Ана ұлағаты

Анам Зиякүл өмірге он перзент әкеліп, оның жетеуін тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырған, немере көріп, шөберенің «алақанынан май жалаған» ардақты ана, асыл әже. Баяғыда ел басына күн туып, соғыстың қаны тамып тұрған кезеңде оқыған, көзі ашық анамызды Дәубаба елді мекеніне бала оқытуға жіберсе керек. Ол сол жерде ұстаздық етіп, ауыл балалары мен бірлі-жарым соғысқа баруға денсаулықтары жарамайтын ауыл адамдарын оқытады.Үлкен кісілердің майдандағы балаларына хат жазып беріп, келген хаттарын оқып береді екен. Әр кез жандарынан табылып, көздерінің жасын жылы сөзімен құрғатып жүрген жас мұғалім қызды ауыл қариялары жақсы көріп, «Осыдан балаларымыз аман-есен оралса, келін етіп алып қаламыз» деседі екен. Солардың тілегеніндей ақ, 1947 жылы соғыстан аман оралған әкем Рүстеммен көңіл қосып, сол ауылда қалып қояды. «Соғыс кезі болғандықтан, қыз құсап таранып, бой да түземедік. Аман оралған ер-азаматтардың өзі саусақпен санарлықтай болатын», – деп еске алады анам. Әкем екеуі өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, Алланың берген ұл-қызын тәрбиелеп, 54 жыл бірге өмір сүрді. Ұл-қыздары мен ағайын-туыстары жиналып, екеуінің «50 жыл – алтын тойларын» да атап өткен болатын.
«Отбасы, ошақ қасынан» шығып көрмеген анамыз үйден көп ұзап шыққанын да көрген емеспіз. Соған қалыптасып қалғандықтан ба, біздің үйімізге де сирек келеді. Келсе де, көп аялдамайды, «әрқайсыңның өз тіршіліктерің бар, мен үшін ештеңеге алаң болмаңдар, – деп «өз үйі – өлең төсегі» – әкемнің қара шаңырағына кетіп бара жатады. Кейде біздің тыныс-тіршілігімізге риза болмай, «Әйел деген күйеуінен қалыспай «желпілдей» бермей, үйде балаларының жанында болуы керек қой» дейді. Соңғы жылдары кәрілікке бой алдырғаны болмаса, ешуақытта «шаршадым» деген емес. «Күйбең тірлік» деп аталатын бітпейтін шексіз жұмыстың бірін аяқтап, бірін бастап, етегіне сүріне-қабына жүргені. Осы жылдар ішінде анамның қабағынан кірбің де көрген емеспін. Әр уақытта сабырлы қалпынан айнымайды. Қаншама қиындықтарды басынан өткерсе де Аллаға тәубе етіп, шүкіршілік етеді.

Рәбиға Рүстемқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.