Бұрмаланған ұғымдар, бұратылған тіркестер

«Арман-ПВ» баспасынан 2005 жылы басылып шыққан  математика пәні бойынша «Оқушы анықтамасы» хақында

Астананың кітап дүкендерінің бірінен 720 теңгеге Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты оқытушыларының редакторлығымен Е. А.Тұяқов құрастырған, мектеп бағдарламасы бойынша математика пәнінің ең бас­ты мәліметтерін қамтитын «Оқушы анықтамасы» атты кітапты сатып алдым. «Арман – ПВ» баспасынан 2005 жылы басылып шыққан бұл анықтамалыққа пікір жазғандар: физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент М.Е.Исин, педагогика ғылымдарының докторы, доцент А.Мүбәрәк, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Б.А. Найманов екен. Математика пәнінің маманы болғандықтан, кітапты бастан-аяқ мұқият оқып шықтым. Бұл анықтамалық – Мәскеуден 2002 жылы басылып шыққан жеті бөлімді (әр бө­лімі­нің жеке авторы бар), «Справочник школьника» 5-11 классы» атты кітаптың математикаға арналған 1-бөлімінің (авторы М.Б.Волович) аудармасы. Бірақ бұл «Оқушы анықтамасының» жоғарыда аталған автордың кітабынан аударылғаны көрсетілмеген. Орыс тіліндегі кітаптың аты да, авторы да мүлдем аталмаған. «Құрастырған Е.А.Тұяқов» деп қана жазылған.  Жарайды, құрастырған екен дейік, бірақ қандай авторлардың, қандай еңбектерінен құрастырылғаны жазылуы керек емес пе? Мысалы, әдебиет оқу хрес­томатияларына енгізілген шығармалардың аты мен авторлары міндетті түрде көрсетіледі ғой. Екіншіден, бұл кітап – бірнеше еңбектен құрастырылған емес, орыс ғалымы М.Б.Воловичтің математикаға арналған анықтағышының тікелей аудармасы. Оған басынан аяғына дейін екеуін салыстыра отырып, мұқият оқып шығып, көзімізді жеткіздік. Ал мұны қалай түсінеміз? Бұл –нағыз плагиаттық, яғни көпе-көрнеу ғылыми ұрлықтың нағыз өзі деген сөз. Пікір жазған ғалымдар М.Исин, А.Мүбәрәк, Б.Найманов қайда қараған? Қазақша аудармасының көлемі – 30 баспа табақ, 486 бет. Біреудің осынша көлемді таза еңбегін ұялмай-қызармай пайдаланып кетулері еш ақылға сыймайды. Біздің Білім және ғылым министрлігі шығарып жатқан оқулықтар төңі­регіндегі былық-шылықтардың бұл да бір көрінісі. Тіпті бұл сот қарайтын қылмыстық іс екені анық.
Тағы бір мәселе оның сауатсыз, түсініксіз аударылғанында болып отыр. «Оқушы анық­тамасының» аудармашысы орысшадан қазақшаға мағынасына көңіл бөлмей аударып, шалағайлық жасаған. Түсінуге қиын, әрі-беріден соң мүлдем түсініксіз, мағынасыз сөйлемдер кітаптың басынан аяғына дейін өріп жүр. Оның үстіне авторлар ежелден қалыптасқан математикалық ұғымдарды өз еріктерімен бұрмалап, өзгерткендеріне таңғаласың. Кітапты оқып отырып, авторларының қазақша сауатының төмен екендігіне көз жеткізу еш қиындық туғызбайды. Айтып отырғандарым жалаң сөз болмауы үшін «Оқушы анықтамасына» үңіліп көрелік. Алдымен бұл анықтамалықтың атауына назар аударайық. Кітап «Оқушы анықтамасы» деп аталған. «Анықтама» сөзін орысшаға аударсақ, «справочник» болып шықпайды, оның тура аудармасы — «определение». Жалпы, редакциясын филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Сауранбаев басқарған, 50 мың сөзі бар «Орысша-қазақша сөздікте», «справочник» – «мәліметші» (керек мәліметтерді білдіретін кітап) деп аударылған. Мына нұсқаны да қарастыруға болады: Өшіруді іске асыратын затты – өшіргіш, желдетуді іске асыратын нәрсені – желдеткіш, ал сол сияқты әлденені анықтауға арналған құрал, я оқулықты неге «анықтағыш» демеске?
Ал аталған нұсқада «справочникті» «анық­та­ғыш» деп аударуымыз жөн. Сонда «Справочник школь­ника» «Оқушы анықтағышы» болып шығады.
Аударманың бірінші параграфы «Натурал сандарды оқу және жазу» деп аталады. Бірінші сөйлемде: «Заттарды санау үшін немесе қандай да бір заттың біртекті заттар арасындағы реттік нөмірін көрсету үшін пайдаланылатын 1,2,49,854, … сандары натурал сандар деп аталады» делінген. Анықтамаға зер салсақ, натурал сандар тек заттарды санауға пайдаланылатын тәрізді. Адамдарды, хайуан­дарды, құстарды, тағы сол сияқты тірі денелерді де натурал сандарды пайдаланып санамаймыз ба? Тірі денелерді «зат» дей алмаймыз. Анықтамадағы «біртекті заттар» ұғымының қажеті қанша? Мысалы, машина, трактор, шана, жәшік, қой, сиыр сияқ­ты­лардың барлығының санын табу үшін натурал сандар пайдаланылмай ма? Ал олар біртекті емес қой.
Натурал сандарға төмендегідей анықтама берсек, ол талас тудырмасы анық:
«Санау үшін қолданылатын сандар қатары натурал сандар деп аталады. Ең кіші натурал сан 1(бір), ең үлкен натурал сан болмайды, өйткені ол – шексіз, арта береді».
«Оқушы анықтағышының» 18-бетінде: «с – а = в болған жағдайда , с – азайғыш, а – азайтқыш, в – айырым деп аталады» делінген. Мұндағы «в» санын, қашаннан, оқушылар «айырма» деп атап келе жатқан жоқ па? Қалыптасқан математикалық ұғымдарды әр адам өзінше өзгерте беруге болмайды.
19-бетте: «Натурал сандарды салыстыру үлкен разрядтан бастап, разрядтар бойынша жүргізіледі. Мысалы, 2871 > 2829. Мұнда мыңдық және жүздік разрядтар – тең, ал ондық разрядтар тең емес: 7 > 2» делінген. «Мыңдық разряд» деген болмайды. Кез келген санның қай класын алсақ та, небәрі үш-ақ разряды – бірліктер, ондықтар, жүздіктер разряды ғана болады емес пе?
Натурал сандарды салыстырудың ережесі төмендегідей болуы керек: «Қай санның таңбалары көп, сол сан үлкен; таңбалары тең болған жағдайда, солдан оңға санағанда алғашқы аттас разрядтардың қайсысы үлкен болса, сол сан үлкен болады».
25-беттегі ондық бөлшектерге берілген анықта­ма төмендегідей: «Бірлік разрядтың оң жағында тағы да разряд кездесетін болса, онда мұндай сандар ондық бөлшектер деп аталады». Оқып шығып, дал боласың. Математикадан хабары бар адамның сөзіне ұқсамайды. Математикада «Бірлік разряд» деген ұғым жоқ. Кез келген санның қай класында болсын бірліктер, ондықтар, жүздіктер разряды болатындығын жоғарыда айттық. Мысалы, 123 456 (бір жүз жиырма үш мың төрт жүз елу алты) санын алайық. Бұл санның бірліктер класында да, мыңдықтар класында да үш разрядтан бар. Мыңдықтар класының бірліктер разрядынан кейін, бірліктер класының бір емес, үш разряды тұрған жоқ па? Сонда, авторлардың «жаңа» анықтамасы бо­йынша, 123 456 саны ондық бөлшек болып шығады. Алайда ол натурал сан емес пе? Келесі сөйлемдер де жетісіп тұрған жоқ. Былай делінген:
«Үтірдің оң жағында ондық разрядтар орналасады, ал сол жағында ондық бөлшектің бүтін бөлігі орналасады. Ондық разрядтар ондық, жүздік, мыңдық, он мыңдық, жүз мыңдық, миллиондық, жүз миллиондық және тағы сол сияқты аталады». Бұл екі сөйлем оқушы қалай түсінсе, олай түсінсін деп жазылғанға ұқсайды.
Ондық бөлшектің анықтамасы былай берілсе бірсәрі: «Үтірдің сол жағында – ондық бөлшектің бүтін бөлігі, ал оң жағында ондық бөлшектің ондық таңбалары жазылады. Ондық таңбаларды солдан оңға қарай қарастырсақ, бірінші орындағы цифр ондық бөлшектің ондық үлестер санын көрсетеді; екінші орындағы цифр – жүздік үлестер санын; келесі цифрлар, сәйкесінше, мыңдық үлестер санын, жүз мыңдық үлестер санын, миллиондық үлестер санын көрсетіп, әрі қарай кете береді».
68-беттегі «Оң және теріс сандар» тақыры­бында: «Кейде 0-дің оң жағында орналасқан сандар «оң сандар» деп, ал сол жағында орна­ласқан сандар «теріс сандар» деп аталады» делінген. Кейде емес, нөлдің оң жағындағы сандар ылғи да оң сандар болады. «Кейде» сөзі теріс түсінік тудырып тұр. Сондықтан оны бұл сөйлемнен алып тастау керек.
Сонымен қатар 79-бетте алгебралық өрнекке мынандай анықтама беріледі: «Сандардан және айнымалылардан қосу, азайту, көбейту, бөлу, рационал дәрежеге шығару белгілерінің және жақшалардың көмегімен алгебралық өрнектер құрылады» делінген. Математикада «Рационал дәреже» деген ұғым жоқ, «Рационал көрсеткішті дәреже» деген ұғым бар. Математикада бір немесе бірнеше сөз емес, үтірдің өзінің үлкен рөл атқаратынын естен шығаруға болмайды. Сондықтан да математика дәл ғылым деп аталады емес пе?
84-беттегі теңдеуге берілген анықтама былай: «Табуға міндеттелген, белгісіз санды белгілеген әріп қатысып тұрған теңдік бір белгісізді теңдеу деп аталады. Басқаша айтқанда, белгісізі бар Ғ(х) = f ( х) теңдігі бір Х айнымалылы теңдеу деп аталады». Математика оқулықтарындағы бұрыннан қалыптасқан теңдеудің анықтамасы қысқа да нұсқа: «Әріппен белгіленген белгісізі бар теңдік теңдеу деп аталады». Осы анықтамаға «міндеттелген», «қатысып тұрған», «айнымалылы» деген сөздерді қыстырудың қажеті қанша?
Келесі, 85-беттегі анықтама былай берілген: «Бірдей (ортақ) түбірлері бар теңдеулер ПАРАПАР теңдеулер деп аталады. Түбірлері жоқ болатын теңдеулер де ПАРАПАР теңдеулер деп есептеледі». Математика оқулықтарында «парапар теңдеулер» ұғымы кездеспейді. Оқулықтардағы «мәндес теңдеулерді» «парапар теңдеулермен» алмастырып, оқушыларды шатастыруға кімге керек?
97-бетте квадрат теңдеудің жалпы түрі қарас­ты­рылады да, ондағы «а» саны – бірінші немесе «АҒА коэффициент» деп аталады дейді. Математиканың қай оқулығынан, кім «АҒА коэффициент» деген ұғымды кездестіріп, оқып көрді екен? Квадрат теңдеудің жалпы түріндегі «а» санын ылғи да «бірінші коэффициент» деп атап келе жатқан жоқпыз.
Қисынсыз әрі дұрыс қолданылмай тұрған сөздер көп. Қателер де баршылық. Мысалы, «тез кемитіндіктен» емес, «үздіксіз кеми беретіндіктен» болуы керек; әрі қарай «п» сансыз көп» емес, «п» шексіз үлкен» болуы керек; «мөлшерде» емес, «шамаға» болуы керек; «прогрессияның қосындысы» емес, «прогрессия мүшелерінің қосындысы» болуы керек.
Дәл осы жоғарыдағы көрсетілген келеңсіздіктер математиканың «Геометрия» деп аталатын бөлімінің аудармасында да көп кездеседі. Тілі түсінуге өте ауыр, қарадүрсін тілде аударылған. Оның бәрін талдап жатпай-ақ бірнеше мысал келтірейін.
289-беттегі «Негізгі қасиеттер (аксиомалар)» тақырыбы төмендегі түсініксіз сөйлеммен бастала­ды: «Геометрияда алдын ала алынған мәліметтерді пайдалана отырып, дәлелденген қорытындыларда пайдалана беруге болады». 291-беттегі «Анықтама­лар» тақырыбындағы мына сөйлемдерді түсіну де оңайға соқпайды: «… Барлық анықтамалардың, олардың әртүрлілігіне қарамастан, «құрылуы» бірдей.
Біріншіден, бұл анықтамаларға осы анықтама­лармен түсіндірілетін сөз бен сөз тіркесі міндетті түрде қатысады. Екіншіден, анықтамаларда объектілердің өзгешелігі анықталып көрсетіледі. Үшіншіден, анықтамада «жаңа» объектілерді осы объектілер жиынындағы басқа объктілерден қалай айыруға болатыны көрсетіледі… Сонымен, бір затқа анықтама беру – осы заттың не екенін түсіндіру деген сөз». 295-беттегі «Анықтамаларды қолдану» тақырыбы тіптен шытырман түрде түсіндіріледі: «Кез келген анықтамаларды қолдану жолдары ұқсас. Біріншіден, кез келген анықтама тура мағынада қарастырылып отырған объект анықтамамен берілген термин бола ала ма, жоқ па – осы сұрақты шешуге қолданылады… Екіншіден, «анықтама қарастырылып отырған объектіміз анықтама арқылы енгізілген термин бола ала ма, жоқ па» деген мәселені анықтауға қолданылады. Немесе, керісінше, бұл объект анықтама арқылы енгізілген термин бола алмайтындығын анықтауға қолданылады…» Осы түсіндірмеден оқушының не ұға алады?
297-беттегі «Теоремалар» тақырыбындағы мына сөйлемдер де қиюы қашқан, оқушылардың санасына жетуі неғайбыл, шұбалаңқы сөйлемдер: «…Теоремаларды қолдану келесі түрде жүргізіледі. Қарастырылып отырған объектіде теорема шартын құрайтын қасиеттердің барлығы бар ма, жоқ па – сонысы тексеріледі. Егер бар болса, онда «теорема қорытындысын құрайтын қасиеттердің барлығы бар» деген қорытынды жасауға болады. Егер қарастырылып отырған фигурада теорема шартын құраушы шарттар жоқ болса немесе белгісіз болса, онда бұл объектіге теореманы қолдануға болмайды деген қорытынды жасауға болады».
302-беттегі «Түзу. Сәуле. Кесінді» тақыры­бындағы қайшылықтардан көз сүрінеді. Сөйлемдердің бәрін көрсетпей-ақ, екі-үш сөйлемін ғана келтіріп көрелік:
«1). Түзулерді екі ұшынан шексіз жалғастырыла­ды деп, ал сәулені бір ұшынан шексіз жалғастырыл­ған деп ұйғарамыз…
2) …Кейде бір кесіндінің өзі жағдайға байланыс­ты сәуле ретінде, келесі жағдайда кесінді ретінде, үшіншіде, түзу ретінде қарастырылады.
3) …Үлгі берілген екі нүкте кесіндінің шеттері ұштары деп аталады».
Бірінші сөйлем «Түзулерді екі ұшынан» деп басталып тұр. Түзулердің ұштары болмайды. Түзулер екі жаққа да шексіз созыла береді.
Екінші сөйлем бойынша кесінді сәуле де бола алады, түзу де бола алады. Сонда «кесінді», «сәуле», «түзу» ұғымдарының бір-бірінен айырмашылығы болмағаны ма? Түсініксіз. Үшінші сөйлемнің дұрыс құрылмағаны көзге ұрып тұр. Бұдан әрі де көз шолсаңыз, өріп жүрген қателерге тап боласыз.
Геометрияның «Стереометрия» деп аталатын, кеңістік фигураларын қарастыратын бөлімінде де жағдай мәз емес. Мұндағы келеңсіздіктер, «Планиметрия» бөліміндегі келеңсіздіктерден асып түспесе, кем түспейді. Осылайша, «Оқушының анықтағышын» үстірт қарастырғанның өзінде, орысшадан қалай болса солай аударып, аударушылар қазақ тілін «мазақ тіліне» айналдырғандарына куә болып отырмыз. Осы кітапты Білім және ғылым министрлігі қолданысқа қалай ғана ұсынғанына таңғаласың. Мектеп оқушыларына арналған кітаптарды тексеретін жауапты комиссиялардың мүшелері мен сарапшылар қайда қарап отыр? Әлде олардың бұл кітаптарды бағалауға білім деңгейлері сәйкес емес пе? Әйтеуір, бір шикілік бар екені анық. Қазақ мектептерінде берілетін білімнің сапасы төмен десе, намыстанып айтыса бастаймыз. Пайдаланатын кітаптарымыздың сиқы жоғарыда қарастырған «Оқушының анықтағышындай» болса, оқушылардың алатын білімінің сапасыздығына намыстанатын ретіміз жоқ. Жөнсіз намыстанғанша, қазақ тілінде шығатын оқулықтарды, оқу құралдарын қалыпқа келтіру үшін аянбай еңбек етіп, тер төгуіміз керек екендігі – ақиқат. Павлодар педагогикалық институты оқытушыларының редакторлығымен Е.Тұяқов «құрастырған», шынында, плагиаттықпен аударылған «Оқушының анықтамасы» кітабының қай бетін ашып оқысаң да, математикаға тән дәлдік жоқ, шұбалаңқы сөйлемдерден көз сүрінеді. Оның үстіне, ірілі-ұсақты жіберіліп жатқан қателер қаншама?! Оқушылардың басын қатыратын мұндай кітаптар өмірге жолдама алуға тиіс емес. Қазақстанда білім деңгейі жоғары, маман аудармашылар жоқ емес қой. Амал қанша, олардың алдын «шимай-шатпақ» аудармалармен айналысатындар орап кетіп жатады. Құрастырушы Е.Тұяқовтың кім екені белгісіз. Мамандығы, ғылыми атағы көрсетілмеген. Кітапты саралай келгенде, «математикаға қатысы жоқ, жай аудармашылардың бірі шығар» деген ой келеді. Мектеп оқушыларына арналған математика оқулықтарындағы өрескел кемшіліктерді көрсетіп сынға алған мақалаларым бұрын баспасөз беттерінде бірнеше рет жарияланған. Солардың бірі – осыдан екі жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің 30 шілде күнгі санында жарық көрген «Екінші сыныптың ес тандырар есептері» атты мақалам бастауыш сынып мұғалімдері мен ата-аналардың талқысына түсіп жатыр. Кітап иелерінің жіберген қателерін мектеп оқушылары мен қарапайым оқырмандар шығарып жатса, авторларында қандай бедел болмақ? Жаппай қателерге, кемшіліктерге толы оқулықтардың көзін жойып, сапалы оқулықтардың өмірге жолдама алуын ұйымдастыруға Білім және ғылым министрлігінің жаңа басшылығы көңіл бөліп, күш салады деп үміттенеміз.

Балқаш Нақанов,
математика пәнінің мұғалімі
Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Амангелді Гумарович

    Кәсіби математик ретінде мақала авторының сын-ескертпелерін қолдаймын. Аталып отырған оқу-әдістемелік құрал баспадан ешбір тексеріссіз басып шығарылғанға ұқсайды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.