Жанында жүрдік жақсының

d184d0bed182d0be-d0bcd0b0d0b9d182d0b0d0bdd0bed0b2d0b0-d0b4d0bbd18f-d0bdd0bed0b2d0bed0b9-d0bad0bdd0b8d0b3d0b81

Ғылымның мехнаты көп ұзақ жолдарына жасқана ой жіберіп, талап қылған шәкіртке жанашыр ұстаздың өлшеусіз берер тәлімін қайсымыз саралап көрдік? Менің осы сұрақты өзіме қойған сәтімде көңілім сұмдық құлазып қалған еді. Аяулы, аса білімді ұстаздарым жөнінде ой толғамақпын.

Сондықтан да «Әуезов аудиториясына» Мұқаңа еліктей басып енетін академик З.Қабдолов әдебиет теориясынан дәріс оқуға тиіс болса да, көбіне-көп Мұхтар Әуезовтің заңғар болмысын шәкірттердің санасына сіңіріп жіберуге арнайтын. Академик басымен, бәріне «балаша таңданып», сосын жылы жымиып, сөздерін юморға құрушы еді. Ұстазы туралы өзінің шәкірттері алдында соншалық тебірене сөйлеп, ағынан жарылатын Зекеңде қандай арман бар: кісі қызығатын ғұмыр. Мінбеде тапжылмай тұрып, ежелгі дәуір әдебиетінен қазақтың тұмса өркениетін теріп-теріп сөйлегенде профессор Алма Қыраубаева әрі батыр, әрі ақын болатын. Ол кісінің дәрісінен шыққанда өз-өзіңнен қанаттанып кеткеніңді байқамай қалар ең. Ал аудиторияның лекторларға арналған жалпақ үстелінің бір қырына жанаса тұрып, әлем әдебиетінің озық үлгілерін, әдебиеттанудың дамуы мен қалыптасуын, драма табиғатының теориялық-практи­калық мәселелерін, Әуезов әлемі һәм қазіргі қазақ әдебиетінен ағыл-тегіл лекция оқитын академик Р.Нұрғалиды – орыстың Лихачев, Бахтин, Веселовскийлерінен кем көрмейтінбіз. Ғұмыры әлі де ұзақ болуын тілеймін, профессор Т.Кәкішев қойын кітапшасын алып шығып, «қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтар (әсіресе, Сәкен-Мағжан-Сәбит үштігі) жайындағы алып­қашпа әңгімелерге бұғанасы әлі қатпаған бала шәкірттер сеніп қалмасын» деп, шыр-пыр боп, құлаш-құлаш дәйектер келтіргенде, осынау еңбекқор кісінің тұлғасы, тіптен, зорайып кететін. Бұдан басқа ғылымға адалдықпен, өз істеріне зор жауапкершілікпен қарап, талай шәкірттерді үлкен жолға салған ұстаздарымызға тек құрметпен тағзым еттік. Олар: З.Ах­метов, А.Аманжолов, Т.Сайрамбаев, Б.Сағын­дықов, А.Айғабылов, С.Мырзабек, Э.Сү­лей­менова, А.Абдуллина, Ғ.Бектұр­ғанова, Р.Қожамқұлова, З.Бейсен­ғали, Ө.Әбди­ман, З.Сейітжанов, Қ.Мәдібай, А.Салқынбай, Б.Омаров, Ж.Мәмбетов, Ф.Бейсенбаев, Э.Ораза­лина…
Қазақ мемлекеттік университетіндегі ұстаздардың көбі бізді ғалым болуға тәрбиелейтін. Себебі, мұнда оқитындарды «ақын, жазушы, ғалым боласыңдар» деп қолпаштау бар еді. Алайда, қырық студенттің жартысы педагог болып кететін.
Бірде «Әдебиет теориясы және фольклористика» кафедрасының жаңа мең­геру­шісі, профессор Бақытжан Май­танов мені оңаша шақырып ап, қандай тақырыпты қарастырып жүргенімді қада­ғалап сұрады. Екі жылдай уақыт Алма Қырау­баеваның жетекшілігінде, сол кісі­нің тікелей талап етуімен М.Аджидің «Ұлы дала жусаны» атты кітабы бойынша реферат, курс жұмысын жазып, тіпті, кейінгі курстарға лекция жүргізгенім бар. Құмық ұлының осы қатарлас еңбектеріне Алма апай қатты ден қойды, сондағы қазақ өркениеті мен мәдениетіне қатысты тұстарын қадағалап жүруді тапсырды. Бірақ, ұстаз Астанаға ауысып кетті де, мен аспаннан жерге бір-ақ құладым. Содан өзімше «ойға» кетіп жүргем. Жалпы тіл білімінен дипломдық жұмыс алуды іштей шешіп қойғам. Осы саланың зерттейтін дүниелері қатты қызықтыратын әрі Фердинанд де Соссюр, Бодуэн де Куртенэ, Я.Н.Марр дейтін фамилияларға «құлап қалдым», ал А.Аманжолов, Э.Сүлейменова, Э.Оразалина… сияқты ғалымдардың еңбектері еліктірген еді… Осыны айттым. – Сен кафедраға жүр! – деді профессор көзілдірігінің жиегі жалт-жұлт етіп. Сөйтті де, өзінің сырбаз, ғалымға тән ауыр адымымен, асықпай басып жүре берді: сол күні «жанашыр жақсының жанына ергенімді тап басып білдім» деп айта алмаймын. Ол кісі – қашқақтап, берген тақырыбын игере алмайтынымды айтып, жеңілдің астымен жүйткіп кеткім келгенін құп көрмеді, сосын бұндай тақырыптарды бір кездері өзіне ұсынбаған ұстаздары мен қытымыр уақытқа өкініш ететінін сөзбен де, көзбен де ұқтырды… Сол бір олқы тұстарға өзі де құлшына қалам тартты, басқалардың да назарын аудартуға тырысты, шәкірттерін де батыл баулыды.
Содан профессор Б.Майтановтың жетекшілігімен, көп жұрттың пайым­дауынша, «түкке тұрмайтын» «Қазақ про­засындағы уақыт пен кеңістік» деген өте күрделі тақырыпта бакалавр, магистр дипломын жазып, ұстаздың қолдауымен «Әуезов үйіне» жұмысқа келдім. Бақытжан аға М.Әуезов шығармашылығынан ғылы­ми жоспарлы тақырып беріп, жазушы шығармаларының академиялық 50 том­дығына жауапты шығарушы етті және ғы­лы­ми түсініктеме жазуды жүктеді. Мұндай үлкен жауапкершіліктен бұғанам майысып кетті, әйтсе де, содан алып шыққан ұстаздың сенімі, үміті, сонымен қатар, ұлы суреткердің жебеуші рухы болды деп ойлаймын. Ұстаз үміті қаншалықты ақталды, ол белгісіз; белгілісі – он жылдай бірлесіп қызмет істеген кездерде 50 томдық академиялық жинақтың 15-ші томынан бастап жарық көруіне қатыстым, жазушы шығармашылығы жайында бірнеше ғы­лы­ми мақалалар жазыппын және «М.О.Әуе­зов прозасындағы көркемдік уа­қыт пен кеңістік (1920-30 жылдар)» де­ген тақырыпта 2010 жылы кандидаттық дис­сертация қорғадым, қарап отырсам, осының бәрі өз пайдама шешіліпті. Сонда ұстаз мен үшін соншама жақсылық жасап, нендей қуаныш тапты. Өз тарапымнан ешбір қайтарым болған жоқ. Әйтсе де, ұстаз бақыты – шәкірттерінің жадында өзінің кісілікті келбетімен қалу екенін көбіміз біле бермейміз. Егер адами құндылықтардың көптеген мысалдарын жіпке тізсек, соның ең өміршеңі, өлшеусізі, мәңгілігі – адал еңбек, өзгенің өміріне қосқан титтей де болса қамқорлыққа жетпейді деп ойлаймын. Қалғаны – өткінші өмірдің аз күндік қондырмасы сияқты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Қауасқанұлы Майтанов қазақ әдебиеттану ғылымына еңбегі сіңген ғалым, сарабдал сыншы, танымы оқшау теоретик болды. Үнемі ғылыми ізденістерде жүретін, жаңалық­қа жаны сергек қарайтын, өзінің ұстаным­дарына берік, болмысы бөлек адам еді. Үлкенді сыйлау, талантқа мұраттас болу – Бақытжан ағаның көп қасиеттерінің бірі еді. Осы бағытта жасына, мансабына қарамай, өзінің шынайы лебіздерін білдіре, естеліктен бастап, ғылыми мақалаларға дейін қалам тартқан кездері аз емес.
Бірде Бақытжан аға «Әуезов үйінде» ұлы ақынның туған күніне орай өткен ғылыми конференцияда «Абай және тәуел­сіздік рухы» деген негізгі баяндамасын жасағанда, төраға, академик С.Қасқабасов қатты зейін қойып тыңдағанын көрдім. Сол конференцияға қатысқан жас ғалымдардың баяндамаларын өзі де тыңдап отырды. Жаңашыл ойларға, тың тақырыптарға сергек қарап, ондай бағыттарды үнемі қолдап жүретін.
Б.Майтанов өз мақсатын аяғына дейін жеткізген адам. Әсіресе, М.Әуезовтің шы­ғар­машылығы жөнінде соңғы жылдары өндіріп жазды. Оның бәрін жинақтап, өзі­нің соңғы монографиясы «Мұхтар Әуе­зов және ұлттық әдеби үрдістер» (2009 ж.) деген қалың кітабына түгелдей енгізіп кетті. Кейін де тоқтап қалмай, ойға алған тақырыптарын жеріне жеткізіп жазып жүрді және қазір ойлап отырсам, қатты асыққан тәрізді. Тіпті, өмірінің соңғы он-ақ айында жазған мақалаларының тізімі – 30-дан аса екен.
Ұстаздың соңғы күндері… көзден кетсе де, көңілден кетпейді. Қолында қоңыр портфель, ішінде өзі басқарып отырған бөлімнің есебі, хаттамасы, «ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті» монографиясына жазған тарауларының, портрет-мақалаларының тыңғылықты қаралған қолжазбасы, флешкасы, кішкентай қойын кітапшасы, соңғы ғылыми кеңес… соңғы кездері самайының ағынан да ағарыңқы бет әлпеті, мығым денесіне қонып тұратын ақшыл көк кәстөмінің қолбыраңқы болып кеткені… бәрі-бәрі көз алдымызда. Сол бір соңғы келгенде ұстаздың жасы 60-қа ұзаса алты-ақ ай қалған еді. Алда жоспарлары бар болатын. Біз ұстазымыздың 60 жасқа толатын мерейтойына іштей дайындалып, толқып жүрген едік. Енді, міне, осы жасымызда, жанымызда жүрген жақсы адамды еске алып, естелік айтып отырмыз. Біз тілейтін тілек басқа болатын, бұл емес еді… Тіпті, соңғы күні ұстазды әдеттегідей шығарып сала алмаппыз. Ниет болған, бірақ, соңғы кезде ауырлық көрсетіп жүрген қоңыр портфелін сырқаттанып тұрса да қолымызға ұстатуға ықылас етпеді. Қашанда солай болатын: өз ісін тек өзі істейтін, біреуге міндет артып, жұмсамайтын. Иығы ауырсынғандай, қо­лын­дағы сөмкесі төмен тартып, ақырын жүрсе де, сол күні мына өмірден асығып кетіп бара жатыпты… Біздер оны сол бір соңғы күні қастерлей алмаппыз. Көңі­ліне қаяу салғандарға ұстаз үндеген жоқ, ренжімеді де, тек өкінгендей болды. Сол бір соңғы күні ұстаздың соңынан қарап тұрдым, «Асықпаңызшы аға!» дей алмадым, әлі де бақилық болғанына сенгім келмейді… Бірақ, ұстаздың сол бейнесі көз алдымнан ешқашан кетпейді, кетіре де алмаймын: Сіз менің жадымдасыз, қамқоршы аға, ардақты Ұстаз!

Ермек ҚАНЫКЕЙҰЛЫ
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.