«Киіктің лағындай сүйкімді қызды сүйдім»

img_5677000Кейбір қариялардай күншуақтап отыру біздің бүгінгі кейіпкеріміз үшін мүлде жат. Өйткені, Мекемтас ағаны іздей қалсаңыз, межеленген бір мекеннен таба қоюыңыз қиын. Ол кісі үшін Тараз бен Түркістанның арасы таяқтастам, ал Шымкент пен Алматы анау ойлағандай аса алыс та емес. Бірақ ағайын аралап, құдаларында қона жатып қонақ боп жүрген ол жоқ, баяғы сол ел игілігі жолындағы ізденіс. «Қазыналы Оңтүстік» атты көптомдық энциклопедиялық жинақты бастағалы Мекемтас ағада маза жоқ. Бізсіз де шаруасы шаш етектен екені байқалады. Ағаның «Бұл өзі қалай болар екен? Мені ұстай алар ма екенсіңдер?» дегеніне қарамастан үйіне қайтар жолынан тосып алдық.
Кейбір қариялардай күншуақтап отыру біздің бүгінгі кейіпкеріміз үшін мүлде жат. Өйткені, Мекемтас ағаны іздей қалсаңыз, межеленген бір мекеннен таба қоюыңыз қиын. Ол кісі үшін Тараз бен Түркістанның арасы таяқтастам, ал Шымкент пен Алматы анау ойлағандай аса алыс та емес. Бірақ ағайын аралап, құдаларында қона жатып қонақ боп жүрген ол жоқ, баяғы сол ел игілігі жолындағы ізденіс. «Қазыналы Оңтүстік» атты көптомдық энциклопедиялық жинақты бастағалы Мекемтас ағада маза жоқ. Бізсіз де шаруасы шаш етектен екені байқалады. Ағаның «Бұл өзі қалай болар екен? Мені ұстай алар ма екенсіңдер?» дегеніне қарамастан үйіне қайтар жолынан тосып алдық. 
«Бұл Мекемтас қай Мекемтас?» деп оқырманның сауал тастамайтыны түсінікті. Мекемтас – сирек есім. Шаңырақтағы шараналар шетінен шетіней берген соң қазақтың «Мекем, тастай мығым болсын» деген ырымымен қойған есім екен. Сөйткен Мекемтас Мырзахметтің есімін елдің аузынан да, қазақтың бас ақыны Абай мен Бауыржандай батырының аты аталған жерден де жиі естиміз. Қазақтың осы қос бірдей ұлы перзентінің шығармашылық мұрасын, еңбегі мен ерлігін елге насихаттауда, зерттеп-зерделеуде, жинап-жасақтауда ағаның үлесі ұшан-теңіз. Бұл орайда ғалымның еңбегі де ел тарапынан елеусіз қалмады. Мекемтас аға – Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

ҚАСҚЫРДАН АМАН ҚАЛҒАН БАЛА

«Біз де бала болғанбыз…» деп бас¬та¬латын әңгімелерді үлкендердің аузынан жиі естиміз, бірақ оған бәлендей мән берген біз жоқ. Кім бала болмады дейсіз… Кім біледі, егер сол сөздердің байыбына барып, соңына дейін тыңдасақ, талай тарихқа куә болар ма едік.
Еңселі үйдің екінші қабатында Мекемтас ағаның жеке кабинеті бар. Бөлмеге енген бойда көзіңіз басқа емес, бірден жұмыс үстелінің қабырға тұсында ілінген Бауыржан Момышұлының бейнесі бедерленген кілемшеге түседі. Осыдан-ақ батыр Бауыржанның біздің кейіпкерімізге қандай да бір жақындығы байқалады. Мекемтас аға Бауыржан Момышұлының мұрасын жинап қана жүрген жанның бірі ғана емес, талай жыл батыр бабамыздың қолында тұрып, ақылдасып, сырласқан, батасын алған кісі. Бауыржан аға туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Әсіресе, оның кез келген көлденең көк аттымен емен-жарқын шүйіркелесе кетпейтіні бар. Ал дос-бауыр інісімен арадағы сыйластығына өмірінің соңына дейін сызат түсірмей өткендігінде де сыр бар-ау… Бұл жайында кейінірек айтармыз.
Үстелдің үстінде рамкаға салынған суреттің астындағы жазуларға еріксіз көзім түсіп, оқи бастадым:
«…Ашаршылық жылы сен үш жаста едің. Емшекте нәресте қызым бар. Аштықтан өле¬тін болған соң түс кезінде Кемербаcтаудବғы жездем Құрманбектің үйіне қарай жолға шықтық. Сені қолыңнан жетелеп, қызым¬ды бауырыма алып, аштықтан бұралып, әрең жүріп келемін. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Сарттар еккен қауындыққа жеткенде ұялы қасқыр қамап, топырақ шашып, қаумалай бастады. Таяғымды көтеріп, айбат шеге айғайласам да қаймығар емес. Есім шыға, не істерімді білмей ораулы қызымды жерге қойып, сені арқалап сытылып шықтым. Сол-ақ екен, топ қасқыр қызға қарай бас салды. Шар еткен нәрестенің даусын естідім…»
Жан дүниеңе жай түскендей әсер ететін бұл жазуларда бір трагедиялы тарих тұнып жатқандай. Ағамен арадағы әңгімемізді де осыдан бастағанды дұрыс көрдік.
«Тура осылай болғандығын шешемнің аузынан естігем. Біз атадан 17 едік. Кейін ашаршылық басталып, бірі cоғыста өліп, бірі «халық жауы» боп айдалып, ақырында үшеу-ақ қалдық. Егер соның он жетісі де тірі болғанда бүгін санымыздың қанша болатынын Құдай білсін. Кейін бала боп үйдің бетін көрмей, ұзап кеткенімде анам қатты қиналса керек. Бір сөзінде «сол кезде қасқырға қызымды тастағанша, сені бермеппін…» дегені бар. Ренжігені ғой» деп бастады әңгімесін.
Елді жұт жайлаған, жаппай аштық жайылған шақ туралы соның куәгерінен артық кім біледі. Әсіресе, сол кездегі қазақ әйелінің қырықжандылығына қалай таңғалмайсың. Сол аналарға тағдырдың қатыгез таңдау жасатқанын қайтерсіз?.. Ана балаларын бірінен-бірін бөліп-жармайты¬ны бесенеден белгілі. Ал анаға таңдау соның біріне түссе ше? Мұндай қасіретті ешкімнің басына бермесін деп тілейік. Бірақ тарихта мұндай оқиға талай болған. Қазақтың әйгілі этнографы, ғалымы, мар¬құм Сейіт Кенжеахмет ағаның тағдыры да осыған ұқсас. Ел ішін шешек жайлап, балалар көктей сола бастағанында бұл нәубеттің бұлардың отбасын да айналып өтпесін сезген Сейіттің анасы қыздарын ұлының екі жанына жатқызып «Алла, алсаң қос қызымды қидым. Бірақ мына ұлдың ғұмырын сақтай гөр! Атадан қалған тұяқ болсын» деп тілеген екен. Бірі солтүстік, бірі оңтүстік өңірде демесең, ұқсас тағдыр. Ұрпақ қалдыру жолындағы ұлы мұратты аналардың қаншалықты ұстанғанын ұғынасыз.
«Біздің ауыл Тұрар Рысқұловтың туған ауылы ғой. 1937 жылы Тұрарды ұстап әкеткен соң оның туған-туысы, тіпті аса туыстығы болмаса да ол туралы ниеті түзу жандардың бәрін шетінен әкете бастады. Ол аздай елге келгенде құрмет көрсетіп, қолына су құйған адамға дейін «халық жауы» атандырып, елден алыс әкеткенін көрдік. «Ауыздарыңды ашпаңдар. Бәле болады» деген әңгімені естиміз. Елді үрей билеп алған. Одан соғыс басталды. Мен ол кезде баламын. Жігіттерді шетінен пойызға мінгізіп, майданға шығарып саламыз. Кейін олар біртіндеп, аяқсыз, қолсыз жаралы жауынгерлер болып елге орала бастады. Келгендердің көбі ішетін. Кейін оларға еліктеп жеңгелеріміз де іше бастады. Сөйтсек, ана жақтан үйреніп келген екен. Соғысқа саларда арақ беретінін кейін білдік қой. Сөйтіп біздің ауылға алғаш рет соғыстан оралғандармен бірге арақ келді. «Арақ әкел» дейді, атпен шауып барып, алып келеміз. Ішіп алады да, өздерінен көңілденіп, айғайға басады. Баламын ғой, «бұл өзі не?» деп тілімді тигізіп көрсем – удай. «Құдай сақтасын» деп қоя салдым…
Әке-шеше жоқ, жағдай ауыр. Ағайым жасы қырықтан асса да үйленгісі жоқ. Кейін ағайын-туыс әрең үйлендірді. Өте сауатты, медресені бітірген көзі ашық азамат еді. Бірақ ауылшаруашылығының айналасы мен ұстаханадан ұзамайтын. «Осы сіз неге қызметте өспейсіз? Неге бала оқытпайсыз?» деймін ғой баяғы, «Халық жауы» етіп құртады ғой…» дейтін. Елдің бәрі Сталинді басына көтеріп жүргенде, ағатайым оны қатты жек көретін. Баламын ғой, мен жақсы көремін. Мектепте солай оқытты ғой. Сол идеология басыма сіңгені соншалық, «неге ұнатпайсыз?» деп сұраймын ғой. «Тып-тыныш сүттей ұйып отырған ауылдарды ту-талақай қылды емес пе? Халық азып-тозып, тарыдай бытырап кетті. Кім кінәлі? Сол Сталин ғой. «Халық жауы» басқа емес, соның нақ өзі. Халықтың көз жасы жібермейді» деп отыратын. Сталиннің өлгенін көріп кетті марқұм…» деп еске алады.

«ҰСТАЗДАРЫМЫЗДЫ
ҰСТАП ӘКЕТІП ЖАТТЫ…»
Жетіншіні бітірген кезі. Бір күні аудан меңгерушісі мен тағы бір лауазымды кісі келіп бұларға: «Балалар, бұл не жүріс? Оқымайсыңдар ма?» дейді. Балалар болса ұлардай шулап «Киім жоқ, тамақ жоқ, қалай оқимыз? Одан да колхозда жұмыс істейміз» дейді. Ал аналар болса «Киім де, тамақ та болады. Оқимын деген ниеттерің болса, келіңдер» деп кетеді. Олар кеткесін қасындағы жолдасына «мен барып, анығын біліп келейінші» дейді де, бала Мекемтас ескі велосипедіне мініп, әлгі адамдардың арттарынан жөнеп береді. Бұл жайында кейіпкеріміздің өзі «Сегіз шақырым жердегі мектепке жетіп барсам, балалар тамақтанып жатыр екен. Бір топ келіп бір ішті, екінші кезеңде келіп тағы ішті. Бәрінің үстінде бірдей киім. Сосын бір таныс баланы шақырып алып: «Осының бәрін тегін бере ме?» деп таңырқап сұрадым. «Иә, тегін береді» дейді. Құстай ұшып жаңағы жолдасыма жетіп бәрін айттым да, екеуміз осы Абай мектебінде түсіп, оқи бастадық. Озат әрі белсенді оқушы болдым. Оныншы сыныпта партияға өтіп үлгердім. Кейін бітірген соң Алматыға оқуға барайын десем қаражат жоқ. Ағайын-туыста да түк жоқ. Бұрын бірер балаға көмектесіпті дегенді естігенім бар, дереу мектеп директорын іздесем, ол да ауылда жоқ боп шықты. Сөйтіп құжат пен сынақ қабылдайтын кез бітті де, мен ауылда қалып қойдым. Бір күні директор келді, оған болған жайды баяндадым. «Мына Шымкентте де екі институт бар. Соған бар» деп қолыма «ректорға бер» деп хат жазып берді. Басқа еш құжатым жоқ. Бардым. Ректорға хатымды көрсетіп едім, екі-үш мұғалім келіп, менен емтихан ала бастады. Кіл бестіктер мен төрттіктер алып, оқуға түстім. Түскен бойда менен «Жатақхана аласың ба? Әлде стипендия аласың ба?» деп сұрады. Мен жұлып алғандай «стипендия аламын» дедім. Онда да жататын жерім болғандықтан емес, 21-22 сомдық стипендияға қызыққанымнан ғой. Содан 5 сомға бір өзбектің үйінің бұрышынан орын тиді. Сөйтіп студенттік өмір басталды. Қаладағы шұлық тоқитын фабрикаға мақта әкелетін. Жүкші болып, соны көліктен түсіреміз. Бір машина мақта түсіргенде қолымызға тиетіні – 3 сом. Ол жұмыстың өзі үнемі бола бермейді. Күндер өтіп жатты. Байқағаным – мұғалімдерім менің мектеп кезінде оқып тастаған кітаптарымды оқымаған, мен баяғыдан білетін дүниелерді білмейтін болып шықты. Сұрай бастасам, ұрсып тастайды. Сөйтсем, бізге сабақ беріп жүрген мұғалімдердің өзі бірі сол кезде инсититут бітірмеген, бірі сырттай оқитын болып шықты. Бірінші курсты бітіріп үлгермеген маған «мен мынадан не білім алам? Одан да Алматыға барып не оқуға түсейін, түсе алмасам, жұмысшы болайын» деген ой келді. Алматыға келдім. Досым екеуміз заң факультетіне түспек болып, бірер ай дайындалып жаттық.
Бір күні «Мәскеуден бір мықты профессор келіп, лекция оқиды екен» деп естідік. Барып қатыстық. Сөйтсек профессорымыздың дәрісі «Социализмнен кейін коммунизм орнайды. Өзін өзі басқару салтанат құрады, т.б.» дегенге саяды екен. «Қой, құрсын. Жұмыс таба алмаспыз мына түрімізбен» деп заңнан шұғыл бас тартып, КазПИ-ге қарай тарттық. Сөйтіп КазПИ-ге кездейсоқ түстім десем де болады. Бірақ екінші курста ауыр күндер басталды. Ұстаздарымызды шетінен ұстап әкете бастады. Ешкімде үн жоқ. Кафедра әбден тазарып бітті. Сол ұстаздарымыздың қатарында Темірғали Нұртазин деген ағайымыз да болды. Жұмыстан шығарғаны аздай ол кісіні еш жерге қызметке алмай қойды. Кейін қаражаттан қиналған соң жеке кітапханасындағы кітаптарын сата бастады. Менің кітапқа құмарлығымды білетін. Стипендия алған сайын ол кісіден 5-6 кітап сатып алып тұрдым. (Кейін арада жылдар өтіп, бір кездесіп қалғанда «Аға, сол кездегі кітаптарыңызды өзіңізге қайтарып берейін» десем, «Сен де ол кезде стипендияңнан жырып алған едің. Өзіңде қалсын. Менен ескерткіш болар» деді). Сөйтіп жібі түзу мұғалімдеріміз кетті де, бізге жоғары курстың студенттері сабақ бере бастады. Сабақтың сапасы түсті. Өзіміздей жастар не білсін?! Үйрететіндері – тап күресі, т.б. Сөйтіп біз әдебиеттен түк білмей шықтық.

«БАҒИРА КИІКТІҢ ЛАҒЫНДАЙ
СҮЙКІМДІ ҚЫЗ ЕДІ…»
Мекемтас аға үшінші курста оқып жүргенде үйленді. Бұл жайында өзі «Шындығы керек, сол кезде студенттердің бәрі ерте үйленіп алатын. Өйткені, институтта оқитын қыздар тым аз. Ал сен үйленем деп жүргенше, жақсы қыздарды басқалар қойсын ба, қағып кетеді. «Қармағым бар да қауып қалайын» деп мен де қыз іздей бастадым. «Тілегенім алдымнан іздемей-ақ табылды». Бағира (Бағира – Мекемтас ағаның үйіндегі апамыз – Д.І.) КазПИ-де өзіммен бірге оқыды. Еркелетіп Бағаш атап кеткенбіз. Ал өзі киіктің лағындай сүйкімді қыз еді. Қазір жас келген соң толысып бәйбішелердің сапына кірді ғой (күліп алды). Керемет әнші болатын. Қолына домбыраны алып, әуелетіп ән салғанда ел таңырқайтын. Ал бұрымы жер сызып жүретін. Шынымды айтайын, жақсы көрдім. Шын сүйген соң қосылдық. Маған бұрынғыдай емес, жақсы болды. Сабаққа барсам, жанынан орын алып қояды. Оған қоса маған қарағанда орысшаға сауатты ғой. Орыс әдебиеті, шетел әдебиеті деген пәндер орыс тілінде жүретін. Сол пәндерден конспектілерді Бағираға жаздырып қоятынмын. Төртінші курста тұңғышымыз дүниеге келді.
Бағира апаларың – Ақмола облысының Қорғалжын ауданының қызы. Ата-бабасы арғындар ғой. Бірде мынадай қызық болды. Өзбекстанның Сырдария ауданында тұратын кезіміз. Үйімізге Баукең қонақ боп келді. Келгеннен кейін «Келін қай жақтың қызы?» деп сұрады. Мен «Целиноградтың қызы» деп қоямын. «Әй, сен Целиноградыңды қой. Қазақтың қайсысының қызы, соны айт» деді. «Арғындар ғой…» дедім дереу. Сол кезде Баукең «Жарыған екенбіз де» деп мырс етті. Баукеңнің үш жұбайының үшеуі де арғынның қызы екенін білетін мен «Қайдан білейін, көкем бір алады, екі алады, бәрі – арғыннан. Соған қарағанда көкем бір нәрсені білетін шығар деп біз де арғынға жабыстық» дедім қалжыңдап. Соны естіген Баукеңнің «Әй, рас айтасың!» деп рахаттана күліп алғаны есімде. Жалпы Баукеңнің менің өмірімде орны бөлек қой. Бір жағынан жерлес інісі ретінде де бауырына тартатын. 1959 жылы Ташкенттен Сарығашқа келіп Баукеңмен кездесу ұйымдастырдық. Біліміммен көзіне түскен болуым керек, «кімнің баласысың?» деп сұрады. Сөйтсем әкемді танитын болып шықты. Қолынан дәм татқан адам екен. Сөз соңында «Сарттардың ортасында не істеп жүрсің?» дейді. Жайымды айттым. Аспирантураға түскім келетінін де тұспалдап жеткіздім. «Оқуды жалғастырғың келеді ғой?» деді, «Иә, бірақ…» деймін күмілжіп. Дереу Алматыға сол кездегі КазПИ-дің ректоры Мәлік Ғабдуллинге телефон шалды да, менің баратынымды айтып, сөз соңын: «…Мне доложи!» деп бұйыра аяқтады. Кейін ғана Мәлік Ғабдуллиннің соғыстағы ерлігінің еленіп, батыр атануына Баукеңнің ықпалы болғанын білдім ғой. Бұдан бөлек бір күні маған «Қазақ әдебиеті» газетіндегі сын бөлімінің меңгеруші боласың ба?» деген ұсыныс түсіп, мәз болдым. Онымды Баукеңе айтқан кезімде: «Оныңды қой. Бұл бұндай күйіп тұрған заманда сенің қолыңмен от көсегісі келгендердің ісі» деп тыйып салғаны да күні кешегідей есімде. Ол үйдегі жеңгеміз де менен ас-дәмін, ақыл-кеңесін аяған емес.
Үйдегі Бағаш апаларыңның да қолы ашық. Қолындағы барын ағайын-туыстан аяған емес. Солардың қуанышы, той-томалағы деп артынып-тартынып жүргені. Одан қалды өте мейірімді. Барлық туыстың ұл-қызын оқытып-тоқытып, үйлендіріп-ұза¬тып жатады. Алғаш Алматыда 2-ық¬шам-ау¬данда үш бөлмелі үйіміз болған. Өзіміз 11 адамбыз. Оған қоса ауыл-аймақтан келетін ағайын-туыстың баласы бәрі біздің үйге жиналады. Сол кезде Бағира «Оқимын деп келіпті. Далаға қаңғыртқанымыз болмас. Обал болады. Үйде жатып оқысын» деп есігін айқара ашатын. Бұл кісі (Бұл кісі дегені Бағира апай – Д.І.) өте ақылды адам. Тұрмыстағы шаруаның бәрін өзі тиянақтап қояды. Бүгінге дейін үйге қажетті түйір нәрсе алып көрмеппін. Бәрін апаларың реттеп келеді. Әйтеуір, ақша әкелем де қолына ұстатамын. Қалғанын өзі жайғайды. Міне, талай жыл қайғы мен қуанышты бірге бөлісіп келеміз.
«Дегенмен институтта ол кезде қыздар аз деп қалдыңыз. Жоғары курсқа жеткенше оның көбі тұрмысқа шығып кетеді екен. Өзі білімді, шашы тілерсегін соғатын ұзын, сұлу қызды басқалардан бұрын өзіңізге қарату оңайға соқпаған шығар?» деген сауалымызға Мекемтас аға: «Жоға, мен де осал жігіт болғам жоқ. Ақсары, бұйра шашты, сымбатты жігітке кім қызықпасын?! Өзімше әдемі жігіттің бірімін. Сабақты үздік оқимын. Одан қалды, жатақханада өтетін жарыстардың бәрінен мен жеңіп шығатынмын. Сөйтіп «жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей ұнаған болуым керек» деді.
Студенттік шақ туралы естелік айтып отырып, кейіпкеріміз әлдене есіне түскендей күліп алды да әңгімесін әрі тарқатты. «Жас кезде небір қызықтар болады ғой. Бір күні философия пәнінен дәріс оқитын мұғаліміміз аудиторияға кіріп кеп, өңі бұзылып, еңкілдеп жыламасы бар ма? Бәріміз қорқып кеткенбіз. Сөйтсек бір уақыттан соң «Сталиннен айрылып қалдық» демесі бар ма солқылдап. Сол-ақ екен, қыздар жағы жылауды бастады. Біз де өтірік-шыны аралас жылаған боп қоямыз».

«ШЫНДЫҚТЫ АЙТПАҒАН
ШАЙТАНҒА АЙНАЛАДЫ…»
Оқу бітірер кез келді. Бір күні жоғары жақтан «Өзбекстанда қазақ мектептері тым көп. Бала саны артқан. Бірақ сабақ беретін, емтихан алатын мұғалім тапшы. Сол жаққа маман жіберу керек» деген бұйрық түсті. Ол бұйрықтың тікелей «бес минутсыз маман» атанғалы тұрған бізге қатыстылығын білген мен әрекет ете бастадым. Ол кезде Үкімет қайда жіберді, сол жаққа баруың тиіс. Қарсыласуға болмайды. Қарсыластың екен, екі жыл тегін жұмыс істейсің.Тәртіп солай. Содан Өзбекстанның Ағарту министрлігіне қарай (Білім министрлігі солай аталытын – Д.І.) бағыт алдым. Біздің құжаттарымызды қарап жатқан жас хатшы қыз екенін біліп алдым. Өзім де бұйра шашты, сымбатты жігіт едім дедім ғой. Қолыма қымбат гүлдердің бірін таңдап алып бардым да «Мені тәуір жаққа жібереді деп ойлаймын» дедім емеурінмен. Сол екен, «қайда барғың келіп еді?» дегені. «Өзбекстанның қиыр бір шетіне емес, жоғары жағына қарай болса» деймін. Сөйтіп келіншегім екеумізді Ташкенттің төңірегіне жіберді.
Сол жақта талай жыл еңбек еттік. Қызметте биік белестерге өрледік. Тасым өрге домалап тұрғанымен кейде өткірлігімнен жақпай қалатын жерім де болатын. Бірде Мәскеуден ұлт мәселесі тақырыбында баяндама оқитын біреу келеді деді. Оған өзім іштей екі сауал дайындап барып, оны оған қойдым. Екеуі де осал емес еді. Әсіресе, орыс шовинизмі туралы сұрағым лауазымды дөкейге жақпағаны бірден байқалды. Алыстан орағытты, жақыннан орағытты да қойды. Кейін осы үшін мені жергілікті жүйе біразға дейін жақтыртпай жүрді.
Өткірлік дегеннен шығады, Мекемтас ағаның ойын бүкпесіз айта салатын қасиеті әлі бар. Оңтүстік өңірлерде біраз жоғары оқу орындарында дәріс оқыды. Сол кездерден сыр шерткен ағамыз: «Түркістандағы Ясауи атында қазақ-түрік университеті әу баста құрылғанда әжептәуір жақсы білім ошағы болатын. Бір-ақ ол жердегі қазақ пен түрік оқытушыларының жалақысы да, білім-білік дәрежесі де жер мен көктей болатын. Мәселен, қазақ профессорлары 400 доллар көлемінде жалақы алса, ұлты түрік мұғалімдердің айлығы 2- 4 мың долларға жетіп жығылатын. Кейін пара деген шықты. Білімнен бақ тайды да, параның дәурені жүре бастады. Сапасыз кадрлардың саны артты. Бірде Елбасымен болған жиында мен осыны қатты сынға алдым. «Президент мырза, бізді қой бастықтардан құтқарыңыз» дедім. (Мекемтас аға басшыларды «қой бастық», «арыстан бастық» деп екіге бөледі екен – Д.І.). Бұл сыным да сол кездегі университет басшыларына жақпағаны айдан анық» деп бір жайттың ұшын шығарды.
Университет басшылығы ауысып жатқан тұста да өзі қалаған тура жолдан ауытқыған емес. Кейін Алматыға келіп өзі оқыған КазПИ, бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне қызметке тұрды. Ол кезде Абай атын иеленгенімен бұл білім ордасында ұлы ақынға қатысты дәнеңе жоқ еді. Осы мәселені көтерген ректорға ғалым да үн қосып, ақыры Абай орталығын ашып, университеттегі абайтану ілімінің жолға қойылуына себепкер болды. Бүгінде бұл орталықтың жұмыс істеп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Оған қоса бауыржантану ілімін де орта жолда қалдырған емес. «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының тізгіні әлі қолында. Талай жылдар әртүрлі бұқаралық ақпарат көздерінде жазылған Баукең туралы материалдардың басын қосып, үлкен бір еңбек шығару жұмысы да Мекемтас ағаның мойнына артылды. Бұл айтқанға оңай, ал қиындығын көз майын тауыса тер төккен жан ғана біледі…
Инемен құдық қазуға баланатын ғы¬лым жолында жүрген кейіпкеріміздің үй шаруасына, бала тәрбиесіне елден ерек зейін қоя алмағанын жоғарыда айттық. Бірақ жастайынан бірін-бірі жетелей өскен балалар бүгінде бір қауым ел. Тұңғыштары Марат кәсіпкерлікпен айналысады. Екінші ұлы Мұрат Түркістанда университетте доцент. Кезінде Мекемтас ағаға берген екі қабаттты еңселі үйдің иесі қазір сол ұлы. Үшінші ұл Болат Таразда суреттен сабақ беретін оқытушы әрі кәнігі қылқаламшы. Ал кенже ұл Қайрат Алматының іргесіндегі Талғар қаласында шағын шаруасын дөңгелетіп отыр. Үйдің сүт кенжесі әрі жалғыз қыз Гүлмира да бүгінде – бес баланың анасы. Биыл Мекемтас аға мен Бағира апамыздың жұп жазбай келе жатқанына тура алпыс жыл болыпты. Оған қоса осы жыл апамыз мерейлі сексен жасқа толады екен. Осы қос қуанышты Талғардағы қара шаңырақта қатар атап өтпекші.

Кейіпкеріміз кішкентай қуанышқа көңілі тола қуанса, елдегі кей келеңсіздіктерге кәдімгідей іші күйеді. «Кейде айналамыз толған алдау-арбау ма деп қалам. Адамдар бірін-бірі сан соқтыруға дайын. Тіліміздің жайы мынау, дініміздің жайы анау… Осылар жайлы қалай жұмған аузыңды ашпай жүруге болады?! Маған «жасың келді, жайбарақат қана жайыңа жүрсеңші» дейтіндер бар. Бірақ «шындықты айтпаған адам шайтанға айналады» деген бар. Сондықтан қай дәуірде де, қай заманда да шындық айтылу керек! Осыны түсіну керек…» деп сөзін түйіндеді.

Динара ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.