Қара қасқа атты Қамбар батыр

d0b1d0b0d182d18bd180Арал теңізінің кернеуінен асып, дүйім елдің құты болып тұрған шағы. Сырдың теңізге құяр сағасына жақын орналасқан Мырзас деген шағын ауыл бар. Бірі – тамды жота бауырына орналастырса, екіншісі – жота үстіне қондырған. Жотада отырғандар айналасына көз жүгіртсе, іргесінде сылдырап ағып жатқан сары лай Сыр өзенінің салқын суын, солтүстік бетіндегі «Аманөткелдің» шағаладай ақ шатырлы үйлерін, оңтүстіктен Ақшатау тауын алақанға салғандай анық көреді. Табиғат өзі көркемдеп, әспеттеген бұл жотаның айналасындағы көк майса шөбі, ну-жынысты қарағай талдары малға да, жанға да құт-берекенің бұлағындай әр береді. Көктем мен жаздың әр күні елді ырыс-несібесімен қуантып, отырықшы елді мәз-мейрам етеді. Бұл – «Бәйімбеттер ауылы». Жыр қонған ауыл. Мырзас – төбесі тұнған тарих. Талай көсемсөзші, шежіреші ғұламалар, суырыпсал­ма ақындар, жыраулар шыққан жер. Бір ғана даңғайыр ақын Нұртуған Кенжеғұлұлының өзі неге тұрады. Оның арғы туыстас ағалары ақындар Еспембет, Бітімбайлар осы кісіге ақыл-кеңесін беріп отырған. Бұл топырақтан шыққандар бірінен-бірі өткен, ескі әңгімені жүйе-жүйесімен айта білетін адамдар болған. Қазір сол төбеде тірі жан жоқ. Әр жерде үйінді топырақтар. Қайран, заман-ай!
Нұртуған Кенжеғұлұлы туыстас ағасы Еспем­бетті пір тұтқан. Оны ұстазы ретінде былай толғайды.
Еспембет, бұл Бітімбай суырыпсалма,
Сыр елін өлең-жырмен дүркіреткен.
Осындай Сыр елінде бізден бұрын,
Санаулы жыр күмбезі дүлдүл өткен…
…Жас кезде көршілес Ақшатау ауылынан нағашыма еріп Мырзасқа барғаным бар. Ауылдың орта тұсындағы биік үйге ат басын тіреген нағашыма үйден шыққан кішкене сақал қойған мұртты кісі шұрқыраса сәлемдесіп, үйге бастады. Көп ұзамай, дастарқан жайылып, құрт-май, буы бұрқырап табаға салынған ыстық нан қойылды. Бәйбішесі шағын табақ алдырып, ыстық нанды қолдан піскен сарымайға шылап, «астан алып отырыңдар» деп ишарат танытып жатыр. Үй иесі нағашыма әңгіме айтып, дастарқанға қойылған асқа қаратпай, өзіне үйіріп алған. Сарымайға бөккен ыстық нанның иісі мұрынды қытықтайды. Аталардан бұрын табаққа қол созу – бала үшін әбестік. Шыдамай, жалтақ-жалтақ қараймын. Осыны сезгендей, үй иесі табаққа өзі бастап қол салғанда, үлкендермен қабаттаса табаққа қол жүгіртіп, бір кеспе нанды алып, асай бастадым. Дәмі бал татиды. Сондағы бізге дастарқан жайған, атақты жырау, дауысы көш шақырым жерден есітілетін Жаңаберген атаның өзі екен. Мұны кейін, есейгенде нағашымның бірінен сұрап білгенім бар.
Жастық кезде нағашы ауылында жиі болатынбыз. Үлкен кісілердің әңгімесін есітіп, қызығып жүретін едік. Көбіне, олар отырған жерге батып бара алмай, есіктен сығалап, әңгімелеріне құлақ түретінбіз. Ет пісіп, табақ тартылғанда «кәне, балалар бар ма, еттен асатайық» деп отыратын. Сондайда бұрынғы өткен батырлар жайлы, олардың елге жасаған ерліктері, жаумен шайқасы әңгіме арқауына айналатын-ды. Едіге, Орақ пен Мамай, Қобыланды қиссаларының желісі ерекше ұнайтын. Отырыстардың бірінде Қамбар батыр жайлы әңгіме қозғалып, Қамбардың Арал аймағында болғанын, «Шулыған» деген жерде тоқсан үйлі тобырды асырап, аты шыққанын әңгімелейтін. Ол кезде балалықтың базарлы шағымен білмедік пе, онша мән бере қоймадық. Бертін келе мектепте оқып жүргенде батырлар жырын жаттап, олардың жаумен шайқастағы ерлігіне еліктеп, сабақтан кейін ойынға шық­қанда нар қамыстан «ат мініп», бір-бірімізбен Қамбар, Қобыланды болып шайқасатынбыз. Уақыт оза келе жас кездегі есейген Қамбар батыр жайлы «Арал аймағында болып еді» деген сөздің шығу мәнісін білу үшін, сұрастырып жүрдік. Одан мардымды еш нәрсе шықпады…
Тарихи шежіреге үңіле қарасаң, батырлар жайлы қисса-дастандардың бірнеше нұсқалары болған сияқты. Біз оқыған Қамбар батыр дастанының қазіргі нұсқасын «Мұрын жыраудан алынған» деседі. Ал енді құлақ естіген осы батыр жайлы қиссаның «Арал аймағында болған» дегеніне келетін болсақ, дастанда былайша жырланған жолдар кездеседі:
…Садаққа салған оқтай боп,
Тұлпарға тола мінеді.
Қаршығасын көтеріп,
Көліне Нудың жөнеді.
Түскен жолы Қамбардың,
Шұбырған малдың ізі еді.
Жағалай құлын байлаған,
Теңіздің бойын жайлаған,
Қыз Назымның ауылының
Үстіне түсті көздері…
Бұл жерде көлдегі «нудың» және «теңіздің» сөздеріне қарап, ел аузында айтылған аңыз-әңгіменің желісіне сәйкес келетін тұстары бар сияқты. Аралдың оңтүстігінде Қамыстыбас көлі бар. Көлдің суы тұзды. Ені – жеті шақырым. Тенізден 25 шақырым қашықта тұр. Үстірті – кең жазық дала. Солтүстік бетінің кей жерлерінің топырағы қызғылт түске боялған. Байлығы асып-төгілген Әзімбайдың алты баласының жайлауы осы көлдің оңтүстігі болғанға ұқсайды. «Теңіз» деп отырғаны – ұшы-қиырына көз жеткісіз, қалың ну қамыс пен жыңғылы мол өскен теңіздей суы толқып жатқан ірі көл. Көлдің теріскейінде тұм­сығын суға төсеген, жоталанып жатқан «Шулыған» деген мүйіс бар. Сол мүйісті алпыс үйлі арғын мен тоқсан үйлі тобыр жайлаған. Олар сирағы шыққан кедейлер көрінеді. «Тоқсан үйлі тобырды ілгері заманда көл жағасына біткен қалың жынысты ну ормандай қамыс пен жыңғылдың арасын ұялаған аңдарды аулап, көлдің құсы мен балығын ұстап асыраған қара қасқа атты Қамбар» деседі.
Ертеректе елдің аузындағы «Шулыған» мү­йі­сін көрудің бір сәті түсті. Көлдің батысында Аманөткел, Мырзас, Қарамойын ауылдары қоныс­тан­ған. Бұларды «Бәйімбеттер мекені» дейді. «Талды» және «Тұрсын» аралдарын асандар жай­лаған. «Қарабөгетті» жаңкылыштар мекен еткен.
Бірнеше жолаушы түйе және ат-көлікпен «Қарабөгет» арқылы Қамыстыбас көлінің теріс­кей бетіне қарай жолға шықты. Оның арасында мен де бармын. Алтыншы класта оқитын кезім. Бағыт – «Сорбеткейге» жету. Бұл – теміржол бе­кеті. Бұрын пойызға мініп көрмеген біз үшін бәрі қызық. Сол жерден Арал қаласына жетуіміз керек. Арамызда үлкен кісілер «жол қысқарсын» деген оймен әңгіме айтып келеді. Биік жота үстінде анда-санда ұшқан бұлдырық болмаса, ештеңе көзге түспейді. Кең жазық, құм төбелер. Бір аяқ жолмен ілбіп келеді. «Теріскейде сағымданып көрінген «Заузан» құмы, оған жалғас жатқан «Қантөрткіл», – деді бір аға дауыстап.
Сол жерде Кіші жүздің үлкені Әлім атаға ас берілген. Алдымыздағы белестен асқан соң «Қамыстыбас» көлі көзге көрінеді. Сол жағалауда «Шулыған» деген түбек бар. Осы түбекті өткен ғасырларда арғындар жайлапты. Солардың орталарынан Қамбар атты бала шығып, дүйім елді аң және құс аулап асырапты. Бала өсе келе түбекке қарсы беттегі көлдің оңтүстігінде Әзімбай деген бай болып, соның алты баласы қалмақтарға қарсы тұра алмай, осы Қамбар батырға қолқа салып, соның ерлігімен қалмақтың бетін қайтарады. Қиссада Қамбарға қызы Назымды қосқаны жайлы әңгіме айтылады. Сөйткенше, біз «Шулыған» түбегіне келіп те қалдық. Толқыны аспанға атылған, көбігі шашырап жатқан көлден түбек биік көрінді. Біз жарқабақтан осы түбекті тамашалап тұрғанда тағы бір кісі сұрақ қойды.
– «Шулыған» деген сөз қайдан шыққаны жайлы есітіп-білгеніңіз бар ма?
– Бұл сөздің, аты айтып тұрғандай, онша құлаққа жағымды емесін біліп тұрсыңдар. Ұзын құлақтан естуімше, Қамбар батыр жайлы тағы бір әңгімелер бар. Қамбардың қара қасқа аты болыпты. Ол атты суреттеушілерге қарағанда, оған тіл жетпейді. Батырдың өзіне лайық сенімді серігі. Айшылық жерді әп-сәтте кесіп өтетін керемет жүйрік екендігі дастандарда әдемі суреттеледі. Сол аттың ерекшелігі – қиын-қыстау кезеңде батырды ажалдан құтқарып отырғандығы.
Қамбар Әзімбай ауылының үстінен әрі-бері өтіп жүргенінде Назым қыздың көзіне шалынады. Оның ерлігімен қоса, сымбатына, жарқыраған келбетіне ерекше ғашық болады. Қамбардың кедейлігін бетіне басқан Назымның алты ағасы Қамбарға жолықтырмайды. Қамбар да өзінің кедейлігіне қарамастан, айдай сұлу Назым қызды ұнатып, жасырын тіл қатысады. Қос ғашықтың арасына киліккен ағалары олардың тілдесуіне де тұсау салады. Бұлар қулыққа көшіп, көлдің енінің арақашықтығы алыс болса да, қара қасқа атты жүздіріп судан өтіп, таң білінер-білінбеске дейін бір-бірін ай нұрымен аймалап, сырласып жүреді. Ғашықтардың бұл кездесуі де онша ұзаққа созылмайды. Ағалары «ұшан-теңіз көл суы арқылы атпен жүздіріп келіп кездеседі» дегенге алғаш сенімсіздік танытады. Кейін кеш батқаннан көл жағасына қарауыл қойып, қыз Назымның ізін бақылайды. Қос ғашық кездесетін, сырласатын белгілі бір уақытта жеңіл тақтайдың үстіне майшам орнатып, оған жіңішке ине көзінен өтетін жіп жалғап, жағадан алысқа жеңгелері арқылы әлгі майшамды жіберетін көрінеді. Майшам көл бетіне қалқып шыққан кезде биік жарқабақтан жарықты көрген Қамбар қара қасқа атты терең суға жүздіріп келіп, Назыммен, осылайша, жасырын кездесіп отырған.
Күндердің күнінде көл жағасына қойған жасы­рын қарауыл арқылы, ғашықтардың айла-тәсілі білініп қалып, оларды мүлде кездестірмеудің қаракетіне кіріседі. Көл үстіне қойылған қалқыма шамды байлаған жіптің ұшын қиып жібереді. Маяк ретіндегі шам су бетінде қалқып, майда толқынмен батыс беттегі «Қарабөгетке» қарай жылжиды. Шам белгісіне да­ғды­ланған қара қасқа атты Қамбар ұшы-қиыры жоқ терең сумен ізінен жүзе береді. Көп уақыттан соң қалжырап, әлсіреген қара қасқа ат терең суға батып кетеді. Абырой болғанда сол күні дауыл болмай, көл бетін толқын соқпай Қамбар батыр аман қалады. «Бүкіл тоқсан үйлі тобыр мен алпыс үйлі арғынды асырап отырған қара қасқа атты жоқтаған халықтың шулаған дауыстарынан осы «Шулыған» атауы қалды, деген әңгіме бар. Әңгіменің шын-өтірігін ешкім тап басып айта алмайды. Ілкі заманның көнекөз қарттарынан қалған осы әңгіме желісін айтып отырмын, – деп жолбастаушы ақсақал әңгімесін үзді.
Жас кезіміздегі қара қасқа атты Қамбар батыр жайлы естіген әңгіме желісіндегі оқиғалар Арал аймағында, шын мәнісінде, болған-болмағанын бірде-бір тарихшыдан есіткен емеспіз. Десек те, Қамбар батыр дастанындағы оқиғалардың кей тұстары сипатталғанда жер және көл жағалауларына ұқсастық бар. Соған қарағанда, аңыз-әңгіменің тектен-тек шықпайтыны рас болар. Дастандағы ноғайлы жерінің бедері де осы өлкенің жер-суына бағдарлас тәрізді. Қалай болғанда да бүгінгі жас буын ұрпағымыз ата-бабамыз қалдырып кеткен, батырларымыз қорғаған жер үшін жырлаған жыр-дастандарды оқып, өз бойларына сіңіре білсе, олардан келешек Тәуелсіз еліміздің білікті де қайратты азаматтары шығатынына бек сенімдіміз.

Киікбай Ізетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.