Шын ғашықтық бұлағы сарқылмайды

d0bad0b8d180d0b0d0b1d0b0d0b5d0b2Өмірде өнерінің арқасында тасы өрге домалағандар һәм еліне сіңірген еселі еңбегі, ғылымға қосқан өлшеусіз жаңалықтары мол жандар жетіп-артылады. Бірақ кейде біздің оларды бағалауымыз өнердегі я ғылымдағы абырой-атағының айналасынан аспай жатады. Мәселен, академикке тек – академик, спортшыға – спортшы деп қарайтынымыз содан. Ал олардың кейбірінің, ел алдындағы еңбегін былай қойғанда, өмірлерінің өзі бүгінде Өнеге мектебіне айналғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ол аздай елімізде еңбегімен ғана емес, күллі тұрмыс-тіршілігімен тәрбие тұнығына телінген текті шаңырақтар да бар. Олар – бүгінде ұлтқа ұйытқы болып отырған азамат­тардың шаңырақтары. Солардың бірі ғана емес, бірегейі – ғылымда өзіндік мектеп қалыптастырған Қирабаевтар отбасы. Филология ғылымы­ның докторы Серік Қирабаев пен география ғылымының докторы Әлия Бейсенованың шаңырағын ел «академиктер отбасы» деп таниды.
Жоғарыда келтіргеніміздей, адамға оның атағына қарап баға беру – бір бөлек. Академиктер академик болып аспаннан түсе қалған жоқ. Олар да біз секілді бала болды, қала берді жас болды. Қыздар бой түзесе, ұлдар шаш қойды. Ғашық болды. Отау құрды. «Махаббат, қызық мол жылдарды» бастарынан өткерді. Сол күннің сәулелі сәттерін әлі күнге сағынышпен еске ала отырып, майын тамыза айтып беруге бар. Ел арасында махаббат пен мейірім, сыйластық пен сенім, достық пен адалдықтың жаршысына айналған тұлғалардың өмірі жайында сыр шертетін жаңа айдарымызды да «Махаббат, қызық мол жылдар» деп атауды ұйғардық.
Қазақ ұлттық Ғылым академиясының тарихынан ойып тұрып орын алатын ерлі-зайыпты академиктер Фазыл Мұхамедқалиев пен Нәйлә Базанованың, күні кеше ғана өмірден өткен Салық Зиманов пен Шарбан Батталованың отбасы­ларымен, сондай-ақ елағасы Бәйкен аға мен Бақыт апа Әшімовтерді ел жақсы біледі. Өкініштісі сол, бүгінде бұл есімдері аталған шаңырақтың иелері өмірде жоқ. Алайда көңілге демеу – жаңа айдарымыздың алғашқы кейіпкерлері, қазақтан шыққан үшінші академиктер отбасы Серік ағамыз бен Әлия апамыздың көз алдымызда әлі күнге ғылымның күйін күйттеп жүргені. Жастары егде тартқанымен, ел үшін еңбек етуден әлі күнге аянбай келе жатқан бұл кісілердің ғылымдағы жанкештілігіне ерекше тәнті боласыз. Байқап отырғанымыздай, бір отбасыдан екі бірдей академиктің шығуы – сирек құбылыс. Бүгінде отасқандарына алпыс жылдан астам уақыт өтсе де, сүттей ұйыған шаңырақтың сән-салтанаты сол баяғысынша. Ел ағасының айтары азайған жоқ, апамыздың қыз-келіншектерге берер кеңесі кеміген жоқ.

«Бір көргеннен,  ішіме шоқ түсті…»

«Осы жасқа келіп ғашықтық жайлы әңгіме айту біреулерлерге ыңғайсыз көрінер. Бірақ, қызым, біз апаң екеуміз бір-бірімізге шын ғашық болып қосылған жандармыз», – деп бастады Серік аға әңгімесін…
Кейде аға буынның «кейінгі жылдары махаббат ұғымы арзандап барады» деп алаңдайтынын жиі еститін біз осыдан алпыс жыл бұрынғы сезім жайында естуге елтіп, құлағымызды тостық.
«Апаларың жас кезінде сұлудың сұлуы еді. Әлі де сыры кетсе де, сыны кетпеген қалпында отыр ғой, міне. Бір көргеннен көз алдымда жалт ете қалды… Жаңарқадан көшіп келіп, оқуға түскен біздің аталас туысымыз Бәдер деген қыз туған күнін Дәмештің (Әлия апаның әпкесі – Д.І) үйінде ұйымдастырды. Сол арқылы осы үйге мен бірінші рет бас сұқтым. Дәмеш күндіз-түні қызметте. Ол кезде түнгі қызмет бар ғой. Апам жастардың сауығына араласпай, екінші бөлмеде жатты. Осы кеште мен Әлияны тұңғыш рет көрдім. Алматыдағы №12 мектептің 9-сыныбында оқиды екен. Бір көргеннен-ақ ішіме шоқ түскендей болды. Сол кеште жанына отырып, сыпайы ғана тілдескенім болмаса, батып ештеңе айтпадым. Кейін ғана мектептен қайтатын жолын тосып, киноға шақырып, біртіндеп бой үйрете бастадым. Айырылыса алмай, түннің бір уағына дейін қыдыратынбыз. Театрға, киноға барамыз. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» демекші, іштей түсінісіп, дос болып жүрдік. Екі жылдан астам сыпайлылықтың шегінен аспай, сыйластық. Бір жылдан кейін отбасы жайымен бе, әлде денсаулығы сыр берді ме – білмеймін, Қызылордадағы ағасына кетіп, сондағы пед­училищені бітірді. Екеуміздің бір-бірімізге үйренісіп қалғанымызды айырылысқан кезде байқадық. Оған жазысқан хаттарымыз куә. Телефонмен жиі сөйлесетінбіз. 1950 жылдың жаңа жылы қарсаңында ол Алматыға келді. Кездестік. Жаңа жылды студенттік достарымның ортасында, бірге қарсы алдық. Шығарып салғанда, бұрынғы әдептің бәрін аттап, бірінші рет құшақтап сүйдім…» – деп бір қайырды Серік аға. Біз де құдды үнді киносын тамашалап отырғандай әсерде отырмыз.
Бұдан кейін Әлия апамыз Алматыдағы ҚазПИ-дің география факультетіне оқуға түседі. Қос ғашық енді жиі көрісіп тұратын болды. Ақырында, Серік ағаның сөзімен айтсақ, құмар көңіл біртіндеп үгіттеп, бірінші курстың қызын, уыздай 18 жастағы қызды үйленуге көндірді.
Ағаның сөзінен аңғарғанымыз, сол кездегі сезімнің өзі сенімге һәм сыйластыққа құрылғандай. Бір-бірлеріне, болашақ бағдарларына сеніммен қол ұстаса аттанды. Ағамыздың кезінде көз салған көріктісі бүгін балаларының аяулы анасы, немерелерінің мейірімді әжесі болып жанында жадырап отыр.

«Сәкеннің әнін салғанда сүйсініп тыңдаушы едім…»

Сөз кезегі Әлия апаға тигенде, сол кезде­гі сезім жайлы сырдың бұрымы тарқатылып қоя берді. Бізді тәнті еткені – апаның сол бір сәттерді сағынышпен еске ала отырып, сұлу суреттей білуі. «Сіздей сұлудың көңілін тапқысы келген сері жігіттер көп болған шығар. Бірақ соның ешбіріне көз тастамас­тан Серік ағаның етегінен ұстауыңызға не әсер етті? Ағамыз сізді несімен баурап алды?» – деген сауалымызға апа бір жымиып алды да, бәйбішеге тән салмақтылықпен сөзін бастады.
«…Кешегінің қыздары қандай еді?! Ар-абыройды бәрінен биік қоятын сол қыздардың бағасы, талғамы һәм талабы да жоғары болғандай.
Ол кезде де жүзіктің көзінен өткен жігіттер көп болды. Бірақ мен оларға дос әрі аға ретінде қарап, сыйластықпен ғана араласып жүретінмін. Әсіресе мені жақсы дос ретінде жатқа қиғысы келмеген жолдас­тарым Өзбекәлі Жәнібековтер Сер-ағаңа тұрмыс құрғанымды көпке дейін кешіре алмай жүрді.
Ал Сер-ағаңның өзгелерден бірінші ерекшелігі – сыртқы сымбатында, көзге байқалып-ақ тұратын. Бойы ұзын, сұлу һәм сымбатты әрі сондай сыпайы да салмақты жігіт болды. Ал ол кездегі қыздардың жігіттерге қатысты өлшемінің өзі қиынның қиыны болатын. Қашанда қыз жаны жұмбақ қой. Оны ұғу кей жігіттерге мүлде мүмкін емес­тей көрінетін (Кейде бүгінгі кей қыздарыма қарай отырып, қатты қынжыламын. «Қыз» деген қасиетті ұғымды тым арзандатып, құнын түсіріп алғандай көрінеді. Біздің заманымызда елдің көзінше сүйіспек түгілі, қыз бен жігіттің оңаша тұрғанының өзі ерсі саналатын. Қыз қашанда алынбас қамалдай көрінуі керек. Қолы жеткен ғана аялай алатын арулар қазір қайда? Арзан нәрсенің ешқашан құны болмайтынын ескерсе деймін.– Ә.Б).
Біздің жастық шағымыздағы жігіттердің тағы бір қасиеті қыздар үшін бағалы еді. Ол – жігіттің парасаттылығы мен ұстамдылығы, сондай-ақ ой-өрісінің биіктігі. Сер-ағаңның мені баурап алған игі қасиеттерінің бірі – батырлар жыры мен лиро-эпостық жырларды жатқа оқуы болатын. «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғынды» заулатқанда, көп қыздар аңтарыла аузына қарайтын. Оған қоса әнді де әуелетіп әдемі салатын. Суырылып шығып, Мағжан мен Сәкеннің әндерін салғанда, сүйсініп тыңдаушы едім. Кейін Өзбекәлі: «Бізді құртқан Сәкеннің әні ғой!» – деп қалжыңдаушы еді. Ол кезде Сәкен мен Мағжанның атын атауға болмайтын. «Халық әні, елдің әні» деп шырқайтынбыз.
Қала берді, театрдан қалмайтынбыз (қа­зір­гі жастардың театрды көп жаға­ламай­ты­нына жаным ауырады – Ә.Б). Жастар топта­сып алып театрдан шығып, қойылымды тал­­­қылаймыз. Қалибек Қуанышбаев тәрізді талант­­­тардың қойылымға қалай әзірленеті­нін, рө­лін қалай ойнағанын көретінбіз. Сонымен қа­тар атақты Сәбира Майқанова апамыз бен Шоқанды алғаш сахналаған Жантөриндерді үлгі тұтамын.
Осы арада тағы бір әңгімені айта отырайын, үйленгеннен кейін біраз уақыт өткенде Сер-ағаң жөтеле бастады. «Не болды?» – десем: «Сені суықта 5-6 сағат күтуші едім ғой. Енді, міне, сол шығып жатыр», – деп қалжыңдайтын. Қарап отырсам, сол кезде жігітке жолыңды тосқызу да қызға тән «заңдылық» болатын. Сол кездегі жігіттердегі тө­зімділік пен сүйгеніне деген сенімділік­ке қалай тәнті болмассың осыдан кейін?! Кейін бұл қасиеттер жастардың бір-біріне деген құрметінің артуына әкелетіні айтпаса да түсінікті», – деп сөзін тамамдады апамыз.

15 қазан күні 15-ші линиядағы
15-үйде үйлендік…

Серт байласып, сенім білдіріскен соң ең үлкен қадам үйлену екені сөзсіз. Серік аға мен Әлия апаның үйлену тойы қалай өтті? Бастысы, бір-біріне сенген жастар дүрілдетіп той жасауды мақсат еткен жоқ. Қала берді, «қыс­қа жіп күрмеуге келмейді» деген бар. Сондықтан да барға шүкіршілік етіп, ша­ңырақ болғандарын шама-шарықтарынша атап өткен екен. Бұл туралы шаңырақ иесінің өзі майызын тамызып айтып береді.
«Үйленетін болып шешкен соң, мен сол кез­дегі қазақтың мемлекеттік көркем әде­биет баспасына жұмысқа тұрдым. Сабақтан да қалмай, емтихандарымды да үздік тапсыра жүріп, өзімді баспа ісіне баулыдым. Қызметке алынуыма сол кездегі баспа басшылары Ғалым Ахметов пен бас редактор Ғали Ормановтың көп көмегі тиді. Сөйтіп, алғашқы қаламақымды алып, бұрыннан жиып-тергенім бар, стипендиямды қосып (ол кезде Сталиндік стипендия алушы едім – С.Қ), біраз қаражаттың басын құрадым. Қалғанын қарызға алдым. Соғыстан кейінгі елдің жұпыны тұрмысты шағы ғой. Әке-шешем – қартаң адамдар. Аурушаң. Оларды әурелегім келмеді. Оған қоса ол кезде бүгінгідей мейрамханаларда дүрілдеп той өткізу дәстүрі жоқ. Бар ақшама үй жалдап, сол жерде тойладық. Тұрмысымызға қажетті ыдыс-аяқ, киім-кешек, төсек-орын дегендерді жатақханадан алдық. Карпенко деген комендантымыз болушы еді, бір жарты әперіп қойып, айтқанымызға көндіре беретінбіз. Тойшыл қауымды әрі-бері тасу үшін 2-3 таксиді де жалдап қойдық. Сөйтіп, 15 қазан күні қаладағы 15-ші линиядағы 15-үйде шаңырақ құрған қуанышымызды шағын ғана атап өттік. Кейін қарыздарымды төлеп жүргенімді көрген апам марқұм «осы балам ақылды, «қарызданып қатын ал, қатының қалар қасында» деген – осы» деп отыратын күліп», – деп еске алды сол бір қызығы қайнаған шақты сағынышпен.
Сол кездегі жас отау – бүгінгі академиктер отбасы жалға алған бір бөлмеде үш айдай тұрады. Кейін Әлия апайдың әпкесі Дәмеш күйеуге шығып, басқа үйге көшеді. Сөйтіп, жас отбасы, бір жағынан, Әлияның анасына бас-көз болу үшін сол кісінің қолына келеді. Қыз-күйеуімен 36 жыл бірге тұрғанда бір бейнетін тарттырмаған ананың сүйегі асыл болған екен. Сол күндер туралы сыр ақтарғанда Серік аға:
«Ұзақ жылдар бірге тұрғанда өз анамдай қамқор болды. Әлиядан бұрын аузына мені алып отыратын. Араласып тұратын көрші кемпірлер «балаң ба» десе, «иә» дей салады екен. Осыдан кейін Әлияны көршілер апамның келіні екен деп ойлайтын. Кейін соны естіген Әлия анасына: «Келінім деп айтқаныңыз қалай? Қызыңыз болып тақияңызға тар келіп жүрмін бе?» – деп өкпелеп жүрді. Алайда апам үндемейтін. Сонша жыл бірге тұрғанда өкпелеп, дауыс көтергенін көрген де, естіген де емеспін. Әлденеге ренжісе, көзін жыпылықтатып, шайын ыстық-ыстық ұрттап отыратын. Ол кезде мен «апамның көзі жыпылықтап қалыпты ғой, біреу бірдеңе деді ме» деп сұраушы едім», – дейді күліп.
Серік аға суреттеп берген сол апамыз шаңыраққа қатысты жөн-жосықты бір кісідей меңгерген, бәйбішелігі басым жан болыпты. Он сегізге енді толып тұрмысқа шыққан қызын дастарқан дайындауға үйреткен екен. Өмір бойы қонаққа етті туратып бергізген емес деседі. Жаста­йынан ата дәстүрі бойынша етті мүше-мүшесімен, тұтастай табақпен тартқызады екен. Тектілігі сол, дүкеннің етін жемейді екен. Мүмкіндігінше, базардан болса да алғызып, өзі бұзып-жайғайды екен. Кейін келе қызын ет бұзуға, қазы айналдыруға, ішек-қарын тазалауға үйретеді. Содан бас­тап Серік ағаның отбасы қалада тұрса да, қыс болса соғым союды әдетке айналдырады.

«Мені «апа» атандырған –
ақын-жазушылар…»

Бүгінде бір өзі бір мектепке айналған Серік аға әдебиеттану ғылымының маманы болғандықтан, әдебиет алыптары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Жұбан Молдағалиев, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдоловтармен қатарлас қызмет етті. Әлия апа азаматының арқасында осынау ұлы тұлғалардың біразымен араласты. Олардың кейбірінің жұбайларымен жақсы қарым-қатынасты болып, талай нәрсені үйренді. Кейін өзі де жас­тай «апа» атаныпты. Ол жайын Әлия апа былайша еске алады. «Ақын-жазушылар түннің бір уағында есік тоқылдатып кіріп келетін де: «Апа, ет бар ма? Шай болса бір?!» – дейтін. Ал мен оларға қай уақытта болса, дастарқан жа­йып, дәм әзірлеуден жа­лықпадым. Сондықтан да болар, олар мені ерте «апа» атандырды. Әйел затының қонақ күтудегі жазылмаған қағидасы болуы керек. Ол – шәугімнің оттан түспеуі».
Отбасылық өмірдің алғашқы жылдарындағы қызықтарды бөліскен отанасы алғаш келін боп түскен жылдары нан жая алмағанын бүгінде күліп еске алады: «Бір үйдің кенже қызы болғасын еркелеу өстім. Алғашында нан жая алмаймын. Хамит деген жақсы бір қайным болатын. Сол нан жаяды, біз пісіреміз. Сосын бәріміз топтасып бір қазаннан тамақ ішеміз. Сол кездегі үстеліміз, оқтау-ожауымыз күні бүгінге дейін үйде сақтаулы тұр. Көненің көзіндей болған сол заттар – біздің шаңырағымыздың алғашқы жылдарынан қалған естелік әрі сол шақты еске түсірер құнды жәдігерлер».
Қала берді, ауылдағы ағайын-туыстың балалары да қаладағы бұл кісілердің үйінде жатып оқып, үлкен өмірге қанаттанып шықты. Әлия апа жұмысынан келе сала үй тірлігіне кірісетін. Тәулігіне 4-5 сағат қана ұйықтауды әдетке айналдырған Әлия апа түнде отырып қағаз жазады екен. Бәріне үлгеруге тырысатын. Үлгерді де. Оның тағы бір дәлелі – Серік аға осы күнге дейін азық-түлік дүкеніне қарай аяқ басып көрмегендігі. Бұған не дейсіз? Ерін құрметтеген осындай-ақ болса керек.
І.Омаров, Н.Жанділдин, С.Имашев, С.Кенжебаев ағалары мен А.Нұрқатов, Н.Ғабдул­лин, Б.Соқпақбаев, Ә.Дербісалин, Ә.Хасенов сынды замандастары осы от­басы­ның жиі келетін меймандары мен дос­тары болатын. Дос демекші, қара шаңырақ иелерінің достық туралы айтары – бір төбе. Серік аға мен Әлия апаның достық жайында айтарына құлақ салсаңыз, бұл ұғымның біз ойлағаннан әлдеқайда аясының кең екендігіне көз жеткізесіз.
Бұл туралы Әлия апай: «Біздің достарымыз өте көп болды. Күні бүгінге дейін де достығымыз жарасып, сыйластығымызға сызат түспей келеді. Әлі күнге сағынып жүреміз. Рас, көңілге қаяу түсіретіні – достарымыз бен замандастырымыздың біразының бүгінде бақилық болғаны. Достық дегенде менің аузыма мына алдарыңдағы әдебиет абызы атанып отырған ағаларыңның есімі түседі. Өйткені осы ағаларыңмен арадағы байланысымыз достықтан басталып, кейін махаббатқа ұласты. Бүгінде байқап отырсам, ағаларыңның сол махаббаты кейін елге деген, ұлтқа деген махаббатқа жалғасқандай.
Рас, мен өмір бақи ғылыммен айна­­лы­­са жүріп, әйел затымен құрбыларша сыр бөлі­се қоймаппын. Сондықтан да болар, бүгінге дейін «менің ең жақын достарым, сырластарым» деп ағаларың мен үлкен ұлым Нұрды атаймын. Осылармен ақылдасып, әр ісім туралы кеңесіп отырамын. Менің пайымымша, достық мейірімнен бастау алуы керек. Менің үш атам болды. Үшеуі де мейірімді болатын, жарықтықтар. Бүгінде соларды сағына еске аламын. Серіктің әкесі де менімен досынша ақылдасып, әкелік мейірімін де төге қарады.
Алла тағаланың өзі адамдарды дос болуға бейімдейді екен. «Көршіңмен қалай болдың» дейтін сауал да соны аңғартса керек. Егер адамдар арасында достық болмаса, жарасымдылық болар ма еді?! Отбасындағы үйлесімділіктің негізі де осы достықта жатыр», – деп бір қайырады апамыз.
Серік ағаның да дос десе, жаны бөлек. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос»деген Абайша, ағамыз аға буыннан да, кіші буыннан досқа лайықты жандардың көп болғанын айтады. Сондықтан да болар, әдебиеттегі ағалары да оны баласынбай бағаласа, үзеңгілес жолдастары сыйлап, інілері ізет білдіріп, жолын кеспейді.

«Төрт бірдей текті анадан
тәрбие алдым…»

Жоғарыда Әлия апамызға әйел тіршілі­гіне қатысты тәрбие берген анасы Рымбала туралы біраз әңгімелеген едік. Сонымен қатар апамыздың өмірінде өзгеше із қалдырған төрт бірдей текті ана болды. Олардың қатарынан ойып орын алатын Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апайдың өзі бір мектеп болса, Ғабиден Мұстафиннің жары – Зейнел апай, Әбділда Тәжібаевтың жары – Сара апай, Ғали Ормановтың жары Айтбала апай туралы айтпай кетуге болмайды. Заманының заңғар перзенттерінің жұбайларын күллі зиялы қауым «ана» деп сыйлап, үлгі тұтыпты. Тіп­ті Жазушылар одағында кей талас-тартыстар да осы ардақты аналардың арқасында бейбіт бітіп, тату тарқасып жатады екен. Жазудан қолы қалт ете қалған ақын-жазушылар бір үйге жиналып, әдебиет мәселелерін талқылаған сәттерде де қонақжай қалпымен, көптің құрметіне бөленген. Сөйтіп, бір ер азаматтың ғана емес, баршаның бабын тапқан осы төрт ана сол кездегі жас келіншек Әлия апамызға да көп көмегін тигізіпті.
«Төрт анаға ерген біз де етек-жеңімізді жинап, «артымыздан сөз ермесін» деп ұқыпты жүретінбіз. Сол апаларымыз бен аға­лар­ымыздың жолын кеспей, қас-қабағына қарап, араластық. Кейін осы кісілерден алған тәрбие­міз өміріміздің үлкен бағыт-бағда­ры­на айналды. Отбасында ерін сыйлаған әйел етекте қалмайды. Сен өз шәкіртіңнің ғана емес, күллі айналаңның тәрбиешісісің. Мұны мен ұзақ жылдар мәдениет пен ғылымның, әдебиеттің үлкен ағаларының отбасымен араласа жүріп бойыма сіңірдім», – дейді Әлия апа.
«Жүз жыл өмір сүрсең, жүз жыл үйрен» дегенді өмірлік қағида ретінде ұстанған ана өзінің өмірдегі екінші анасындай болған Мәриям апайды қатты сыйлады. Мәриям апа дүниеден өткенше жыл сайын соғымнан сыбағасын беріп, үйінің төрінен орын ұсынып өтті.
Серік ағаның отбасында әлі күнге әке дастарқанға отырмайынша, бала тағамға қол салмайды. Балаларды әкенің қас-қабағына қарай отырып, ыңғай жасауға үйретуі – осы текті аналардан алған тәрбиесінен-ау…

«Махаббатсыз дүние бос…»

Бүгінде абыройлы абыз ақсақал атанып отырған Серік аға мен ардақты анаға айнал­ған Әлия апа Алматы қаласында тұрады. Бала-келіндеріне жиі қыдырыстап, немерелеріне барып мауқып басып қайтатындары бар. Таяуда ғана Ресей астанасы – Мәскеуде тұратын үлкен ұлдары Нұрдың 60 жасқа толған мерейтойына қатысып қайтты. Нұр Мәскеу университетін бітіріп, аспирантурада оқыған. Кейін сол жақта кандидаттығын, докторлық диссертациясын қорғапты. Қазір Ресей әлеуметтік ғылымдар академиясының, халықаралық жоғары мектеп академиясының толық мүшесі. Серік аға мен Әлия апа Нұрдан Темір, Құралай есімді немере сүйіп отыр. Ал ортаншы ұлдары Әділ еліміздің Ішкі істер министрлігінде жауапты қызмет атқара жүріп, жол апатынан қайтыс болған екен. Құдайға тәубе, артында ұлдары қалды. Келіні Шолпан да ата-енесінен алыс ұзаған емес. Ал кенже ұлдары Әлім Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызметте. Кіші ұлдары алдындағы ағаларынан кештеу туыпты. «Ғылыммен айналысып, диссертация қорғаудың қамымен сырт елдерде көп жүрген әйелдің бала көтеруге шамасы келе ме? Екі ұлымнан кейін араға 16 жыл үзіліс болып, дүниеге Әлім келді. Бұл заман қазақтардың ұзақ жылдардағы қысымнан босап, қазақ тіліне бет бұрған кезі болатын. Әлімді қазақша балабақшаға, мектепке бердік. №12 қазақ мектебін алтын медальмен бітірді» дейді, – Серік аға кенжесі туралы шаттана сөйлеп. Кенет өзінің де қалай есейгені есіне түсті ме, бір сәт кейінге шегініс жасап мынадай естелік айтты.
«…Менің жалғыз өсіп, анасыз, басқа отбасында тәрбиеленгенім белгілі ғой. Бауырына салған ата-анам еш нәрседен кем қылған жоқ. Бетімнен де қаққан емес. Киімім бүтін, тамағым тоқ, «Смаилдың баласы» деген атпен, елге белгілі азаматтың атын малданып өстім. Оқу, білім жолына түсуіме де әкемнің ықыласы ерекше болды. «Әке – балаға сын­шы» деген ғой, марқұм менен бірдеңе күте­тіндей еді. Алайда жалғыз туып, анасыз өскен баланың рухани өмірінде орны толмайтын бір жетімсіздік, ішкі мұң, көңілсіздік болады екен. Мен осыны бала кезімнен сезініп өстім. Бала болып ойынға беріліп, әлденеге қызы­ғып, жүгіріп ойнамағанымды, жалғыз өзім балалардың ойынына қарап отыратын міне­зімді әжем марқұм айтып отыратын. Өсе келе ермегім кітап болды. Оқуым өз үйімнен тыс жерде, ылғи кісі үйінде жатып оқумен өтті. Осын­дай жалғыздық жалықтырып, өмірге түңіле қараған кездерім де болмай қалған жоқ. Әсіресе соғыс кезінде «оқимын» деген ой­ым іске аспай, үмітсіздікке берілгенім де бар. Сол тұста Мағжанның «Батыр Баянына» үңі­ліп, «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген жолдарын жаттап, әнге қосып айтып жүретін едім.Өмір­де еш нәрсеге қызықпай, құмартпай, ен­жар қарап өскен басым, әп-әдемі дауысым бар еді, соны тұншықтырып, дамытпай тас­­тадым. Осы көңіл күйден Алматыға келген­ше айыққан жоқпын. Аңсаған оқуыма түскен соң, жастардың желігуіне ермей, алаң­дамай оқуға берілдім», – деп бір тыныс­тап алды. Сосын жүзі жадырап: «Осындай бір қызығы жоқ сұрқай өмірден мені сүй­реп алып шығып, шын өмірдің қандай бола­тынын, «өмірдің қызығы» дегеннің не екенін танытқан, сөйтіп, менің өмірімді жаңар­т­қан, жаңғыртқан осы Әлияшым еді. Алғаш көр­генде күн сәулесіндей жарқ етіп, жабырқау көңіліме жан бітірген оны көргенше, кездес­кенше асығушы едім мен.
Отбасы дегенде, алдымен оның ұйыт­қысы – әйел еске түседі ғой. Менің Әлия­мен танысқаным, үйленгенім, әртүрлі өмір өткелдерінде оның маған сүйеу бол­ға­ны, ғылымдағы ізденістері туралы әңгіме айту – мен үшін мәртебе. Әлия, шын мағынасында, менің шаңырағымның иесі ғана емес, оны құрушы, менің бүкіл өмірімді, тұрмыс-тіршілігімді жасаушы және ұйымдастырушы. Ол отбасының қызығын, екеуміздің жаңа өмірімізді де өзі жасады. Міне, бүгінге дейін менің өмірге деген құштарлығымның тар­қамайтыны – осы аяулы жарымның арқасы…».
Міне, осы сөздерден кейін бізге махаббат жай­лы монолог оқудың өзі артықтай көрінді. Бұл аз десеңіз, қос қария әлі күнге бірін-бірі із­деп отырады. «Біріміз бір бағытқа шығып кетіп, кешеуілдеп жатса, алаңдап, терезе жаққа қарайлаймыз. Елегізиміз. Сағынамыз. Бұл – махаббат қой, қызым. «Махаббаттың үлкені» деймін мен мұны. Менің ұғымымда махаббат еш уақытта сарқылмайды һәм таусылмайды», – деп күлімсірейді Әлия апа.
Бұрын тек махаббат атты мөлдір әлемді Әзілхан ағаның «Махаббат, қызық мол жылдарынан» оқып, әсерге бөленсек, академик­тердің үйінен шыққанда сол шақтың тірі кейіпкерлерімен тілдесіп қайтқандай кейіпке ендік.

Динара ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.