Егемендік кезіндегі қазақ тіл біліімі

d0bcd0b0d0bbd0b1d0b0d0bad0bed0b2М. МАЛБАҚОВ,  А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы

Қазақстанның тәуелсіздік алуы ұлттық ғылымның, соның ішінде ең алдымен жалпыадамзаттық, ұлттық-мәдени құндылықтар мен тілдің өркендеуіне бағдарланған лингвистикалық ойлаудың әрі қарай дамуына жол ашып, мүлде жаңа рухани басымдықтарды белгілеп берді.
Бұл ең алдымен ұлттық саясат, мәдениет саласындағы іргелі реформалармен, тәуелсіз Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық құрылысымен байланысты болып отыр. Еліміздің егемендік алуы ең алдымен қазақ тілінің мемлекеттік, ұлттық сәйкестігін нығайтып, ұлтаралық ұйыстырушылық қасиетін аша түсті, Республикамыздағы қоғамдық, гуманитарлық бағыттағы ғылыми зерттеулердің жаңаша сапалы мазмұнға ие болуына әсер етті.
Елбасы Н.Назарбаев қазақ халқының ана тілінің ұлылығы мен асқан қуатын терең түсіне отырып, бүкпесіз мақтанышпен әрі абыроймен: «…қазақ тілі өзінің барша құдірет-қуатымен әлемдік тіл кеңістігінің құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақ тілінің жетістігі – украин, өзбек және орыс тілдерінің жетістігі сияқты, бүкіл адамзатқа ортақ мән-мазмұндық байлықтың бір бөлігі. Әлем халықтарының бірде-бірінің сөздігінде ұшыраспайтын, тек қана қазақ тілінің мүмкіндіктері арқылы нақтылы құбылысты танып-түсінуге болатын сөздер бар. Қазақ тілін дамыту дегеніміз жалпы гуманитарлық тұрғыдағы қуатты қаруды шыңдау деген сөз, қоршаған ортаны парықтап-бағалаудың бір құралын жетілдіру деген сөз», – деп атап көрсеткен болатын.
Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде тілдік саясат саласында, сондай-ақ Қазақстанның тілтанымдық ғылымын әрі қарай дамытуда ауқымды жұмыстар атқарылып, кеңестік дәуірдегі ғылымның маңызымен, деңгейімен және сапасымен мүлде салыстыра алмастай нәтижелерге қол жеткізілді.
Бұл ең алдымен Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының, тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың, «Мәдени мұра» бағдарламасының және егемен Қазақстанның әлеуметтік-мәдени кеңістігіндегі тілдік қатынастарды реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануымен байланысты екендігі белгілі.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын жасау мен нығайтуға, ел өмірінің саяси, мәдени-қоғамдық, әлеуметтік, ғылым және т.б. салалардың бәрінде қазақ тілінің жұмсалу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ғылыми-зерттеу қызметін мақсатты түрде жүргізіп келеді. Аталған кезең ішінде Институт мемлекеттік тілдің позициясын нығайтуға тікелей бағытталған бірқатар іргелі лексикографиялық және теориялық еңбектер шығарды, олардың ішіндегі аса маңыздылары: «Қазақша-орысша сөздік», «Орысша-қазақша сөздік», «Қазақ грамматикасының» толық академиялық курсы және т.б. Республикамыздың тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуы қарсаңында көрнекті лексикографиялық шығармашылық жұмыстың, яғни қазақ халқының өткені мен бүгінгі тұрмыс-тіршілігін, ұлттық ділін барынша жан-жақты қамтыған энциклопедиялық сипаттағы сөздіктің бірегей, концептуальды түрдегі жаңа үлгісі саналатын, 90 мыңнан астам сөздік бірліктен тұратын 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» құрастыру бойынша қомақты жұмыс аяқталды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.