Діни дастандар жинағы

«Бабалар сөзі» жүз томдық басылымының 11-томы қазақтың діни дастандарына арналған. Бұл жинаққа «Мұхаммед пайғамбар», «Қисса анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны», «Қисса Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі», «Бозторғай», «Қисса Қаһарман», «Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр», «Қисса хазіреті Айшаның тұһматы», «Қисса Мансұр әл-Халаж» деген өткен ғасырларда жырланып, жазылған, бірақ адамзатты, жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеуде әлі күнге дейін өзінің көркемдік-идеялық құндылығын жоймаған және ескірмейтін қастерлі тарихи жыр-дастандар енген.

Бұл шығармалардың тақырыбы алуан түрлі. Олардың арасында пайғамбарымыз Мұхаммед Расул Алла туралы жазылған дастандар тұлғаның қадір-қасиетін ай­шықтайтын әлемдік көркем дүние­лердің қатарынан орын алатын рухани байлық. Жинаққа енген алғашқы «Мұхаммед пайғамбар», «Қисса анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны», «Қисса Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі» деген үш дастанда Жаратушы Алланың жердегі елшісінің өмірі мен қызметі арқау етілген.
«Мұхаммед пайғамбар» дастанында осы тарихи тұлғаның өмірдегі басынан кешкен тағдыр-талайы мен асыл дін-ислам жолындағы әрекеттері нанымды, көркем бейнеленген. Шығармада болашақ Пайғамбар (с.ғ.с.) он екі жасында әділдік үшін күресін бастайды, бірнеше рет алдынан кездескен қиындықтарды Алла тағалаға сенімі арқылы оның көмегі­мен бағындыра отырып, жеңіске жетеді.
Шығарманың негізіне б.з. VІІ ғасырында Арабияны мекендеген көшпелі араб тайпаларының көп құдайға табынушылықтан хақ дініміз исламға өтуі, оның басында он екі жастағы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) құрайыш тайпасының көпқұдайшыл қауымының қарсылығын өзінің Аллаға деген сенімі арқылы табандылықпен жеңе біліп, сендіруі арқылы өзінің соңынан ертуі, сөйтіп, Мекке Мәдине қалаларында исламның орнауы сияқты тарихи оқиға желісіне құрылады.
Шығарма кейіпкерлері – тарихта болған адамдар. Мәселен, Әбужәһілдің дастандағы жексұрын бейнесі шындықтан алыс емес. Ол жөнінде Құранда аты аталып, исламға дейінгі «пұтқа табыну» сенімін мықтап ұстанғаны және Мұхаммедтің (с.ғ.с.) уағыздарына өршелене қарсыласып, тұрпайылық, надандық мінездерінен арылмағандықтан «Әбужәһіл» («надандықтың атасы») деген анықтауыш атқа ие болған кейіпкердің шын есімі – Омар бин Хишам. Ол да әкесі Хишаммен бірге (дастанда «Үшжам» деп аталады) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шыққан құрайыш тайпасынан. Әйтсе де, Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың бірлігін үгіттей бастағанда құрайыштықтар түгелдей қарсы шыққан болатын. Әсіресе, Пайғамбарға (с.ғ.с.) көп қастық қылғандардың ішіндегі онымен ең бітіспес жау болған – осы Әбужәһіл мен өзінің немере ағасы Әбулаһаб.
«Қисса анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны» атты дастан Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) періштелер сыйла­ған қанатты тұлпары – Пыраққа мініп, Меккеден Иерусалимге, одан әрі Алла тағаланың көктегі мекені – дәргаһына сапар шегуі оқиғасын баяндайды.
«Қисса Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі» деген шығарма пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірден өтер кезі туралы оқиға жөнінде. Бұл өмірден алынған шындық па, жоқ па, ол жағы белгісіз. Дастанда Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) дүниеден өту оқиғасы оның туыстарының түс көруі арқылы алдын ала сезіліп, аян беріледі. Осы «түс көру» сарыны шығарманың бас­ты өзегіне айналған.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өмірден өтерінде, оған ең жақын деген сегіз адам түс көріп, оны хазірет Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі жориды. Сегіз түстің әрқайсысында оны көрген адамдардың Пайғамбармен (с.ғ.с.) қарым-қатынасы, туыстық дәрежесі, қызметіне байланысты түрлі нышандар арқылы дін исламның болашағы айқындалады. Бірінші түс көруші Әбубәкірдің түсінде «үстіне киген жейдесі жерге түсуі» арқылы оның адал досынан айырылатынын білдірсе, Омар хазіреттің түсінде «мөрі жерге түсіп ғайып болуы» арқылы пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірден өтіп, халифаттағы шариғат пен шаруашылық істерде қиындықтар болатыны алдын ала білдіріледі. Оспанның «қолындағы Құраны жерге түскені» бойынша Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өлімімен қасиетті Құран Кәрімнің жазылуы аяқталатыны белгілі болады. Хазірет Әли түсінде «үстіндегі сауыты өзі шешпей жерге түскенін» көрсе, Пайғамбардың (с.ғ.с.) ең кіші әрі сүйікті әйелі Айша «басына қара шадыр салдырған» кезін көреді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) қызы – Фатима, «киген күртемнің жағасы дал-дал болып жыртылды» деп еңіреп жылайды. Жетінші түсін айтушы Хасеннің: «Баста – бөркім, аяқта кебісім жоқ, табаныма тас батып жүр екенмін» деуінен Мұхаммед (с.ғ.с.) «бөрік» деп – өзін, «кебіс» деп – ұрпақтарын жориды. Соңғы, сегізінші түс көруші Хұсайынның түсінде «бабасы өте әдемі таққа мініп, көзінен ғайып болғанынан» Хазірет Пайғамбар (с.ғ.с.) мұны да өзінің дүниеден өтер күнінің келгені деп жорып, ел-жұрт, туған-туыстарымен қоштасады.
«Бозторғай» дастаны алғашқы төрт әділетті халифаның бірі хазірет Әлидің (Әзірет Әлі) өзінің екі баласы – Хасен мен Хұсайынды кепілге беріп, белгісіз кедей адамды құлдықтан босатуы туралы оқиғаға құрылған. Шығарманың орталық идеясы – шариғат бойынша харам болып айыпталған іспен айналысқандарды, нақты айтқанда, өсімқорлықпен айналысып, еңбексіз табыс табушылықты, тоғышарлықты қатал сынау, сол арқылы адам баласын имандылыққа, адамгершілікке шақыру.
«Қисса Қаһарман» атты өнебойында мифологиялық, ертегілік, эпикалық сюжеттер мен тұрақты мотивтер мол орын алған шығармада қазақтың төл батырлық жырларының кейіпкері сияқты Қаһарман жаумен жалғыз шайқасады. Ол үш әлемді еркін аралайды, үш әлемде жүріп ерлік көрсетеді: әлемдік ағаш – құрма ағашын мекендейтін Самұрық құсқа мініп, Қап тауынан асып ұшады. Самұрық туралы жеті диюден естігені бойынша Қаһарман құрма ағашына ұя салған Самұрықтың үш балапанын жыл сайын жеп кететін айдаһарды Қап тауында өлтіреді.
Қаһарман тұлғасы батырлық жыр­лар­дың кейіпкерлері іспеттес сомдалған. Сонымен қатар мұның діни шығарманың кейіпкері екенін танытатын көріністер аз емес. Мысалы, оған алтын шатырдың қанжығасындағы қылыш пен алты аяқты тұлпарды ғайыптан Құдай берген болады. Дінді қабылдаған перілердің әр шаһарында Қаһарман медресе мен мешіт салдырады және т.б.
«Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр» дастанының арқауына б.з. 680 жылы Ирактың Куфа шаһары маңында, Кербала шөлінде өткен тарихи оқиға өзек болған. Бұрыннан өштес Мағауия мен Әли халифалардың балалары Йазид пен Хұсайынның арасында кескілескен соғыста жолдастарымен күші басым жау әскерімен ерлікпен шайқасқан Хұсайынның отбасы және оның серіктерінің өз жолынан бас тартпай, әділдік, адалдық үшін жанын қиюға дейін баруы – шығарманың негізгі мұраты.
Бұл қайғылы оқиға Әли әулетіне және оның шиит жақтастарына қатты батқан. Замандастары сол кездің өзінде-ақ, Хұсайынды «ұлы азап шегуші» деп таныды, ал Кербала – шииттердің ең қасиетті мекендерінің біріне айналды.
Дастанда хазірет имам Хұсайын өзінің отбасымен қасына сексен шамалы серіктерін алып, Куфаға сапар шегеді. Жанында әйелдері мен жас балалары болғандықтан, олар Кербала маңында тынығып алмақшы болады. Олардың сапарға шыққанын жансыздары арқылы аңдып-біліп отырған Йазид оған қастандық ойлап, бейбіт жолаушыларға қарулы әскер жібереді. Жауларының арам пиғылы туралы хабар алған Хұсайын жаудың күші басым екенін білсе де, өзінің ақ жолынан бас тартпайды. Қасындағы серіктері де оны бұл көзсіздіктен айныта алмайды. Өзінен әлденеше есе көп дұшпанға қарсы ерлікпен шайқасқан Хұсайын өзі де, туыстары да түгел қаза табады.
«Қисса хазіреті Айшаның тұһматы» дастанында әңгімеленген оқиға өмірден алынып жазылған. Шағын көлемді қызықты дастанның негізгі мақсаты – адамдар арасында болатын көзбен көрмей, анығына жетпей, біреудің сыртынан өтірік-өсек айту, жалған сөз тарату сияқты қоғамға зиянды иманды адамға жат надандық, тоғышарлық қылықтардан аулақ болуды, әрқашан адалдықпен өмір сүруді уағыздау.
Осы дастанға тарихта болған оқиға арқау болған. Ислам тарихы өз кезінде хазірет Айшаға байланысты даудың туғандығын жоққа шығармайды.
Айша – Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүйікті жұбайы, Пайғамбардың (с.ғ.с.) ең жанқияр көмекшісі және бірінші халифа Әбубәкірдің қызы. Айшаның некесі шартты түрде алты не жеті жасында қиылған. Айшаның әйел заты бола тұрып, Мұхаммедке ықпалының күштілігі, саяси билікке араласуы мұсылмандардың кейбір бөлігінің жеккөрушілігін туғызған. Қазақ ақындары Құран Кәрімнің «Нұр» сүресіне сүйене отырып, осы тағылған айыптаулардың негізсіз екенін дәлелдеп, хазіреті Айшаны өсекке таңғандарды мұнафиқтар, дінге іріткі салған дұшпандар деп кінәлайды. Шығарма осы шындыққа көз жеткізуді мақсат еткен.
Жинаққа енген «Қисса Мансұр әл-Халаж» дастанның басты кейіпкері Мансұр – исламизм, суфизм тарихында ерекше орыны бар түркі халықтары мен Иран жерінде аты аңызға айналған әулие, тарихи тұлға.
Дастанға Мансұр туралы ел арасында кеңінен тараған діни аңыздар мен оның ғұмырнамалық деректері арқау болған. Мысалы, Мансұрдың Әнал атты сұлу қарындасы тау ішіне барып, әр күні түнде қырық шілтенге қызмет етуі, солармен бірге Құдайға құлшылық етіп, Алла тарапынан берілген тазару шарабын ішуі. Дастанда Мансұр да сол шарапты ішкен соң «Әна әл-Хақ» деп сопыға айналады. Мұндағы шарап – сопылық бағыттағы ақындардың барлығында сөз болатын, тек Жаратқанның өзі мен періштелері ғана ішетін сусын деген мағынада қолданылады. Оны тек Алланың хақ жолымен жүрген, оған мадақ айтып зікір салған сопылардың сопысы ғана іше алады деп түсінген. Мансұр сондай деңгейге жеткен ғұлама деп есептелінеді.

Қалиолла Орынғали,
ҚР Ғылым академиясы М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер
институты қолжазба бөлімінің
ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.