Шипажайдың бағасы шарықтап тұр…

Жаз да келіп қалды. Әркім-ақ жаз айларында демалыс орындарына, жағажайлар мен шипажайларға барып, денсаулығын жақсартқысы келеді. Кеңес заманында шипажайлардың бағасы 15-20 сом болатын. Қалғанын кәсіподақ төлейтін. Ал қазір табысы мол адамдар Түркияға, Италияға, Қырғызстандағы Ыстықкөлге барып демалып, шипажайларда емделіп қайтатын болып жүр. Жуықта бір ауқатты танысым жыл сайын еңбек демалысы кезінде Түркияға, кейде Қырғызстандағы Ыстықкөлге барып демалып қайтатынын айтты.
– Сонда Қазақстанда емделетін шипажай, демалатын, суға түсіп, күнге күйетін орын жоқ па? – деп сұрадым. Менің сауалымды кекесін деп ұғынды ма, әлде шыны ма:
– Қазақстанда мұндай орындар мүлде жоқ десем де болады, – деп, ол да жұмбақтап жауап қатты да себебін түсіндіре жөнелді:
– Мына тұрған Қапшағайға барып бір апта демалып қайтайын десең, тура мағынасында айтсам, тоналып қайтасың. Жатын орынның өзі ғана тәулігіне 4-5 мың теңге, тамағы удай қымбат, жағажайда айтарлықтай жағ­дай жасалмаған. Ал Ыстықкөлде мұнан 4-5 есе арзан. Анау Астанадағы дос-жарандарымның жағдайы, тіпті, қиын. Астана жанындағы Оқжетпес, Бурабай санаторийлеріндегі мейманханаға бір түнеп шыққанға ғана 30-40 мың теңгеңізді қағып алады. Жалпы Астана маңындағы шипажайларға демалып, емделіп қайтуға кем дегенде 300 мың теңге төлейсіз. Ал Түркияда жатын орын тәулігіне 700 теңге алады. Ұшақпен барып қайтқанды қосып есептесеңіз, 200 мың теңгеге Қара теңіз жағалауындағы демалыс орындарында оншақты күн демалып, емделіп қайтуға болады. Демек, жатжұртта мына иегіміздің астында тұрған өзіміздің шипажайлардан әлдеқайда арзан.
Танысым қойын дәптерін ашып нақты сандарды тізбелеп айтуға ойыс­ты:
– Міне, «Қапал Арасан» санаторийі. Талдықорған қаласынан 110 шақырым жерде. Екі кісілік жатын орны тәулігіне – 16 мың теңге, бір адамдық люкс – 21 мың теңге. Алматыдағы «Қазақстан» санаторийі тәулігіне 6 мыңнан 20 мың тең­геге дейін. «Ақбұлақ» санаторийі 5500 теңгеден 15 мың теңгеге дейін ала­ды. Әрине, санаторийлерге адам­дар демалып көңіл көтеру үшін ғана емес, емделу үшін барады емес пе?
Кеңес кезінде әйгілі Жаңақорған санаторийіне 20 күн емделу үшін 20-30 сом ғана төлейтін едік. Ал қазір қалай? Мұнда 10 күнге берілетін жолдама бағасы – 58 мың теңге, «Сарыағаш» санаторийіне жолдама – 55 мың теңге. Соның өзінде мұндағы қызметтің бәрі ақылы. Сондықтан, мұнда 10 күн емдел­генің үшін 100 мың теңгеден артық ақша шығындайсыз. Тіпті, Алматы түбіндегі санаторийлерге 5 күнге тек жолдамасы ғана – 34 мың теңге.
Осындай баға өзіндік құнға сәйкесе ме? Мұндағы емдік балшық немесе минералды судың құны осынша қымбат болатындай, қолдан жасалып жатқан жоқ қой. Ал жатын орынға бір аптада көрпе-жастықтан басқа заттар ауыстырылмайды ғой. Сонда мұндай ертегідегідей «ғажайып» бағаны кімдер белгілейді екен? Әрине, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, мұн­дай орындарды иеленіп алған­дардың халықтың денсаулығын емес, өздерінің ғана қалтасын ойлап, қожайын­ның ба­ғаны шарықтатуы екенін бұл мәселеге зерделей үңілсеңіз, ұғыну қиын емес.
Сондай-ақ, Қазақстанда көптеген шипажайлар емдік балшық пен мине­ралды суды қашықтан тасып әкеліп қол­дануы да емделу бағасы қымбаттататы­нын байқайсың. Мәселен, «Сарыағаш» минералды суын «Ақбұлақ», «Алтын бұлақ», «Жансая» секілді ондаған санаторийлер емге қолданады. Тіпті, Алматы маңайындағы шипажайлар мен демалыс орындарына Сарыағаштың, Ақсай мен Қорамның минералды суларын тасып әкеледі. Жалпы, әлемде санаторийлер мен курорттарды емдік балшық қоры мен минералды су көздерінің басына салу дәстүрге айналған. Себебі – мұндайда емдеу орындарының құны арзандайтынын әркім-ақ аңғара алады.

Қуанбек Боқаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.