынды сайын лездемеде хабарымыз туралы арнайы сайланған сарапшылардан бір ауыз жақсы пікір естісек, жанымыз қалмай қуанып, келесі бағдарламаны дайындау­ға «ұшатынбыз». Не деген қанағатшыл­дық десеңізші, дедектеп тыным таппай, уақытпен санаспай жүгіріп жүріп, «қаламақы, сыйақы алмадық», «пәтер кезегіне ілікпедік» деп есептесіп, жасымайтынбыз. Мен тіпті директордың кабинетіне де кірмейтінмін.
Жұмыс құралы – репортер бәрімізге бірдей жете бермейтін. Кезектесіп, бір-бірімізге көмектесіп, босай сала жүгіретінбіз.
Редакция басшысы, маман еңбегін орынды бағалай білетін Қасымхан Ерсарин аға бастаған ұжымның үлкенінде – үлкендік, кішісінде кішілік мол ұшырасатын. Ол кісілік сақтатып, құдды бір үйдің баласындай бауырмал­дық қалыптастыратын. Күліп-ойнап, әзілдесіп, дәмдес-тұздас бола жүріп, еткен еңбектің берекелі болатынын сонда сезіндік. Бүгінде сол шақ, сол әріптестер, жігерді мұқалтпайтын қайран жастық – бәріміздің де сағынышпен еске алатын ғажап кезеңіміз болып қалды.
Қазір ортамызда жоқ: Махмет Түменбаев, Ағзамхан Егембердиев, Кенже Жармұхамбетов, Бақыт Досымов, Әбдіхалық Досмағанбетов, Ақыл Құланбаев, Мелдебек Айтаев марқұмдар және ел игілігіне еселеп үлес қосып жүрген қатарлас, қанаттас әріптестер: Нұржан Мұхамеджанова, Иманбай Жұбаев, Қанат Қайым, Қайрат Мұсақұлов, Әлімжан Сабыржанұлы, Қаршыға Есімсейітова; үлкен аға-апаларымыз: Нұрахмет Жорабеков, Рыс Нүсіпова, Фарихан Атханова, Мұрат Сыздықов, Тоқтарбек Қамшыбай, Ақбол Өмірзаққызы, Гүлжанат Түсіпханқызы, Болат Түлкібай, Риза Шындәулетова, Гүлбақыт Қайсенова, Шәрбат Сатыбалдықызы есімді тілеулес жандарды жүректен алған ып-ыстық орнынан еш қозғай алмаймын. Сондай кісілікті ортадан жиған тәжірибем – жалпы, Қазақ радиосындағы 14 жылым кейінгі өміріме, еңбек жолында өшпес ізін қалдырды.
Кезінде микрафон алдында өзім жүргізген әр алуан тақырыптағы бағ­дарламаны айтпағанда, тек әр жастағы балаларға арналған бір аптада берілетін «Тілашар», «Айгөлек», «Темірқазық», «Қызықты кездесулер» хабарлары, яғни баланың тап-таза көңілі, аппақ жүрегі, таусылмас тілегі, бал тілі мені бала тақырыбына жіпсіз байлап тастады. Құдайшылығымды айтсам, қиын да болса қызық балаларға қызмет етуді маңдайыма жазылған, пешенемдегі жазудай қабылдап кеттім. Бәлкім, бұл менің өмірдегі өз орным шығар…
Қазақ радиосының үні деген құдірет екен ғой. Қаршадайдан «құлақтан кіріп, бойды алған»: Әнуарбек Байжанбаев, Омархан Қалмырзаев, Мәмбет Сержанов, Жәнел Асқарова, Сауық Жақанова, Зияда Бекетова, Аманжан Еңсебаев, Бүркіт Бекмағанбетов, тағы басқа дикторларды көзбен көріп, тілдесіп, аға-апалап ізінен еріп, соңында жүрем деп кім ойлаған?! Дүйсенбек Қанатбаевтай қара сөз бен қара өлеңнің жорғасының: «Ешкім естімесін, радиода екеуміз-ақ мықтымыз. Саған бүгін неше хат келді, маған…!» – дегенін естіп, кішкене көзін күлкі жауып, әзіл-қалжыңымыз жарасып, қатар жүрем деп ойлаппын ба?!
Тоқсаныншы жылдардың соңына таман жасығынан асылын айырып қана жұмысқа қабылдайтын Қазақ радиосы да бей-берекет күй кешті. Ғафу ақынның «аспанға қарға қаптады, ақ сұңқар құстар жерде жүр» дегені келді. Басқасы – басқа, көмейіне бұлбұл ұя салғандай Сауық, Ұлжан, Шолпандай дикторлары керексіз болып, қысқартуға түсті. Радиосыз өмір жоқтай, өлермен болып еңбек еткен аузы дуалы, сөзі уәлі қаншама журналист далада қалды. Аумалы-төкпелі сол кезеңде «сыртта» қалғандарға үлкендікпен тоқтам айтып, ақылға шақырған алдыңғы буын өкілдерінің жанашыр сөзі, бірін-бірі іздеп хабарласуының өзі – мәртебелі Радиомыз берген жақсы сабақтай әсер етті.
Біз – радиолықтар әлі күнге дейін бір-бірімізді көруге, жүздесуге бар ниетімізбен асығып тұрамыз. Қайсымыз қайда жүр­сек те, телефон арқылы табысып, шұрқы­расып, арқа-жарқа болатынымыз бар.
Сексеннің төріндегі Қасымхан ағадан бастап, зейнеттегі Руслана, Рыс, Раушан, Райхан, Фарихан, Ақжол, Айнаш, Астанадағы Үмітжан Балтаева, Аққыз, Қарашаш тәтелерді көңіл төрінен түсіру мүмкін емес. Қысқасы, жұдырықтай жүректе Қазақ радиосында көп жыл бірге еңбек еткен әріптес, көзкөргендердің әрқайсысының өз орны бар.
Толқып, толғанып отырып, осы күнге жете алмаған, туған үйіндей болған радиосының 90 жылдық торқалы тойын көре алмаған марқұмдарды еске алып, оларға Алла иман байлығын берсе деп тілейміз. Ал «тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, көңіл түкпіріндегі сағыныштарын «Шақыру қағазы» оятып, бүгінгі – 22 желтоқсанды тағатсыз күтіп жүрген барша радиолық­тарға сәтті қауышу, естен кетпес басқосу бақытын тілейміз.
Ұлттың үнжариясы – Қазақ радиосының торқалы тойы ардагер әріптестерден бастап, бүгінгілер үшін өнегелі үлгі қалдыруы тиіс. Өйткені бұл той қарсаңында жаңа басшылыққа осы радионың ыстығына күйіп, суығына тоңған, репортер көтеріп, таспамен жұмыс істеудің машақатын көрген, өз перзенттері: «Қазақстан» ұлттық теле-радио корпорациясының төрайымы болып Нұржан Мұхамеджанова мен Қазақ радиосының бас директоры болып Мақат Садық келді. Екеуі де – өз ісінің майталман маманы. Екеуі де – өз еңбегімен сатылап көтерілген жан-жақты тәжірибе иесі. Олар өз радиосының жо­ғын түгендеп, бағын жандырудан еш аянбасы анық.
Басқа да әріптестер сияқты мен де бақытымның бастауы болған – Қазақ радиосының аты аталса, үні естілсе, жүрегім лүпілдеп, «тек жақсы сөз айтылса екен» деп тұрамын.
Жасай бер, жасы 90-ға жеткен жасампаз Қазақ радиосы!

Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Айгөлек» балалар журналының бас редакторы



Принтерден шығару Принтерден шығару