«Сүйемін Ертісімнің ерен кешін…»

d0bfd0b0d0b2d0bbd0bed0b4d0b0d180-1Еліміз­дің Солтүстік шығысында орналасқан әсем қала әзірге Павлодар атын иемденген Кереку кешегі мен бүгін­ді өн бойына жиып алып жатқан құтты мекен. Орналасқан жері – Ертіс өзенінің жағасы.
Қаланың негізі 1720 жылы қаланған. Ертістегі әскери бекініс ретінде 48 адамы бар гарнизон – Коряков бекінісі құрылды. Коряков көлінен алынатын тұзды қоятын қоймалардың жанынан құрылған соң Коряков бекінісі деп аталған.
Қарт Ертістің бұйра толқындарын­дай, қаланың сәулет өнері бүгінде бірне­ше көзтартар зәулім ғи­мараттары­мен ерекшеленеді. Қа­ланың кескін-келбетінде тарихи уа­қытты бедерлейтін орындар молынан ұшырасады. Бүгінде сол артта қалған тарихи күндерден сыр шертетін көнерген ескі үйлер қаланың қымбат жәдігеріндей болып сақталып келеді. Қала дамуына ғасырлар бойы куә болып келе жатқан әйгілі Ертіс өзенін Кереку қаласының байлығына жатқызуға болады.
Сүйемін Ертісімнің ерен кешін,
Сыбырлап сыр шертетін жел еркесін.
Өзеннің ар жағында суда ойнаған,
Сүйемін көк тоғайдың көлеңкесін, – деп өңір тумасы ақын Аманжол Шамкенов жырлағандай, Ертіс өзені көп ақындар­дың өлең-жырларына арқау болған.
Қаланың сән-салтанаты, ерекше арихтектуралық құрылысы да өңір табиғатына орайластыра жасалғандай. Жаздың жайма-шуақ күнінде қаланың көркі гүлдей құлпырса, табиғаттың басқа маусымдарында да қала өзіндік ажарға еніп, түрленіп отырады. Қысы – қыстай, күзі – күздей, көктемі көктемдей болып, жайнап шыға келеді. Табиғат суреттерімен жарасып, өзіндік бояуға ие болады. Әр қаланың өз мақтанышы болатыны сияқты, Кереку қаласы тұрғындарының мақтанышына айналған бірнеше нысандарды атап өтуге болады. Тұманды Альбиондағы атақты «Биг-Бен» мұнарасындай болған Кереку­­дің орталық алаңындағы алып сағат қа­ла­ның өзіндік бір символына айналған­дай. Қалаға келген қонақтардың осы бір көріністі алып суретке түспегендері жоқ шығар.
Ертісте тудым мен өзім,
Туған күні мені анам –
Шомылдырған өзеннің,
Толқынына тулаған, – деп Қалижан Бекхожин жырлағандай, ерке өзен Ертістің самал лебі, әсіресе жазғы уақыттарда қаланың тынысын ашып, ерекше әсер береді. Қала тұрғындарының жаз бойы ермек ететін демалыс орны – Ертіс өзені. Еңкейген кәріден еңбектеген сәбиге дейін осы араға келіп, Ертістің суына шомылып, топырағына аунайды.
Жаз кездері күн нұры да ерекше шуа­ғын шашып, суға түсу маусымына жақсы мүмкіндік тудырады. Ертіс жағасына келіп-кетуші демалушыларға ыңғайлы етіп жасалған «Ертіс жағалауы» қала тұрғындарының мақтанышы болып табылады. Небір думанды кештер, эстрадалық концерттер, жастардың басқосулары осы жерде болып жатады. Жаздың жылы күндері көкке атылған субұрқақтар күн сәулесіне шағылысып, көздің жауын алады. «Ертіс жағалауы» кешені – сәулет өнерінің шеберлігін паш ететін ғажайып орын. Жүріп-тұруға ыңғайлы сатылар, тынығатын орындықтар, би алаңдары, еңселі сахна романтикалық кештермен, қала тұрғындарының көңіл көтеріп, бос уақытын тамаша өткізетін жері.
Кереку – өзінің таза­лығымен ерекшеленетін қалалардың бірі. Мұнда тазалық шараларына үлкен мән беріледі. Тазалық – әрбір тұрғынның қадағалап жүретін әдетіне айналған. Сондықтан тазалыққа арнайы жауап беретін мекемелердің қалтқысыз еңбектерінің арқасында және қала тұр­ғындарының өздерінің де мән бере қарау­ы­ның нәтижесінде Кереку бүгінде республикамыздағы ең таза қалалардың бірі болып есептеледі. Мұны қала қонақтарының өздері де ең бірінші кезекте атап өтеді.
Керекудің өнер мен мәдениеттің, ғылым мен білімнің көрнекті өкілдерін дүниеге әкелген аймақ екені белгілі. Бұқар жырау, Малайсары батыр, Жаяу Мұса, Иманжүсіптерден бері қарай талай дүлдүлдер мен марқасқалардың кіндік қаны тамған жерде қазақ ғылымының атасы – Қаныш Сәтбаев, әнші Майра, ғашықтық символына айналған «Қорлан» әнінің авторы атақты Естай Беркімбаев, Байғабыл Жылқыбаев өмірге келген. Айта берсе көп. Орыстың белгілі ақыны Павел Васильев дәл осы қалада туып, әйгілі болған. Бұлардың атындағы қала мұражайлары көптеп саналады. Бұқар жырау, Павел Васильев, Майра Шамсутдинова атындағы мұражайлар сол бір ғажайып тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттап келеді. Республикамызға белгілі музыка зерттеушісі Шафердің мұражайы да – осы қалада. Наум Шафер – музыка жауһарларын жинақтап, көздің қарашығындай сақтап келе жатқан еліміздегі бірегей адам. Бүгінде оның қолында мыңнан астам күйтабақтар мен музыкалық үнтаспалар жинақталған. Тіпті Роза Бағланованың соғыс жылдарында шырқаған әні де Шафердің қорынан табылғанын мерзімді басылымдар жарыса жазып жатты. Қала халқының мақтанышының бірі – трамвай. Бүгінде қаланың көп жеріне трамвай арқылы жетуге мүмкіндік бар. Бағасы да тиімді, іші таза, ыңғайлы, әрі қыс кездерінде өте жылы.
Қалада бірнеше білім, мәдениет ошақтары шоғырланған. Еліміздегі қарқын алған құрылыс жұмыстары да қаланың қолға алған шаруларының бірі. Жаңа үйлер, нысандар тұрғызылып, жаңа тұрғын үй аудандары бой көтеруде. «Мәшһүр-Жүсіп» атындағы облыстық мешіт, «Астана» мұзайдыны, «Шаңырақ», «Достық үйі», Ж.Аймауытов атындағы музыкалық-драма театры, А.П.Чехов атындағы драма театры тәрізді руханият және мәдениет ошақтары, өндіріс орындары, зауыт-фабрикалары – қаланың айбыны мен абыройы.
Кереку өңірінің інжу-маржаны саналатын жер – Баянауыл өлкесі. Атақты Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл көлдері – қала тұрғындарының жаз мезгілінде ат басын тірейтін демалыс орындары. Жастықтың мәңгі сөнбес алауындай, жылдан-жылға құлпырып, жайнап өсіп келе жатқан Кереку – ел экономикасына, өнері мен мәдениетіне ерекше үлес қосып отырған аймақтың бірі.

Дәуіржан Жұмажанұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.