Адалдықты дәріптейтін шығармалар

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарияланып жатқан «Бабалар сөзі» жүз томдығының тоғызыншы томы хикаялық дастандарға арналған. Томға енген “Бақтияр қиссасы”, “Қисса Шәкір, Шәкірат падиша Һашым балалары”, “Қисса шаһ Ғаббасұғлы Иранғайып”, “Қисса һамра, Хұсрау патша”, “Қисса мәлік Хасен” – түп-төркіні әр қилы. “Бақтияр қиссасы” парсы тілінде жазылған ортағасырлық “Бахтияр-наме” желісімен жырланған, “Қисса Һамра, Хұсрау патша” – ортаазиялық түркі халықтарының “Хурлукга-Хемра” жырының қазақы нұсқасы, “Қисса мәлік Хасен”, “Қисса Шәкір, Шәкірат падиша Һашым балалары”, “Қисса шаһ Ғаббасұғлы Иранғайып” дастандары – Шығыс пен Батыс халықтарының ертегілеріндегі мотив пен сюжеттерге негізделіп жырланған.Бұл томды филология ғылымда­рының докторы Б.Әзібаева, филология ғылымдарының кандидаттары Ж.Рақышева мен А.Ақан дайындады. Мәтіндерге берілген ғылыми түсініктемелерді жазған – Б.Әзібаева.
Сөйлесем, тілім, сенің дүлдүл шағың,
Бұйрықсыз кім алады кімнің бағын.
Жамағат, құлақ салып тыңдасаңдар,
Сөйлейін Бақтиярдың бір бұтағын. –
деп, «Бақтияр қиссасын» ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай өңірінде туып-өскен Жанұзақ ақын жырлаған.
ХІІІ ғасырда жазылған “Бахтияр-наменің” сюжеті бойынша түркі халықтары, соның ішінде қазақтар дас­тан жанры бойынша шығармалар жазды. “Бақтияр қиссасы” 1916 жылы Уфа қаласында жарыққа шықты. Дастанның негізгі мазмұны Азатбақыт ханның баласы Бақтияр төңірегінде өрбиді. Әділетсіздіктің салдарынан әке-шешесінен тірідей айрылып, жырақта тәрбиеленген Бақтияр ақыл-парасаты мен еңбекқорлығының арқасында елге қадірлі болып, ата-анасымен табысады.
1981 жылы “Бақтияр қиссасы” Қытайда шығатын “Шалғын” журналында, 1982 жылы “Қазақ қиссалары” жинағында басылды.
“Қисса Шәкір, Шәкірат падиша Һашым балалары” – алғаш жарыққа шыққан дастандардың бірі. Дастанның бас кейіпкерлері – Һашым патшаның балалары, ағайынды Шәкір мен Шәкірат. Аналарынан айрылып, өгей шешеге күндері қараған жас балалардың халдері мүшкіл болады. Шәкірге нақақтан жала жапқан өгей шешенің тіліне еріп, әкесі баланы өлімге кеседі. Қуғынға ұшыраған жас бала жолда кезіккен қиындықтардан өтіп, аяр өгей шешенің жазасын беріп, мұрат-мақсатына жетеді.
Дастанға арқау болған сюжет Таяу Шығыс халықтары фольклорында, соның ішінде “Мың бір түн” ертегілерінде кездеседі. Шығармадағы өгей шеше зұлымдығының мотиві грек мифіндегі “Федра – Ипполит” деп аталған көне мотивке негізделген. Миф бойынша афинылық патша Тесейдің ұлы Ипполитке өгей шешесі Федра ғашық болады. Бірақ Ипполит оның дегеніне көнбейді. Ипполитке жала жапқан Федраның сөзіне ерген Тесей өз ұлын өлім жазасына кеседі. Мотив зерттеушілерге алғаш көне грек мифтерінен белгілі болып, сол мифтің кейіпкерлерінің атымен аталып кетті.
Дастанның басылымдарында шығарманың жыршысы, айтушысы, орындаушысы жайында ешбір дерек көрсетілмеген. Дастан ең әуелі 1840, содан кейін 1870 жылы жарыққа шықты. 1880-1916 жылдар аралығында он екі рет [1880, 1883, 1884, 1888, 1890, 1894, 1896, 1901, 1909, 1912, 1915, 1916 жылдары] араб әрпімен жарияланды. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында Қазан басылымының әр түрлі жинаушылардың жинаған көшірмелері сақталған.
«Қисса шаһ Ғаббасұғлы Иранғайып» дастанына әкесі жоқта туылған баланың ержетіп әкесін іздеп тапқанын баяндайтын сюжет арқау болған. Ол Шығыс фольклорында кең тараған әке мен баланың қақтығысын көрсететін көне мотивке негізделіп жазылған. Мысалы, әйгілі «Шаһнаме» дастанындағы Рүстем мен Зурабтың араздығы – соған дәлел.
Дастан 1907 жылы Қазан қаласында араб әрпімен жарияланған. Жырлаушысы – Мұхаммедғали Өндірбайұлы. “Иранғайып, шаһ Ғаббас” дастаны 1995 жылы белгілі әдебиетші ғалым Ү.Сұбханбердина құрастырған “Батырлық дастандар” атты фольклорлық жинағында жарияланды.
“Қисса Һамра, Хұсрау патша” – қазақ, өзбек, қарақалпақ, түрікмен халықтарында кең тараған дастандардың бірі. Дастанның бір нұсқасын ХІХ ғасырдың 50-жылдарында В.В.Радлов ел аузынан жазып алып, 1870 жылы жариялады. 1881 жылы дастанның екінші бір нұсқасы Қазан қаласында араб әрпімен жарық көрді. 1898, 1905 жылдары осы мә­тін қайта басылып шықты. Ал В.В.Радлов нұсқасы 1994 жылы “Ел қазынасы – ескі сөз” атты жинақта басылды.
Дастан көптеген қиял-ғажайып ертегілік, көне эпикалық және хикаялық сюжеттерге құрылған. Дастанның кейіпкері Хұсрау патша перзентсіздік зарын тартады.
Жамағаттар, осындай тыңда кепті,
Рұқсат беріп, азырақ сөйле депті.
Баласы жоқ кісіні мазақ қылып
Беліне қыстырады екен қызыл жілікті.
Осылайша елі патшаларының бала­сыздығын бетіне басу үшін Мысырдың ортасында жиын қылады. Ұлы барға ат мінгізіп, қызы барға шапан кигізіп, Хұсраудың беліне қу жілікті қыстырған екен. Сонда патшаның төлеңгіті Қасым былайша басу айтқан екен:
Бұл дүниеде кім өткен мұңсыз болып,
Өзі тұр бір Алланың мұңсыз болып.
Құданың бек сөйлескен досы еді,
Мұхаммед Мұстафа өткен
ұлсыз болып.

Ұлсыз боп Мәриямұғылы Иса да өткен,
Алла деп ақтың жолын қуса да өткен.
Алланың бек сөйлескен досы еді,
Ұлсыз боп дүниеден Мұса да өткен.

Кім өткен жаралған жан
мұңсыз болып,
Өзі тұр бір Алланың мұңсыз болып.
Он сегіз мың ғаламға патша болып,
Тағы өткен тақ Сүлеймен ұлсыз болып.

Ойлаңыз, кім өтеді мұңсыз болып,
Кәпірді жаратады қамсыз қылып.
Ойлаған мұратына қол жеткен жоқ,
Сахра патша о да өткен ұлсыз болып.
Әулие-әнбиелерге жалбарынып жү­ріп, үш ұл мен бір қыз көреді. Бұдан кейінгі оқиға Һамра ұлының төңірегінде өрбиді.
Бұл туындылардың бәрінде де адалдық пен шынайылық өтірікті әшкерелеп, әділдік жеңіс тұғырына шыққан.

Тоғжан Әкімова,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.