Тіл – ұлт дамуының рухани өлшемі

d181d0bed0b7d0b4d0b8d0ba1Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» 10 000 дана таралыммен шығарып, Республикаға таратты. Бұл сөздіктің шығуы – ұлтымыздың ұлы қазынасы – қазақ тілінің байлығын паш еткен ел өміріндегі елеулі оқиға. Мемлекеттік тілдің мерейін өсіретін үлкен іс болды.
Осы аталған сөздікпен алыс-жақын шетелдегі ғалымдар да танысып, өз пікірлерін, алғашқы әсерлерін білдіріп жатыр. Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университетінде еңбек етіп жүрген түркітану, қазақ, орыс тілі маманы, А.Байтұрсынұлының тілдік мұрасын зерттеуші ретінде алыс-жақын шетелдерге танымал, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Махамбет Джусупов мырзаның пікірін «Ана тілі» газеті өз оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көріп отыр.
Қазақстан Республикасының тәуел­­сіз дамуына 20 жыл толды. Тәуел­сіздіктің 20 жылы – қазақ елінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, ғылыми, тарихи, діни, тағы басқа даму үрдісінде бір дәуір­ге тең уақыт. Себебі бұл кезде сана-сезімнің негіз­гі көрсеткіші – адамның ойлау қабілетіндегі ұлт­тық психобейнелер қайтадан (отаршылау заманынан бұрын болғандағыдай) нақ қазақи өрнекте қалыптаса бастады. Ұлттық психобейнелер рухани жеңістің негізгі өзегі – халықтың, мемлекеттің ішкі дүниесінің өміртанымдық, мәденитанымдық, тілтанымдық, тағы басқа мүмкіншілігінің асыл арқауы.
Ұлттың, мемлекеттің тәуелсіз дамуының негізгі рухани өлшемінің бірі – тіл. Тілдің әлеуметтік қызметінің өркендеу мөлшері – сол ұлттың, сол мемлекеттің өркендеу мөлшерінің сөйлесімдік және жазылымдық, яғни коммуникациялық және семиотикалық өшпес мөрі.
Тілдің әлеуметтік қызметінің мүмкіндігі, ең алдымен, тікелей сөз байлығымен байланысты. Сөз байлығын сақтайтын, өркендететін қауым – сол тілде тілдесім қызметін атқаратын ұлттық қоғам. Ол қоғам бірұлтты және көпұлтты болуы мүмкін.
Тілдің сөз байлығын жазылым түрінде жүйелейтін, ұрпақтан-ұрпаққа жазба түрінде жеткізетін – сөздік және жалпы кітап. Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі өз кезегінде қазақ халқының тілі мен мәдениетінің, діні мен ділінің, рухани дүниесінің жалғасуы мен жаңғыруына, сақталуына орасан зор үлес қосса, жаңа типтегі он бес томдық сөздіктің ғылыми деңгейі мен мәдени-ақпараттық маңызы бұрынғыдан да күшейтіле түскен. Бұрынғы он томдық сөздіктің негізінде жазылғанымен, бұл он бес томдық сөздіктің («Қазақ әдеби тілінің сөздігі») деңгейін ұлттық колоритпен байытылған, ғылым-білімнің жаңалықтарын толық қамтыған, энциклопедиялық деңгейде жазылған академиялық түсіндірме сөздік деп бағалауға әбден болады деп ойлаймыз. Себебі қазіргі тұрысында бұл он бес томдық сөздікті элитарлық топқа арналған сөздік деуге болады. Мұнда жалпыхалықтық лексикамен бірге діни ұғымдар, жергілікті сөздер, салааралық терминдер, мәдени-тарихи лексика, прецедент сөздер жан-жақты қамтылған. Қазақ халқының ақын-жыраулар шығармаларында қолданылған ескі кітаби лексика мен көне сөздердің мән-мағыналары ашылып, сөздік қорымыздың қайта жаңғыруына септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар сөздік қорымыздың байлығы бұдан да басқа ақын-жазушылар тілінде кездесетін поэтикалық, стильдік қолданыстар тұрғысынан да толыға түскен.
Әсіресе сөздікте иллюстративтік материалдар негізінде анықталған фразеологиялық және тұрақты тіркестер молынан қамтылған. Олардың бір тобы бұрынғы фразеологиялық сөздіктерде бар материалдар болса, көпшілігі түрлі мәтіндерден алынған мысалдар негізінде қайта жинақталып берілген. Бұрынғы он томдық сөздікте тіркес түрінде берілген семантикалық даму арқылы универбтенген біраз сөздер атау сөз ретінде сөзтізбеде беріліп, реестр сөздер санын толықтырған. Сөздікте берілген сөздердің саны бұрынғы сөздікпен салыс­тырғанда әлдеқайда көп. Сөздерге берілген түсіндірмелердің мағыналық сапасы да жақсара түскен: сөздікшілердің сөз мағыналарын жан-жақты ашуға, тілдік ақпараттарды ғана емес, мәдени ақпараттарды да беруге тырысқандығы байқалады.
Сөздікте 93 мыңға таяу жеке сөз бар, фразеологиялық тіркестерді қоса есептегенде 150 мың болады. Бұрынғы 10 томдық сөздік жасалған кезде саяси бөгет болған, сондықтан оған XX ғасырдағы қазақ руханиятының жүрегі – Алаш зиялыларының мұрасы енбей қалды. Бұл сөз­дікте сол ұлттық мұраға жататын шығарма­лар жан-жақты орынды пайдаланылған. Қаза­қ­стан Республикасы Мәдениет министрлігі мен оның құ­рамын­дағы Тіл комитетінің жан-жақты қол­дауымен «Қазақ әдеби тілінің он бес том­дық сөздігі» 10 мың дана таралыммен жарық көруі елдік мәнге ие игілікті шара деп ойлаймыз.
Бүгінде ТМД елдеріне қарайтын түркі халықтарының мұндай таралыммен шыққан (қазақ тіліндегідей) үлкен (15 томдық) сөздігі жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын 2006-2008 жж. аралығында 80 мыңға жуық сөз бен тұрақты тіркестерді қамтыған, ішкі мағынасы, құры­лымы, лексикографиялық ұстанымдары, тағы басқа дәстүрлі сипатта берілген 5 томдық «Өзбек тілінің түсіндірме сөздігі» («Узбек тилининг изохли луғати») 3 мың дана таралыммен жарық көрді.
«Қазақ әдеби тілі сөздігі» атты мега­жобаның авторы және ғылыми жетекшісі профессор Н.Уәли мен шығармашылық ұжым лекси­кографиядағы дәстүрлі ұста­нымдар мен әдіс-тәсілдерді, ұғымдар мен жаңашыл (заманауи) лексикографиялық жаңартпаларды (инновацияларды), ұтымды әдіс-тәсілдерді ғылы­ми-тәжіри­­белік деңгейде тиімді қолданған. Дәстүрлі көзқарас жаңашыл көзқарастың син­тездендірілген әрі заманауи, әрі инно­вациялық лексикографиялық ізденістер ағылшын тілі сөздіктерінде бұрыннан қолданылатын (Оксфорд сөздіктері, Кембридж сөздіктері). Соңғы 20 жылда мұндай лексикографиялық жаңа жүйе орыс тілі мамандарына («Большой толковый словарь русского языка», Санкт-Петербор, 1999) және қазақ тілі мамандарына тән бола бастады.
Бұл жағдайды, ең алдымен, А.Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институтының және жалпы қазақ тілтанымының жетістігі деп бағалау керек. Егер мүмкіндігіміз болып жатса, соңғы жылдары жарық көрген бірнеше түркі тілдерінің түсіндірме сөздіктерін салыстырып, талдау жасауға алдағы уақыттағы зерттеу еңбегімізде арнайы көңіл бөлу ниетіміз бар.
Ұлттық құндылықтарды, мәдени мұраны, рухани дүниені ұлттың өзіне танытатын әрі насихаттайтын мұндай түсіндірме сөздік кез келген қазақ азаматы, ұлт өкілі үшін аса қажет деп санаймыз. Бұл көптомдық түсіндірме сөздік осындай ұлттық құндылықтарымыздың ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан- ұрпаққа жетіп, мәңгі сақталып қалуына орасан зор үлес қосатын іргелі еңбек болып қалмақ.
Қай заманның болсын жетістіктері өзінен-өзі, жеке түрінде келмейді. Қай әлеуметтік сала болсын, оның жетістіктері сол уақыт кезеңіндегі басқа әлеуметтік сала­лармен байланыста болады, себебі қоғамның, мемлекеттің дамуы – көпсалалы дүние. Қоғамның даму үрдісіне осындай макроәлеуметтік және микроәлеуметтік сипаттар тән болған соң, Қазақстан Республикасындағы лексикография саласының, жалпы тілтанымының айтулы жетістіктері Қазақстан мемлекетінің, сондай-ақ әлемдегі жалпы қазақ халқының жетістіктері ретінде бағаланады.

Махамбет ДЖСУПОВ,
Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университеті филология ғылымдарының докторы, профессор



Принтерден шығару Принтерден шығару