«Ана тілінен» ат-тонын ала қашқандар

«Өзімізден бастайық» айдары оқырман назарына ұсынылғалы бірер айдың жүзі болды. Біраз есімі ел аузында жүрген азаматтар бұл айдардың кейіпкерлері атанды. Олардың арасында біздің сауалдарымыз шамына тисе де, шала қазақшасымен шама-шарқынша жауап қатқандары да, сондай-ақ ана тілінде ала-құла сөйлейтініне ұялып, сол үшін кешірім сұрай отырып жауап бергендері де болды. Бірақ сұрақтарымызды жорта естімеген болып, қала берді «шетелде жүр едім» деп жалтарған жандар да аз емес. 
Солардың бірі – Қазақстанның Халық артисі Әлібек Дінішев ағамыз болатын. Ол кісіге бірнеше рет, кейін апта аралатып та телефон шалдық. Алғаш телефон соққанымызда «Сәлеметсіз бе?» – дегенімізге: «Здрав­ствуйте!» – деп жауап қатқан Әлі­бек Мұсаұлы «Ана тілі» газетінен екенімізді естігеннен соң, әңгімесін кілт үзіп «мен шетелде жүрмын» деп тұтқаны қоя салды. Алайда сол күні кешкі жаңалықтардан ол кісінің күн­діз Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтің қолынан ел Тәуелсіздігі­нің 20 жылдығына орай медаль алып жатқанын көзіміз көрді. Кейін екінші мәрте қоңырау шалғанымызда жылы амандасып бастаған ағамыз, әңгіме сұрақтарға ойысқанда «вас не слышно… » деп әдеттегідей тұтқаны қоя салды.
Хош делік, екінші кейіпкеріміз Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі Айгүл Бабаева еді. Бұрын көпшілік оны әнші деп білсе, қазір КТК теларнасынан беріліп жүрген «Давай, поженимся» бағдарламасының жүргізуші-жеңгетайы ретінде жақсы таниды. Бұған дейін бірді-екілі қазақша ән айтқанын естісек те, қазақша сөйлегеніне зар болып жүрген бізге бұл жолы да аузымызды қу шөппен сүртуге тура келді. Бірнеше күн ұстатпай жүрген Айгүл апайымыз телефон тұтқасын көтерді-ау… Алайда амандасып алып, алғашқы сауалымызды (әрине, мемлекеттік тілде) қоя бергенімізде, сөзіміздің соңын күтпестен: «Ой, девочка, я не могу. Я дам трубку продюсеру Булату…» – деп шүлдірлеп ала жөнелді. Онысымен қоймай, тұтқаны бөгде біреуге ұстата салды. Кім біледі, «жеңгетайымыз» «жаһанданып» кеткен жастарды жарастыруға асықты ма, әлде қазақтілді БАҚ-қа сұхбат бермейтін кейбіреулердің әдетіне бас­ты ма, әйтеуір, ат-тонын ала қашты.
Бұл екі делік. Біз енді Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория ректорының қабылдау бөлмесі­нің теле­фонын шылдырлаттық. Мақсатымыз – Қазақстан­ның Халық артисі, әйгілі пианистка әрі аталған оқу орнының ректоры Жәния Әубәкіровамен сөйлесу бо­ла­тын. Алайда ұлттық консерватория­да қызмет ететін хатшы қыз (ректордың қабылдау бөлмесіндегі) қазақ­ша тү­сін­бейтінін айтып, орыс­ша сөйлеуі­мізді өтінді. Қай тілде сөйлесек те, бас­­шы­сымен тілдес­тірмеген соң, Жә­ния апайдың ұялы телефон­ына шық­тық. Алайда жылы амандас­қан Жә­­ния Яхияқызы біздің блиц-сұх­батымызбен «айналыса алмайтынын» жеткізді. Жәния апай­дың жа­у­а­бын уақытының тығыздығы­на жоры­дық, басқаға қазақтың әйгі­лі қызын қимадық.

Динара ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Gabby

    You have the monopoly on useful inf-rmationoaren’t monopolies illegal? 😉

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.