Білімге құштар Надежда

Мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттардың жас өкілдерінің Қостанай қаласында өткізілетін республикалық форумына Ақтөбе облысынан төрт адам қатысатыны белгілі болды. Әрине, лайықты адамдар жетерлік, жыл сайын Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырып жүрген әртүрлі тақырыптағы байқаулар, жоспарға сәйкес еңбек ұжымдарында ұйымдастырылған тексерулер мемлекеттік тілді меңгеруге ықыласты жастардың көбейіп келе жатқанын айғақтайды. Сонда да алқалы жиынға жан-жақты сұрыптау қажет. Басқармадағы әріптестер, ең алдымен, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушысы Надежда Березанды атады.
Бұрын сырттай естіп жүрген оның адами келбеті осы сапар барысында аңғарылды. Форум күндерінде де Надежда байсалды қалпынан арылған жоқ. Сапар барысында Надеждамен сұхбаттасудың да сәті түсті.

– Надя, соңғы жылдары елімізде тұратын қазақтан басқа ұлт өкілдерінің тілімізге, салт-дәстүрімізге қызығушылық танытып келе жатқаны сүйсінтеді. Сен де солардың бірісің. Ең алдымен, өзіңді таныстырсаң…
– Иә, шынымен де, қазір қазақ тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне қызығушылық танытып, оны меңгеріп жатқан өзге ұлт өкілдері жетерлік. Мен де қазақ деген ұлы елдің бай тілін меңгергеніме қуанамын. Мен Қобда ауданының орталығында туып-өстім. Он жасымда әкем қайтыс болды, ал аналық құқынан айырылған анамның одан кейінгі тағдырынан хабарсызбын. Інілерім Василий мен Кириллді, мені әжем балалар үйіне орналастырған. Орта мектепті бір пәннен ғана «4» деген бағаға, өзге пәндерден үздік үлгеріммен бітірдім. Ал қазір Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие» бөлімінің үшінші курсында оқып жүрмін. Оқу орны жанындағы жатақханада тұрамын, ай сайын алатын шәкіртақым тағы бар. Жалпы, Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлап жатқан елімізде «оқимын, білім алам» деген жастарға көп қам­қорлық жасалған. Менің де алаңсыз білім алып, үлкен өмірге қанат қағуыма қазақ деген халықтың мейірімі мүмкіндік жасады.
Бүгінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі Бал­қия Ермұханова оқимын деген жанды қана­ты­ның астына алып, бар білгенін ерінбей-жалықпай үйретуде. Колледжде қоғамдық шараларды ұйымдастырудың басы-қасында жүргендігімнен болар, құрбыларымның құрметінен кенде емеспін.
– Байқауымша, қазақтың тілін үйреніп қана қоймай, өнерін де бойыңа сіңірген сияқтысың… Бұған не себеп болды?
– Иә, мен ұлы Абайдың шығармаларын сүйсіне оқимын. Оның өлеңдерін оқу арқылы зердемді байыта түстім деп есеп­теймін. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндері жүрегіме жақын, ақынның қай өлеңі де терең ойға тұнып тұр ғой… Сабақтан бос уақытта көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, қазақша ән шыр­қағанды, би билегенді ұнатамын, фотоаппаратыммен табиғаттың тамаша көріністерін түсіру де – хоббиім. Жалпы, қазақ әндеріне, қазақ ақындарының өлеңдеріне деген сүйіспеншілігім осы шұрайлы тілдің құдіретін сезіне бастағаннан бастап оянды.
– Енді Қостанай сапарынан алған әсеріңді ортаға салсаң…
– Бұл өзі ұзақ уақытқа дейін айта жүрерліктей тамаша шара болды. Мұның алдында мемлекеттік тілді жетік білетін өзге ұлттардың жас өкілдері Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында және Астана қаласында бас қосқан екен. Қостанайға екі жүзге таяу қыз-жігіт жиналдық. Облысымыздан менімен бірге Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік уни­верситетінің студенті Анастасия Браташова, Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің оқушысы Екатерина Дениченко барды.
Ұйымдастырушылар форум бағдарлама­сына тәрбиелік маңызы зор шараларды топтастырған. Қостанай ауданының «Алтын дән» мәдениет сарайында өткізілген «Танысу кеші», шынында, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге құштар екенін көрсетті. Тараз қаласынан келген студент Светлана Бойко, Қызылорда қаласынан тележурналист Елена Рыбина, Риддер қаласындағы №3 орта мектепте он бес жыл бойына қазақ тілінен дәріс беріп жүрген Алена Салимова және басқа замандастарымның мемлекеттік тілге деген құлшынысын көргенде еріксіз риза боласың.
Форумның пленарлық мәжілісінде Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Алматы қалалық түрік этномәдени бірлес­тігінің төрағасы, академик Қа­зақбай Қасымовтың сөзі жігерлі болды. Мемлекеттік тіл аясын кеңейту үшін тәрбие отбасынан басталуы керектігі, Тіл комитетінің құзыретін кеңейтіп, тікелей Республика Президентіне бағынышты ету, билік басына ұлтжанды азаматтарды топтастыру туралы ойлары жұртшылық көңілі­нен шықты. Жалпы, форумға жиналған үл­кен-кіші әлеумет осындай бақуатты тірлік үшін алдымен қазақ халқына қарыздар екенімізді нақтылай түсті.
Біздің облысымызда қалыптасқан әдемі дәстүр – жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік тілді жетік мең­герген өзге ұлт өкілдерін марапаттау. Сондай жастардың бірі – 2006 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында оқып жүргенде облыс әкімі қолынан Алғысхат пен жеңіл автокөлік кілтін алған Анна Данченкомен Қостанайда кездесіп, таныстық. Форумға Алматы қаласының өкілі ретінде қатысты, «31-арнада» тілші болып қызмет етеді екен. Анна жиналған көп­шілік алдында қазақша тіл туралы өлеңін оқыды.
Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасы қонақтарды облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарға апарып, қызметімен таныстырды. Жалпы, астықты өңірдің бас қаласында ХІХ-ХХ ғасырларда салынған байырғы ғимараттар қабырғасына тарихтан қысқаша мағлұмат берерлік тақталар орнатылыпты. Мысалы, жүз отыз мыңдай жәдігер қойылған облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғимаратын ХІХ ғасырдың бас кезінде ағайынды Яушевтар өз отбасыларына тұрғын үй есебінде салдырған. Сәулет өнерінің озық үлгісіндей бұл мекенжай содан бері талай жылдар өтсе де, бүгінде егемен елдің мүддесіне қызмет етіп тұр. Сонымен қатар 1884 жылы Қостанайда екі сыныпты орыс-қырғыз училищесі үшін негізі қаланған еңселі ғимаратты Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат иемденіп отыр. Тарихы құнарлы деректерге толы осы оқу орнының тұшымды істеріне тәнті болдық.
– Әңгімеңе рақмет, Надежда!

Сұхбаттасқан
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ
АҚТӨБЕ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.