«ДӘСТҮРГЕ адалдығымыздан танбаймыз» Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаевамен сұхбат

rektpor– Динар Жүсіпәліқызы, бұл күндері сіз басшылық жасап отырған Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті Кеңес Одағы кезінде де бірегей қыздарға арналған жоғары оқу ордасы болуымен ерекшеленетін. Бүгін де солай екені баршаға мәлім. Сондықтан да редакциямызға қыз-келіншектерді мұғалім болуға баулитын университеттің тұрмыс-тірлігін білгісі келетін оқырмандар хаттары да жиі келеді. Соған орай әңгімемізді ең соңғы жаңалықтармен бастағанымыз жөн болар. Ал ең соңғы жаңалық деге¬німіз Елбасымыздың Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауына орай қандай бағыт-бағдар белгіленіп, қандай тың шаралар жасалып жатқаны болса керек. Әңгімемізді осы мәселеден бастасақ…
– Иә, айтқаныңыз жөн. Бұл күндері бүкіл еліміздегі барша ұжымдар Елбасымыздың осы Жолда¬уын қуаттап, тың серпін алып жат¬қаны күмәнсіз. Біз де осынау тарихи дәстүрлі Жолдауды қызу талқылап, оны нақты іске асыруға кірісіп кеттік.
Біз орта білім беру саласына педагог мамандар дайындайтын оқу орнымыз ғой. Жолдауда айтылғандай, дайындаған мамандарымыздың сапалы, бәсекеге қабілетті болуы оқу үдерісін модернизациялаумен, оқу үдерісінде жаңа технологияларды, электрондық оқу жүйесін енгізумен тығыз байланыс¬ты. Елімізде былтыр қабылданған ғылымға, білімге қатысты заңдар арқылы білім және ғылым жүйесінің құқықтық базасы жасалынып, білім беру ұйымдарында қоғаммен, бизнеспен байланыс жасаудың жаңа механизмі – қамқоршылық кеңестер құрылып жатыр емес пе? Біздің университетімізде де Қамқоршылар кеңесі, Жұмыс берушілер кеңесі құрылды. Бұл ұйым¬дар жұмыстарын сәтті бастады. Да¬мыған елдерде кең тараған E-learning электронды оқыту жүйесі қазір 40 мекемеде болса, 2012 жылы олардың санын 537-ге жеткізу көзделінген. Бұл жұмыс біздің университетте де шұғыл қолға алынып, «Болон үрдісі және сапа» орталығын ашудамыз. Ол «Аккредитация» және «СМК» секторларынан және де өз қызметінде ұлттық және халықаралық аккредитацияны, академиялық мобильділікті, сапа менеджменті жүйесі мен ішкі және сыртқы аудит жұмыстарын жүргізбек. Басты мақсат – Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетін әлемдік білім кеңістігіне шығару, академиялық ұтқырлықты дамыту, алдыңғы қатарлы шетелдік оқу орындарымен тығыз байланыстар орнату, білім беру жүйесін жүйелі түрде жақсарту, сапа менеджменті жүйесін толығымен енгізу болып табылады.
Электрондық жүйелерді, жаңа технологияларды, корпоративті «Универ» жаңаша басқару жүйесін енгізу, оқу үдерісін толық автоматтандыру арқылы ұстаздарымызды қағазбастылықтан арылтып, ғылыми-шығармашылық ізденістеріне кеңірек мүмкіндіктер жасамақшымыз. Уни¬верситеттің ақпараттық-комму¬никациялық орталығы оқу жылы басталғалы электрондық жүйені оқу үрдісінде кеңінен енгізу мақсатында іргелі төрт түрлі қызметті іске қосты.
Елу мыңнан аса түлегі Қазақстан¬ның бар аймағы мен шет мемлекеттерде еңбек етіп жүрген университетте бүгінгі таңда 43 мамандық бойынша – 9248 студент, 21 мамандық бойынша 139 магистрант білім алып, оларға 32 кафедра негізінде 718 профессор-оқытушылар дәріс оқуда.
– Оқу ақысы қандай, қанша студент грантпен оқып жүр? Оқыту мен тәрбие жұмысындағы ерекшеліктеріңіз қандай?
– Дәл қазіргі кезеңде универ¬ситетімізде 10 мыңдай студент оқиды, оның 2 698-і – мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері, ал 15 студент – ректор грантының иегері. Бүгінгі күні біздің университет – республика деңгейінде білім беру қызметін ең төмен деңгейде ұстап отырған оқу орындарының бірі. Бұл ауылдық жерлерден және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан келетін жастарға қолайлы. Бұл күндері университетіміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Оқу үдерісінде оқытудың заманауи инновациялық тәсілдері енгізіліп, жаңа зертханалық оқу жабдықтары алынуда. Оқу үрдісін басқарудың «Универ» ішкі корпоративті жүйесі енгізілуде. Оқу жылының басында құзырлылыққа негізделген модульді білім беруге көшу туралы шешім қабылданды. Келесі оқу жылынан модульдік принципке негізделген білім беру бағдарламаларын енгізу жос¬пар¬ланып отыр. Бұл бағдарлама¬лар шет¬елдік алдыңғы қатарлы оқу орындарының бағдарламаларымен сәйкестендіріле отырып дайындалды. Бұл өз қатарында студенттер мен магистранттарымыздың академия¬лық мобильділігін арттырып, шетелдік оқушылардың университеттің білім бағдарламаларына деген қызығушылығын арттырады. Осындай жаңалықтар бүгінгі Қыздар университетінің қалыптасқан игі дәстүрлер мен инновацияларды тиімді біріктіре білген жаңашыл оқу ордасына айналғанын білдірсе керек.
Университетімізде қоғамдық ортада азаматтық ұстанымы бар, жеке өмірінде отбасылық этноәлеуметтік тәрбие алса, оны білімімен ұштастыра білетін ұлтжанды, парасатты, шынайы қазақ аруының бейнесін сомдау мақсатында «Қазақ аруы» курсы енгізілген. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс жасайды. Олар университеттің көптеген іс-шараларының бастамашылары мен ұйымдастырушылары болып табылады. Сонымен қатар факультеттерде студенттердің қызығушылықтарына байланысты үйірмелер мен клубтар құрылған. Атап айтсақ, «Келін болу әдебі» клубы, «Назқоңыр» әдеби үйірмесі, «Інжу-маржан» көркемсөз бен дәстүрлі ән үйірмесі, «Қылқалам» үйірмесі, «Арулар» клубы, «Үміт» жас тілшілер үйірмесі, т.б.
– Қазіргі заман талабына сай қыз-келін¬шектерге лайық техникалық, технологиялық, жеңіл өнеркәсіп, бизнес, аспаздық, тігіншілік, т.с.с. тұр¬мысқа аса қажет мамандар дайындайтын жаңа факультеттер немесе бөлімдер ашуға болмай ма?
– Университетте «Кәсіптік білім» кафедрасы жұмыс істейді. Қазақтың қолданбалы өнері, қолөнері мен үй шаруашылығына қатысты тұрмыс¬тық істерді меңгеру мақсатында студенттеріміз «Кәсіптік оқыту», «Бейнелеу өнері және сызу» мамандықтары бойынша білім алады. Осы аталған мамандықтарда қыздарымыз кілем тоқу, сурет салу, құрақ көрпелер жасау, тігін тігу, аспаздық өнердің түр-түрін үйренеді. Сонымен қатар, тек Қыздар университетінде «Қазақ аруы» атты қыздарға аса қажетті бірнеше пәндік компоненттерден тұратын инновациялық бағдарлама жүргізіледі. Бұл бағдарлама аясында өзіңіз сұрап отырған, қазіргі заман талабына сай қыз-келіншектерге лайық техникалық, технологиялық, жеңіл өнеркәсіп, бизнес, аспаздық, тігіншілік, информатика, этика, эстетика, риторика негіздері, сұлулықтану, т.с.с. тұрмысқа аса қажет пәндер оқытылады.
– Қаржыгер, заңгер, құрылысшы секілді жоғары білімді мамандарды мұғалімдік мамандық алу үшін қайта даярлау мәселесі қалай? Олардың саны қанша, неше жыл оқиды, қанша ақы төлейді?
– Нақты жауап беретін болсақ, биылғы 2011-2012 оқу жылында университеттің сырттайғы бөлімінде 4 807 студент білім алуда, оның 827-сі – екінші жоғары білім алу үшін түскендер. Екінші жоғары білім алушылар екі жыл оқиды, ал төлем жағына келетін болсақ, біздің университет педагогикалық оқу орны болғандықтан және де, негізінен, ауыл жастары түсетінін ескере отырып, оқу ақысын ең төмен деңгейде ұстайды.
– Кеңес кезінде пединституттың студент қыздарына медициналық білім берілетін. Ал қазір дәрігерлік, жас балаларды күту, ана болу бағытында оқу-тәрбие мәселесі қандай дәрежеде?
– Университетіміз қазіргі таңда Санжар Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық универси¬теті¬мен студенттерге медициналық білім беру мақсатында екі жақты келісім-шарт¬қа отырған. Жастарымызға жүйелі түрде салауатты өмір салтын қалыптас¬тыру мақсатында дәрістер оқыты¬лып, қыздарымызға медици¬налық кеңес беріледі. Ақпараттық қағаздар таратылып, студенттерімізді толған¬дырып жүрген мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, пікір алмасады, яғни жас балаларды күту, ана болу бағытындағы, басқа да бойжеткендерді толғандыратын мәселелер тәрбие жұмысының күн тәртібінен түскен емес. Сонымен қатар университетте тек қыз-келіншектер оқитындығын ескере отырып, оқу корпусы жанында дәрігерлік емхана жұмыс істейді, онда бірнеше сала бойынша кәсіби маманданған дәрігерлер қызмет көрсетеді.
– Студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілуі қалай?
– Университетіміз алты жатақ¬ханамен қамтамасыз етілген. Соң¬ғы заманауи үлгіде 2009 жылы Елбасымыз¬дың қолдауымен 9 қабатты «Студенттер үйі» салынды. Грант негізінде оқитын студенттеріміз түгелдей университеттің орталық асханасында үш мезгіл тегін тамақтанады.
– Әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге қамқорлық жасауға мүм¬кіндіктеріңіз бар ма?
– Ондай студенттердің барлығы жатақханамен тегін қамтамасыз етіл¬ген. «Бота» қоғамдық қорының қара¬жаты есебінен әлеуметтік жағдайы нашар жеті студентіміз тегін оқиды. Әлгіндей студенттерге университет тарапынан, кәсіподақ ұйымынан материалдық көмек көрсетіліп тұра¬ды. Жасалатын қамқорлық топтың эд¬вайзер-кураторлары тарапынан, басқа да тәрбие саласына жауапты ұйымдар тарапынан үнемі назарда ұсталынады.
– Кезінде Марат Балтабаев пен Галина Қарамолдаева негізін қалап, жетекшілік еткен «Айгүл» ансамблі туралы кітап жазған едім. Қазір де өнерлі қыздарыңыз аз болмаса керек…
– Университетімізде «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің жаңа құрамы халықарлық деңгейде өнер көрсетіп, халықтың ықыласына бөленіп жүр. Сонымен қатар жиырма жылдық тарихы бар «Өнер – жас¬тан» опера студиясы жақында ғана ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай, «Біржан-Сара», «Қыз Жібек» операларын сахнаға жаңартып шығарған болатын. Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары «Томирис» би ансамблі, «Ұлар» фольклорлық-этно¬гра¬фиялық ансамблі де республика жұртшылығына кеңінен танымал өнер ұжымдары саналады.
– Студенттердің жаңа технологияны меңгеру деңгейі қандай?
– Кітапханамыз республикалық электрондық кітапханалар жүйесіне енген, кітап қоры бай кітапханалар қатарына жатады. Қазіргі жаңа технология заманында компьютерді білмейтін адам кемде-кем. Білім алатын студенттеріміздің компью¬терді меңгеруіне барлық жағдай жасалынған. Олар күнделікті сабақ¬тарына қажетті материалдарды кітапханадан, сонымен қатар интернет желісінен алады. Интернет желісі университетте студенттерге тегін қызмет көрсетеді. Инновациялық технологияларды қолдану, компьютер¬лік ақпараттандыру және сауатты¬лық жұмыстары – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі әрі бұл заман талабы. Бұл бағытта университеттің Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар орталығы арқылы көптеген игі шаралар атқарылуда.
– Оқытушылар мен студенттердің қазақша газет-журналдарға жазылуы, оқуы қандай? «Ана тілі» газетін де жаздыртып алатын болар?
– Биылғы 2012 жылға біздің университет 332 әртүрлі мерзімді басылымдарды жаздырып алған болса, соның ішінде 281-і қазақстандық басылымдар болып табылады. Ал мұның ішінде 182-сі – таза қазақ тіліндегі газет-журналдар, қалғаны екі тілде шығатын басылымдар. Қыздар университеті қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған ортасы екенін білесіздер. «Ана тілі» ұлт газетін сонау – алғашқы жарық көрген 1990 жылдан үзбей жаздырып аламыз. Қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар «Ана тілі» газетін туған тіліміздің тұғырын биіктететін, ана тілімізді ардақтап, айбынын асыратын басылым деп білеміз.
– Әңгімеңізге рақмет! 8 наурыз мерекесімен өзіңізді де, ұжымыңызды да шын жүректен құттықтаймыз!
– Рақмет! Жетістік-табыстарыңыз мол болсын!

Сұхбаттасқан
Қуанбек БОҚАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.