«Мың бала» секілді мың фильм керек

«Жаужүрек Мың бала» атты фильм жарыққа шықты дегелі жастар, соның ішінде қазақ жастарының жаны жай таппай, жаңа туындыны көргенше асықты. Енді қайтсін? Олар үшін отандық кинотуындыны көру көп арманның бірі десек, жаңылыспаппыз. Өйткені, елдегі кинотеатрлардан жыл бойы жүретін фильмдердің, көбейтіп келтірсек тек 4-5 пайызы ғана отандық фильмдер екені көзі қарақты көрерменге белгілі. d0bcd18bd0bd-d0b1d0b0d0bbd0b011Сол аз пайыздың бір бөлігін жекеменшік киностудиялардың түсірген жеңіл өнімдері құрайды. Ашаршылықта алдына бергенді талғамай жұтатын адамша жаппай көреміз. Осы жайында айта бастасаң, атын бірді-екілі баспасөз беттерінен естігенің болмаса,өзін экраннан көрмеген фильмдерді жіпке тізе жөнеледі. Сөйтсек, түсірілетін фильмдердің бәрі шетелдік кинобайқаулар үшін ғана екен. Ал оның бізге керегі қанша дейміз де қоямыз шарасыз. Бұл жайында талай жазылды да… Бірақ біздің айтпағымыз ол емес.

Бұл жолы жұртшылықтың «Мың баланы» асыға күтуіне алғашқы себеп – кейінгі жылдары қазақ экранында қазақ тарихына, жаугершілік замандағы қазақ батырларының ерлігіне қатысты патриоттық бағыттағы туындының болмауы. Көптен күткен «Көшпенділерден» кейін жүректері шайлығып қалған көпшіліктің мұндай тарихи туындыға талай жылдан шөлдеп келе жатқаны түсінікті жайт. Ал екінші себеп, біздің ойымызша, фильмнің режиссеріне деген көрерменнің құрметі еді. Бұған дейін «Рэкетир», «Адасқандар» сынды бірді-екілі фильмдерімен-ақ көпшіліктің қошеметіне бөленіп, жасындай жарқ еткен жас режиссер Ақан Сатаевтың жаңа туындысына деген қызығушылық еді.
Хош делік, «Мың бала» біз күткен межеден көрінгендей. Әсіресе, жастарға ұнады. Кім біледі, әдеттегідей батырларды отыздан асқан шоқша сақалды ағалары емес, өзі құралпы жастардың ойнағанынан шығар. Әлде мектептегі тарих оқулықтарындағы жаттанды, жалаң да жұпыны жазыла салған қазақ-жоңғар соғысының мән-мазмұнын, маңызын енді ғана түсінгендіктен бе екен? Мүмкін, жай ғана мұндай фильмнің бұрын болмағандығынан да болар… Қалай десек те кино көпшілікке ұнағандай. Тек соңында Сартай батырдың ажал құшатынын көрген көбінің көңілдері су сепкендей басылды. Бірі екі жарым сағат бойы ет жақынындай болып кеткен ержүрек жігітті өлімге қимағанынан қынжылса, бірі Сартай батырдың тарихтағы орны мен оның тағдыры жайлы білетіндігінен еді. Кез келген шығармашылық саласында көркем һәм тарихи шындық деген ұғымның болатыны бәріне белгілі. Соны білетін өзге елдер өмірде болмаған батырларының образын ойдан құрап шығарып, онысын әлемдік киноөндірістің кереметіне айналдырғанын да көзіміз көрді. Ол аздай ортан қол сарбаздарынан сайыпқыран жасайтындарды да бай­қа­дық. Барлығының көздегені – өз елін өзгеден ерек батыр да ержүрек етіп көрсе­ту әрі сол арқылы ұрпағын отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бұл үшін оларды ешкім сынап, сөккен емес. Мұны неге айтып отырмыз? Бәрі жоғарыда аталған фильмдегі Сар­тайдың ажалынан басталды емес пе?! Жалпы кинода қыршынынан қиылған қаһарман ұлдың өмірдегі тағдыры қалай еді? Біздің білуімізше, Сартай есімі Әйтеке бимен қатар аталатын Байжан бидің баласы болатын. Бұл туралы бірталай дерек көздерінде жазылған. Жақайым руынан тарайтын Сартайдың зираты Арал аймағында екені де бұрыннан белгілі. Жанына мыңға жуық жаужүрек жастарды жинап, Әбілқайыр ханның жасағына қосылғаны жайында да нақты деректер бар. Тіпті оның жанына ілескен жастардың ішінде есімі ел арасында қалған айтулы батырлар да бар екені рас. Олар туралы да мағлұмат мол. Мұрағаттарда Сартайдың соғыстағы өзіндік айла-тәсілдері, ерлігі, ептілігі жайында да егжей-тегжейлі жазылған. Бәрін былай қойғанда, Сартай батырдың жоңғар соғысында қаза таппай, керісінше, кейін елінде басшы, әкесі секілді би болғаны айдан анық тарих беттерінде тұр емес пе?! Тасқа басылған тарих – тайға таңба басқандай қанық һәм анық. Ендеше өрімдей жастарды жанына жинап, жауына қарсы аттанған Сартайды неге өлтірдік? Алла ғұмыр сый­лаған арыстан ұлды біз неге ерте ажал құштыруға асықтық? Әлде артында аһ ұрған елі қалса, фильм әсерлірек болады деген таяз түсініктен бе?
Бір ұнағаны – фильмді көруге келген көпшіліктің көңілсіз кетпегені. Айқаста ажал құшса да, арыстан текті ұлдарының болғанына мақтанды, марқайды. Фильм бұл жағынан ұтты. Оған қоса бұл жолы кино түсірушілер әртіс таңдауда шатаспапты. Әнебір шақтағыдай шетелден әртіс алдырып шашылған жоқ. Есесіне қазақтың қаракөз жастары өз рөлдерін өте шебер ойнап шықты. Уыздай жап-жас қыз-жігіттердің көздерінен, іс-әрекетінен асқан шынайылықты шырамыттық. Жолбарыс жүректі жастардың жанарлары да жалынды, рухтары да биік екені бірден байқалады. Тіпті ұрандатып жауға шапқан сәттерінде қарап отырған қазақтың қаны қызып, атына қамшы баса жаздайды. Оны залда отырған күллі көрерменнің көңіл күйінен-ақ аңғарсақ та жетіп жатыр. Одан қалды кейіпкерлердің арасында жалықтыратын жалған диалог жоқ. Сөздері нық, тілдері таза. Жастарға тән албырттықтары да, өзара бір-бірін қалжыңмен қағытқандары да жарасымды-ақ. Жаңа туындының жұртшылыққа жаққан жері де осы.
Қалай десек те, қазақ киноөндірісінің қоржыны тағы бір картинамен толықты. Көпшіліктің де көңілі толды. Бірақ қазақ тарихында ғасырларға ұласқан ұлы шайқас – қазақ-жоңғар соғысынан сыр шертетін кинотуындылардың әлі де аздығы алаңдатады. Біз бүгінгі буынды ұлтжандылыққа, отан­сүйгіштікке баулығымыз келсе, жалаң ұран­нан гөрі осындай жемісті жобаларға жұмылғанымыз жөн. Өйткені, болашаққа бабасының батырлығын көрсеткіміз келсе, «Мың бала» секілді мың фильм түсірсек те артық болмайтынын бұл туынды тағы бір мәрте дәлелдегендей.

Динара ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.