Мұғалім мәртебесін көтеру — мемлекеттік іс, ал оған атсалысу бәріміздің міндетіміз

d0b6d183d0bcd0b0d0b3d183d0bbd0bed0b2Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі  Бақытжан Жұмағұловпен сұхбат

Соңғы кездері қоғамда мұғалім беделін мықтап көтеру қажеттігі жөніндегі мәселе қызу қозғалып келеді. Бұл туралы біздің редакциямызға оқырмандардан, педагогтардан және білім беру ұйымдары басшыларынан, ата-аналардан, студенттер мен оқушылардан көптеген хаттар түсіп жатқан жайы бар. Олар мемлекет тарапынан бұл мәселеге қатысты қандай шаралар алынып жатқанын, мұғалімдердің дәрежесі, олардың қоғамдағы орыны туралы ұсыныс-пікірлерін, талап-тілектерін білдіріп, сауалдар да жолдайды. Осыған орай қордаланған мәселелер төңірегінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі, академик Бақытжан Тұрсынұлы ЖҰМАҒҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Бақытжан Тұрсынұлы, бұл күндері Қазақстан Республикасында «2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру бағытында білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды жұртшылық тереңірек білуге ықылас танытып жүргені өзіңізге де мәлім болса керек. Бұл бағдарламада білім беруді қаржыландыру жүйесіндегі көптеген жаңа әдіс-тәсілдер, оны ұйымдастыру, жастарды тәрбиелеу секілді мәселелер де қамтылды емес пе? Сондай-ақ, мұнда педагогтардың дәрежесі туралы да арнайы бөлім бар. Мектеп үшін мұғалімнің мәртебесі деп, ең бірінші, қандай мәселені атап айтар едіңіз? Содан кейін мұндағы екінші мәселе не деп ойлайсыз?
– Баршаға мәлім, еліміздің болаша­ғы кемелді болуының жолдарын кемеңгер­лікпен айқындаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік сара саясатында еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап, білім беруді дамыту, адам капиталын жетілдіру бұлжымас басым бағыт болып келеді. Елбасымыз Қазақстан қарыштап даму жолына түсу үшін нақты шешім қабылдай алатын және оны жүзеге асыруға қабілет-қарымы жететіндей қазіргі заманғы біліммен қаруланған мамандар қажет екенін қадап айтқаны баршамызға мәлім. Елбасымыз: «Білім дегеніміз – жекелеген адамдар үшін де, сондай-ақ, бүтіндей ел үшін де ең басты құндылық және табысқа жетудің негізі» екенін атап көрсетіп, әлемдегі озық елдердің қатарына Қазақстан да қосылу үшін барынша тиімді ықпал ететін жаңаша білім беру жүйесін қалыптастыру аса қажетті екенін нұсқаған еді. Былтырғы жылы қабылданған «Білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасы» осынау стратегиялық бағытты жүзеге асырудың нақты көрінісі болып табылады. Ол біздің білім беру жүйесінің жұмысын түбірімен өзгертуге тиіс. Міне, сондықтан да соңғы екі жылдан бері педагогтардың дәрежесін айқындау білім берудің сапасын арттыратыны анықтала түсуде. Сөйтіп, мұның өзі қазіргі кезеңдегі ең түйінді мәселеге айналды. Міне, сондықтан да Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында былай деп көрегендікпен нұсқап айтылды: «…педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор. Арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет. Әр өңірде педагогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс». Біз Елбасымыздың осынау көрегендік нұсқауын басшылыққа алып, іс-қимылымызды бұрынғыдан да батыл жүргізіп, ізденістерге бойлай білуіміз қажет. Сонда ғана педагогтардың сапасы мен беделін қазіргі заманға сай арттыра алатынымыз анық. Өз басым, шынайы көзқарасымды ашып айтсам, педагог, мұғалім дегеніміз – бүкіл білім беру жүйесіндегі ең негізгі, ең басты тұлға болып табылады деп білемін. Өйткені, мектептерде кәсіптік-техникалық білім беру орындар­ында, жоғары оқу орындарында жастарға сапалы білім, саналы тәрбие дарытатын тұлға мұғалімдер мен педагогтар екені даусыз. Қазіргідей аса күрделі дүниеде ой қорыта білу мен оқу, оқи білу де әр адам үшін бүкіл өмір бойы қажеттілікке айналғанын Елбасымыз атап айтқан болатын.
Сөз реті келгенде мынандай тұжырым­ды да түйіндеп айта кетейін. Орыстың ұлы химик ғалымы Д.И.Менделеевтің: «Мектеп дегеніміз – бүкіл халық пен мемлекеттің тағдырын айқындайтын аса қуатты күш болып табылады» дегендей ұлағаты үнемі ойыма орала береді. Иә, мұғалім – мектептің бас­ты тірегі ғой. Сондықтан да бұл мамандық ең құрметті, ең беделді кәсіп болуға тиіс. Мұндай ұстаным менің жүрегімнің түпкірі­не берік ұялаған. Өйткені, мен жас кезімде ауыл мұғалімі болып бұл мамандықтың қадір-қасиетін жете сезінген едім. Ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында қызмет атқарып ақыл-ойымды, білімім мен ізденісімді сарп еттім. Сондықтан да еліміздің әр педагогы мен мұғалімінің ой-арманын, үміті мен мүддесін өз басым терең сезінемін десем жаңсақ айтқандық болмас.
– Бақытжан Тұрсынұлы, Сіз математик-ғалым ретінде мұғалімнің дәрежесін қандай талаптар бойынша аса құрметті мамандық деп есептер едіңіз.
– Өзімше есептеп көрейін. Мұғалімнің мәртебесі бірнеше аса маңызды талаптан құралады деп ойлаймын. Біріншісі, жоғары кәсіби-шеберлік және соған сай өзінің білімін, тәжірибесін жас ұр­пақ­­қа беруге деген қажеттілік, өзінің бі­лігі мен білімін жетілдіруге ұмтыла білу қасиеті. Екіншісі, мұғалімнің бо­йын­­­дағы жоғары ізгілік құндылығы, патриотизмі мен адамгершіліктен айныма­уы, мейірбандылығы, мақсатына жетудегі табандылығы. Міне, осындай қасиеттер бойына жинақталған мұғалім жастар үшін тек білімнің қайнар бұлағы ғана емес, жас адамдарды рухани тұлға болуға бастайтын шынайы тәлімгері болмақ. Үшіншісі, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ынталандыратын лайықты еңбекақы болуы тиіс. Төртіншісі, қоғамдағы құрметі мен жоғары абырой-беделі. Мұның өзі жоғарыдағы үш мәселені тоғыстырып, айқындайтын болады.
– Кәсібилік тұрғысынан қарағанда, мұғалімнің дәрежесін арттыру үшін соңғы жылдары қандай нақты шаралар жүзеге асырылды?
– Бұл мәселеде біз, сірә, революция­лық өзгерістер жасадық деп ойлаймын. Қазіргі қызмет етіп жүрген мұғалімдердің біліктілігін көтеру жүйесі түбірімен қайта қарастырылды. Педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру жөніндегі Ұлттық орталық «Өрлеу» акционерлік қоғамы құрылды. Бұған бұрынғы облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институты мен Астана және Алматы қалаларындағы біліктілікті жетілдіру институты кірді. Назарбаев зияткерлік мектептері жанынан педагогтардың шеберлігін шыңдау орталығы құрылды. Нақ осы жаңа құрылым мұнда Қазақстан мұғалімдерінің шеберлігін тұрақты түрде жетілдіру жұмыстары жүргізіліп, бүкіл әлемдегі озық тәжірибелер негізінде мүлде жаңа бағдарламалар мен әдіс-тәсілдер жасалатын болды. Мұнда оқу үш кезеңге бөлініп, төрт сатылы болып құрылды. Нақты айтқанда, дәрісханаларда «бетпе-бет» оқыту, қашықтан онлайн оқытуы және тағы да дәрісханаларда оқыту. Мұндағы ең негізгі енгізілген жаңалық қайта даярлаудың нақты мерзімі – сын көзбен қарап ойлай білуге үйрету, ақпараттық коммуникациялық технология, оқушыларды тұрақты зерттеу, сыни тұрғыдан бағалау және т.с.с. Біз қазірдің өзінде, 4 сәуірден бастап осы жүйе бойынша қайта даярлау жұмысын бастадық. Алдағы бес жылда еліміздің бүкіл мұғалімдерінің 50 пайызын қайта даярлаудан өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұның өзі білім беру сапасын арттырудағы және мұғалімдердің дәрежесін көтерудегі айтарлықтай маңызды қадам деуге болады. Бұл мұғалімдердің баспалдақ секілді кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып өсуіне зор ықпал ететіні сөзсіз.
Мұғалімдердің еңбекақысы айтарлық­­тай көбейе түсуде, сонымен қатар, мұғалім­дер­дің біліктілігін белгілейтін тәуелсіз жү­­йе­ні де қалыптастыра бастадық. Сөйтіп, жаңа жүйе бойынша біліктілігін арттырған педагогтар үшін де бұл алғашқы қадам бол­мақ. Мұндай дайындық курсын бітіріп, кәсі­би сынақ тапсырған педагогтарға сертификаттар беріледі. Мұндай құжат олардың еңбекақысын қосымша өсіруге құқық береді. Үшінші дәрежелі сертификат алғандардың жалақысына 30 пайыз, екінші дәрежелі сертификат алғандарға 70 пайыз, ал бірінші дәрежеге ие болғандарға еңбекақысына 100 пайыз үстеме қосылады. Мұның өзі айтарлықтай-ақ ынталандыру емес пе?!
– Мұндай курста оқу кезінде мұғалімдер­дің еңбекақысы сақтала ма?
– Әрине, сақталады. Сондай-ақ, курсқа оқуға кеткен педагогтардың орындарында қызмет еткендерге де қосымша төлем жасалады.
– Мұндай жағдайда, сірә, педагогикалық жоғары оқу орындары жүйесін, яғни болашақ мұғалімдерді дайындайтын оқу жүйесін осындай жаңалықтар тұрғысынан өзгерту жолдарын қарастыру керек болар? Әйтпесе, олардың түлектерін тағы да қайта оқытуға тура келеді ғой.
– Дұрыс айтасыз. Біз қазірдің өзінде педагогикалық жоғары оқу орындарына мүлде жаңа жоғары талап қоятын болдық. Соған орай, мұндай оқу орындарының саны да қысқарады. Педагогтарды дайындайтын оқу орындарында педагог мамандықтарын да­йындау бойынша грант­­тар бағасы да арта түседі. Өз кезегін­де педагог мамандығына оқуға түсетін абитуриенттер үшін қосымша сынақтар енгізілмек. Мұндағы мақсат – олардың бұл мамандыққа бейімділік дәреже­сін айқындау, яғни олар балалармен жұмыс істеу­ге талпына ма, психологиялық адам­гер­шілік ұстанымы қандай және тағы басқа­лар. Мұндай жүйе көптеген озық елдер­де табыс­ты қолданылып келеді. Бізде де сәтті болып жүзеге асуы үшін оның түрлі жолдарын іздестіре бастадық.
– Редакциямызға оқырмандардан әлі күнге дейін мұғалімдер туралы фильмдер аз деген мәндегі хаттар көптеп келеді. Тәуелсіздік алғалы мұндай фильм түсірілген жоқ қой. Кеңес заманында түсірілген «Алғашқы мұғалім», «Дүйсенбіге дейін өмір сүреміз», «Сәлеметсіз бе, Вера Сергеевна», «Плюмбум немесе Қауіпті ойын» секілді фильмдер жұртшылықтың есінде болса керек. Мұндай фильмдер түсіруге болмай ма?
– Мұндай фильмдер жасау өте қажет-ақ. Мұғалім дегеніміз – қоғамның рухани негізі, өткен мен болашақты жалғастыру­шы. Мұғалім рөлі өте күрделі және жауапты. Қазір мұғалімнің бейнесі мен беделі көркем туындыларда мүлде көрінбей кетті ғой. Сондықтан да былтырдан бері мұндай мәселені жаңаша шешу мәселесін тиісті органдар алдына қоя бастадық. Бұған шетелдегі беделді мамандарды тартып, концепциясын да бірлесіп жасайтын болдық. Мұндағы негізгі мақсат – мұғалімдердің дәрежесі мен беделін көтеру. Бұл шара біз­дің министрліктің тарихында тұңғыш рет қолға алынып отыр. БАҚ-тарда педагог ма­мандығын насихаттау қызу әрі кең көлемде жүргізіліп, мұғалімдердің озық тәжірибелері мен жетістіктерін жұртшылыққа әйгілеу жұмыстары да кеңейе түсті. Бұған дейін БАҚ-тарда оқырмандарды қызықтыру мақсатында жағымсыз оқиғаларды жариялау бел алды емес пе? Осындай шаралар арқылы біз мұндай келеңсіз насихатқа, жарнамалауға тойтарыс беретіндей материалдарды, бүтіндей білім берудегі игілікті істерді сараптап көрсететіндей дәрежеде тара­туға ықпал еттік. Мәдениет және ақпа­рат министрлігімен бірлесіп мұғалімдердің ізгілікті міндетін кинофильмдерде, телеарналарда және мәдени шараларда көрсету жұмыстарын жүргізе бастадық.
Педагогикалық форумдарды да жаңаша, мазмұнға бай, мәнді етіп ұйымдастыратын болдық. Мұндай шараға ата-аналар қауымдастығын, үкіметтік емес секторларды шақырып қатыстырамыз. Қазақстанның математика пәні мұғалімдерінің I-ші құрылтайын сәтті ұйымдастырып, өткіздік. Енді биыл биология және химия пәндері мұғалімдерінің құрылтайын өткізбекшіміз. Мұндай шараларды ұйымдастырудағы басты мақсат – педагогтардың қоғамдағы беделін шұғыл көтеріп, білім берудің бүкіл жүйесін дамытуға серпін беру. Сонымен қатар, министрліктің порталына «Мұғалімдер даңқы кітабын» жасап енгіздік. Бұған республикамыздағы озат мұғалімдер, олардың өмір жолы, жеткен жетістіктері туралы мәліметтер қамтылатын болады. Мұның өзі біздің озат мұғалімдеріміз бен педагогикалық озық тәжірибелерімізді насихаттаудың жаңа механизмі болып отыр. Министрлік «Үздік мұғалім» атағын алу конкурсының беделін көтеру мақсатында көптеген жұмыстарды атқарды. Енді бұл атаққа ие болғандарға үкіметіміз тарапынан республикалық деңгейде бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде марапат жа­салатын болған. Бұл ақшаға шаққанда 1,7 миллион теңге болмақ. Мұның өзі айтарлықтай марапат, қолдау емес пе? Педагогтардың беделін көтеру жөнінде бұдан өзге де көптеген шаралар ұйымдастырып өткізуді жоспарлап отырмыз. Осындай жұмыстарды алдағы уақытта ізденістерге бойлап жиі-жиі жүргізе бермекшіміз. Мұның өзі министрлік үшін аса маңызды бағдардың бірі болмақ деп ойлаймын.
– Бұл күндері гимназиялар мен лицейлердің 1-ші сыныбына балаларды қабылдағанда емтихан тапсыртып, сынақтан өткізуіне орай көптеген ата-аналардың реніш білдірген хаттары редакциямызға да келіп жатыр. Сонда қалай, гимназия немесе лицей жалпы білім беретін мектепке жатпай ма? Мұндай жағдайда біздің конституциялық құқығымыз бұзылмай ма?
– Мұндай мәселені шешудің уақыты жетті деп ойлаймын. Мұны біз оң шешімін табатындай етіп шешпекшіміз. Үкіметіміздің «Бастауыш, негізгі орта және жалпы білім беретін мектептерге арналған жалпы білім беретін оқу бағдарламасына білім беру ұйымдарында оқуға қабылдаудың типтік ережесін бекіту» туралы 2012 жылғы 19 қаңтардағы №127 арнайы қаулысы қабылданған болатын. Осы қаулы бойынша білім беру оқу орындарының бәрінде бірінші сыныбына оқушылар қабылдағанда тест сынақтары, зачеттар, конкурстар өткізілмейді. Мұндай талап мектептің қандай түріне, қандай меншікке жататынына қарамастан, барлығына қатысты. Соның ішінде жалпы білім беретін лицейлер мен гимназияға да қойылатын талап болмақ.
Алайда, талантты балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары да мектеп, лицей, гимназия деп аталады. Бұларда оқуға қабылдау конкурсттық негізде жүргізіледі. Мұнда оқушыларды реттеп, қабылдау жұмыстарындағы ерекше­ліктер осы ұйымдардың жарғысымен рет­­теліп анықталады. Мұндайда мынандай жайтты да түсіндіре кетейін: мұндай ұйымдар мамандандырылған таңдаулы, ерекше оқу бағдарламасы бойынша ғылым, мәдениет, өнер, спорт, сондай-ақ, әскери істер ғылымының негіздерін тереңдетіп оқытуға бағдарланған. Бұлардағы оқу бағдарламаларын міндетті түрде Білім және ғылым министрлігі бекітеді.
– Бұл күндері көптеген мұғалімдер репетитор болып табыс табатын болып жүр. Репетитор дегеніміз – жалданып балаларды үйінде сабаққа, емтихандарға дайындау деген сөз. Мұндайлар, әсіресе, ұлттық бірыңғай тестілеу қарсаңында жиі ұшырасады. Мұндай мұғалімдер айтарлықтай табыс тапқанымен мемлекетке салық төлемейді. Демек, мұнда заң бұзушылық бар. Бұл мәселе жөнінде Сіздің пайымыңыз қандай?
– Мұны мен былай пайымдаймын: біз­­­дің мұғалімдеріміздің қосымша оқы­ту­шы­лық жұмыс істеуі біздің қоғамның қажет етуі­нен туындап отыр. Мұның өзі жастарымыз­дың білімін көтеретін жұмыс деуге болады. Сондықтан да мұндай жұмысқа тыйым салу­ға болмайды, керісінше, жақсы қыры­нан бағалап, қолдауға лайық. Бұл мәселе­ні біз педагогтардың мүддесі тұрғысынан қарастырып, «Білім беру туралы» заңға жекелей педагогтық қызметі туралы жаңадан бап енгіздік. Енді кез келген мұғалім жергілікті атқарушы органдардан осы жұмысқа сәйкес патент алып, жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеліп заңды түрде мұндай жұмыспен айналыса беруіне болады.
– Қазақстандағы мектептердің жартысынан астамы шағын комплекті деп естиміз. Мұндай мектептерге арналған арнайы маман мұғалімдер дайындала ма? Бұлай дейтініміз, мұндай мектептерде бір мұғалім бір мезгілде түрлі сынып оқушыларын бірнеше пән бо­йынша оқытуға тиіс емес пе?! Мұндай ерекше маманданған мұғалімдер дайындау да күнтәртібінде тұрса керек.
– Шағын комплектілі мектептердің мұ­ғалімдері біздің арнайы қамқорлығымызда болып келеді. Өйткені, олардың жұмысы өте ауыр, ерекше күрделі әрі аса жауапты. Сондықтан, біз Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы базасында шағын комплектілі мектептерді дамытуға арналған Республикалық орталық құрдық. Бұл орталық осындай мектептерді оқытудың әдіс-тәсілдерін жасаумен шұғылданады. Қа­зір­дің өзінде шағын комплектілі мектеп­тер­де қызмет ететін мұғалімдердің біліктілігін көтеру жөнінде арнайы бағдарлама жасалды. Бұл бағдарлама түрлі жастағы түрлі сыныптағы балаларға бір мезгілде білім мен тәрбие беретін ерен ерекшеліктері мықтап ескерілді. Демек, шағын комплектілі мектептерге баса қамқорлық жасауға барынша мән беріліп отыр.
– Жасыратыны жоқ, бұл күндері мектептерде жемқорлық, талан-тараж, сондай-ақ, мұғалімдерді жәбірлеу, кемсіту оқиғалары да ұшырасып жүр. Мәселен, Алматы қаласында оқушылардың ата-аналары мұғалімді соққыға жыққан оқиға болғаны жұртшылыққа белгілі. Мұның өзі мектептің де, мұғалімнің де беделі­не орасан зор нұқсан келтіретіні айтпасақ та түсінікті болар? Мұндай келеңсіздікке Сіз қалай қарайсыз? Оған қарсы қалай күрес жүргізу қажет деп ойлайсыз?
– Мұндай оқиға мектеп өмірінде мүлдем болмауы тиіс қой. Тіпті, ата-аналардың ашу-ызасы дұрыс дегеннің өзінде мұғалімдерге қол жұмсау дегеніміз заңға қарсы әрекет болатынын әркім-ақ түсіне білсе керек. Мұндай оқиғалар жергілікті атқарушы органдар тарапынан да қатаң сынға, жазалауға лайық. Жұртшылық арасында да, қоғамымызда да, БАҚ-тарда да мұндай оқиғаларға қарсы күрес жүргізілуі тиіс.
Өз кезегінде Білім және ғылым минис­трлігі мұндай жайттардан бейтарап қал­мақ емес. Бұл үшін біз мүлде жаңа тұтқа­ны, әдіс-тәсілдерді қолданатын боламыз. Былтырдан бері Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев­тың тапсырмасы бойынша білім берудің сапасын төменнен жоғарыға дейін орта­лық­тандырылған қадағалау жұмысын енгіздік. Бұл салада біздің министрлікте жергілікті қадағалау комитетінің жергілікті департаменті жұмысқа кірісіп те кетті. Бұлардың алдына білім беру сапасын қадағалау, оның мазмұны мен әдіс-тәсілін жетілдіру, педагогтардың кәсіби білікті болуын қолдау секілді жұмыстарды тиімді жүргізу, бұл мәселеде ізденіске бойлау бас­ты міндет болып белгіленді. Меніңше, алдап-арбауға, жемқорлыққа, мұғалімдер мен қызметкерлерді қорқытытып-үркітуге қарсы күрес жүргізетін бұл департамент министрлікпен және жергілікті органдармен тізе қосып жұмыс істеуі нақты нәтижеге жеткізеді.
Мұндай мәселенің тыңғылықты шешім табуы үшін тағы да бір жаңа әдіс-тәсіл бар. Ол Қамқоршылар кеңесінің жұмысы болып табылады. Бұл құрылым әзірше, ашық айтқанда, тиімді жұмыс істей қойған жоқ. Ойлана қарасақ, әкімшіліктердің қызметіне сырттай бақылау жасау мен қадағалау жұмысы да олардың іс-қимылын қамтуы тиіс. Олар жемқорлыққа қарсы күрескенде мектепке қосымша қаржы тарту мәселесімен және оны мұқият игерумен шұғылданатын болады. Әрине, бұл жұмыстар заң шеңберінде ғана жүргізілетіні айтпасам да түсінікті болар. Сондықтан да Қамқоршылар кеңесінің жұмысын барынша белсенді жүргізілуін қызу қолдау қажет. Мұнда жергілікті атқарушы органдардың ықпалы мен жауапкершілігі өте зор болмақ. Өз кезеңінде біздің министрлік заң шеңберінде оларға қолдау көрсетіп, Қамқоршылар кеңесі өкілеттілігінің беделін көтеру бағытын ұстанады. Мұнда алғашқы нәтиже де, тәжірибе де пайда бола бастады. Еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарында Қадағалау кеңесі құрылып, заң негізінде өте беделді өкілеттілікке ие болып, тіпті, кадрлармен мамандарды іріктеуге және бюджеттен тыс қаржыны игеруге дейін олардың бақылауға құқығы болатындай өкілеттік алды.
Осындай мәселені екінші қырынан қарас­тырғанда педагогтардың абырой-беде­лінің төмендеуі жөнінде де айтпауға болмас. Бұл күндері мұғалімдерді менсінбейтін менмен, өзін жұрттан артық санайтын «еркетотай жастар» дейтіндер пайда болып, мұндайлар оқытушыларға пара беріп жақсы баға қойдырып алатыны секілді келеңсіздіктерді өршітіп келеді. Мұның өзі ақылға сыймайтындай одағай құбылыс емес пе?! Мұндай жағдайда біз балаларымызға берілетін білім мен тәрбиенің басты қайнар бұлағы – мұғалімдерден айырыламыз ғой. Мұндай келеңсіздіктің құрбаны болған оқытушылардың теріс ісі жұртқа белгілі болса өз кезегінде келеңсіздіктен бой тартуы тиіс немесе мектептен кетуі керек қой. Қалай болғанда да келеңсіздіктің құрбаны болу да, мектептен кету де жас ұрпаққа білім мен тәрбие дарыту ісінің өрескел түрде сәтсіздікке ұшырауы болып шығады. Бұған қалай да тойтарыс берілуге тиіс. Алайда, жоғарыда айтылған келеңсіздіктерге көндіккен, тіпті, «ар-ожданынан айрылды» деген оқытушыны жәбірлеу, соққыға жығу қолдауға болмайтын теріс әрекет екенін түсіну қиын емес.
Жаңа өзіңіз айтқан Алматы қаласында мұғалімді соққыға жыққан оқиға менің жанымды да қатты түршіктіріп отыр. Мұндай келеңсіздіктің жолын кесу жөнінде біраз әңгімелеп айттым ғой деймін. Тағы да қайталап айтайын. Кез келген адамды ұрып соғу дегеніміз – жәй кездейсоқ оқиға емес, бұл, сайып келгенде, қылмыс. Өйткені, қай кезде болсын, қандай заманда өмір сүрсек те мұғалім – баршамыздың әкеміз сияқты құрмет иесі, бүкіл халқымыздың қадір-қасиетін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыратын тұлға болып ұғылады. Оларға біз ең қасиетті міндет пен парызды – ұрпақтарымыздың болашағын сеніп тапсырамыз. Мұндай адамға қол көтеру – ең қасиетті дүниемізді қорлауға саяды. Әрине, мұғалімді жәбірлеу­ді айыптау дәрежесін айқындайтын мен заң өкілі емеспін. Мұның қандай қылмыс екенін сот айқындайды ғой. Қалай дегенменде мұндай келеңсіздіктен мұғалімдерді қорғау мәселесін, оның әдіс-тәсілдерін бүкіл қоғамымыз болып жасауға атсалысуға тиістіміз деп ойлаймын. Сондықтан, мен өз тарапымнан, министр ретінде білім беру органдарының төменнен жоғарыға дейінгі барлық құрылымдарына мұндай оқиғаларға баса мән беріп отыруды тапсырдым. Бұл істің жүзеге асуы тікелей өзімнің қадағалауымда болмақ.
Біздің бәріміз, Еліміздің барша азаматтары да, қоғамдық ұйымдары да мемлекет­тік басқару органдары да, педагогикалық ұжымдар да, ата-аналар қауымдастығы да, үкіметтік емес ұйымдар да, бұқаралық ақпарат құралдары да мұғалімдердің ар-ожданын, атақ-абыройын, беделін, қадір-қасиетін қорғайтын мықты, мызғымас қорғанға айналуға тиіспіз. Мұның өзі еліміздің болашағын – жаңа ұрпағымызды қорғап, қолдауға саятыны күмәнсіз екеніне ме­нің көзім айқын жетеді.
Бұл мәселеде Елбасымыз да бізді қолдап алғы істерімізге, ізденістерімізге бойлауға нұсқап отырғанын әңгіме басында айтып өттім ғой. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгерлік саясатының арқасында біз мұндай келеңсіздікті түбірімен жойып, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында жоғары нәтижелерге жете береміз деген сенімдемін. Бұл іске Сіздер де ат қосып, үлестеріңізді қоса беретіндеріңіз айтпасақ та ұғынықты болса керек.
– Бақытжан Тұрсынұлы, Сіз де, мен де ауыл мектебін бітіріп, содан алған біліммен жоғары оқу орнының қабырғасына келдік. Ауыл мектебінің тағдырына алаңдамай тұра алмайтынымыз да сондықтан шығар, бәлкім. Өткен жылы Қостанай облысындағы ауыл мектебінің жабылуына байланысты «Ана тілі» газеті дабыл қағып, мәселе көтерген еді «Мұхамеджан Сералин ауылындағы мектеп неге жабылды?» («Ана тілі», №27, 8-13 шілде, 2011 жыл). Біздің осы жанайқайымызға өзіңіз басқарып отырған министрлік дереу қолдау білдіріп, мәселеге тікелей араласып, мектепті жабылудан аман алып қалдыңыздар. Сөз реті келгенде осыған байланысты сан мыңдаған оқырманның ризашылығын жеткізгім келіп отыр. Мұндай жағдай осымен ғана шектеліп қалмасы да белгілі. Сондықтан да, әсіресе, ұлт мектептерінің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, оның күн тәртібіндегі проблемаларын кешенді түрде шешуге байланысты ойларыңызды білсек деп едік.
– Ұлт мектептерін сақтап қалуға мем­лекетіміз үнемі баса назар аударып оты­рады. Өйткені, білім берудегі негізгі соңғы нүкте бұл – ауылдық мектептер. Ауылдың білім беру жағдайын ойламай, біздің білім саласының гүлденуі мүмкін емес. Біздің істеген жұмыстарымызды өз басылым беттеріңізде көрсеткендеріңізге сіздерге де көптен көп рахмет. Атап айтсақ, бұл салада атқарылған жұмыстар баршылық. Бірақ, алда атқарылатын жұмыстар одан да көп. Ауылдық мектептерді сақтап қалу үшін Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік нормативтік жүйе бар. Онда ауылдық жерде мектеп жасына ілінген 5 бала болса бас­тауыш мектеп, ал елді мекенді жерлерде 41 баладан астам оқушы болса негізгі мектеп, енді 81 баладан астам болса ол жерлерде орта мектеп ашу міндеті қойылған. Міне, біз бұл талапты үнемі қатаң сақтаймыз. Рес­публикамызда бүгінгі таңда 883 бастауыш, 947 негізгі, ал 2391 орта шағын мектептер жұмыс істейді. Негізгі мектептердің 42,3 пайызында балалар саны 40-тан да төмен, бірақ, біз жергілікті атқарушы органдардың көмегімен ұлттық ауылдық мектептерді сақтап отырмыз.
Соңғы жылдардағы дүниежүзілік ға­лам­дасуға, техникалық жаңалықтар мен өндірістік кәсіпорындардың өсуіне орай жастардың ауылдан қалаға кету, тек жастар емес, бұрынғы совхоз және колхоз тұрғындарының өндіріс орталықтарына жақындаулары, былайша айтқанда жаппай қоныс аударулары ауылдық жерлерде мектептердің бірінен соң бірінің жабылуларына әкеліп соқтырды. 2011 жылға дейін 1507 ауыл жабылып, соған орай әр жыл сайын 26 бастауыш, 8 негізгі мектеп жабылып отыратын болса, Министрліктің жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жүргізген ауқымды жұмысының нәтижесінде оны біз соңғы жылда күрт тоқтаттық. Соңғы жылда бар-жоғы төрт-ақ мектеп жабылды. Бұл, әрине, бізге оңайға соққан жоқ. Шағын мектеп проблемалары негізінен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарына тән. Себебі – бұл жерлерде қоныс аударушылар көп. Дейтұрғанмен, біз бұл мәселені терең зерттеп, былтыр енгізілген «Білім туралы Заңда» шағын мектеп туралы әдейі қарастырдық. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін 160 ресурстық орталық ашу көзделген. Оның шет-жағасын жаңа жоғарда айтып кеттім.
Міне, осы ресурстық орталықтарға байланысты халық неғұрлым көбірек орналас­қан елді мекендерде тірек мектептерін ашу, оған сол маңдағы оқушылары өте аз мектептерді тарту және оқушының сапалы білімге қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Биылғы оқу жылында осындай 26 тірек мектебі іске қосылды, оларға 76 шағын мектеп бекітіліп берілді.
Ресурс орталығы, яғни тірек мектебі де­геніміз ол былай. Балалары аз өте шағын елді мекендердегі сынып оқушыларының білімін жетілдіру мақсатында неғұрлым жақсы материалдық базасы бар, орталық мектептерге тарта отырып, сапалы білім алуларына жағдай туғызу. Орталық тірек мектептерінің жанында жатақхана, тамақтандыру орындары қарастырылған және оқушыларды тасымалдау мәселесі шешілген. Соның арқасында шалғайда тұратын оқушылар мен орталық мектептерде білім алушылардың арасындағы алшақтық жойылады. Білім беру деңгейі теңестіріледі.
Осы ресурстық орталықтарды нығайту жолында Министірлік бар мүмкіндіктерді пайдалануда. Семинар-кеңестер өткізіліп, бұрынғы үгіт бригадасы сияқты ауылдық жерлерге шығып, шағын бастауыш мектеп­тер­дің жай-күйін білу, оларға әдістемелік көмек көрсету мақсатында республикадағы білікті мектеп мұғалімдерінен құралған топтар жіберілуде. Бұл тәжірибеден де алған алғашқы қортындымыз жаман емес. Ауыл тұрғындары бұл бастаманы ерекше қуанышпен қарсы алып отыр. Өйткені, қай ата-ана баласының сапалы білім алғанына қуанбайды.
– Кезінде ұлы Абайдың «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп жыр-жолда­ры­ның өзегі болған интернаттардың мәселесі – қазір ел өміріндегі өзекті тақырыптар­дың бірі. Әңгіме мәнісі интернаттарды қаржы­лан­дыру көзіне келіп тіреледі. Соның салдарынан әлеуметтік жағынан қолдауға зәру жанұялардың балаларын интернаттарға орналастырып, олардың толыққанды тәлім-тәрбие, білім алуына жағдай жасау күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Сол интернаттардан болашақ Сәтбаевтардың, Жәутіковтердің көрінуі де ғажап емес қой.
– Интернат мәселесі туралы жаңағы жо­ға­рыдағы сұрағыңызда біраз жауап беріп кеттім ғой деймін. Бұрын интернат шалғай жерлерге орналасқан малшылардың, пішен­ші механизаторлардың балаларын оқытуға арналған болса, бүгінде колхоз, совхоз дегендердің болмауынан, бұл проблема да күн тәртібінен бірте-бірте түсіп келеді. Егерде ресурстық орталықтар нығаятын болса, интернатта жатып оқу проблемасы да бірте-бірте өзінен-өзі шетке ығыстырылады ғой деп ойлаймын. Интернатты қаржыландыру және әлеуметтік жағынан қолдауға зәру отбасылар балаларының интернатқа орналас­тырылу мәселелеріне келсек, бұл жергілікті атқарушы органдардың құзыретіндегі шаруалар. Себебі – министрліктің тікелей жауап беретін да­рынды балаларға арналған мамандандырылған 7 мектеп-интернаты бар. Олар туралы жоғарыда айтып өттім. Ал, республикамыздағы қалған 758 интер­натқа жергілікті әкімдіктер жауап береді. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының жағда­йын жасап, әлеуметтік жағынын қолдау көрсету де жергілікті әкімшіліктер мойнында. Құдайға шүкір, күннен күнге жағдай жақсарып келеді. Экономикамыз осы қал­пымен өрге баса берсе, интернаттардың да материалдық-техникалық базалары жаман болмайды деп ойлаймын.
Сондықтан да, болашақ Сәтбаевтардың, Жәутіковтердің ізбасарларын ауылдардан күте беріңіз.
– Бүкпесіз ашық әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жұмабек КЕНЖАЛИН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.