Ел ертеңі – білімді ұрпақ

d0bcd0b0d0bdd0b3d18bd181d182d0b0d1831Маңғыстау облысы Білім департаментінің бастығы Динара Нағимуллақызымен сұхбат

–Динара Нағимуллақызы, сіз бұл қызметке тағайындалғанға дейін, яғни 2010-2011 оқу жылында Ақтау қалалық білім бөлімінің бастығы қызметін атқардыңыз. Демек, бұл қызметте іскерлігіңіз ескерілгені айтпай-ақ түсінікті болса керек. Қалалық білім басқармасында қандай жетістіктерге қол жеткізгеніңізді айтып әңгімеңізді бастағаныңыз жөн болар. – Менің қандай еңбегім еленгенін нақты қадап айта алмаспын. Әйтеуір қал-қадірімше ізденіп қызмет атқардым деген ойдамын. Нақты айтсам, 2010-2011 оқу жылында қалалық білім бөлімінде 8 басым бағыт бойынша нақты жұмыс жүргіздік. Бұл бағыттарды атап айтсам: 1.Тиімді кадрлық сая­сат. 2.Білім сапасының жүйелі мониторингін қамтамасыз ету. 3.Оқушылардың ғылыми жобаларға қатысуын жоғары деңгейде ұйымдастыру. Әрбір орта мектепте оқушылардың ғылыми қоғамдарын құру және бұл жұмысқа мұғалім-зерттеушілерді кеңінен тарту; 4.Республикалық жетекші оқу орталықтарымен байланыс орнату; 5.Оқу үрдісінде жаңа ақпараттық технологияларды қолдану; 6.Жемқорлыққа жол бермеу мақсатында «Қамқоршылық кеңестерін» құру; 7.Балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету; 8.«Жасыл бақты Маңғыстау» акциясы шеңберінде аймағымызды гүлденген жасыл желекке орау мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шараларға белсенді түрде қатысу. Сөйтіп білім беру ұйымдары басшы­ларының кадрлар резерві жасақталды. «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы, Маңғыстау облыстық білім беру ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтымен, «Достық» тестілеу орталығымен 4 жақты меморандумға қол қойылып жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде Халықаралық ғылыми жобалар сайысынан биология пәні бойынша 11-сынып оқушылары Әйгерім Ибраева Швейцариядағы Цюрих қаласынан «Алтын медаль», Мәдия Қарасаева 2-орын «Күміс медаль» иеленді. Сол сияқты Венгри­я­да өткен олимпиададан тағы да экономика­­лық лицейдің 11-сынып оқушысы Назерке Ералы жүлделі 2-орынмен оралды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға жолдама алған 6 оқушының арасынан экономикалық лицейдің 11-сынып оқушысы Асыл Қожабекова, француз тілі бойынша 3-орынды иеленді. Сонымен қатар Экономикалық лицейдің 8-сынып оқушысы Әнел Нұрғазы республикалық ОН-ЛАЙН олимпиадада жаратылыстану пәндері бо­йынша Астана қаласынан 2-орынды иеленіп қайтты. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытын­дысы бойынша «Алтын белгіге» үміткер 20 оқушының 16-сы, үздік аттестатқа үміткерлер ішінде 27 оқушы өз білімдерін дәлелдеді. Өмірзақ ауылындағы №27 орта мектепте бірінші рет мектеп бітіруші түлектер арасынан Мәриям Тәңір­бергенова үздік аттестатқа ие болды. Ақтау қалалық білім бөліміне қарасты 26 жалпы білім беретін мектептің барлығы компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген болатын. 2007 жылдан бастап қала мектептерін интерактивті тақтамен қамтама­сыз ету жұмыстары жүргізіле бастады. Бүгінгі күні барлық мектептер интерактивті тақтамен жабдықталып отыр. Жалпы білім беру ұйымдарындағы мультимедиялық-лингафондық кабинеттердің жалпы саны – 39. Мектептерде компьютерлік сыныптар және мультимедиялық кабинеттер түгелдей интернет желісіне қосылды. Білім беру ұйымдарында ата-аналардың мектеппен байланысын нығайту, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында қамқоршылық кеңес­тері құрылды. «Балапан» бағдарлама­сын одан әрі жүзеге асыру мақсатында 2015 жылға дейін коммуналдық меншікте тұрған және жекеменшік балабақша ғимараттарын қайтару мәселесі қозғалып бұл жұмыс нәтижелі жүргізіле бастады. – 2011-2020 жылдарға арналған білім беру­ді дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасында да балалардың денсаулығын қамтамасыз етудің басты назарға қойылып отырғаны белгілі. Осы орайда қандай іс-шаралар жүзеге асырылды? – Жоғарыда айтып кеткенімдей, «Жасыл бақты Маңғыстау» акциясы шеңберінде аймағымызды гүлденген жасыл желекке айналдыру мақсатында жүргізіліп жатқан іс-шараларға белсенді түрде қатысу жас ұрпағымыздың денсаулығын нығайтуды көздейді. Осы мақсатта Қазақстан Респу­бли­­­касының заңнамаларына сәйкес жет­кін­шектер үшін «Көктем» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жанынан жазғы демалыс кезеңінде еңбек лагері құрылып, оған 309 бала қамтылды. Мемлекетіміздің саясатында дарынды балалар мен кедей отбасы балалары басты назарға алынды. – 2011-2012 оқу жылын облыстық білім басқармасы бастығы қызметімен бастап жатырсыз. Енді облыстың білім жүйесінде шешім­ін күткен, өзіңізді толғандырған мәселелер төңірегінде сөз қозғасақ… – Маңғыстау облыстық білім басқармасы бойынша шешімін күткен мәселелер дегенде ең бірінші материалдық-техникалық жабдықтауға тоқталсам: 2011 жылғы білім саласының бюджеті өткен 2010 жылмен салыстырғанда, 4,9 млрд. теңгеге ұлғайып, 29,4 млрд. теңгені немесе жалпы облыс бюджетінің үштен бірін құрап отыр. «Жол картасы» аясында облыстың 27 білім нысанында 1,4 млрд теңгеге, оның ішінде 16 мектепке, 7 мектептің жылу қазандығына, оқушылардың шығарма­шылық ғимаратында, 3 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 229 459,0 мың теңгеге 99 білім мекемесі ағымдағы жөндеуден өткізілді. Республикалық бюджет есебінен облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 25 лингафондық-мультимедиалық және 25 химия, биология кабинеттері ашылды. – Мемлекеттік «Балапан» бағдарлама­сының облыс көлеміндегі орындалуы, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жай-күйі қалай? – 2007 мен 2011 жылдар аралығында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 44-тен 151-ге, бала саны 9350-ден 21368-ге артты. Қазіргі таңда облыста 21368 баланы қамтитын 151 мектепке дейінгі білім беру ұйым­дары жұмыс жасайды. Мектепалды дайын­дық пен бастауыш сыныпта отырған бала­ларды есептемегенде, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту 60,7 пайызды құрайды. – «Ел ертеңі-білімді ұрпақ» дегендей, жалпы білім беретін мектептердің жай-күйі мен білім сапасы қандай деңгейде? – Жаңа оқу жылында Жаңаөзен қаласында 1200 орындық орта мектеп пен Мұнайлы ауданында 640 орындық орта мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат 200 орындық жатақханасы бар 600 орындық жаңа ғимаратқа көшірілді. Республикалық бюджет есебінен Мұнайлы ауданы Батыр селосында 960 орындық орта мектеп пен Қарақия ауданы Жетібай ауылында 200 орындық жатақханасымен 624 орындық орта мектептің құрылыстары жалғасуда. Облыстың 14 елді мекенінде жалпы білім беретін мектеп жоқ. Облыс бойынша мектепке шалғай орналасқан және мектебі жоқ елді мекендерден 9372 оқушы түгелдей тасымалданып оқиды. Жаңа оқу жылында мектеп партасына отырған 11098 бірінші сынып оқушылары толық мектеп формасымен қамтылды, оған жергілікті бюджеттен 43 807,0 мың теңге қаражат бөлінді. Мектеп оқушылары оқулықтармен тегін қамтамасыз етіліп отыр. Дегенмен, жаңа оқу жылының басталуымен мектеп оқушыларын оқулықпен қамту мәселесі бойынша қиындықтар туындауда. Оқушы санының өсуіне байланысты Мұнайлы ауданында оқулықтар жетіспеді. Сондықтан, Білім бас­қар­масына бағынысты мекемелер (Қазақ-түрік лицейі мен Дарынды балаларға арнал­ған мектеп-интернаты) кітапханаларындағы артық оқулықтарды Мұнайлы аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің балансына өткізу жұмыстары жүргізілуде. Облыстың жалпы орта білім беретін 114 мектебінде ыстық тамақ ұйымдастырылып, оған 53564 оқушы тартылған. Ал тегін ыстық тамақпен 18972 оқушы (36%) қамтылып отыр. Тұрмысы нашар отбасының балалары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Мектептерде оқыту сапасын арттыру бағытында нақты шаралар алынды. Бұл шаралардың іске асуына облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының, облыстық білім беруді ақпараттандыру оқу — әдістемелік орталығының құрылуы және оқыту сапасын бағалаудың мониторинг жүйесін жасақтаудың үлесі зор болды. Қабылданған шаралар облыс мектептері түлектерінің Ұлттық бірың­ғай тестіні (ҰБТ) сәтті тапсыруына және екі жыл қатарынан орта балл бойынша республикадағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізуге ықпал етті. «Алтын белгіге» ие болған түлектер саны 2007 жыл мен 2011 жылдар аралы­ғында 22-ден 71-ге, ал республи­калық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарының саны 6-дан 47-ге дейін өсті. Өткен оқу жылында оқушылардың білімін сынау жарыс­тарында облыстағы мектеп оқушылары өлкеміздің даңқын асқақтатты. Мектеп оқушылары 13 халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарында 12 алтын, 13 күміс және 22 қоладан алқа тақты. – Білім сапасын арттыруда облыстың білім саласы біршама жетістіктерге жеткендігін айттыңыз. Білімді оқушы білікті де білімді ұстаз еңбегінің нәтижесі емес пе? Олай болса, облысымыздың педагог кадрлар деңгейін де әңгімелеп берсеңіз. – Облыстың күндізгі жалпы білім беретін мектептерінде 7890 мұғалім бар, оның 5852-і жоғары білімді. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер үлесі барлық мұғалімдердің 41,9 пайызын (ауылдық мектептерде 38,4 пайызын) құрайды, 2010 жылы 39,8 және 38,1 пайызын құраған болатын. Бүгінгі таңда облыс мектептерінде 171 мұғалім жетіспейді. Оның ішінде қала мектептеріне 125, ауыл мектептеріне 46 мұғалім қажет. 2010-2011 оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарын облыс әкімінің оқу грантымен бітірген алғашқы түлектер – 51 жас маман ауыл мектептеріне жұмысқа орналасқан болса, жаңа 2011-2012 оқу жылында 58 жас маман ауыл мектептеріне жолдама алды. Биылғы оқу жылында облыс мектептеріне 210 жас маман келді, оның ішінде 153-і жоғары оқу орындарын бітіргендер, 57-сі орта кәсіптік оқу орындарын бітіргендер. Осы жас мамандардың ішінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауыл мектептеріне 124 жас маман жолдама алды. – Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне де тоқталып өтсеңіз. – Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 27 ұйым, яғни 5 кәсіптік лицей, 11 мемлекеттік және 11 мемлекеттік емес колледж бар. Маңғыстау облысы әкімдігінің 2011 жылы 26 мамырдағы №172 қаулысымен кәсіптік лицейлер мен колледждерге мемлекеттік тапсырыс бекітілді. 2011-2012 оқу жылында жергілікті бюджет есебінен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына барлығы 2895 адам қабылданды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 750 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. 2011 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінен 7189 адам бітіріп шықты. Оның жұмысқа орналасқаны және жоғары оқу орнында оқуын жалғастырғаны 78 пайызды құрап отыр. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында «Болашақ» студенттер қалашығының 150 орындық жатақханасы, спорт залы мен акт залының құрылысы аяқталды. 480 орындық оқу корпусының құрылысы жүріп жатыр. – Қазіргі жағдайда туындап отырған мәселелер жөнінде де айтып өтсеңіз. – Облыста 5 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқиды. Мектептерде 1 компьютерге 28 баладан келеді. Ал республика бойынша – 16. Компьютерлердің моральдық ескіруі­не және мектептердегі оқушы саны­ның артуына байланысты бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп барады. Орта және кәсіптік білім беру ұйым­дарының студенттері үшін жатақ­ханалардағы орын тапшылығы бар. Сондықтан, 2012 жылы Ақтау және Жаңаөзен қалаларында әрқайсысы кемінде 200 орындық жатақхана салу жөнінде ұсыныс жасап отырмыз. Сұхбаттасқан  Бектұр Төлеуғалиев, Қазақстанның құрметті журналисі Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.