Радиосы қазақтың…

d180d0b0d0b4d0b8d0bed0be

Қазақ баспасөзінің абыройлы һәм беделді қара шаңырағы болып есептелетін – Қазақ радиосы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Күнделікті жедел ақпарат таратып, ел құлағын мазмұнды жаңалықтармен, ой қозғар хабарларымен, әуезді әндерімен, қос ішектен төгілген күйлерімен тербетіп отырған радионың бүгінгі таңдағы жетістіктері – еселі еңбектің игі нәтижесі.Ел ішінде «радиодан хабарлады», «радиодан айтты» деген сөз күні бүгінге дейін айтылып келеді. Жан жылуын сыйлар, нұр шуағын шашар сөздерден тәбәрік сыйлайтын дикторлардың қоңыр үнді дауыстары бірнеше буын ұрпақтың құлақтарына сіңісті болды. Әнуарбек Байжанбаев, Омархан Қалмырзаев, Мәмбет Сержанов, Жәнел Асқарова, Сауық Жақанова, Зияда Бекетова, Аманжан Еңсебаев, Бүркіт Бекмағанбетов сынды радио тарландарының дауыстары тыңдармандардың жүрегін жаулап алды. Қазақ радиосы – тәрбие мектебі. Оны күнделікті тыңдап отырған адам – ұлттың жанашыры, елі мен Отанын шексіз сүйетін тұлғаға айналып шыға келеді. Дүниеде сөзден құдіретті, сөзден биік нәрсе жоқ. Қазақтың қара сөзін, сөз табиғатын терең сезінетін дикторлар өздерінің тұшымды әңгімелері арқылы бүкіл елді баурай білді. Бүгінде Қазақ радиосы, шын мәнінде, ұлттық радиоға айналды. Радиодан берілетін хабарлар елдің, ұлттың мүддесін, тіл, руханият, мәдениет, экономика, ауыл шаруашылығы мәселелерін кеңінен қозғап, қоғамға ой салатын дәрежеге жетті. Ұлттың үнжариясы саналатын радио әрдайым тыңдармандардың талғамынан шығып келеді. Кезінде қазақ радиосына қарата айтылған сыни пікірлер уақыт тұрғысынан алғанда өзінің дәйексіздігін танытты. Өйткені Қазақ радиосы, ең алдымен, ұлттың үнін, халықтың сөзін айтумен қатар, бұрыннан қалыптасқан дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұлттың салт-санасы мен дүниетанымын барынша сақтап келеді. Қаншама жылдар өтсе де, Қазақ радиосы тек өзіне ғана жарасып тұратын бағытынан айныған жоқ. Тәуелсіздіктің елең-алаң кездерінде де халық радио толқынынан бір сәт қол үзген емес. Өйткені елдің өсуі, халық арасында болып жатқан игі жаңалықтардың барлығы радиодан хабарланып отыратын. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін тыңдайтын ұлт үнжариясының айтары қашанда мол. Таң қылаң беріп атқаннан бастап жұмысына кірісетін радио елдің тамырын ұстай отырып, жүрегінің лүпілін терең сезінетін жақсылықтың жаршысына айналды. Рас, қазіргі заманда ақпараттық-технологиялар шарықтап даму үстінде. Олардың қатарында Қазақ радиосы да көштен қалмай, қарқынды бәсекеге лайықты болып, өз тыңдармандарының аудиториясын кеңейте түсті.
90 жылдық тойға толағай табыстарымен жетіп отырған Қазақ радиосының ұжымы бұл тойды биік деңгейде өткізді. Театрландырылған көрініске толы болған кешті тыңдармандардың сүйікті жүргізушілеріне айналған – Бақытжан Жармұхамбет пен Әсел Ергешқызы жүргізді. Салтанатты жиын барысында «Жас дикторлар» сайысында жеңімпаз атанған сөз шеберлеріне Әнуарбек Байжанбаев атындағы арнайы сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ Әнуарбек Байжанбаев атындағы арнайы төсбелгілермен радионың бір топ ардагерлері, атап айтсақ, Геннадий Марюхин, Жаңыл Аяпбергенова, Ескендір Хасанғалиев, Әбдірәлі Бөлебай, Аманжан Еңсебайұлы марапатталды.
Мерекелік кеш барысында Мем­лекеттік хатшы Қ.Саудабаевтың, Қазақ­стан Республикасы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Б.Майлыбаевтың, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Д.Мыңбайдың құттықтау хаттарын жиынға қатысқан Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ә.Асқаров табыстады. Қазақ­стан Республикасы Байланыс және ақ­парат министрі А.Жұмағалиевтің құт­тықтау сөзін «Қазақстан» теле-ра­дио­корпорациясы ақционерлік қо­ға­мының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова оқып беріп, радионың бір топ ардагерлері – Сағымбай Қозыбаевқа, Ермек Серкебаевқа, Сауық Жақановаға, Руслана Құдайбергеноваға, Лаки Кесоглуға, Гүлвира Рәзиеваға, Қуаныш Ормановқа, Маралтай Райымбекұлына министрліктің Құрмет грамоталарын табыстады. Қа­зақ­стан Жазушылар одағы басқармасы тө­ра­ғасының орынбасары Берік Шаханов, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин мерейтой иелеріне арнап өз еңбек ұжымдарының құттықтау сәлемдерін жеткізді.
Залға жиналған қалың көрермен Қазақ радиосының қыз-жігіттерінің де өнерлеріне тәнті болды. Радиожүр­гізу­шілер Гүлшат Тәкежанова, Ерлан Рысқали, Айнұр Сәрсенбекова, Жасұлан Нау­рыз­байұлы және Мәдина Сахарбаевалардан құралған әншілер тобы халық әндерінен попурри орын­дап, кө­рермендерді әуезді әндерімен серпілтіп тастады. Жүргізушілер Бақытжан Жармұхамбет пен Әсел Ергешқызы да «Қарайладым» әнін әуелете шырқады.
Қазақ радиосын 90 жылдық меретойымен құттықтай келген өнер жұлдыздары Ескендір Хасанғалиев, Рамазан Стамғазиев, Майра Ілиясова, Бағдат Сәмединова, Айгүл Үлкенбаева, Қыдырәлі мен Қарақат, Тоқтар мен Бейбіт, Сәкен Майғазиев сынды өнер майталмандары ән мен күйден шашу шашып, мерекенің сәнін келтіріп, шырайын ашты.

Дәукен ЖҰМАТҰЛЫ



Принтерден шығару Принтерден шығару