Ұлыс оң болсын!

d0bdd0b0d183d180d18bd0b73«Өлмеген құлға келді жаз» дегендей, әне-міне Әз Наурызға да иек артқалы тұрмыз.
Наурыз. Жыл басы. Жаңа жыл.
Наурыздың басты ерекшелігі – күн мен түн теңеледі. Табиғат түрленеді. Ауа­да жан-сезіміңді елжіретер жылылық пайда болады.
Мал төлдейді. Жәндіктер ұйқысы­нан оянады.
Табиғаттың өзі тепе-теңдік заңды­лы­­ғын сақтап тұрғанда адамдар арасын­да да бөлінушілік, алалау болмауы тиіс.
«Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан…» – деген бағзыдан келе жатқан сөздің астарында көп мән жатыр. Тіпті, бұл күні реніш, өкпе дегенге орын берілмеуі қажет. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш». «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі», «Тас ат­қанға – ас ат» секілді нақылдар осынау қасиетті де қадірлі күндері өмірге келсе керек. Наурыз тойында үлкендер ат құйрығын кесісіп, бір-бірлерінен көңілдері қалған бауырларды, дос-жаранды табыстырып, ел ішіндегі бірлік-ынтымақты күшейтуге үлес қосқан.
Әрине, жер бетінде мереке де, той да көп. Бірақ, солардың ішінде Наурызға жететіні жоқ. Бұл атам заманнан тойланып келе жатқан байырғы, көне мереке.
Міне, осы айтулы мерекеге, ұлыстың ұлы күніне біз де аман-есен жетіп отырмыз. Бұған да шүкіршілік жасайық.
Ұлыс күні құтты болсын!
Еліміз еңселі болып, асқаралы асу­ларымызға абыроймен жете берейік.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.