Жағадан алған «жаңағы»

Мен ақын, жазушы ретінде әрбір адамның радио, тередидардан сөйлеген сөздерін соншалықты ыждағатпен тыңдаймын. «Жақсы сөз – жан азығы» дегендей, жақсы да таза қазақша сөйлеп, ана тілінің бай құнарын көрсеткен әрбір жанның сөзін рақаттана тыңдап, іштей ризашылығымды білдіріп отырамын. Алда да солай бола берсін деп тілеймін.Өкініштісі сол, соңғы кездері көзге сояудай көрініп, құлаққа түрпідей тиіп жүрген «жаңағы» деген қыстырма сөз қыр соңымыздан қалмай келе жатыр. Радиодан не теледидардан түрлі хабарларға қатысып, сөз сөйлеген, сұхбат берген жандардың барлығы: мейлі тіл маманы, мейлі ақын, жазушы, мейлі сахнада сайрап жүрген артист, мейлі түрлі ғылым саласындағы профессор, доктор, академик, мейлі министр болсын, екі сөзінің бірінде «жаңағы» деген қыстырма сөзді орынсыз қыстыра береді. Мүмкін оны сөйлеушінің өзі байқамайтын да шығар. Ал сөйлем ішінде түк мағынасы жоқ «жаңағы» деген қыстырма сөз, біріншіден, сөйлеушінің тұнық ойын тұмандап, екіншіден, тыңдаушының құлағына түрпідей тиеді. Бұл сөйлеушілеріміздің сөйлеудегі мәдениетсіздігі дер едім…
Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе – кейбір жаңа сөздердің көңілге қонбайтындығы жайлы. Мәселен, «заманауи» сөзі қайдан шыққан? Соңғы 3-4 жыл ішінде бұл сөз тілдік қорымызға енді. Осы сөз қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бар ма? Әлде терминдік сөздікте арнайы бекітілген бе? Ол жағын түсіне алмадым, бірақ құлаққа түрпідей естіледі. «Ауи» деген жұрнақ не жалғау қазақ грамматикасында ешқашан болып көрмеген.Оның орнына өз тілімізге үйреншікті «и» жұрнағы бар емес пе? Мәселен, тарихи, әдеби, мәдени, рухани деген секілді сөздердің қатарында «замани» сөзі тұрса, оның несі ерсі, несі қисынсыз? Тек, араб, парсы тілдерінде: бәдәуи «жиһанкез», «қыдырымпаз» мағанасында немесе Рудаки, Фердоуси, Низами, Науаи (Шығыстың ұлы ақындары) секілді адам аттарында қолданылады. Әрине, біз оны Фараби, Дулати, Жалайыри, Тарази түрінде қолдана бастадық. Олар құлаққа сіңіп, көңілге қона бастады. Ал «заманауи» көңілге де қонымсыз, құлаққа да ерсі естіледі. Сондықтан туған тілімізге жанымыз ашитын болса, «ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген даналық сөзді ұмытпағанымыз жөн.

Абдрахман АСЫЛБЕК,
ақын

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.