Дін және діл

Қазақ елі егемендік алған соң Ташкенттен діни муфтиятымыз бөлініп шыққаны көпшілікке белгілі. Елімізде Діни басқарма құрылды. Қазақстан зайырлы елге айналды. Облыс орталықтарында қазақ-араб университеттері ашылып, арабша білетін мамандар даярланып жатты. Жер-жерде мешіттер салынып имандылыққа жол ашылды. Мұсылман мемлекеттері мешіттер ашуға қаражат та бөлді. Жоғары оқу орындарында дәріс беру үшін ислам дінін, қағидаларын жетік білетін ғалым ұстаздар елімізге мұсылман мемлекеттерінен келе бастады. Жастарымыз да мұсылман елдеріне барып, діни оқуларды тәмамдап, елге оралып жатты. Осылайша сан ғасырлар жіберіп алған олқылықтарымызды толтырып жатқандай болдық. Алайда біз мұсылман елдерінде оқып, білім алып келген жастарымыз ол елдерден өздерінің діліне нені сіңіріп келді? Мұсылман елдерінен қазақ жеріне келген ғұламалар жастарымызға нені уағыздады, онда шаруамыз болмапты.

Кезінде жастары­мызды мұ­сылман елдеріне оқу­ға жі­бергенде сол мемлекет­тер­­дің өзі исламның қайсы мазһабтағы елі, діни тұтыну жоралғылары қандай екеніне мән бермеген сияқтымыз. Елімізге келіп ислам университеттерінде дәріс берген ғұламалардың да қайсы мазһабтың кісісі екеніне назар аудармаппыз. Сол шетелде білім алып, білімін толықтырған діни жолда жүрген жастарымыздың өзі ханифалық мазһабқа, қазақтың аруақты, әулиені құрметтеу нанымдарына, Қожа Ахмет Ясауи ілімін тосырқап отырға­нын естіп те, көріп те жүрміз. Ирактағы ис­ламның сунналық, шейттік бағыттары біріне-бірі жаулығып, мешіттерді жарып, бірі ұстанған мазһабты екіншісі мойындамай жатыр емес пе? Осы жерде Әбубәкір Кердерінің мына бір аталы жыры есіңе түседі. Онда:
«Тілеуіңнің біреуі от, біреуі су,
Екі түрлі сөйледің тіліңді адам.
«Тілі екеудің діні екеу»
деген сөз бар.
Аңдамай бұзып алма дініңді адам» демейтін бе еді ол жарықтық. «Шетелге барып жастарымыз сол барған жерлерінде нені көрсе, нені діліне сіңірсе сонысын мешіттерімізде уағыздап, іске асырып жүр ме?» деген ой туады.
Біздің ата-бабаларымыз арабтардан алса ислам дінін ғана алды, сол елдердің әдет-ғұрпын, киім киісін, ділін алған жоқ еді. Қазақ қыздар әлімсақтан қызыл орамал тартса, әйелдер ақ орамал тартқан. Аналарымыз кимешек киіп келді емес пе!?
Хиджапты қазақ әйелдері, қыздары қабылдамаған. Ал хиджап кию бұл арабтардың ұлттық киімі. Ертеден келе жатқан салтымыз бар екені рас. Менің айтпағым, қазіргі діни орындарда отырған кісілер еліміздің тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін білуі тиіс. Сонымен қатар, «дәстүрлі ислам» ұғымының аясында біріміз Ханафи мазһабын, біріміз Ясауи жолын көрсетіп, олардың аражігін ажырата алмай жүргеніміз бар. Бүгінде Ясауи ілімі туралы түсінігіміз, танымымыз мардымсыз күйде қалып отыр. Осы орайда, бұл құбылыстың білімсіздіктен ғана емес, шындықты қасақана бұрмалаған сыртқы ықпалдың әсерінен де туындап жатқанын айта кету керек. Рухани ілім болып есептелетін Ясауи жолы мен шариғи-құқықтық мектеп болып саналатын Ханафи мазһабын шатастыруға болмайтынын, ол екеуі бүтін бір құбылыстың (хақиқат діннің) ішкі жағы (мазмұн) мен сыртқы жағына (пішін) қатысты феномендер екенін ұғынатын кез келді. Бұл екеуі де біздің дәстүрлі дініміздің құрамдас және ажырамас бөліктері. Осыны түсінудің маңызы зор. Бұл бағыт кезінде халифтер ұсынған біздің ата бабаларымыздың таңдауы болған. Салафилік, уахабилік және т.б. ағымдар біздің жолымыз емес. Біздің ата-бабаларымыз аруақтарды еске алып, сол кісілердің рухына Құран бағыштаған, қабірлеріне барып зиярат еткен. Әулие-әмбилерден жебеп жүр деп тілеген. Бұл Аллаға серік қосу да, пұтқа табыну да емес. Пұттар (тас құдайлар) қазақ жерінде болмағаны белгілі. Бүгінде қабірстанда мола үстіне белгі қою, суретін салдырып, естелікке деп іліп қою бұл пұтқа табынуға жатпайды. Пұт деп ертедегі тас құдайларды айтқан. Жылын өткізген соң да марқұмдарды еске алып иіс-қоңыс шығару, марқұмды еске алып Құран бағыштау, қабіріне барып тұрудың исламға қайшылығы жоқ. Осында көрсетілген марқұмға құрмет бұл біздің ата-бабадан келе жатқан жоралғыларымыз. Бұл исламның өлім-жітім қағидаларына қарсы келмейді. Бұлай ету біздің жоралғымыз, исламды тұтынудағы болмысымыз болып табылады. Халқымыздың ислам дінін қалай қабылдағаны тарихтан белгілі.
Ал ислам дініне дейін тәңірлік дінді ұстанғаны ақиқат. Тәңірлік діні – түркі өркениетінің өзегі. Түркінің тәңірлік діні біздің дәстүрлі түркілік дүниетанымның негізі. Тәңірлік дін – ұлттық діндер категориясына кіретін, біздің ежелгі дініміз. Қазақтардың арғы аталары да түркі тілді халықтар сияқты тәңір дінін ұстанған. Тәңір сөзі көк, аспан мағынасын береді екен. Күлтегін жазбаларында: «жоғары да көк аспан, төменде қара жер жарылғанда, екеуінің арасында адам баласы пайда болған» делініпті. Тәңірлік дінін зерттеген ғалымдардың топшылауы бойынша тәңір тағылымдары мына төмендегілер болып шығады: Тәңірден сұра; аруаққа сыйынып іс істеу, діні таза кісіні тәңір қолдайды; тәңірден өзің үшін сұра; тәңір жағымпаздықты қаламайды; тәңірге құрбандықтар беріп сиынып жүру; тәңір мерекесіне қатынасып тұру; тәңірді әркім өз жүрегінде ұстап жүру; Ата-баба аруағын сыйлау; тәңірді сыйлау; адамгершілігің тәңірді танығаның; ата-анаңды сыйлау – тәңірді сыйлау; ұрпақты тәлімді, тәрбиелі өсірсең – тәңір алдындағы міндетті орындағаның, т.т. болып кете береді.
Мұсылман дінін қабылдағанға дейін қазақтың аруаққа деген құрметі зор болатын. Мұсылман дініне дейінгі мәйітпен қоштасу жоралғылары да мәйітті жеті айналу, дауыстап атпен шапқылап жылау тоқтағаны қашан. Бірақ сол көне тәңірлік дінінің кейбір жоралғылары қазір барынша қысқартылып қолданыс­та жүргеніде рас. Олар:
1) Жаназаға келген кісілердің ет жақын, жекжат, дос-жоралары дауыс шығарып көрісіп жатады.
2) Үйден өлікті алып шыққанда әйелдердің жоқтау айтуы.
3) Жасы 63-тен асқан кісілердің табыты үстіне теңге шашу.
4а) Қария кісілер дүние салғанда тәбәрік деп жаназаға келгендерге жыртыс және т.б. беру.
4б) Қырқына дейін жуығына шырақ жағып және бір ыдысқа суды құйып қою.
5) Жетісіне мәйітті жуғандарға киімін беру.
6) Қырқына дейін бейсенбіліктер өткізу.
7) Жылын беруде бәйге, көкпар беріп қаралы үйдің еңсесін көтеру, т.б.
8) Мәйітті жуған жердің топырағын жуығы деп көтеріп қою, жуықтан аттамау, оны баспау жоралғылары сақталынған.
Тәңір дінін ұстанған ата-бабала­рымыз арабтардың 67 жылдық шапқыншылығында (673-740жж.) елін, жерін, дінін қорғап жан беріп, жан алыс­ты. Ата-бабаларымыз кәпір емес еді, олар жаратушы күш ол – ұлы Тәңір деп түсінетін. Бірақ араб шапқыншылары «сендер кәпірсіндер» деп жиһат жасауын қоймады. Әсіресе, арабтардың үш жиһады ауыр болған. Оны 737 жылы Хорасанның әміршісі Наср ибн Сейяр (Сайар) ұйымдастырады. Ол отырарлық оғыз, соғды, Сыр бойындағы қаңлыларды шауып, қылыштың астына алады. Хорасан әмірі кеткен соң отырарлық оғыздар, сайрамдық соғдылар, Сыр бойы қаңлылары басының ауған жағына қашты. Сондағы оғыздардың барған жерлері төменгі Сыр бойы болса, қаңлылар мен соғдылар түркештерді (үйсін одағы кісілері) барып паналады. Хорасан әмірі Сейяр түркілерді қылыштың күшімен бағындыра ал­ма­ған соң айлаға көшті, ол түркілердің көсемдеріне сендер өз діндеріңді ұстай беріңдер, бірақ халифатқа алым салық төлеп тұрыңдар деп, бейбіт келісімге шақырды. Бұл жөнінде Л.Гумилев: «Наср ибн Сейяр өзінің алдындағылардан гөрі неғұрлым шебер саясатшы болып шықты. Ол зорлық-зомбылық шараларынан бас тартып, 740 жылы бейбітшілік жариялайды. Осы бейбітшілік келісімнің бір шарты бойынша Наср тек дінге еріктілікке кепілдік беріп қана қойған жоқ, сонымен бірге исламнан бас тартқандарға да толық кешірім жасады. Өйткені соңғы соғыстар кезінде көптеген соғдылықтар ата-бабаларының дініне қайта оралғандықтан, жаңа дінге сатқындық жасағандары үшін қолданылатын жазадан қорқып, далада түркештерде жасырынып жүрді. Бұған кешірім олардың қайта оралып, жаңа үкіметтің әміріне көнулеріне мүмкіндік туғызды. Бейбітшілік келісімі соғыстың қол жеткізе алмаған мақсаттарына жеткізді. Соғдылар Хорасанмен бірге қосылып кетті» дейді (Л.Гумилев. Көне түріктер, 360-бет. Алматы, 1994 жыл).
727 жылы Ысқақ баба басшылы­ғындағы, 737 жылы Наср ибн Сейяр басшылығындағы Сайрам, Отырар шапқыншылығын да Халифа Хашин ибн Абдас Мәлік ұйымдастырған болатын. Түркілермен соғдыларға бейбітшілік келісім берген кісіде осы кісі. Осы бейбітшілік келісімнен кейін Тұранға (қазақ жері Түркістанға) жиһат ашу тоқтады.
Дін насихаттаушы жиһангерлер енді түркілердің әдет-ғұрып, тарихи жоралғыларымен, тәңір дінін тұту қағидаларымен санасатын болды. «Умеялықтар (662-752 жыл) тұсында дін ережесін үйрететін (Құран қағидалары) ғұлама ғалымдардан әр елге дін басы, қазы, муфтилер белгіледі. Әр мұсылман дініндегі халықтарға шариғат жолдарының сан саналы жаңалық түрлерін шығару үшін әр жердің қонысына, ұлтына қарай мұсылман мемлекетін төрт мазһабқа бөліп, олардың әрқайсысына басқаруға білімді ғұламалардан тағайындаған. Мазһабтар умеялық дәуірде суннаны жинап кітап етіп бастырған болатын. Осы сунналарды жинап өз мектептерін салған төрт мазһабқа сунниттер деген ат берді. Суннаның негізін қалаған Абу Ханифа Нұғман ибн Сәбит. Абу Ханифа мектебін қолдаушыларды Ханифийлер деп атайды» делінеді (Н.Өсеров, Ж.Естаев. Ислам және қазақтардың әдет-ғұрпы, 68-б. 1992 жыл). Одан әрі осы кітаптың 136-бетінде: «Абу Ханифа жол салған сунниттік ағым басқаларына қарағанда көнімпаз, қазақ тайпаларына да өте тиімді болды. Сондықтан да қазақтардың әдет-ғұрпы өз кезінде ислам діні шариғат заңдарын кері итеріп тастамай, шариғат заңдарын қабылдап алды. Сөйтіп, екі наным ұзақ уақыт бойы бір-біріне зиян келтірмей қатар өмір сүрді. Ал өз кезінде араб миссионерлері де қазақ тайпаларының тілін, әдет-ғұрпын, сенімдерін, құқықтық нормаларын, мәдени жетістіктерін шет қақпай, санасуына тура келді. Бұлардың бәрін исламға қайшы келмейтіндей етіп қырын жатқызуға тырысты» дейді. Қазақ жеріне жасаған 3 араб шапқыншылығы нәтижесінде араб миссионерлерінің біздің ата-бабаларымыздың қолына ұстатып кеткен Құран қағидалары осы.
Исламның осы Ханафи мазһабын сан ғасыр ата-бабаларымыз тұтынып келді. 943 жылы Халифтік империя өмір сүруін тоқтатты. Бұхаралық саманидтер Орта Азияны 100 жыл ұстап тұрған кезде де Сайрам, Отырарды ата-бабаларымыз осы Ханафи мазһабын тұтынды. Осы кезде Сайрам (727 ж.) мен Отырар жері (737 ж.) Уалиат (аудан) болып Хорасан әмірлігіне қараған еді. Ал Хорасанның (орталығы Мары қазіргі Түрікменстан жері) өзі Халифаттықтың (империяның) орталығы Бағдатқа қарайтын.
Арабтар қазақ жеріне 673 жылы біраз әскермен келді. Олар Исада Укаша басшылығында болғаны белгілі. Бұл жо­лы Исада Укаша қолы түркілерден жеңіліс тапса, ал бірінші араб шапқыншылығы 712-715 жылдары қазақ жеріне Кутейба басшылығында түпкілікті жеңіске жете алмады. Екінші араб шапқыншылығы 727 жылы Ысқақ баб басшылығында Сайрам, Созақ, Отырар, Сыр бойында Жентке келгенімен, Ысқақ бабтың қолға ұстағаны тек Сайрам болды.
Халифат жойылған соң Сайрамға Бұхара әмірі Исмайыл келіп Сайрамды Бұхараға қосып алды. Сайрамнан кейін 893 жылы көктемде Исмайыл Таразды да өзіне қаратты. Тараздың ханы Ұғылшақ Қашқарға қашады. Ұғылшақ ханның інісінің ұлы Сатұқ Таразда ислам дініне кіреді. Саманиттер Бұхараға кеткен соң ол өзін Сатұқ Боғрахан деп жариялайды. Осы тұстарда ол 200 мың түркілерді мұсылмандыққа кіргізеді. Сондағы олардың да тұтынған бағыты ислам діннің Ханафи мазһабы екен.
Осы шапқыншылықтардан кейін қазақ жеріне дін таратушы шап­қын­шылықтар тоқтады. Біздің осы жерде айтпағымыз 727 жылы Ысқақ баб Сайрамды жаулап алған соң өзімен бірге Арабиядан келген Хииалық атаны Сайрамның әкімі етіп қояды. Хииалық әкім осы тақта 45 жыл отырады. Одан кейін Ысқақ бабтың немере ағасы Әбд-ар Рахымның шөпшегі Мансұр Хұмар Сайрамға әкім болды. Одан кейін оның ұлы Жұғры тегін Сайрамға әкім болды.
Осы кісіден кейін Сайрамды билеген әкімдердің (ханның) кімдер болғаны шежіре таралымдарында аттары айтылмайды. Бірақ Сайрамдағы сансыз бабтар қатары мына кісілердің есімдерімен аталып жүр. Олар:
1) Иман Әли Ханифи
2) Сайфи Наурыз
3) Шарафидин Бағдади
4) Бабай Тағай
5) Райсидин Исфиджаби
6) Қожа Абу Насыр
7) Абдулла Бахи Сареми
8) Әзірет Мир Миражам
9) Қожа Бурханиддин
10) Қожа Исмайыл
11) Шайық Аттар
12) Шайх Бадиридин ата
13) Насіреддин Байзаби
14) Әзірет Ғансил Ғиес
15) Қабыз ата
16) Құсайын Байзаби
17) Хаким Ақшалик
18) Қожа Мұстафакули
19) Тажиддин Исфиджаби
20) Насіреддин Бурақ
21) Абдрахман
22) Абдрахим Уали
Бұлардан басқа да Сайрам аумағында әулие-әнбиелердің сандаған күмбезі бар. (Бұл тізім Ш.Әшімұлының «Сыр бойындағы әулиелер» кітабынан алынды).
728 жылы Ысқақ баб Сайрамда Шабық мешітін салды. Оның тұңғыш шейхына ол өзінің ұлы Харунды отырғызды. Одан кейін Харунның ұлы Мумин шейх болды.
1) Харун шейх
2) Мумин шейх
3) Мұса шейх
4) Исмайыл шейх
5) Хасан шейх
6) Усман шейх
7) Умар шейх
8) Мұхаммед шейх
9) Ифтихар шейх
10) Махмуд шейх
11) Илияс шейх
12) Ибрагим шейх
13) Садр шейх
14) Данышманд қожа
15) Әдб ал-Малик
Ескерту: Әбд ал-Маликтің ұлы Әбдіғали тұсында Шыңғыс хан нөкерлері келді.
Сайрам жерінде жатқан осы кісілерді ел кісілері Әзірет Әлінің әулиеті болғандықтан әулие санайды. Осы әулие-әнбиелердің қатарында Ысқақ бабтың дін ашуға бастап келген 130 мың шапқыншы әскердің бас қолбасшысы Әдб ал-Әзіздің де (соғыс үстінде өлген) күмбезі бар. Одан басқа Қожа Ахметтің анасы Қарашаш ананың күмбезі, Ысқақ бабтың қызы Бибі Марияның да күмбезі бар. Ел кісілерінің Сайрамда бар сансыз боп деп жүрген әулиелері осы Әзіздердің жатқан жерлері еді.
Сайрам бірінші рет қазақ жеріне исламның шыбығы қадалған жер. Сондағы сайрамдықтардың исламды ұстанған бағыты Ханифилік сопылық бағыт еді. Ал енді Отырарда 30 бап мәніне келсек, 737 жылдан 1219 жылға дейін (1219 жылы Шыңғыс ханның Отырарға келуі) исламды таратушы 30 Әзіз Отырардың шейхы және әкімі болғаны рас. Олар: бірінші Отырардың әкімі болған. Қылыч Арслан хан (Сайрамның әкімі) Жұғры тегінің баласы. Біз осы жерде Қылыч Арслан ханға дейін Отырарда әкімшілік құзырлы қызметтің болмағанын көреміз. Одан кейін:
2) Исмайыл хан
3) Ілияс хан
4) Ахмуд хан
5) Санжар хан
6) Хасан хан
7) Мұхаммед хан
8) Дадбек хан
9) Әбд ал-Халық хан
10) Таж ад-Дин Білге хан (1212 жыл) хорезім шах осы кісіні өлтіріп орнына өзінің тумасы Қайырханды қояды, нәсілі қыпшақ (қазақ ).
Арабтар 727-737 жылдары аралығында Отырарды алған соң Отырарға сопы қызметіне Ысқақ бабтың інісі Әбд ал-Жалилдің ұлы Ибрагимді қояды. Осы жерде біз Ысқақ бабтың әулиеттерінің Сайрамдағы Шабық мешітінде Шайхтың қызмет еткенін назарда ұстап Ибрагим әулиеттері 15 әулиет таралымын Оты­рарда сопылық қызмет еткен деп шартты түрде алдық. Олар:
1. Ибрагим сопы
2. Меккаил сопы
3.Ысрафыл сопы
4. Исмайыл сопы
5. Айна сопы
6. Мұхаммед сопы
7. Махмуд сопы
8. Бадр ата
9. Сүйіндік ата
10. Күйіндік ата
11. Ибрагим ата
12. Исмайыл ата
13. Ысқақ қажы
14. Абдықасым қажы
15. Сейдіахмет қажы
Осы тізімнен кейін біз «Насаб нама» бойынша мына төмендегі кісілердің Отырарда сопылық қызмет таратқанын білдік. Олар:
1. Мұхаммед Данышманд Зарнуқи
2. Қыдыр Ілияс Абдал
3. Сук — сук қожа
4. Әулие Мәлік
5. Арыстан баб
(Насаб нама 29-бет. Түркістан 1992 жыл).
Сонда 727-1219 жылдары Мұхаммед ибн ал-Ханафия әулиетінен 30 кісі Отырар­да әкімдік және сопылық қызмет атқарған болып шығады. Осы орайда Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың өміріне тоқталып өткеніміз жөн болар. Қожа Ахмет Ясауидың арғы тегі қожалар әулеті болып табылады. Әкесі – Сайрамда даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Сайрамда әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Ясауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады. Қожа Ахмет Ясауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. ІХ ғасырда Отырар, Сайрам, Баласағұн, Иасы, Сауран, Сығанақ Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағы да басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған болса, 10 ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Яссауи дүниеге келмей тұрып, Сайрамда исламдық фикһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Ясауи ілімі осы саяси-әлеумет­тік, тарихи шарттарға байланысты қа­лыптасты. Кашифи «Рашахат-ул айн-ил хайат» атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Қожа Ахмет Ясауидың өмірі мен қызметі туралы жазба деректерде (Хазини, «Жауаһир-ул Абра Мин Амуаж-ил Биһар») Қожа Ахмет Ясауи­­дың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр ата, екінші шәкірті – Сайид ата Хорезми, үшінші шәкірті – Сүлей­мен Бақырғани. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі – Бақырғани (Хакім ата) (Кашифи, «Рашахат-ул айн-ил хайат»). Тағы бір танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышменди сопы Қожа Ахмет Яасауидың «Мират-ул Қулуб» атты мұрасын хатқа түсірді. Сондай-ақ Садр ата, Бадр ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шейх Лұқпан Перенде сияқ­ты тұлғалар да Қожа Ахмет Ясауи­дың шәкірттері саналады. А.Беннигсон Қожа Ахмет Ясауидың Шопан ата және Зеңгі баба атты да шәкірттерінің болғандығын айтады. Бұхаралықтар Қ.А.Ясауиді Хазіреті Түркістан атаған екен. Түркі әлемі Қожа Ахмет Ясауиді мойындап, Түркістанда түркілердің хазіреті бар екенін білді. Қ.А.Ясауидың «Па­қырнама және мүнәжатнамасы», оның хикметтері мұсылман әлеміне тарады. Оның сол тұстарда өзінің жолын қуған мүридтерінің саны 12000 жеткен болатын. Түркілер қолына Құран ұстап, ислам дініне бет бұра бастайды. Тілімізге сопы, ишан, пір, мүрид сөздері кіре бастады. Осылайша, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың рухани ілімі бағзы заманнан бері шынайы еркіндікке, тәуелсіздікке жеткізетін жол ретінде танылған. Сол себепті Ясауи ілімінің ұлтымыздың, мемлекеттілігіміздің тарихындағы маңызы айрықша зор. Қорыта айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи түркі халықтарының дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ислам дінінің талаптарына сай етті. Қазіргі уақытта қазақ халқы рухани, мәдени тәуелсіз ел болуға күш салуда. Ол үшін бізге Ясауи жолы қажет. Халқымыздың рухани мәдениетінің барлық саласында терең із қалдырған Ясауи бабамыздың ілімін зерттеу ұлтымыздың түп негізін тану болып табылады. Ясауи ілімі тарихи дәуірлерде түбі бір түркі халықтарын ортақ дүниетанымға ұйыстыра білді. Сондықтан Ясауи ілімі қазақ халқының төл руханиятын жаңа бағытта дамыта алатын басты фактор болуы әбден мүмкін.

Еркебай БҮРЛІБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Кең дала

    Жалпы арабсыз таза Тәңіршілікті ұстанамын,өз ана тілімізде сиынғанға не жетсін. Қысқасы арабты қою керек.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.