Бейнелі сөздер

Қысқа өмірді
қиястық шолтита түседі.
***
Өмірден тиесілі үлесіңді алсаң,
бір бөлігін ортаға сал.
***
Адам сәулелендірген өмір,
Адамды да сәулелендіреді.
***
Өмір жолыңды шаңдатпа,
Бұрқасыны болашағыңды бұлдыратар.
***
Тән сұлулығы – мүсін сәні,
Жан сұлулығы – өмір мәні.
***
Жалтақтамай өмір сүр,
Бірақ, жан-жағыңа көз сала жүр.
***
Өмірде ындыны кепкеннің
шөлі басылмас.
***
Өмір кешінің
қараңғылықты сейілтер шырағы болады.
***
Өмір мен өлім,
бірі – жарқын, бірі – түнек тізбек.
***
Өмірге келу –
адамның таңдауы емес,
Алланың қалауы;
Өмірден өту – адамның шешуі емес,
Тәңірінің кесімі.
***
Зар Заман ақынды,
Зіл Заман батырды,
Кер Заман дананы дүниеге әкеледі.
***
Адам өмірі – қателік пен тапқырлық қоспасы.
***
Имандылық шапағаты болмаса,
өмірдің қымбаттылығын білмес едік.
Әйелдер әлемі болмаса,
өмірдің сымбаттылығын білмес едік.
***
Өмір – әлем тынысы.
***
Кездейсоқтық – табиғи себебі сезілмейтін,
ақиқаты ақыл жаңылдырар тағдыр-құбылыс.
***
Татым – таңдайда,
Талайы – маңдайда.
***
Қарттық – Алла шапағаты,
өмір сыйы.
***
Сәнімен, әдемі қартаю ләзім.
***
Өз төрінен төмендемей,
Адами биігінен аласармай,
Сыны мен сыйын қашырмай
Қартайғанға, не жетсін.
***
Ата батасы – сауап.
***
Кәрі өткенін көксейді,
бүгінгісін бұрынғысымен өлшейді.
***
Қарт жаңылмасын,
қатесін түзетуге уақыты жетпейді.
***
Кәрінің күні оймен өтеді.
***
Кәрінің бастан өтетіні
қайталамалы сұрғылт тәуліктер.
***
Қартайғанда өкпешіл болсаң,
оғаш қаласың;
Қартайғанда мақтаншақ болсаң,
күлкіге қаласың.
***
Қартайған бір кезеңде:
Мінез қотырланады,
Сезім шерменденеді,
Таным сағымданады,
сөзден алдырады.
***
«Қара кемпір» – дана кемпір,
«Қара шал» – дара шал.
***
Қартайған адам өзін мерзімі аяқталған
іс-сапарда жүргендей сезінеді.
***
Жасыңда татпағаныңды,
егделігіңде іздеме.
***
Жастық – үміт оты,
Қарттық – тіршілік куәсі.
***
Жастық – өмір қаймағы,
Қарттық – ғұмыр сарқыны.
Кәрінің өткен өмірі
Кеше көрген түсіндей.
***
Кәріге де ақылшы аға керек.
***
Кәрінің жыры – мұңы.
***
Қатары сиреген қарт – мұңлық.
***
Қартты сыйла,
Ол бүгін – әкең,
ертең – өзің.
***
Адамның есеюінен қартаюы тез.
***
Қартайғанда сақилық қасиет.
***
Қара сақал – сылаң,
Қаба сақал – қылаң.
***
Қарттары сыйлы ел – берекелі, бірлікті.
***
Кәрінің көзі – төртеу,
аяғы – үшеу.
***
Шүкіршілік –
қарттардың бас рәсімі.
***
Қарттардың қазынасы –
тәжірибесі мен естелігі.
***
Төріне өрлеген қарт – асыл,
Төріне телмірген қарт – масыл.
***
Ақсақалдық – көнеруде,
Қарасақалдық – түрленуде.
***
Қартайғанда
боссөзденбе,
алакөздене,
бекерге өңмеңдеме.
***
Сексен бес – мүшел төрт жас,
одан асса, шөре-шөре жас.
***
Адам қартайғанда – бір бала,
сәл нәрсеге қуанады,
сәл нәрседен көңілі суалады,
ардақтап, арқадан қақса,
оп-оңай балаша жұбанады.
***
Ұрпағың барда –
кәрілікке налыма.
***
Әжім – қарттың әшекейі.
***
Қартайғанда
құр мадаққа желпілдеме,
құр қолпашқа елпілдеме!
***
Қарттар аздап өзімшіл,
аздап қолпаш сүйгіш.
***
Қарттықтың өзі – тәлімділік.
***
Қартайған адамға
достық пен сырластық – бірі кем дүние.
***
Қарттық пен жастық арасы –
алтын көпір.
***
Жиырма бес – жастық шыңы:
Жеткенше, шат дәурен,
Өткенде, қат дәурен.
***
Жасты жасқама, бауырыңа бас
ол – кешегі өзің,
бүгінгі – қайратың,
ертеңгі – үмітің.
***
Жастық – сұлулық пен ерлік символы.
Жастықтың өзі – бақыт.

Жәрдем Кейкін

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.